Жел 12, 2017 17:52 Asia/Almaty
  • Аптаның экономикалық журналы (124)

Чабаһарда Шаһид Раджаи портының бірінші фазасының ашылуы, ОПЕК-тің Венадағы саммитінің шешімдері және Иран мен Қытайдың стратегиялық байланыстарына шолу жасаймыз.

Жексенбі күні Иран президенті және шетелдердің бірқатар қайраткерінің қатысуымен Шахид Раджаи портын дамытудың алғашқы фазасының тұсаукесер рәсімі өтті. Экономикалық журналымыздың бірінші бөлімінде осы транзиттік жобаның маңыздылығына тоқталамыз.

 Чабаһар порты Иранның мұхиттағы жалғыз порты ретінде қолайлы географиялық және транзиттік жағдай сияқты ерекше басымдылықтарға ие. Бұл порттың еркін суларға қолжетімділігі Орталық Азия елдері, Үндістан, Қытай, Ауғанстан, Пәкістан, Ирак пен еуропалық елдердің осы портты тауар тасымалы үшін пайдалануға деген қызығушылығының туындауына себеп болды.

Үндістанның Тасымал және кеме қатынасы министрлігі Ниитин Гаддикари жуырда Теһранға жасаған сапарында Чабаһардың сауда саласындағы маңыздылығын қуаттап: «Үндістан үкіметі Чабаһар порты жобасының неғұрлым тезірек іске қосылуына ерекше қызығушылық танытып отыр. Үндістандық кәсіпкерлер де Чабаһар порты жобасына инвестиция салуға мүдделі» деді.

Чабаһар үшжақты транзиттік келісіміне 2016 жылдың мамыр айында Теһранда Иран президенті Хасан Рухани, Үндістанның премьер-министрі Нарендра Моди және Ауғанстан президенті Ашраф Ғанидің қатысуымен үш елдің министрлері қол қойды. Иран мен Үндістан Үндістанның Чабаһар портын кеңейту үшін Иранға 150 миллион доллар көлемінде қаржы бөлу және 85 миллион доллар көлемінде инвестиция салу туралы келіскен болатын.

Үндістан транзиттік дәліздердің бәсекелестікке сай мүмкіндіктерін пайдалана отырып, өз тауарларын Чабаһар порты арқылы Орталық Азия мен Кавказға, әсіресе, Әзірбайжан республикасы мен Ресейге және ол жерден Литва, Эстония мен Беларусь елдеріне жеткізе алады.

Қазіргі кезде Хатам әл-Анбия құрылыс базасының көмегімен салынып жатқан  «Чабаһар-Захедан» темір жол желісі аяқталғаннан кейін мұхитта орналасқан осы порт жалпы темір жол желісіне қосылатын болады. Чабаһар портын жетілдіру үшін осы уақытқа дейін 1 миллиард доллар жұмсалды. Хатам әл-Анбия құрылыс базасы Чабаһардағы Шахид Раджаи портын кеңейтудің алғашқы фазасын жүзеге асыру міндетін өз қолына алды.

Систан мен Белучестан облысының Порттар және мұхит қатынасы компаниясының бас директоры Бехруз Ағайи осы порт арқылы транзитті кеңейту мәселесіне тоқталып: «Бүгін Ауғанстанның 32 миллион халқы үшін Чабаһар портынан басқа қауіпсіз, қолайлы әрі тиімді жол табылмайды» деді.  

Чабаһардың Шахид Раджаи портында қазіргі кезде контейнер қабылдайтын екі терминал мен дәнді-дақылдарды қабылдайтын 3 терминал бар. Олардың сыйымдылығы жылына 8,5 миллион тоннаға дейін жетеді. Бұл портта сыйымдылығы 120 тонна және ватер сызығы 16 метрге жететін кемелер айлақтай алады.

ОПЕК-ке мүше елдердің мұнай министрлерінің кезекті 173-ші отырысы өткен бейсенбі күні Аустрияның астанасы Вена қаласында өтті.

Бұл отырыс жабық есік күйінде мүше елдердің мұнай министрлері мен қайраткерлері және ОПЕК-тің Бас хатшысы Мұхаммад Сануси Баркиндоның қатысуымен өтті. Осы отырыспен тұспа-тұс ОПЕК-ке мүше және мүше емес мұнай өндіруші елдердің үшінші ортақ министрлік деңгейіндегі отырысы да жабық есік күйінде өтті.

ОПЕК-тің кезекті 173-ші отырысы мұнай өндірісін азайту жобасын 2018 жылдың соңына дейін тағы 9 айға ұзарту шешімімен аяқталды.

Өткен екі жыл бойы мұнай бағасы толассыз төмендеп, әр баррель үшін 30 доллар межесіне жеткеннен кейін ОПЕК ұйымына мүше елдер бұл ұйымға мүше емес кейбір елдермен бірігіп, мұнай өндірісінің деңгейін азайту жобасын бастаған болатын.

Өткен жылғы келісім ОПЕК-тің 2008 жылдан бері қабылдаған ең маңызды шешімі болды. Арабстан өндірісті күрт арттырып, мұнай нарығының тұрақсыздануы мен мұнай бағасының 50 пайызға арзандауына себеп болды. Алайда, 2 жыл уақытын осындай жағдайда өткізіп, бюджет жетіспеушілігіне тап болғаннан кейін, өз өндірісін күніне 10 миллион 700 мың баррельден 10 миллион 200 мың баррельге дейін азайтуға мәжбүр болды. Бұл келісім ОПЕК-ке мүше және мүше емес мұнай өндіруші елдердің әріптестігімен мұнай бағасының нығайып, 55 долларлық межеге жетуіне себеп болды. Мұнай өндірушілердің осы жобасы бойынша мұнай өндірісі күніне 1,8 миллион баррельге азайды. Қазір осы жоба ұзартылғаннан кейін мұнай өндіруші елдер өз өндірісінің деңгейін 2018 жылдың соңына дейін сақтайтын болады.

ОПЕК-тің өткен аптада қабылдаған шешімі өткен жылғы саммитте қабылданған тарихи шешімнен кейін әлемдік мұнай нарығына тыныштық пен тұрақтылық сыйлаған келісім болды. Осындай жағдайда ОПЕК көптеген жайттарда шешім қабылдау кезінде Арабстанның мақсаттарынан туындаған саяси ағымдардың ықпалына түсіп отырды. Ресейдің Энергетика министрі Александр Новак айтып өткендей, ОПЕК-ке мүше және мүше емес елдердің мұнай министрлері алдағы маусым айында мұнай өндірісін азайту жобасын жүзеге асыру жолын қарастыратын болады.

ОПЕК-тің келесі отырысында жобаны жүзеге асыру нәтижелері мен нарықтың қазіргі жағдайы талқыланатын болады. Шын мәнінде жасалған келісімдердің ұзақ мерзімді нәтижелерін бағалап, нарықтың жағдайын назарға алу жаңа шешім қабылдау үшін мүмкіндік қалыптастырады.

Бейжіңнің Теһрандағы елшісі қытайлық компаниялардың Иранның инфрақұрылымдық жобаларындағы серіктестікті арттыруы екі елдің қарым-қатынастарына ықпал ете алатынын мәлімдеді. Бағдарламамыздың жалғасында Иран мен Қытай байланыстарына тоқталамыз.

Теһранда өткен сенбі күні Иран мен Қытайдың технологиялық конференциясы өтті.

Бейжіңнің Теһрандағы елшісі Панг Сен осы отырыста сөйлеген сөзінде екі елдің инфрақұрылымдық салада жақсы әріптестік жасап жатқанына тоқталып, Иран мен Қытайдың қарым-қатынастарын «Бір белдеу – бір жол» жобасы шеңберінде нығайтуға болатынын баса айтты.

Қытайдың Теһрандағы Сауда істері жөніндегі кеңесшісі У Пи Мин де осы конференцияда: «Қытайдың экономикалық саясаттары «Бір белдеу – бір жол» жобасы шеңберінде іске асатын болады. Онда жаңа нарықтарға қол жеткізу, халықаралық қатынастарды кеңейту, өндірісті арттыру және әлемдік сауда мен экономиканы қалыптастыру мәселелері қарастырылған» деді.

Қытай өзінің экономикалық дипломатиясында көбінесе екі салада, яғни,  әлеммен «ұтыс-ұтыс» стратегиясын ұстана отырып әріпестік жасап, адамзат қоғамының ортақ тағдыры үшін талпыныс жасайды. Осы қағидаға сәйкес, Иран мен Қытайдың қарым-қатынастарының өткеніне көз жүгірту  Қытайдың Иранмен экономикалық байланыстарының санкциялар кезінде де, санкциялардан кейін де әрдайым  маңызды орынға ие болғанын көрсетеді. Осы аяда Иран мен Қытайдың қарым-қатынастары әлемдік және аймақтық мәселелер мен АҚШ-тың қысымдарына қарамастан, әрқашан берік болған. Қазір де екі ел маңызды мүмкіндіктерге ие.

Қытай президенті Си Цзиньпиннің өткен жылдың қаңтар айындағы Иранға жасаған сапары екі ел үшін маңызды болды. Екі тарап серіктестік орнатуды өздерінің басты стратегиясы ретінде мәлімдеді. ИИР-ның Қытайдағы елшісі Әли Асғар Хаджи екі елдің сауда қатынастарының қазіргі жағдайы туралы: «Қытай – Иранның ең үлкен сауда серіктесі. Қытайдың Иранмен сыртқы саудасы туралы статистикалық мәліметтер екі елдің сауда қатынастарының кеңейіп жатқанын көрсетіп отыр. Қытайдың кедендік мәліметтеріне сәйкес, Теһран мен Бейжіңнің өткен 9 айдағы сауда байланыстарының құны 27 миллиард долларды құрады» деді.

Бұл көрсеткіш сауда теңгерімінің 540 миллион доллар көлемінде Иранның пайдасына қарай өзгергенін көрсетеді. Яғни, Иран соңғы 9 айда 14 миллиард доллар көлемінде Қытайға тауар экспорттады. Бұл мөлшер  өткен жылдың ұқсас уақытымен салыстырғанда 3 миллиард долларлық өсімді көрсетеді. Өткен жылы екі елдің арасындағы сауда теңгерімі Қытайдың пайдасына қарай 940 миллион долларға басым болатын.

Дегенмен кейбір мамандар экспорттың мұндай мөлшерде артуын мұнай бағасының қымбаттауымен байланыстырып отыр. Иранның экспорты салмақ мөлшерінен де осы 9 айлық кезеңде өткен жылдың ұқсас уақытымен салыстырғанда 7 миллион тоннаға артқан.

Қытай Ираннан күніне 633 мың баррель мұнай импортымен Иранның мұнайын сатып алатын ең үлкен ел саналады. Сонымен қатар көлік Қытайдың Иранға экспорттайтын ең басты тауарларының бірі болып табылады. Осы кезең аралығында Қытайдан Иранға вагон түрлері мен темір жол керек-жарақтарының айтарлықтай мөлшері импортталды. Сонымен қатар, Қытай Иранның инфрақұрылымдарын дамыту жобаларын қаржыландыру және инвестиция саласында жақсы әріптестік жасауда.

Иранның Қытайдағы елшісінің айтуынша, Қытайдың банктері жалпы алғанда 35 миллиард доллар көлемінде ирандық жобаларды қаржыландыруды өз мойнына алып отыр. Бұл сома Иранның Орталық банкінің Қытайдың Сitic trust компаниясымен жасаған 10 миллиард доллар көлемінде қаржыландыру келісімі, Қытайдың Даму банкімен жасалған құны 15 миллиард долларды құрайтын өзара ынтымақтастық меморандумы және Эксимбанкпен 10 миллиард еуроға дейін жалпы қаржыландыру келісімі туралы жасалған келіссөздердің қорытындылануын қамтиды.

Қытайдың Мұнай компаниясының Оңтүстік Парс газ алаңын дамыту келісіміндегі 4 миллиард 800 миллион доллар көлеміндегі 30 пайыздық үлесі мен Теһран-Мешхед темір жол желісін электрлендіру жобасын қаржыландыру қытайлықтардың инвестиция салуы туралы келісім жасаған жобалардың қатарын құрайды.

Иран Ислам кеңесі мәжілісінің төрағасы Әли Лариджани осы салада Иран мен Қытай арасында жасалған ынтымақтастықтардың деңгейін көтеру қажеттігін бұрыннан қуаттап келеді.

Лариджани өткен сенбі күні Теһранда Қытайдың Халық конгресінің саяси сабағаттық конференциясының төрағасы орынбасары Чен Юанмен кездесуінде: «Қытай мен Иран ынтымақтастығының тарихы тереңге бойлаған. Тіпті санкциялар кезеңінде де екі елдің қарым-қатынасы жақсы болды. Қазір де ынтымақтастықтарды кеңейту үшін лайық жағдай туындап отыр. Иран темір жол және күре жол тасымалы бөлімдерінде, әсіресе Қытай басшысы сауда байланыстарын кеңейту үшін Жібек жолын қайта жаңғыртуды қуаттағаннан кейін темір жол желісін шығыстан батысқа жеткізуге әзір» деді.

 

Тегтер