Қаз 30, 2017 21:37 Asia/Almaty
  • Аптаның экономикалық журналы (119)

Бұл бағдарламада алдымен Ислам революциясы жетекшісінің ел экономикасы мен «Ортақ қадам» бағдарламасы туралы баяндамасына тоқталамыз. Одан кейін Иран Сыртқы істер министрінің африкалық сапарының жетістіктері мен Бағдадтағы экономикалық көрме және Иранның осы көрмеге қатысуы, сондай-ақ, басқа да мәселелер туралы жаңалықтарымызды ұсынамыз.

Ислам революциясының жетекшісі хазірет аятолла Хаменеи өткен аптада елдің жүздеген таңдаулы жастарын қабылдауында ғылыми жетістіктер, қорғаныстық күш-құдірет пен экономиканы Иранның мықты тұстары деп атап, тәуелділікті азайтып, ішкі экономикалық күш-құдіретті арттыру үшін шынайы түрде талпыныс жасау қажеттігін қуаттап: «Шетелдердің, соның ішінде, батыс елдерінің инвестицияларына қарсы еместігімізді, бірақ ел экономикасының Трамп сияқты адамдардан қорқып отыратын елдерге тәуелді болмау керек екенін бірнеше рет айттық. Иран экономикасы ішкі мүмкіндік пен біліктілікке сүйенуі керек. Қарсыласу экономикасының жарияланған саясаттары жүзеге асырылатын болады. Қарсы тарап «Ортақ қадам» келісімін бұзатын болса, біз де қарап отырмаймыз. Егер оны жыртатын болса, біз де оны одан да ұсақ бөліктерге жыртатын боламыз» деп мәлімдеді.

Хазірет Иранның АҚШ-қа тәуелділігінің толығымен аяқталғанына тоқталып: «Дұшпан ИИР-ның жұмыстары мен өзгерістерін бақылап отырып, Иранның артта қалған әрі тәуелді елден күн сайын саяси, қорғаныстық және ғылыми күш-құдіреті артып келе жатқан ықпалды елге айналуына қатысты алаңдап, ашуланып отыр» деді.

Революция жетекшісі осы аяда Еуропаға кеңес беріп: «Еуропалықтар АҚШ-тың іс-әрекеттеріне, соның ішінде, «Ортақ қадам» келісімін бұзуы және Конгрестің бекітуі қажет санкциялары сияқты әрекеттеріне қарсы тұруы керек. Америкалықтардың Иранның қорғаныстық күш-құдіреті және оның аймақтағы ықпалына қатысты мәселелер бойынша ұстанымдарына қосылуынан аулақ болуы тиіс. Себебі, біз еуропалықтардың АҚШ-тың зорлық-зомбылығымен сыбайластық жасауын қабылдамаймыз» деді.

Осындай жағдайда АҚШ президенті жексенбі күні Fox News телеарнасына берген сұхбатында Франция мен Германияның Иранмен сауда саласындағы байланыстарының жалғасуына қарсы емес екенін мәлімдеді.

France Press ақпарат агенттігінің Вашингтоннан хабарлауынша, АҚШ президенті Дональд Трамптың Иранның Венадағы ядролық келісіміндегі міндеттеріне берік болмауы туралы жуырдағы өзінің сөзіне қарамастан, жексенбі күні Франция мен Германияның Иранмен сауда саласында әріптестік жасауына кедергі келтірмейтінін және бұл елдердің Теһранмен сауда алмасуларын жалғастыра алатынын мәлімдеді. Өзінің сүйікті  телеарнасы Fox News-ке берген сұхбатында Трамп: «Біраз бұрын  оларға (Франция мен Германия басшылары) алаңдамауларын, себебі бұл жолда оларды қажет етпейтінімізді айтқан болатынмын» деді. АҚШ президенті қазан айының он үші күні Иранның Вена ядролық келісіміне беріктігін теріске шығарып, бұл мәселе туралы шешім қабылдауды Конгреске тапсырды. Еуропалық мемлекеттер көп ұзамай Дональд Трамптың осы әрекетіне реакция танытып, Вена ядролық келісімін сақтап қалуды талап етіп, оны өз қауіпсіздігін сақтау үшін ең жақсы вариант деп атады.

Иранның Сыртқы істер министрі жоғары дәрежелі саяси және экономикалық делегацияны бастап, Оңтүстік Африка республикасының Сыртқы істер министрі Майт Нкоана-Машабаненің ресми шақыруымен екі елдің ортақ экономикалық ынтымақтастықтар комиссиясының он үшінші отырысына қатысу мақсатында Преторияға сапар шекті. Зарифтің Оңтүстік Африкаға сапарымен бір мезгілде экономикалық және инвестициялық мәселелерді талқылау мақсатында екі елдің бизнес-форумы өтті.

Бизнес-форумға Иранның Сыртқы істер министрі Мұхаммад Джавад Зариф, Оңтүстік Африканың Өнеркәсіп министрі lindiwe Zulu, екі елдің кәсіпкерлері, іргелі ғылымдар компанияларының басшылары, өнеркәсіп, ауылшаруашылық, банк ісі, кеме жүргізу және балық шаруашылығы салаларындағы  экономикалық белсенділер қатысты.

ОАР африкалық нарықтардан құралған ірі бөлімге кіру қақпасы саналады. Қазіргі таңда оңтүстік Африканың даму қоғамының аймақтық саудасының 53 пайызы ОАР-нан бастау алады. Бұл ауқымды байланыстар ОАР-ның нарығы, порттары, жолдары мен басқа да тасымал бағыттарының маңыздылығын көрсетеді.

Осы сапарға Зарифпен бірге Иранның үкіметі және жеке сеткорының мықты бөлімдерінің өкілдерінен құралған делегация да барды. 

Иранның Сыртқы істер министрі мен ОАР-ның Халықаралық қатынастар және әріптестіктер министрі Майт Нкоана-Машабане дүйсенбі күні Иран мен ОАР-ның ауылшаруашылық, балық шаруашылығы, тасымал, кеме жүргізу, банк ісі ынтымақтастықтары, инвестицияны кеңейту, нано және биотехнологиялар салаларын қамтитын ортақ ынтымақтастық комиссиясының он үшінші отырысының қорытынды баяндамасына қол қойды.

Теһран мен Преторияның арасында өткен жылы 60-қа жуық әріптестік құжатына қол қойылды. Осындай жағдайда банктік қатынастардың, әсіресе, брокерлік байланыстардың болмауы екі елдің жеке секторының ынтымақтастықтары жолындағы ең басты кедергі саналады. ОАР осы аяда қажетті жағдай әзірлейді деп күтілуде.

Теһран мен Анкара өткен аптада экономикалық салада ауқымды келіссөздер өткізді. Бұл келіссөздер ИИР президентінің бірінші орынбасарының Анкара сапары барысында орын алды.

D-8 тобы басшыларының 9-шы саммитіне қатысу үшін Түркияға сапармен барған Исхақ Джаһангири өткен жұма күні Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоғанмен кездесуінде: «Теһран мен Анкара ауқымды мүмкіндіктерге ие. Бұл мүмкіндіктерді екіжақты қатынастарды кеңейту және нығайту жолында пайдалану қажет» деді.

ИИР президентінің бірінші орынбасарының Анкараға сапарымен бір мезгілде Иранның Орталық банкінің  төрағасы Валиолла Сейф пен Түркияның Орталық банкінің бас директоры Морад Четин Кайа да Иранның риалы мен Түркияның лирасын айырбастау туралы қорытынды келісімге қол қойды.

Екі елдің сауданы қаржыландыру және тікелей инвестиция салуда ұлттық валюталарды пайдалану арқылы сауданы жеңілдету мақсатында жасалған бұл келісім бойынша, Иранның риалы мен Түркияның лирасын айырбастау ісі жеңілдейтін болады.

Теһран мен Анкара сауда айналымын жылына 30 миллиард долларға жеткізу мақсатын жүзеге асыру жоспары құрылды.

Бағдадтың 44-ші Халықаралық көрмесі осы аптада 14 елден келген 350 компания өкілдерінің қатысуымен Ирактың астанасында өз жұмысын бастады.

ИИР-ның Ирактағы елшісі Ирадж Масджеди мен екі елдің экономикалық қатынастарын дамыту ұйымының төрағасы Саид Оухеди қатысқан көрменің ашылу рәсімдерінде Ирак Сауда министрлігінің басшысы өз баяндамасында: «Бұл көрме барлық елдерді Ирактың үкіметтік және жеке сектор бөлімдерімен Иракқа инвестиция салу бойынша әріптестік жасауға шақырады. Биыл Ирак ДАИШ лаңкестеріне қарсы үлкен жеңістерге қол жеткізіп, бұрынғы уақытпен салыстырғанда экономикалық жұмыстар үшін Ирактың қауіпсіздік жағдайы жақсара түскеннен кейін Бағдад осындай көрме өткізіп отыр» деді. ИИР осы шараға түрлі бөлімдер бойынша 60 компаниямен қатысып, халықаралық көрмеде өткен жылдардағыдай белсенділік танытып отыр. Бағдадтағы көрмеге түрлі өнеркәсіптік, ауылшаруашылық, мұнай-химия, қызмет көрсету және азық-түлік өнімдері бойынша жұмыс істейтін компаниялар қатысуда. Бағдад халықаралық көрмесі «Өз жерімізді азат еттік. Сіздердің көмектеріңізбен қайта қалпына келтіреміз» ұранымен қазан айының жиырма бірінші жұлдызынан отызы аралығында өткізілуде.

 Иранның Экономикалық даму басқармасының хатшысы Саид Оухеди осы көрме аясында Ирактың Тұрғын үй, құрылыс және қаланы абадтандыру министрі Анн Нафи Осеймен кездесуінде Иранның техникалық, инженерлік және іргелі ғылымға негізделген компанияларының Иракқа инвестиция салуға әзірлігін білдірді.

Иранның солтүстігінде Каспий теңізінің жағалауында орналасқан Гүлстан облысы Қазақстанның Парсы шығанағы жағалауындағы елдердің нарықтарына кіру қақпасы саналады.

Қазақстанның Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев осы аптада Горганда өткен Иранның Гүлстан облысы мен Қазақстанның Қызылорда облысының инвестициялық мүмкіндіктері мен  экономикалық ынтымақтастықтары туралы ортақ отырысында осы мәселені қуаттап: «Иран-Түркіменстан-Қазақстан темір жол желісін пайдалану елдің Парсы шығанағы елдеріне қолжетімділігін жеңілдетті. Сондай-ақ, бұл мәселе Қазақстанды болжанған уақыттан да ертерек осы аймақтың әлемдік нарықтарына қосатын болады» деді.

Иранның Гүлстан және Қазақстанның Қызылорда облыстарының инвестиция мүмкіндіктері мен экономикалық ынтымақтастықтары туралы ортақ отырыстың соңында ауылшаруашылығы, мал шаруашылығы, өнеркәсіп және туризм салалары бойынша екі тарап бірнеше ынтымақтастық құжатына қол қойды.

Қызылорда облысы тасымал бөлімінде жақсы мүмкіндіктерге ие. Аталмыш облыстың Қазақстан-Түркіменстан-Иран темір жол желісіне қолжетімділігі осындай мүмкіндіктердің бірі саналады.

Теһран Орталық Азия елдерімен қарым-қатынастарды кеңейтуді құптайды. Осы аяда өткен аптада Теһранда Иранның Жол және қала құрылысы министрі Аббас  Ахунди Өзбекстанның Сыртқы сауда министрі Елиор Ганиевпен кездесуінде Иранның Машһад-Ташкент темір жолын іске қосуға әзірлігін мәлімдеп: «Иран мен Өзбекстан темір жол және күре жол қатынастары бойынша бір-бірімен жақсы байланыстарға ие. Екі ел қатынастарды жеңілдету және жағдайды жақсарту жолында әрекет етуі керек» деді.

 

Тегтер