Жетекшілік хадисы 136
Хазірет Әли (ғ.с.): «Алланың алдындағы ең сүйікті құлдардың бірі – Алланың нығметтеріне шүкіршілік білдіріп, оларды дұрыс пайдаланатындар; Алланың алдындағы ең жағымсыз адамдар – Оның нығметтерін бұрыс пайдаланатындар, яғни нығметтерге күпіршілік білдірушілер»,- деген болатын.
Шүкіршілік - Алланың нығметтеріне алғыс айту. Біріншіден, нығметтерді бізге кім беретіні туралы ойланайық. Көңіл бөлу, иман мен хабардар болу – шүкіршіліктің негіздері. Содан соң шүкіршілікті көркем тілмен білдіретін кезең келеді. Соңғы кезең – оны ғамалмен білдіру. Ғамал кезеңінде әр нығметтің қандай мақсатпен жіберілгені туралы ойлап, оны белгіленген мақсатына қарай пайдалану керек. Кері жағдайда нығметке күпіршілік білдірген боламыз. Имам Әли (ғ.с.): «Алланың алдындағы ең сүйікті құлдардың бірі – Алланың нығметтеріне шүкіршілік білдіріп, оларды дұрыс пайдаланатындар; Алланың алдындағы ең жағымсыз адамдар – Оның нығметтерін бұрыс пайдаланатындар, яғни нығметтерге күпіршілік білдірушілер»,- деген болатын. («Мүстадрак әл-Васаел», 11-ші том).
Алла Тағала хазірет Сүлейменге ерекше байлық пен патшалық берді. Адамдардың көбі билік пен байлыққа жеткен кезде нығметтердің иесі Жаратушыны ұмытып кетеді. Бірақ, хазірет Сүлеймен Құдайдың оған жіберген материалды және рухани нығметтеріне әрқашан шүкіршілік білдіріп: «Бұл Құдайымның рақымы мен қадір-қасиетінің берекесі»,- деген. Күндердің бірінде хазірет Сүлеймен бір жерден өтіп бара жатып, құмырсқалардың басшысының басқа құмырсқаға: «...Ұяларыңа кіріңдер! Сүлеймен мен оның әскері сендерді байқамай жаншып кетпесін»,- деп жатқанын естиді. Алланың қалауымен барлық жаратылыстардың тілін білген хазірет Сүлеймен құмырсқаның сөзін естіп, дұға жасап: «Раббым! Маған және әке-шешеме мәрхамет еткен игіліктеріңе шүкіршілік етуімді әрі өзің разы болатын іс атқаруымды нәсіп ет..»,- деп тілейді. («Намл» сүресі, 19-шы аят).
Шүкіршілік етудің жағымды нәтижелері болады. Солардың бірі – нығметтердің толығып, үзілмеуі. «Ибраһим» сүресінің 7-ші аятында: «...Егер шүкір етсеңдер, арттыра беремін..»,- деп айтылған. Исхақ бен Аммардың рауаяттарының бірінде: «Күндердің бірінде имам Садық (ғ.с.) маған қарап: «Уа, Аба Исхақ! Алла Тағала пендесіне нығметін жіберіп, пендесі нығметті қадірлеп, әшкере түрде Жаратушыға шүкіршілігін білдірсе, дәл сол кезде Алла тарапынан оның нығметтерін арттыру туралы бұйрық беріледі»,- деді» деп айтылған. («Сауаб әл-Амал»). Имам Садық (ғ.с.) басқа бір хадисінде: «Сендердің біреулерің Алланың нығметін еске алған кезде шүкіршілік білдіру үшін бетін жерге қоюы керек. Егер аттың үстінде болса, бұл істі атынан түсіп орындауы қажет. Егер танымал болудан алаңдап, атынан түсе алмаса, бетін ертоқымғы тигізеді. Егер ертоқымға тигізе алмаса, бетін алақанына тигізеді. Содан соң оған нығметтерді берген Алланы мадақтауы керек»,- деген болатын. («Усул Кафи», 3-ші том).
Ақыл, денсаулық, иман, адамның болмысы – илаһи нығметтер. Солар үшін адам Аллаға шүкіршілік білдіруге міндетті. Аллаға шүкіршілік жүрек, тіл және ғамалмен айтылады. Имам Саджад (ғ.с.) көркем сөздерінің бірінде: «Уа, Алла! Менің шүкір айту мүмкіндігімнің өзі шүкір етуді қажет ететін жағдайда Өзіңе шүкіршілігімді қалай білдіремін. Өзіңе алғыс айтқан сайын бұл мүмкіндікті бергенің үшін алғыс айтамын»,- деген. Сол себепті діни тұлғалардың көбі: «Алланың нығметтеріне шүкіршілік білдірудің тек бір жолы ғана бар: ол – Оның нығметтеріне шүкіршілік айтатын мүмкіндігіміздің жоқ екенін мойындау»,- дейді. Имам Саджад (ғ.с.)-нан: «Алла елшісінің ұрпағынан әрі немерелерінен бола тұра Жаратушыға ғибадат ету үшін неліктен қатты талпыныс жасайсың?»- деп сұраған кезде ол Исламның ұлық пайғамбарының ғибадаттарына тоқталып: «Сіз менен сұраған сұрақты пайғамбардан сұраған кезде хазірет: «Алламен ант етемін! Егер бұл жолда менің барлық ағзаларымды бөліп, көзімнен жас ақса да, еш уақытта Оның бір нығметіне шүкіршілігімді білдіруге күшім жетпейді» деп жауап берген» деді. («Бихар әл-Анвар», 46-шы том).