Қаң 05, 2018 16:13 Asia/Almaty
  • Жетекшілік хадисы 142

Қорқыныш адамды жамандықтар мен күнәлардан алыстатады, үміт жақсылық жасап, Аллаға құлшылық етуге жігерлендіреді. Алайда, маңыздысы – қорқыныш пен үміттің бір-бірімен байланысты болуы. Яғни, екеуінің біреуіне артық назар аударылған болса, екіншісіне немқұрайдылық танытылуы мүмкін. Сондықтан екеуінің арасында теңдік сақтаған жөн.

Алладан қорқу иманның жоғарылығын көрсетеді және ғұламалардың деңгейі саналады. «Фатыр» сүресінің 28-ші аятында: «...Шын мәнінде құлдарынан ғалымдары Алладан қорқады...»,- деп айтылған.  Өйткені, Алланың айбынын басқалардан артығырақ түсінген ғалымдар мен илаһи ғұламалар өз міндеттерін орындаған кезде аздаған немқұрайдылық танытса, Ұлы Алланың алдында өздерін үлкен күнә жасағандай сезінеді. Имам Садық (ғ.с.): «Мүмін екі қорқыныштың арасында өмір сүреді: бірінші қорқынышы өткендегі күнәларына қатысты, өйткені сол күнәлары үшін Алланың оған не істейтінін білмейді; екінші қорқынышы – қалған өмірі, өйткені алдағы істерінің өлімге жеткізетін, жеткізбейтінін білмейді. Сондықтан әрқашан қорқады. Дәл осы қорқыныш оны өзгертеді»,- деп айтылған. («Усул Кафи», 2-ші том). Басқа бір хадистен: «Сендердің араларыңдағы ең білімділерің Алладан қатты қорқатындар»,- деп оқимыз. Алайда, Алладан қорқудың пайдаларымен бірге бұл қорқыныштың адамның дамуына кедергі болуынан абай болған жөн.

Қорқыныш мәселесінде артық кетудің салдарларының бірі адамның кемелдікке жетуіне себеп болатын дүниеден безу саналады. Негізінде Ислам діні оқшауланып, жалғыз қалуға қарсы. Сондықтан оқшаулықты айыптайды. Рауаяттардың бірінде былай деп айтылған: «Күндердің бірінде Исламның ұлық пайғамбарының сопы сахабаларының бірі Осман бен Мазанның әйелі хазіреттің қасына келіп: «Уа, Алланың елшісі! Осман күндерін ораза тұтып түндерін намаз оқып өткізеді»,- деп, шағым айтады. Бұл сөзді естіген хазірет ренжіп, орнынан тұрып, Османның үйіне барып, оған: «Уа, Осман! Алла Тағала бізді сопы болып, дүниеден безу үшін жаратқан жоқ. Бізді тура, оңай және ортаны ұстайтын дінге шақырды»,- деді».

 Қорқыныштың салдарларының бірі – үмітсіздік. Имам Әли (ғ.с.) үмітсіздікті адамды өлтіруші деп, оны ең үлкен күнәлардың қатарында атады. Алайда үмітте де шек пен шекараны сақтап, артық кетуден абай болған жөн. Өйткені, егер үміт табиғи шегінен шығып, Алладан қорқу сезімімен теңгерімге ие болмаса, адамды жалған қиялдарға итермелейді. Кейбір адамдар «Алла Тағала мейірімділердің мейірімдісі» деп өзінің міндеттерін орындаудан бас тартады. Олар Алланың рақымдылығының шарты бар екенін білмейді. Өйткені, Құран Кәрімде Алланың рақымдылығын пайдаланудың шартының иман мен адал амал екені туралы айтылған. Осыған орай имам Әли (ғ.с.): «Адал амалсыз ақырет туралы армандайтын немесе үлкен армандарымен тәубе етіп, Аллаға қарай оралуды кейінге қалдыратын адам болма. Бұл дүниеде тақуалар сияқты сөйлейтіндер дүниеқұмарлар сияқты әрекет етеді»,- деген.

Шынайы мүміндер илаһи рақым мен жаннаттан үміттенеді. Олар үміттеріне жету үшін адал амал етіп, Алланың ризалығына ие болуға кедергі болатын істен тартынады. Имам Садық (ғ.с.) өтірік айтатын топтар туралы сұраққа: «Өтірік айтқандар біздің достарымыз емес. Олар армандарына жетпейтін адамдар. Үмітті адам соған жету үшін талпынады. Бір нәрседен қорқатын адам одан алыстайды»,- деген. («Усул Кафи», 2-ші том). Хазірет Әли (ғ.с.) Аллаға құлшылық етуді мақсат етпейтін, бірақ "Алладан үміттенемін" деп уәж айтатын адам туралы: «Ол өзі сенбей, үмітінің Аллада екені туралы уәж айтады.. Алламен ант етемін, ол өтірік айтады. Егер шын айтса, үміті ісінен көрінетін еді. Яғни, Алладан үміттенетін әр адамның үміті істерінен белгілі болады»,- деген болатын. Сонымен бірге Исламның ұлық пайғамбарының ең танымал хадстерінің бірінде хазірет: «Нәпсісін бағындырған және өлгеннен кейінгі кезең үшін амал ететін  адам – зерек. Өз нәпсісіне бағынып, Алладан үміттенетін адам – ақымақ»,- деген.

 

 

 

Тегтер