Мешіт – махаббат пен иманның тоғысқан мекені 29
Жамағат намазы – тәртіп пен үйлесімдіктің кемел үлгісі. Халықтың белгілі уақытта жиналып, күнделікті бес мезгіл азанмен үйлесімді түрде намаз оқуға қатысуы – уақытты басқарудың бір түрі.
Мешіт дұрыс жолға нұсқайтын, рухани тәрбие мен білім беріп, үгіт-насихат жүргізетін мекен және оның жұмыстарын жамағат имамы басқарады. Жамағат имамы бағдарламаларды дұрыс жоспарлап, тәртіп орнатып, барлық істерді атқара алады. Сонымен бірге мешіттің өзі намазхандар мен жамағат имамын тәртіпке үйретеді. Жамағат намазы – тәртіп пен үйлесімдіктің кемел үлгісі. Халықтың белгілі уақытта жиналып, күнделікті бес мезгіл азанмен үйлесімді түрде намаз оқуға қатысуы – уақытты басқарудың бір түрі. Бұл іс намазхандарды тәртіпке бейімдейді. Намазға қатысатын адамдардың иық пен иық, тәртіппен сапқа тұруы – жамағат намазы негіздерінің бірі. Намазхандардың сапқа тұруы Алланың алдындағы мойынсұнушылығымен бірге мұсылмандардың дұшпандардың алдындағы бірлігі мен біртұтастығын көрсетеді. Имам Садық (ғ.с.) хадистерінің бірінде Алла елшісінің: "Уа, халайық! Саптарыңды тәртіпке келтіріңдер! Араларыңда қашықтық қалмайтындай, иықтарыңды бір-біріне қосыңдар. Саптың тәртібін бұзбаңдар, әйтпесе Алла жүректеріңді үйлестірмейді",- деп айтқан сөзін жеткізген. Бұл жерде Исламның ұлық пайғамбарының сөзі тәртіптің жүректердің келісімге келіп, үйлесімді болуына әсер ететінін ескертеді. Өйткені, ыдыраған, тәртібі бұзылған сапты көру адамның рухы мен психикасын күйзелтеді. Негізінде шариғаттың барлық міндеттері, яғни уәжіптері мен мұстахабтары да мұсылмандарды ерекше тәртіпке үйрететін нақты бағдарламаларға ие. Сондықтан, тек жамағат намазды орындағанда ғана емес, мешіттің барлық жұмыстары мен бағдарламаларында тәртіп сақтау маңызды саналады. Өйткені, мешіт – Алланың үйі. Намаз мүміндерге тәртіп мен уақытты қадірлеп, оны пайдалы әрі сындарлы пайдалануды үйретеді. Негізінде тәртіп уақытты басқаруға мүмкіндік береді. Исламда тәртіптің маңыздылығы сондай, мұсылмандардың амалдары мен ойларының бейберекеттіктерінің салдарларын сан рет көрген хазірет Әли (ғ.с.) өмірінің соңғы сәтінде өз перзенттері мен мұсылмандарды тақуа болуға және жұмыстарында тәртіп сақтауға шақырып: "Бүкіл отбасым мен перзенттерім және менің жазғанымды көрген әр адамға тақуа болып, жұмыстарыңда тәртіп сақтауды насихаттаймын",- деген болатын.
Мешіттегі тәртіп намазхандарға басқа мүмкіндіктерді пайдалануға бағдарлама жоспарлауға көмектеседі. Ислам қоғамы адамдарының бірі саналатын намазхан мешіттегі тәртіпті қоғамға таратып, қоғамдағы қайшылықтар мен талан-тараждықты азайтады. Қоғамда тәртіп орнатылған кезде бірте-бірте кемелдік пен шынайы бақытқа жету жолына қадам басуға болады. Мұның барлығы мешітке барудың берекесі арқылы мүмкін болады. Бір адам сопы Абусаид Абу әл-Хейрден: «Халықтың мешітке жиналып, намазды жамағатпен оқуының қажеті не? Алла Тағала адамға күре тамырынан жақын. Сондықтан қай жерде болса да, Алламен байланыс орнатып, нәтижеге жетуге болмайды ма?»- деп сұрапты. Абусаид оған төмендегі мысалды айтып, кемел жауап береді: «Егер бір жерде бірнеше шырақ жарық беріп тұрып, оның біреуі өшіп қалса, басқа шырақтардың арқасында ол жерде қараңғылық орнамайды. Бірақ, егер әрбір шырақ жеке бөлмеде жанып тұрса, оның біруі сөнген кезде бөлме қараңғыда қалады. Сондықтан, Алла Тағала жамағатты артық деп санайды, өйткені халық бір-бірінің көмегімен өздерін илаһи мақсатқа жеткізеді».
************************
Иранның ең маңызды мешіттерінің бірі - Гаухаршад мешіті
Мешһед қаласындағы Гауһаршад мешіті имам Әли бен Мұса әр-Реза (ғ.с.)-ның қасиетті кесенесінің оңтүстігінде орналасқан. Бұл мешіт өзінің ғимаратының ерекшелігі және сәулетіндегі безендіру өнеріне байланысты Иранның ең танымал тарихи ғимараттарының бірі саналады. Мешіт х.қ.ж.с.б. 821 жылы (1418 жылы) Тимури әулетінен шыққан Шахрухтың әйелі Гаухаршад ханшайымның бұйрығымен Иранның ұлы сәулетшісі Қауам ал-Дин Ширазидің басқаруымен салынған.Тимури әулеті билігі кезіндегі бірегей архитектуралық туынды саналатын Гаухаршад мешітінің әдемілігіне қолданған түстер көп әсерін тигізді. Гаухаршад мешітінің күмбезі көгілдір түсті плиткалармен қапталып, оның бетіне «Алладан басқа Құдай жоқ» деген тауһидтік ұран жазылған. Көгілдір түс мешіттің кеңдігі мен аспанның шексіздігін білдіреді. Аспанның шексіздігін білдіретін көгілдір түсті күмбездің астында Жаратушымен сырласу намазхан мен аспанның арасында қашықтықтың жоқ екендігін көрсетеді. Шабистандардың төбелерінде, аркалар мен жазбаларда қолданылған ақ түс – мешіттің айбындығы, пәктігі мен тыныштығының белгісі.
Гаухаршад мешітінде көк түстің әртүрлі реңктерін пайдалану ойлануға ең жақсы мүмкіндік тудырып, мәңгілік пен тұрақты құндылықтарды білдіреді. Гаухаршад мешітінен ақ сызықпен бедерленген көгілдір жазбалар көп байқалады. Төрт арканың үсті мен мешіттің алаңының айналасында қолданылған бұл түс белдік сынды барлық нәрсені бір-біріне қосып тұр.
Сары түс – ең ашық түстердің бірі. Сары түс –жарық пен нұрдың белгісі. Ол символдық түрде ақыл және даналыққа қатысты бола тұра мешіттегі намазханның білімінің белгісі болып табылады. Гаухаршад мешітінен сары түсті плиткалардан басқа өсімдіктер мен геометриялық пішіндер қолданылған суреттерді көруге болады.
Гаухаршад мешітінде сары мен көк түстердің араласуынан пайда болған жасыл түс тыныштық пен үмітті, білім мен иманды білдіріп, плиталарда салынған гүлдер мен гүлшанақтардың арасынан байқалады. Кейбір жерлерден тастың бетіне жазылған жазбалар мен плиткалардағы суреттердің ішінен қара түсті де көруге болады. Қара түстің басқа түстердің арасында қолданылуы оларды ерекше көрсетеді.
Гаухаршад мешітінің бір алаңы, екі мұнарасы, төрт дарбазасы мен жеті шабистаны бар. Бірінші дарбазасы «Мақсуре дарбазасы» деп аталды. Мешіт мұнаралары іргетасы, корпусы, азан шақыратын жерден тұрады. Сафавие кезеңіне дейін мұнаралардың көбі кірпіштен салынатын, бірақ бұл кезеңнен бастап, мұнаралардың корпусы біртұтас салынып, көгілдір плиткалармен қапталып, оның бетіне Жаратушының әртүрлі есімдері мен Исламның ұлық пайғамбары (с.ғ.с.) мен хазірет Әлидің (ғ.с.) аттары жазылатын болды.
Гаухаршад мешітінің «Қарапайым дарбаза» деп танымал солтүстіктегі екінші дарбазасы Құбылаға қарап, «Мақсуре дарбазасына» қарсы орналасқан.
Үшінші дарбаза имам Хомейни атындағы алаңға шығатын мешіттің шығыс дарбазасы саналады. Аркалардың үстінен куфи жазуымен жазылған плиткалар көзге түседі.
Бұрын үлкен базарға шығатын төртінші, яғни батыс дарбазасы да көрінеді. Оның бетінде Құран сүрелері жазылған.