Қаң 27, 2018 20:55 Asia/Almaty
  • Жетекшілік хадисы 145

Достық – адамдарды бір-біріне жанашыр, қайғы мен қуанышқа ортақтастыратын қатынас.

Достық – қарапайым әлеуметтік қарым-қатынастан кемел қатынас. Бір адам тұрғылықты  жерінде, жұмыс орнында немесе мектепте әртүрлі адамдармен қарым-қатынас орнатқанымен, олардың ешбіреуімен достық қатынаста болмауы мүмкін. Негізінде, достық – адамдарды бір-біріне жанашыр, қайғы мен қуанышқа ортақтастыратын қатынас. Достық қарым-қатынастың орнының жоғарылығы сондай, имам Әли (ғ.с.): "Достар – жеке және әртүрлі денелерде орналасқан бір рух",- деген болатын.

Басқа адамдармен достық немесе қарапайым қарым-қатынас орнату – адамның қоғамдық өмірінің қажеттіліктерінің бірі. Достық нығметінен кенде адам өзін жалғыз сезінеді. Имам Әли (ғ.с.) бұл туралы: "Досы жоқ адам – ғаріп",- деген болатын. Дос адамның өмірінде маңызды рөл атқаратындықтан, достан гөрі  жақсы дос таңдау өте маңызды. Сол себепті, имам Хасан Мұджтаба (ғ.с.) достың ерекшеліктері туралы: "Онымен дос болу сен үшін мақтаныш болатын, егер сен бір істе жігеріңді көрсетсең, сені қолдайтын, қателік жасасаң, оны түзететін; сенен жақсылық көрсе, оны ұмытпайтын, сенің талап-тілектеріңе жетуге көмектесетін, егер сен одан еш нәрсені қажет етпесең де саған өзі сыйлайтын; егер сенің басыңа қиын күн туса, алаңдайтын сипаттарға ие адаммен дос болған жөн. Досың одан зиян келмейтін, қиындық тудырмайтын, сенің құқығынды таптамайтын,  егер қаржыға байланысты қайшылық туса, көмектесіп, сені өзінен маңызды санайтын адам болсын",- деген.

Адамдар арасындағы достық бірдей болмайды. Кейбір адам жақсы достың барлық ерекшеліктеріне ие, басқа біреу солардың кейбіреуіне ғана ие. Имам Садық (ғ.с.) бұл туралы: "Достықтың белгілері бар. Бұл белгілердің барлығына ие емес адамдар кемел дос емес. Сол белгілердің ешбіреуі бойынан байқалмайтын адам тіпті дос бола алмайды.  Белігілерге сырты мен ішінің сенімен бірдей болуы, сенің абыройыңды өз абыройы, сенің абыройсыздығыңды өзінің абыройсыздығы санауы, байлық пен мансапқа жеткен кезде саған деген достық қатынасы өзгермеуі, бәсеке кезінде қолындағы мүмкіндігін саған қарсы пайдаланбауы, сен қиындықтармен бетпе-бет келген кезде сені жалғыз қалдырмауы жатады",- деген болатын. ("Бихар әл-анвар", 78-ші том).

Достың адамның өміріне үлкен әсер етуіне байланысты оны таңдауға шынайы көңіл бөлген жөн. Сондықтан, имам Әли (ғ.с.) дос таңдаудан бұрын адамды сынақтан өткізуді қажет санап: «Досты сынақтан өткізіп барып, таңда»,- деген. Жақсы достың сипаттарын білген соң оны сынақтан өткізу керек. Мәселен, досты ашуланған немесе қаржыдай қиындықтармен кезіккен кезде сынаған жөн. Сондай-ақ, сапар – достың адалдығын  сынау үшін қолайлы уақыт. Өйткені, айтылған үш жағдайда басқа кезеңдерге қарағанда адам өзінің шынайы болмысын көрсетеді. Сондықтан сондай жағдайларда олардың оң және теріс мінездерін байқауға болады. Имам Садық (ғ.с.) да бұл туралы: «Ешбір адамды үш жағдайда сынамастан бұрын дос деп атама: оны ашуландырып, ызасы оның шындықтан жалғандыққа бет бұруына себеп болатынын немесе болмайтынын байқа; екіншіден, оны экономикалық қиындықтарға түскен кезде, үшіншіден сапар кезінде сына»,- деген болатын. Имам Әли (ғ.с.)-ның рауаяттарының бірінде: «Досыңды сынақтан өткізбестен бұрын оған сенім артпа»,- деп айтылған. Өйткені, бірінші күндері шынайы достығын білдіріп, өмірінің барлық сырын айтып, достығына ешбір шектеу қоймаған, бірақ достық қатынастары аяқталып, араларында дұшпандық пен қайшылық туған кезде олардың өміріне орны толмас зиян келтірген адамдар аз болмаған.  Егер адам досын сынақтан өткізіп, оның ашуланған кезде ашу-ызасын бақылауға алып, жаман сөз айтпайтынын, материалдық мәселелерде халал мен харамды сақтайтын, сапар кезінде орынды әреке ететінін көрсеңдер, оған дос ретінде қолдау мен құрмет көрсетіңдер. Өйткені, имам Әли (ғ.с.)-ның айтуынша, бұл адам тұрақты дос, ешбір сөз олардың араларын ажырата алмайды. Имам Әли (ғ.с.)-ның рауаяттарының бірінде: «Егер адам өз досын сынап, оның дінге табандылығына сенімді болса, ол туралы басқалардың сөзіне көңіл аудармауы керек»,- деп айтылған.

 

 

 

Тегтер