Иран базары (21)
(Дәрілік өсімдіктер мен техникалық дақылдардан жасалған өнімдер) Шипалы өсімдіктер – тарих бойында адам баласының денсаулығын сақтап, ауруларды емдеуде маңызды рөл атқарған табиғи қорлардың бірі. Иран дәрілік өсімдіктердің әралуан түрі өсетін негізгі орталықтардың бірі саналады. «Иран базары» атты бағдарламамыздың бүгінгі бөлімінде осы тақырып төңірегінде сөз қозғаймыз.
Шипалы өсімдіктер – тарих бойында адам баласының денсаулығын сақтап, ауруларды емдеуде маңызды рөл атқарған табиғи қорлардың бірі. Алғашқы адамдар дәрілік өсімдіктердің әсерлерін таныған соң оларды өздерінің физикалық және психикалық ауруларын басу немесе емдеу үшін қолданып, өз тәжірибелерін ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, дәрілік өсімдіктердің қасиеттері жайындағы мағлұматтарды толықтырып отырған. Өсімдіктану ғылымы және өсімдіктердің қасиеттерін анықтау басқа көптеген ғылымдар сияқты әртүрлі жерлер мен өркениеттерде өмір сүрген адамдардың тәжірибелері мен талпыныстарынан қалыптасқан. Өсімдік түрлері әр аймақтың географиялық жағдайынабайланысты әралуан болғанымен, көптеген елдер азды-көпті осы илаһи нығметке ие.
Тікелей немесе жанама түрде тұтастай немесе арнайы бөліктері денсаулықты сақтау, аурудың алдын алу немесе емдеу үшін қолданылатын өсімдіктер дәрілік өсімдіктер деп аталады. Дәрілік өсімдіктер жинап алынғаннан кейін қандай да бір өңдеуден өтсе, оларды техникалық дақылдар деп атайды. Мысалы, май алатын дәндер, қант шығаратын өсімдіктер мен талшықты өсімдіктер.
Дәрілік өсімдіктер жаңадан терілген, кептірілген күйде немесе одан алынатын әсерлі ингредиент түрінде пайдаланылады. Кептірілген дәрілік өсімдіктердің салмағының 1 пайыздан аз мөлшері әртүрлі ауруларды емдеуде әсерлі ингредиент болып табылады. Дәрілік өсімдіктерді егу, өсіру мен жинау пайдалы 1 пайыздан аз мөлшер үшін атқарылады. Эфир майы (essential oil) – өсімдіктің жасушалары арасында болатын хош иісті заттек. Бұл заттек тез жоғалатын құрамнан тұрады. Ауаға шығарылғанда жылдам буланып кетеді. Сол себепті эссенция мен эфир майын алу – өту қиын іс. Оны қарапайым тәсілмен тамшылатып алу мүмкін емес. Оны алу үшін еріткіш қолданылады.

Өсімдіктердің қолданылу аясы кең. Ең маңызды салалар – медицина, ветеринария және фитотерапия. Бүгінде өсімдіктердің көптеген құрамы сақтаушы және дәмдеуші ретінде тамақ өнеркәсібінде, теріні сергіткіш ретінде гигиена мен косметика саласында, әртүрлі эфир майлары ароматерапияда қолданылады. Сонымен қатар өсімдік шикізаты егін шаруашылығында тыңайтқыш, улы зат және жәндіктерді өлтіретін заттек ретінде пайдаланылады.

Өткен жарты ғасырдың ішінде химиялық және синтездік дәрілерді қолдану кең таралғанымен, олардың кейбіреуінің адамдардың өміріне зиянды әсерлері анықталған соң дәрілік өсімдіктерге қайта бет бұру басталды. Химиялық дәрілер зиянды болуымен қоса, кейбір дәрілерді сатып алу олардың қымбат болуына байланысты әртүрлі қоғамдардағы халықтардың барлық әлеуметтік топтары үшін қолжетімді емес. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының статистикалық мәліметтері бойынша, әлем халықтарының 80 пайызынан астамы, әсіресе даму үстіндегі елдер мен шалғай жатқан кедей аудандардың халқы дәрі-дәрмекке деген қажеттіліктерін дәрілік өсімдіктер арқылы қамтамасыз етеді. Осы уақытқа дейін әлемнің түкпір‑түкпірінде дәрілік өсімдіктердің 75 мың түрі анықталған. Өсімдіктен жасалған 5 мың дәрі әлемніңфармацевтика өнеркәсібінде жасалып, тұтыну нарығына шығарылды.
Әлем нарықтарындағы дәрілік өсімдіктер және техникалық дақылдарсаудасының көлемі 1996 жылғы 60 млрд доллардан 2010 жылы 100 млрд долларға жетті. Дүниежүзілік банктің болжамы бойынша, 2050 жылы дәрілік өсімдіктер мен өсімдіктен жасалған дәрілер негізіндегі әлемдік сауда айналымы шамамен 5 мың млрд долларға жетеді. Қазіргі таңда әртүрлі елдер осы ірі нарықта тиісті үлеске ие болуға талпыныс жасап жатыр. 50 ел дәрілік өсімдіктерді өндірумен айналысады. Осы арада Иран әлемдегі дәрілік өсімдіктер өндірісі бойынша 15-ші орында тұр.
Иранда дәрілік өсімдіктерді пайдаланудың тарихы ертеден басталған. Шын мәнінде фитотерапия әрдайым ирандық медицинаның басты негізі болған. Б.з.д. 6500 жылға тиесілі зәртушттердің қасиетті кітабы Авеста – дәрілік өсімдіктер жайлы сөз қозғалған алғашқы кітап. Ежелгі Иранда пехлеви тілінде жазылған кітаптарда «өсімдіктер патшасы» деп аталған «қылша» өсімдігін тұтыну мәңгі өмір сүруге септігін тигізеді деген сенім болғаны айтылған. Кейін Ислам пайда болып, ислам өркениеті қалыптасқаннан кейін Бахтишу әулеті, Рази, Ибн Сина, Абу Райхан Бируни, Джорджани мен Херави сияқты ғалымдардың ғылыми талпыныстары осы ғылымның дамуына айтарлықтай көмектесті.
Бүгінде Иран өзінің географиялық жағдайына байланысты өсімдіктердің алуандығы, әсіресе дәрілік өсімдіктердің түрлері тұрғысынан әлемнің ботаникалық географиясында теңдессіз орынға ие. Иран климаттық алуандығы және ауа райының жағдайына байланысты дәрілік өсімдіктердің құнды түрлеріне бай елдердің қатарына жатады. Әлемде танылған 13 климаттық белдіктің 11-і Иранда бар. Бұл Иранда өсімдіктер, саңырауқұлақтар, балдырлар мен микроағзалардың мол қорының қалыптасуына себеп болды. Өсімдіктанушылар мен табиғи көздерге қатысты ғылымдарды зерттеушілердің пайымдауынша, Ирандағы өсімдік түрлерінің саны – шамамен 8 мың. Бұл алуандық тұрғысынан Еуропа құрлығынан кемінде 2 есе көп. Ирандық зерттеушілердің еңбектері көрсеткендей, осы көлемнің 2 мың түрден астамында дәрілік, парфюмерлік, дәмдеуіштік, косметикалық және гигиеналық қасиеттер бар. Сонымен қатар, танылған өсімдіктердің ішінде 1700-ден астам түр тек Иранның жерінде өседі. Оларды Иранның жергілікті өсімдіктері (endemic) деп атайды.
Иранның көптеген өңірлері, соның ішінде Күрдістан, Луристан, Хамадан, Чахармахал мен Бахтияри, Кохкилуе мен Буйер Ахмад және Гилян облыстары дәрілік өсімдіктердің өсетін жерлері болып табылады. Хорасан-е Разави және Оңтүстік Хорасан облыстарында егіс алқаптарының 90 пайыздан астамы ең қымбат дәрілік өсімдік, яғни шафран егуге арналған. Фарс, Керман, Исфахан мен Шығыс Әзірбайжан облыстарындағы егіс алқаптарының 85 пайыздан астамына Дамаск раушаны (Мұхаммади гүлі) егіледі. Сондай-ақ, дәрілік өсімдіктердің 70 пайызға жуығы, соның ішінде экспорттық құндылығы жоғары жасыл зире, күнзе, аскөк, шырғалжың, қияршөп, қына, жебіршөп Хорасан-е Разави және Оңтүстік Хорасан, Керман, Хамадан мен Гилян облыстарында өсіріледі.
Түймедақ, кәдімгі мыңжапырақ, жалбызтікен, гүлшетен, лаванда, сәлбен, қызылмия, скипидар, қияршөп, шалот, сарымсақ, трагаканта және кеурек сияқты өсімдіктер әлемнің түрлі елдеріне экспортталатын ирандық дәрілік өсімдіктердің қатарына жатады. Германия, Ұлыбритания, Франция, Швейцария, Швеция, Венгрия, Үндістан, Қытай, Түркия, Бахрейн, БАӘ, Катар, Кувейт, Ливан, АҚШ, Канада елдері Иранның дәрілік өсімдіктерін экспорттайтын нарықтар болып табылады.
شاه پسند وحشی
زنجبیل
بابونه
بهارنارنج
اسفناج
زعفران
شبدر قرمز
اسطوخودوس
خاکشیر
گاوزبان
Бүгінде Иранда іргелі ғылымға негізделген 150-ден аса компания мен 400-ден астам белсенді компания дәрілік өсімдіктер, өсімдік негізіндегі дәрілер, табиғи өнімдер мен дәстүрлі медицина саласында жұмыс істейді. Олардың талпыныстарының нәтижесінде дәрілер, адамдар мен жануарларға арналған табиғи өнімдер саласында іргелі ғылымға негізделген 600-ден астам өнім өндіріліп, коммерцияланды. Бұл дәрілер бір өсімдіктің сығындысы болуы мүмкін немесе бірнеше дәрілік өсімдіктің қосындысынан тұра алады. Мысалы, асқазан жарасын емдеуге арналған дәрі қандышөп өсімдігінен жасалған, буын ауруларын емдеуге арналған өсімдіктен жасалған жақпа май бар. Альцгеймерді емдеуге арналған «Мелитропик» атты дәрі шықты. Балалардың тіс етінің қабынуын емдейтін дәрі түймедақ пен тубероза қолданылып жасалған. «Эсвалин» күйікке қарсы дәрі жаңғақ, күнжіт пен қарасора деген үш өсімдіктің қоспасынан жасалған. Urtica ZB сығындысы бүйректегі тасты ұсатуға, ал «Хербекс» жақпа майы тері асты жарасын, диабетті, әртүрлі күйіктерді емдеуге арналған. Бұл май Arnebia euchroma (Эврома Арнебии), бал араның балауызы мен зейтүн майынан жасалған.
Иран өзінің өсімдік қорына байланысты әлемде табиғи көздерге қатысты фармакологиялық зерттеулер жүргізетін маңызды орталықтардың бірі саналады. Жүздеген зерттеуші ондаған зерттеу институты пен фармакология ғылымына қатысты мұражай-бақтарда зерттеулер жүргізіп жатыр. Иранның көптеген қалаларында жүргізілген зерттеулердің мақсаты елдің құнды дәрілік өсімдіктерін анықтау, жинау және бағалау болып табылады. Дәрілік өсімдіктер саласында жұмыс істейтіндер өсімдіктерді тіркеп, сақтау үшін Иранның генетикалық қоры жайлы мағлұматтарды арттыру, Иранның өсімдік жамылғысы арасынан дәрілік және хош иісті өсімдіктерді анықтау, өсімдік жамылғысының таралу аясын белгілейтін карта дайындау, дәрілік өсімдік түрлерінің гендік банкін дамыту және нығайту, өсімдікке негізделген дәрілерді өндіруді арттырып, ішкі қажеттілікті қамтамасыз етумен қоса, басқа елдерге экспортты одан ары арттыруды көздеп отыр.