Там 27, 2018 17:53 Asia/Almaty

"Исра" сүресінің бірінші, "Нәжм" сүресінің бесінші аяттары бойынша, Исламның ұлық пайғамбары түндердің бірінде Меккедегі әл-Харам мешітінен әл-Ақса мешітіне сапар шегіп, сол мешіттен аспанға көтерілген. Бір мекенде Жебірейіл пайғамбардан бөлініп қалып қойған. Сол мекенде Алланың елшісі мен Жаратушы құпия сұхбаттасқан. Кездесудің кейбір сөздері «Миғраж» хадисінде айтылған.

«Миғраж» хадисі екі жақты сұхбатқа сүйенеді. Алла Тағала мен Исламның ұлық пайғамбарының «Миғраж» хадисінде баяндалған сұхбатында әртүрлі тәсілдер қолданылған. Олардың барлығы сөздің көркемдігі мен шешендігін көрсетеді. Өйткені, сұхбат басынан аяғына дейін бір сарынды болса, адамды жалықтырады. Бірақ сөздерді алмастыру арқылы мәтіннің көркемдігін сақтауға болады. Өткен бөлімде сұхбат ғибадат туралы болса, бұл бөлімде сұхбат өзгеріп, Жаратушы Пайғамбарға бірнеше ақыл-кеңес берген: «Уа, Ахмад! Ерік-жігеріңді бір нәрсеге ғана шоғырландырып, бір сөзді бол. Қырағылықты сақтап, еш уақытта немқұрайдылық танытпа. Өйткені, Маған немқұрайдылық танытқандардың қай аңғарда өлетіні маңызды емес». Алланың Пайғамбарға бір нәрсені түсінуге талпын дегені адамды негізгі мақсатын түсінуге шақырады. Яғни, әртүрлі уақыт пен жағдайға қарай мақсатты өзгертуге болмайды. Яғни, кейде ақыретті, кейде дүниені немесе кейде Алланы, кейде адамды талап етуге болмайды. Адам тек Алла үшін талпынуы керек.

Алланың Пайғамбарға берген келесі кеңесі «егер адам Алланы ұмытса, өлік сынды» деген сөзі болды. Яғни, адамның өмірі Алланы еске алуына байланысты. Егер сен (Пайғамбар) Алланы ұмытсаң, адами өмірден мақұрым қаласың, сырт көзге дем алып, тірі көрінгеніңмен өлікпен теңсің. Адам Алланы ұмытпаған жағдайда ғана тірі саналады. Сол себепті Алла Тағала Оған немқұрайдылық танытқандардың қай аңғарда өлетіндігіне алаңдамайтыны туралы ескерткен болатын.  

Хадистің келесі бөлімінде Алла Тағала: «Уа, Ахмад! Ақылыңнан айрылмай тұрып, оны пайдалан. Өз ақылын пайдаланатын адам қателеспейді»,- деді. Ақылын пайдаланатын адам илаһи шек пен шекараны біліп, оны сақтайды. Бірақ, егер Алла Тағала сыйлаған ақылын пайдаланбаса, нәпсісі оны жеңіп, илаһи шектерді ұмытады. Имам Садық (ғ.с.) рауаяттарының бірінде ақылды адамның тірегі ретінде таныстырып: «Ақылдан зеректік, түсінік және білім туындайды. Ақылдың арқасында адам кемелдікке жетеді. Ақыл – адамның жол көрсетушісі, оның жұмыстарының кілті. Ақыл жетекшілік нұрымен біріккен кезде даналық, дарын және қырағылықпен ұштасып, «неге?» мен «қайда?» сауалдарының жауабын тауып, жақсылық жасаушы мен алдаушыны, өзі мен бөгденің жолын ажыратады. Таухид пен Аллаға құлшылық етуді түсіну, жоғалтқан нәрсенің орнын толтырып, келешекке қайдан келгені мен қайда баратынын және ол туралы білетіндей енеді. Мұның барлығы ақылға қарыздар»,- деген болатын. («Усул Кафи», 1-ші том). Алла Тағала Миғраж хадисінің жалғасында Пайғамбардан (с.ғ.с.): «Уа, Ахмад! Сені неліктен басқа пайғамбарлардан артық еткенімді білесің бе?» сұрайды. Барлық білімінің өзіне Алланың қалауымен берілгенінен хабардар Пайғамбар: «Білмеймін, Жаратушым»,- деп жауап береді. Сол кезде Жаратушы: «Адалдығың, жақсы мінез-құлқың,  халықпен ымыраға келуің және оған жақсылық жасауың үшін сені  басқалардан артық еттім»,- деді.

Пайғамбардың бірінші ерекшелігі адалдығы болды. Сондай-ақ, хазіреттің басқалардан артық болуына жақсы мінез-құлқы, халыққа деген жомарттығы, рақымы, жанашырлығы және мейірімі себеп болды. Пайғамбардың жанашырлығы мен мейірімі өте жоғары болғандықтан, Алла Тағала «Тәубе» сүресінің 128-ші аятында халыққа: «Расында сендерге іштеріңнен ардақты бір Пайғамбар келді. Оған қиналуларың ауыр тиеді. Сендерге өте ынтық, мүміндерге өте жұмсақ, ерекше мейірімді»,- деді. Исламның ұлық пайғамбарының мінез-құлқы мен амалдары туралы көптеген рауаяттарда айтылған.  Хазірет Әли (ғ.с.) рауаяттарының бірінде: «Алла Тағала Пайғамбарды (с.ғ.с.) пайғамбарлардың мықты ағашы мен жетекшілік нұрының бұлағынан, теңдессіз әрі биік дәрежесінен, қасиетті жерден, қараңғыдағы жарықтар мен хикметтің қайнарынан сайлады. Пайғамбар өз білімімен халықтың арасында өмір сүріп, шипа сыйлайтын дәрмендері мен құралдарын қажет жағдайда тас жүректер мен саңырауларды және мылқауларды емдеу үшін дайындады. Ол өз дәрі-дәрмегімен ұмытылған науқастарды іздеп, оларды емдеді»,- деп айтылған. («Наһдж ул-Балағе», 108-ші құтпа).

 

Тегтер