Қаң 11, 2018 13:44 Asia/Almaty
  • Иран базары (18)

Бүгінгі бағдарламада Иранның керамика жəне сырлы кірпіш өнеркəсібін таныстырамыз.

Иран базары

Керамика жəне сырлы кірпіш сияқты құрылыс материалдары – Иранның мұнайдан тыс экспорттық тауарларының бірі. Қазіргі таңда Иранның əртүрлі облыстарында 130-дан астам кəсіпорын керамика жəне сырлы кірпіш өндірумен айналысып жатыр. Иранда керамика жəне сырлы кірпіш өндірудің тарихы ежелден басталады. Бұл екі өнім қыш бұйымдарын жасау өнерінен туындаған. Қыштан бұйым жасау адамзат баласының ежелден келе жатқан өнерлерінің қатарына жатады. Қыш шын мəнінде адамның қажеттілігінен туындаған жəне алғашқы адамдардың табиғи шикізатты пайдаланып жасаған алғашқы өнері жəне өнеркəсіп өнімі болып табылады. Піскен балшықтан жасалған заттар қыш бұйымдары деп аталады. Піскен балшықтан заттар мен ыдыстар жасайтын өнер мен өнеркəсіп қыш өнері деп аталады. Қыштан бұйым жасауды алғаш рет қай қауымның қай жерде бастағаны беймəлім. Қыштың негізгі шикізаты – топырақ, су мен от. Сондықтан жер бетіндегі кез келген қоныс қыштың алғаш пайда болған жері бола алады. Иран үстірті – өзінің климаттық алуандығына байланысты Таяу Шығыста қыш өнеркəсібі пайда болып, таралған ең маңызды  аймақтардың бірі. Осы арада Иран өзінің ерекше географиялық жағдайына байланысты жəне əртүрлі өркениеттермен қатынаста болғандықтан қыштан бұйым жасауда ең шебер адамдарды тəрбиелеп шығарды. Тіпті, жуырда Иранның Лалджин қаласы əлемнің қыш астанасы деп таныстырылды.

Ежелгі Иранда бұл өнер көбінесе Загрос таулы сілемінің батыс жағында (Луристан облысы), Каспий теңізінің оңтүстік жағалауында (Гилян мен Мазандеран облыстары), солтүстік-шығыста (Əзірбайжан аймағы) жəне Иранның оңтүстік-шығысында (Керман, Систан мен Белучистан облыстары) кең таралды. Иранның археологиялық қазба жұмыстарынан табылған ең көне қыш бұйымдары Керманшах облысының Гяндждарре төбесіне тиесілі. Оның көнелігі б.з.д. 8 мыңжылдыққа қатысты. (https://en.wikipedia.org/wiki/Ganj_Dareh). 

Гяндждарре төбесінде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарынан табылған он мыңжылдық қыш саптыаяқтар

Көзе-қыш құмыралар жасау дөңгелегін ойлап табу қыш бұйымдарын жасау өнеркəсібінде үлкен өзгеріс тудырды. Зерттеушілердің көбінің сенімінше, Иран үстіртінің алғашқы тұрғындары қыш бұйымдарын жасау дөңгелегі мен қышты пісіруді ойлап тапқан адамдар болған. Қыш бұйымдары мыңдаған жыл бойы піспеген балшықтан жасалып қолданылып келген. Қышты пісіруге арналған алғашқы пештерден шыққан бұйымдар б.з.д. шамамен 6 мың жылға тиесілі. Табылған ескерткіштердің көбінің мүлдем симметриялы болмауы оларды жасауда қыш дөңгелегінің қолданылмағанын көрсетеді. Ал бұл жағдайда Сиалк төбесінен, Шуштың оңтүстігіндегіархеологиялық аудандар мен Чоғозамбил археологиялық төбесінен, Персеполиске жақын жердегі Бакун төбеден табылған қыш бұйымдары толығымен симметриялы. Бұл олардың қыш дөңгелегі арқылы жасалғанын көрсетеді. 

(http://www.tripadvisor.com/Attraction_Review-g680023-d7383103-Reviews-Tepe_Sialk).

Чоғомиш төбесінен табылған қыш бұйымдары

Уақыт өтіп, пештер өзгеріп, қыш бұйымдарын жасау шикізаттарының сапасының өзгеруі қыш ыдыстың сыртына эмаль мен бояу жағуға мүмкіндік берді. Эмаль – шыныға ұқсас нәзік қабық. Ол қыш ыдыстардың бетін қаптауда қолданылады. Шын мәнінде, бұйымның беті жылтыр, тегіс әрі әдемі, су өткізбейтін және көркем болуы үшін оның бетіне суығаннан кейін бір қабат эмаль жағады.

Қыш өнімдерінің бірі – сырлы кірпіш. Ол екі бөліктен тұрады. Қыш бөлшек сырлы кірпіштің негізгі бөлігін құрайды, эмаль қыштың үстіне жағылады. Иранда сырлы кірпіш өндіру ертеден басталған. Шушта жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары мен Ахеменилер сарайынан қалған ескеркіштерден табылған Иранның сырлы кірпіштерінің үлгілері б.з.д. дейінгі 400 жылға тиесілі.

Эмальданған кірпішпен бедерленген ахеменилік сарбаздар қазір Париждің Лувр мұражайында сақталынған

Ислам әлемнің түрлі жеріне таралғаннан кейін сырлы кірпішті исламдық сәулет өнерінің ерекшеліктерінің бірі ретінде мешіттердің маңдайшалары мен күмбездері мен михрабтарында пайдалану кең таралды. Иранда әртүрлі тарихи кезеңдерден, соның ішінде Сефевилер басқарып тұрған дәуірден (1501-1722жж) қалған ескерткіштерде қолданылған сырлы кірпіштер әдемілік пен бояуының қанықтығы тұрғысынан теңдессіз. Бұл сырлы кірпіштердің үлгісін Исфаханның Лүтфолла мешітінен көруге болады. Ол әлемдегі ең әдемі мозаика саналады (https://www.360cities.net/image/iran-isfahan-sheikh-lotfallah-mosque).

Бүгінде сырлы кірпіш өнеркәсібінің алуан түрі бар. Сырлы кірпіштердің түрін ажырату үшін эмальданғанын немесе эмальданбағанын байқау керек.  Эмальды түзетін материал – өте жұмсақ ұнтақ. Ол материалдың бетіне жағылып, пеште пісіріледі. Сонда тиісті тығыздық, қаттылық, тегістілікке ие болып, бояу ұнтақтары пайдаланылған жағдайда түсі қанығады. Сырлы кірпіштің эмалі оны бактериялар мен саңырауқұлақтардың өсуінен және тазалайтын химиялық қоспалардың бүлдіргі әсерінен қорғайды. Сырлы кірпіштерді ерекшелендіретін тағы бір нәрсе – олардың түсі мен жобасы. Эмальданған сырлы кірпіштердің түсі кірпіштің өне бойына ене алады. Бұл жағдайда түс  "рос" топырағының табиғи түсі немесе пісірілмес бұрын "рос" топырағына қосылған бояу түйіршіктері болуы мүмкін. Кей жағдайда қорғасын силикаты мен бояу ұнтақтарынан тұратын бояу негізгі қалып пісірілгеннен кейін эмальданған сырлы кірпіштердің бетіне жағылады. Содан соң сырлы кірпішті бояуы сіңуі үшін қайтадан пеште пісіреді. Эмальданған сырлы кірпіштер эмальданбаған кірпіштерден реңк, жоба мен беткі құрылым бойынша ерекшеленеді. Эмалі керамикадан жасалған сырлы кірпіштер керамикалық тақташалар деп аталады.

Иранның сырлы кірпіштері

"Рос" топырағының таза болу деңгейі, пісіру реті, пештің температурасы –  сырлы кірпіштердің сапасы мен бағасын белгілеуде айшықты рөл атқаратын факторлардың бірі. Сапалы сырлы кірпіштер температураның шұғыл өзгеруіне – 20 градустан 100 градусқа ауысуына жақсы төзуі керек. Кірпіштің бетінде немесе эмалында ешқандай сызат пайда болмауы тиіс. Сырлы кірпіштер  ғимараттың іші мен сыртын көркемдеуде және жылылық пен электр тоғына төзімділігі жоғары болғандықтан санитарияны қажет ететін дәретхана, аспазхана, зертхана мен химиялық зауыттарда пайдаланылады.

Иранда алғашқы заманауи сырлы кірпіштер өндіру зауыты салынғаннан бері жарты ғасырдан астам уақыт өтті. Иранда сырлы кірпіштерді өнеркәсіптік тәсілмен алғаш өндірген компания 1957 жылы тіркелген. Бүгінде Иранда ондаған компания қыш тақташалар мен сырлы кірпіш өндірумен айналысады. Бұл саладағы ең маңызды брендтер ретінде Исфахан, Алванд, Парс, Хафиз, Сина, Нилу, Саади сырлы кірпіштері, Бехсерам граниті, Таксерам сырлы кірпіші мен Ираннның фарфорын атауға болады. Шебер жұмыс күші сияқты бәсекелестік артықшылықтары мен қуат пен шикізат көздеріне қолжетімділіктің болуы, қыш тақташалар мен сырлы кірпіштер  өнеркәсібінің жергіліктігі, заманауи технологиялар мен дамыған құрал-жабдықтардың пайдаланылуы және Иранда осы салаға айтарлықтай инвестицияның салынуы соңғы жылдары аталмыш салада жұмыс істейтін компаниялардың жалпы өндіріс көлемінің 700 млн шаршы метрге жетіп, Иранның әлем бойынша сырлы кірпіш өндіруден төртінші орынды иеленуіне себеп болды.

Қыш тақташалар мен сырлы кірпіштер өнеркәсібі Иранның өзінде қажет шикізаттың болуына байланысты жоғары қосылған құн салығына ие. Бұл салаға қажет шикізаттың 70-100 пайызы елдің ішінде қамтамасыз етіледі. Қазіргі таңда отандық компаниялар жылына шамамен жүздеген миллион шаршы метр сырлы кірпіш өндіріп, ішкі-сыртқы нарықтарға жібереді.  Орта Азия елдері, Пәкістан, Ауғанстан, Ирактың солтүстігі мен БАӘ Иранның қыш тақташалар мен сырлы кірпіштері экспортталатын басты нарықтардың қатарына жатады. Осындай өнімді экспорттаудан түскен табыс х.ш.ж.с.б. 1394 жылы 400 млн-нан астам долларды құрады.

Қыш тақташалар мен сырлы кірпіштерді өндіретін облыстардың арасында Йезд облысы Ирандағы осы өнеркәсіптің полюсі саналады. Қыш тақташалар мен сырлы кірпіштер  өнеркәсібі – Йезд облысының көне кәсіптерінің бірі. Йезд облысында сырлы кірпіш жасау өнерінің 700 жылдық тарихы бар.  Сол себепті бұл өнеркәсіпті осы облыстың байырғы кәсіптерінің бірі деп айтуға болады. Уақыт өте келе технологиялар дамыған соң бұл өнер жаңа заманауи сипатқа ие болды. Иранда өндірілетін қыш тақташалар мен сырлы кірпіштердің 50 пайызға жуығы Йезд облысынан шығады. Бұл облыс ішкі нарықтың бір бөлігін қамтамасыз етумен қоса, артылғанын басқа елдерге экспорттайды.  Сырлы кірпіш шығаратын зауыттарының қажетті шикізатты облыстағы кен орындарынан алуы, зауыттың ішінде өнімді қаптау жұмысының атқарылуы, ішкі-сыртқы нарықтарда бәсекелестікке қабілетті әралуан өнімдер шығаруы, қыш тақташалар мен сырлы кірпіштердің бетіне әртүрлі жобалар салуы, қолдану деңгейін жоғарылатуы, зерттеу және дамыту бөлімін іске қосуы Йезд облысында өнімнің сапасын арттырып, тиісті нарықтарға шығаруға бағытталған жұмыстардың қатарына жатады.

Йезд облысынан шығатын сырлы кірпіштер жобасының үлгілері