Франциядан кейін АҚШ-тың кезегі келді
Африкада үстемшіл ойыншылардың ықпалы әлсіреді. АҚШ Қорғаныс министрлігі өзінің әскери күштерін Нигерден шығаруды қабылдауға мәжбүр болды.
"Политика" басылымы жұма күні аты аталмауын сұраған америкалық шенеунікке сілтеме жасап: "Өткен аптада америкалық күштердің бір бөлігін Нигерде қалдыруға деген үміт жойылған соң Пентагон мың америкалық әскеридің бәрін Нигерден шығаруға бұйрық берді",-деп хабарлады.
АҚШ сәуір айында: "Америкалық әскери күштерді Нигерден жүйелі де жауапты түрде шығару бағдарламасын бастаймыз. Бірақ АҚШ басшылары бұрынғыдай Нигер үкіметімен кейбір күштерді осы елде қалдыру туралы келіссөздерді жалғастырып жатыр",-деп мәлімдеді.
Нигер бұған дейін Вашингтонның Африканың «жағалау» аймағындағы әскери операцияларында өзекті рөл атқаруға мәжбүр болып, өз жерінде АҚШ-тың бір үлкен әуе базасын құруға келіскен болатын.
Нигерде саяси өзгерістер орын алғаннан кейін жаңа басшылар Батыстың отаршыл елдері, әсіресе Франция және АҚШ-пен әскери қарым-қатынасты тоқтатуға жылдам кірісті. Нигер халқы үкіметтің бұл қадамын қолдады.
Жуырда Чад та америкалық күштердің шығарылуын қалайтын африкалық елдердің қатарына қосылды. Қазіргі таңда Чадта 100-ге жуық америкалық әскери бар.
Бұған дейін Франция күштері Нигер, Мали мен Буркино-Фасодан шығуға мәжбүр болды.
Нигерияның солтүстігін басқаратын топтың баспасөз өкілі Джабрин Ибрахим Iran Press агенттігіне берген сұхбатында АҚШ пен Францияның Нигерия үкіметімен осы елде әскери базалар құру туралы жүргізіп жатқан келіссөздеріне алаңдаушылық білдіріп: "АҚШ пен Франция күштерінің Нигер, Мали мен Буркино-Фасода болу тәжірибесі көрсеткендей, бұл елдер шетелдік әскери базаларды бақылауға алуға рұқсат бермейді. Бұл тәжірибені қайталау Нигерия үкіметі үшін үлкен түйткіл тудырмақ",-деді.
Нигерия Президенті АҚШ пен Франциямен өз жерінде әскери базалар құру туралы келіссөздер өткізіп жатыр. Бұдан бұрын Нигер, Мали мен Буркино-Фасо халықтары бірігіп, наразылық шеруін өткізіп, жаңа үкіметтерінің қадамдарын қолдап, шетелдік күштерді өз жерінен шығара алды.
Отаршыл Батыс елдерінің күштерін Чад және Нигерден, оған дейін Мали мен Буркино-Фасодан шығару туралы талаптар АҚШ пен оның Африкадағы одақтастарының ықпалының азайғанын ғана білдірмейді, геосаяси қарым-қатынаста айтарлықтай өзгерістердің орын алғанын да көрсетеді. Шын мәнінде АҚШ пен оның Африкадағы одақтастарының осы құрлықтың жағалау аймағындағы әскери күштері санының азаюы Батыс елдерінің сыртқы саясатында көптеген түйткілдер тудыруы мүмкін. Бұл Вашингтон мен оның серіктестері үшін бір геосаяси жеңіліс болып саналмақ.