Қар 24, 2018 20:26 Asia/Almaty
  • Иран базары (50)

Бүгінгі бағдарламада мал қорегін дайындау және Иранның құс шаруашылығы жайлы сөз қозғаймыз.

Әлемде жылына тұрғындар саны 100 млн адамға көбейетін көрінеді. 2040 жылға дейін Жер планетасында 9 млрд-тан аса адам өмір сүретін болады. Адамның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету – әлемдік қауымдастықтың басты мақсаттарының бірі. Әлем тұрғындарының саны артқаннан кейін мал шаруашылығы өнімдерін тұтынуға деген жаһандық сұраныс та артады. Бұл мәселенің маңыздылығы Жер планетасы жылынуынан туындаған құрғақшылық дағдарысының егіс өнімдері өндіріліп, тұтынушы таразысына теріс әсер еткенін  назарға алғанда арта түседі.  Мұнымен қоса,  мал мен құс санитариясы мәселелерін сақтау және олардың қорегіне көңіл аудару да маңызды мәселелердің бірі болып табылады.

Бүгінде әлем халықтарының тамақ өнеркәсібіндегі маңызды салалардың бірі – ет өнімдері.  Күн сайын  азық-түліктің көп бөлігі әлемдік нарықтарға шығарылады.  Олардың көбін мал және құс шаруашылығы өнімдері құрайды. Ет өнімдерін өндіру тізбегінде маңызды факторлардың бірі – мал мен құс. Мал қорегі халықты протеинмен қамтамасыз ету тізбегіндегі маңызды стратегиялық буын саналады. Мал қорегі үй жануарларына қажет мал концентратымен бірге әралуан шөптер, жоңышқа мен бақша өсімдіктерінен тұрады.  Концентрат арпа, кебек, қант қызылшасының қалдығы, мақта дәнінің сығындысы және минералдар мен дәрумендердің белгілі бір көлемінің қосындысын құрайды. Халықаралық мал, құс пен су жануарлары қорегі федерациясының бағалауына сәйкес, әлемде мал, құс пен су жануарларына қорек өндіру үдерісі соңғы 20 жыл ішінде 40 пайызға өскен. 2015 жылы әлемде мал, құс пен су жануарлары үшін 1 млрд тонна қорек өндірілген.

2016 жылғы әлемдік статистикаға сәйкес, әлемде 30 мыңнан астам кәсіпорын мал, құс пен су жануарларының қоректерін өндірумен айналысып жатыр. Бұл кәсіпорындардың рөлі өндірісті ұлғайтумен қоса, сапалы әрі сау қорек өндіру, қоғамда азық-түлік қауіпсіздігі коэффициентін жоғарылату болып табылады.  Мал, құс пен су жануарларына қоректік заттар шығаратын зауыттардың ең маңызды рөлі дәнді дақылдар (бидай, жүгері мен арпа), майлы дақылдар, сабан, басқа өнімдер мен егін және мал шаруашылығы өнімдерін өңдеуден қалған қалдықтардың тиімділігін арттыру үшін қоректік шикізатты өңдеу болып табылады. Қазір әлемде жылына шамамен 1 млрд тонна мал, құс пен су жануарларының қоректері өндіріліп, тұтынылады.  

Ирандағы мал, құс пен су жануарлары қоректерін өндіру өнеркәсібінің ашылғанына 70 жылға жуық уақыт болды. Иранда малға қажет қорек өндіру өнеркәсібінің тарихы бұл елде өнеркәсіптік деңгейде құс өсіру шаруашылықтары құрылғаннан кейін басталды.  Уақыт өтіп, бұл салаға инвестиция салынғаннан кейін бүгінде Ирандағы мал қорегі өнеркәсібі елге қажет 50-ден астам өнімді 19 млн тонна көлемінде өндіреді. Елдің мал қорегі өнеркәсібінің жылдық қаржы айналымы 11 млрд долларға жетті. Бұл өнеркәсіптің өнімдері ішкі қажеттілікті қамтасыз етумен қоса, Орта Азия, Ирак, БАӘ, Катар, Түркия мен Сирия елдеріне экспортталады. Қазір Иранның әртүрлі облыстарындағы мал қорегін өндіретін зауыттарда 20 мың адам тікелей жұмыс істейді.

Осы салада кейбір іргелі ғылымға негізделген компаниялар да елдегі мал қорегінің сапасын жоғарылату мақсатында жұмыс істеп жатыр. Ирандық зерттеушілердің жетістіктерінің біріне мал, құс пен су жануарларына арналған 6 пробиотиктік қоспа жобалап, формуласын дайындау жатады. Дүниежүзілік азық-түлік ұйымы мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сипаттамалары бойынша, пробиотиктік қоспалар микроағзалардан тұратын азық-түлік қоспалары. Бұлар ішектегі микробтардың функциясын жақсарту арқылы мал, құс пен су жануарларына жақсы әсер етеді.

Иранның құс шаруашылығында күрке тауық, үйрек, қаз, бөдене, шіл, қырғауыл, түйе құс пен тауық өсіріледі. Иранның құс шаруашылығы өнімдері ретінде жұмыртқа, бір күндік балапан мен құс етін атауға болады. Бұл шаруашылықтың маңыздылығы әртүрлі салаларынан, соның ішінде тамақтану, табыс табу, жұмыспен қамту және басқа өнеркәсіп салаларында пайдалануы тұрғысынан анық байқалады. Тамақтану тұрғысынан  тауықтың еті мен жұмыртқасы әлем халқының көп қолданатын арзан әрі сапалы тағамы болып табылады. Жұмыртқаның тағамдық құндылығының жоғарылығы соншалықты, әлемде миллиондаған адам күн сайын оны әртүрлі қалыпта тұтынады. Жоғары сапалы протеин мен аминоқышқылдардан тұратын жұмыртқа адамның дамуы үшін қажет тамақ саналады. Бұл тағам түрінде темір, фосфор, сирек минералдар, А, К мен Е дәрумендері мен В тобына жататын дәрумендердің мол қоры бар. Жұмыртқа D дәруменінің болуы тұрғысынан балық майынан кейін екінші орында тұр. Сондай-ақ, қуат өндірісі тұрғысынан бір жұмыртқада шамамен 77 килокалорий бар. Кальцийге толы жұмыртқаның қабығы мал мен құсқа қажет қорекке минерал қоспа ретінде және топырақты құнарландыру үшін қолданылады. Әлемде жылына 70 млн тонна жұмыртқа өндіріледі. Иран әлемде жұмыртқа өндірісі бойынша 11-ші орында тұр. Иран аймақ елдері арасында жұмыртқа экспорттау бойынша жақсы позицияға ие. Соңғы жылдары  Иран өз өнімін аймақтың 10 еліне экспорттады.

Иранның құс шаруашылығы саласындағы басқа экспорттық тауарларынан бір күндік балапандарды атауға болады. Қазір Иранда  балапан өсіретін 500-ден астам шаруашылық бар. Олар 300 компания тарапынан басқарылады. Иранда ет ретінде қолдану үшін біркүндік балапандарды өндіру көлемі жылына 100 млн-ды құрайды. Балапан елдің қажеттілігінен артық өндірілетіндіктен оның артығы көршілес елдерге экспортталады. Өткен жылдың (1396) алғашқы алты айында Альборз облысында бір күнде өндірілетін 38 млн-нан астам балапан Парсы шығанағы елдеріне экспортталды.

 

Иран – Таяу Шығыстағы құс өсіретін ең ірі  ел. Өткен 40 жылдың ішінде үкіметтердің жеке секторды қолдауының арқасында елде құс шаруашылығы дамыды. Бұл өнеркәсіп саласы дамығаннан кейін ирандық жанұялар арасында протеин тағамдарды тұтынудың жаңа үлгісі пайда болды. Бүгінде Иранда жан басына шаққандағы  тауық етін тұтыну көлемі әлемдік деңгейден екі есе артық. Айта кететін жайт,  тауық еті өндірісі бойынша, Иран әлемдегі үздік 10 елдің қатарында. Иранда тауық етін өндіретін басты облыстарға Мазандеран, Хорасан,  Фарс, Исфахан, Шығыс Әзірбайжан, Орталық және Теһран облыстары жатады. Бұл жерлерде тауық етінің жартысына жуығы өндіріледі.

Бүгінде Ирандағы құс шаруашылығының қалдықтарын азайтып, пайдасын арттыру үшін тауықтың сирағын Иранның ұлттық стандарттарына сай ережелерді сақтап, өңделген және буып-түйілген өнім ретінде пайдалану артты. Жүргізілген зерттеулер бойынша тауықтың сирағында протеиндер, дәрумендер мен өмірге қажет минералды заттар бар. Тауық денесінің бұл бөлігі кейбір елдерде тағам ретінде пайдаланылумен қоса, медициналық гельдер мен косметологиялық және гигиеналық заттарды жасауда қолданылады. Экономикалық мәселелермен қатар, бұл тағам түрі сүйек пен буынға қатысты ауруларды, соның ішінде остеопороз бен ревматизмді емдеуге және некроз ауруының, буындар мен шеміршектердің желінуінің алдын алуға көмектеседі, мүжіліп бара жатқан буындардың дыбысын емдейді, сынған сүйекті қалпына келтіреді, қан қысымын азайтады, тістің шіруінің алдын алады. Иранның құс шаруашылығында өндірілетін құс сирағының басым бөлігі Шығыс Азия елдеріне, соның ішінде Вьетнам, Гонконг, Тайланд пен Лаос елдеріне экспортталады. 

Тегтер