Иранның танымал тұлғалары (142)
Өткен бағдарламадағы тақырыпты жалғастырып, х.қ.ж.с.б. 10 ғасырдың екінші жартысы мен 11 ғасырда өмір сүрген ирандық ақын Мұхаммад Хосейн Назири Нишапури жайлы сөз қозғаймыз. Ол парсы поэзиясының тарихында өзіндік стилі бар ақындардың бірі болғандықтан өз заманы мен кейінгі дәуірлердегі поэтикалық ағымдарға терең әсер еткен.
Айтып өткеніміздей, Мұхаммад Хосейн Назири Нишапури х.қ.ж.с.б. 10 ғасырдың екінші жартысында Нишапурда дүниеге келген. Сол қалада поэзия мен прозаның басты принциптерімен танысқан. Назири жастайынан өлең шығарып, оның танымалдығы Хорасаннан асқан. Назири жастық шағында өзінің ақындығын сынау үшін Кашанға, содан соң Иракқа барып, сол жерлердегі ақындармен айтысып, танымалдығын арттыра түскен. Соңында қауіпсіздікте рахат өмір сүре алатын жер іздеп, Үндістанға баруға шешім қабылдайды. Агра қаласына барып, тимурилік Жаһангирдің әмірлерінің бірі «хандардың ханы» деп аталған Абдуррахим Байрамның назарына ілінеді. «Хандардың ханы» Назириді сарайына шақырады. Осындай мұрсатты күтіп жүрген ақын ханның шақыруын қуана қабылдап, оның сарай маңындағыларының қатарына қосылады. Даканның билеушісі әрі өзі де поэзияға жақын, парсы-түрік тілдерінде өлең жазған «Хандардың ханының» сарайы көптеген ақындар мен өнерпаздарға пана болған.
Назири осы билеушінің сарайында жоғары орынға ие болған. «Хандардың ханы» мен Жаһангир патшаны мадақтаушы болған соң мол байлыққа кенелген. Назири бұл байлықты сарай салып, әртүрлі ирандық мигранттарды жинап, оларға қолдау көрсеткен. Назиридің мигрант ирандықтарды, әсіресе ақындар мен өнерпаздарды қолдауының жоғары болғаны соншалықты, оны «үнді ирандықтарының ата-анасы» деп атаған. Назиридің поэтикалық тәсілінің таңқаларлықтай кең таралуының себептерінің бірі оның осы ақындарды қолдауы болуы мүмкін. Ақындар Жаһангир мен оның әмірлерін мадақтап, сыйлық алумен қатар, осы жолы мадақталатын адам ақын болғандықтан соның көңіліндегі тәсілмен өлең шығаруы тиіс болды. Кейбір әдеби зерттеушілер бұл істі Назиридің поэтикалық тәсілінің кең түрде таралуының басты себебі санайды. Назири Нишапури Үндістанда ұзақ уақыт өмір сүріп, Жаһангир Тимури мен «Хандардың ханының» арқасында байлыққа кенеліп отырған шақта х.қ.ж.с.б. 1021 Гуджаратта дүние салып, сол жерде жерленді. Оның өлімі жайлы былай деп жазылған: «Парсытілді ақындар оның қазасынан кейін жетім қалды...».
Назири Нишапуриді өзіндік стилі бар ақын деп санауға болады. Ол жан-жақты ақын болған, өйткені туындыларын әртүрлі формалар мен түрлерде жазған. Солардың барлығында сәттілікке қол жеткізіп, мерейі үстем болған.
Ол өмір сүрген заман бірнеше ерекшелікке ие еді. Ол заманда парсы поэзиясының басты ерекшелігі жаңашылдық пен жаңаша жырлауда болды. Парсы өлеңі әрдайым жаңа өлең болған, өйткені барлық зерттеушілер мен сыншылардың сенімінше, парсы поэзиясы пайда болған кезден бастап бір дәуірден екіншіге өткенде жаңарып, ескіні жойып отырған. Парсы поэзиясындағы тоқырау және кері қайту дәуірі деп Сефевилер билігінің жойылған кезі мен қазіргі заманның басына дейінгі кезеңді атауға болады. Иран қоғамында бейберекеттік орнап, жалпы қоғам кері шегінгенде поэзия да кері бұрылып, өткен дәуірдегі стильге қайтып оралды. Назиридің заманында жаңашылдықтың жағдайы басқа еді. 9 ғасырдан бастап парсы поэзиясында жаңашылдыққа әсірешілдікпен бет бұру пайда болды. 10-11 ғасырларда бұл үдерістің қатты дамығаны соншалықты, поэзияның барлық элементтері мен ерекшеліктері жаңашылдыққа қызмет етті. Бұл заманда жаңаша сөйлеу, жаңа стиль, ерекше қиял, жаңа тәсіл, жаңа сөз және т.б. терминдер парсы поэзиясында кең таралды.
Жаңаша сөйлеуде әсірешілдікке барып, басқа поэтикалық элементтерді елемеу үнді стилінің бір бөлігін тудырды. Онда ақын мен өлең табиғи жылдамдықты сақтамай, оқырманнан озып кетті. Нәтижесінде ақын мен оқырманның байланысы үзілді. Сол кезден бастап үнді стилі құлдырауға душар болды.
Назири Нишапури де жаңаша сөйлеуді өзінің басты бағыты етіп алды. Бірақ оның айырмашылығы мынада: ол жаңаша сөйлеуді поэзияның мақсаты санамай, оны өзінің өлеңдерін жоғарылату мақсатына қызмет ететін құрал деп білді; жаңаша сөйлеуге талпынумен бір мезгілде өз өлеңдерінде бұрынғы ақындардың тексерілген дәстүрін сақтаған. Назиридің жаңашылдығы ешқашан оның өлеңдерінің оқырмандардан алашақтауына себеп болмады. Назиридің тексерілген поэтикалық дәстүрлерді сақтауға беріктігі оның өз өлеңдерінің мығымдығын сақтауымен бірге озық әрі жаңашыл ақынға айналуына себеп болды. Әсірешіл жаңашылдық заманында бұл ерекшелік ұмытылған болатын.
Назири Нишапури бір жағынан Баба Фоғани Ширазидің қайталамасы болды. Осы тұрғыдан оның өлеңдерінде екіқырлылық бар: оның бір бөлігі «вуғу» стиліне қатысты болды, екінші бөлігі үнді стиліне соқтырды. Бұл екі ақынның да сол замандағы және одан кейінгі ақындар үшін бастамашы болғаны соншалықты, Назири Нишапури ғазалының әсерін сол заман мен одан бірнеше ғасыр кейін өмір сүрген ақындардан айқын көруге болады. Тіпті, Иранда үнді стилі құлдыраған кезде ақындар Назири Нишапури мен «вуғу» стилінде өлең жазғандарға бет бұрған.
«Вуғу» мектебі – х.қ.ж.с.б. 9 ғасырдың аяғы мен 11 ғасырдың басында Иранда кең таралған, ирак стилі мен үнді стилі арасындағы парсы поэзиясында пайда болған стиль. Вуғу стиліндегі өлеңдердің ерекшеліктері – қарапайымдылық, көркемдік құралдар мен поэтикалық әсірешілдіктен бас тарту, ауызекі тілдегі терминдерді пайдалану, ғашықтар арасында болған оқиғаларды тікелей және еш көркемдеусіз баяндау.
Х.қ.ж.с.б. 12 ғасырда өмір сүрген тазкере-өмірбаян жазушы Абдуррезақ Данбали былай деп жазған: Мұштақ Исфахани сияқты ақындар үнді стилін жою үшін Назири Нишапуриге бет бұрған. Сондықтан Абдуррезақ Данбали мен басқа сыншылардың көзқарасынша, Назири Нишапури вуғу стиліндегі ақын саналады. Қазіргі сыншылар мұны ақиқаттың жартысы ғана деп санайды. Назиридің поэтикалық мұрасында Баба Фоғанидің өлеңдері сияқты екіқырлылық бар. Оның бір жағы вуғу стилімен, екінші қыры үнді стилімен байланысып жатыр.
Назири Нишапури Сефевилер мен үнді Тимурилері дәуіріндегі поэзияның барлық жағымды қырларына ие болуымен қоса, оның өзіне ғана тән ерекшеліктері де бар. Осы ерекшеліктердің көмегімен ол өзіндік стилі бар бастамашыл ақынға айналды. Ол сондай-ақ,Сефевилер заманына дейінгі өлеңнің бүлк етпес мықтылығын сақтады. Сефевилер дәуіріндегі поэзияда бұл ерекшелік ұмытылды. Ақындар жаңалыққа көбірек бой алдырған сайын дұрыс тіл мен баяндау тәсілінен алшақтай түскен. Бұл мәселе вуғу стилінен бұрынғы үнді стилінен байқалды.
Назири Нишапуриді вуғу мектебіндегі ақындардың қатарына қосатын өлеңдерінің бір бөлігінде өте қарапайым әрі шынайы тіл қолданылған. Назиридің ғазалдары мен қасидаларын оқығанда байқалатын нәрсе – ақын тілінің оралымдылығы. Оның поэтикалық баяндау стилі өте қарапайым. Көркемдік құралдар оның туындыларындағы негізгі ойды басып тастамайды, керісінше өте табиғи, оралымды түрде өлеңнің мақсаттары аясында ғана қолданылған.
Назири Нишапури ғазал мен қасидада осы тұрғыдан Сағди Ширазидің поэзиясын еске түсіреді. Бірақ Назири Хафиз Ширазиге еліктегенін айтқан:
Хафиз Ширазидің жолын ұстанып едім,
Менің сөзім шартарапқа таралды.
Назири өлеңдерінің екінші бөлігінен басқа қыр байқалады. Бұл айырмашылықтың айқындығы соншалықты, осы өлеңдер негізінде кейбіреулер оны үнді стиліндегі ақын деп санаған. Ал әдеби сыншылардың сенімінше, оның өлеңдерінің бұл бөлігі нақты үнді стилі емес, жаңа бір тәсіл ғана, оның дамуы мен кеңеюі үнді стилін қалыптастыра алады. Назири өз өлеңдерінің осы қырында вуғу мектебінің тақырыбы болып табылатын адамның эмоционалды өмірінде туындайтын жеке және шынайы сәттерді баяндаудың орнына ой тербетіп, қиялдың қиянына шыққан. Бірақ, Назири өлеңдерінің бұл келбетін үнді стилі деп атауға болмайды. Өйткені, Назиридің осы саладағы қиялдары үнді стиліндегі ақындарға керісінше қиял үшін қиялдау емес: оның өлеңі әсіре жаңашылдыққа қызмет етпейді, ол тілінің дұрыстығын сақтап қалған. Қиялдың тақырыбы қиял емес, көбінесе жеке шынайы эмоционалды сәттерді баяндау болып табылады. Бұл вуғу мектебіне қатысты. Үнді стилінің айшықты ерекшеліктерінің біріне оза шауып, аллегориялық баяндау жатады. Назиридің өлеңдерінде мұндай ерекшелік жоқ. Сондықтан Назири өз өлеңдерінің осы бөлігінде терең ойлау мен қиялдауды басты өзек етіп алғанымен, вуғу мектебіне жақынырақ барған. Сондықтан оны нақты үнді стиліндегі ақын деп айтуға болмайды.