Қаң 03, 2019 21:40 Asia/Almaty
  • Илаһи жетекшілер (58)

Армысыздар, құрметті оқырмандар! назарларыңызға илаһи жетекшілерді таныстыруға арналған топтамамыздың кезекті бөлімін ұсынамыз.

Өткен бірнеше бөлім барысында сегізінші имамның (ғ.с) өмірлік жолына қысқаша шолу жасаған болатынбыз. Ол хазірет Мамун Аббасидің бұйрығымен Мединеден Мервке жер аударылған кезден бастап, Мамунның халифатқа билік ету туралы ұсынысынан бас тартып, оның мұрагері болу туралы ұсынысын ешбір мемлекеттік іске араласпау шартымен ғана қабылдап, Құрбан айт намазын ұлық пайғамбардың (с.ғ.с) салтымен орындауға шешім қабылдаған кезге дейін асқан қырағылықпен Мамунның барлық жоспары мен қастандық әрекеттерін залалсыздандырып, илаһи рақымның арқасында имаматтың жоғары орнын нығайтты.

Имам Реза Мервте болған кезде қаланың орталық мешітінде бір топ адам жиналып, имамат мәселесін талқылап, әрқайсысы өз пікірін айтып, араларында пікір қайшылығы туындайды. Хазіреттің жақын серіктерінің бірі сол жағдайды көрген соң былай деген: "Сегізінші имамға келіп, жағдайды баяндадық. Имам күлімсіреп: "Бұл адамдар имаматтың ақиқатын жете түсінбеген. Құдіретті Алла Тағала исламның таңдаулы пайғамбарына дінді толықтырып, оған Құранды толық түсіргенге дейін оның жанын алмады. Сосын пайғамбардың (с.ғ.с) ең соңғы қажылық сапары кезінде келесі аятты түсірді: "Бүгін діндеріңді толықтастырдым және нығметімді тамамдадым. Сондай-ақ, сендерге Ислам дінін қоштап, ұнаттым" (Мәида сүресі, 3-аят).

Имамат мәселесі діннің тұтастығы мен кемелдігінен бастау алады. Пайғамбар үмбетіне діннің дәлелдерін баяндап, өз жолын анық көрсетіп, ақиқат жолын жалғастыруы үшін олардан уәде алып, Әлиді (ғ.с) өзінен кейінгі ислам үмбетінің жетекшісі ретінде таныстырып, үмбет үшін қажет бірде-бір жайтты ұмытпай, бәрін толық түсіндіріп барып қана өмірмен қош айтысты. Сондықтан құдіретті Алла имамды тағайындағаннан кейін өз дінін толықтырмады деп есептеген адам Құдайдың кітабын теріске шығарғанмен тең. Құдайдың кітабын қабылдамаған адам кәпір саналады" деді.

Содан соң хазірет сөзінің жалғасында имамның қоғамда алатын орнын талқылап жатқан хабарсыз бір топ адамды сынап: "Бұл адамдар имамды таңдай алатындай имамның үмбеттегі орны мен беделі жайлы не біледі? Шынында, халықтың шектеулі ақылымен қол жеткізіп, дауыс беру және пікір білдіру арқылы ақиқатты танып, өз қалауымен имамды тағайындауына қарағанда имамның қадірі жоғары, мүмкіншілігі көп, алатын орны жоғары саналады",- деді. Имам Реза (ғ.с) илаһи әмірмен осы пайғамбарлыққа тағайындалған хазірет Ибраһимнің (ғ.с) имам болғанына сілтеме жасап: "Хазірет Ибраһим осындай құрметке ие болғанына қатты қуанып: "«Ұрпақтарымнан да ете көр!»,- деді. Алла: «(Ұрпақтарыңнан) залымдар сертіме жете алмайды» деді (Бақара сүресі, 124-аят). Сонда хазірет: "Құранда былай деп айтылған: "Расында адамдардың Ыбырайымға (Ғ.С.) ең жақындары оған ергендер мен осы Пайғамбар (Мұхаммед Ғ.С.) және мүміндер. Алла – мүміндердің иесі" (Әли Имран сүресі, 68-аят)".

Пайғамбар (с.ғ.с) илаһи әмірмен Әлиді (ғ.с) имам ретінде тағайындап, Құдайдың пайғамбарға уәжіп етуіне байланысты имам болу атты қатерлі жауапкершілікті Әлиге (ғ.с), содан кейін оның таңдаулы ұрпақтарына тапсырды. Сол себепті имаматқа жетекшілік Қиямет күніне дейін Әлидің (ғ.с) ұрпақтарына бұйырған. Себебі, Мұхаммадтың (с.ғ.с) пайғамбарлығынан кейін Құдай басқа пайғамбар келтірген жоқ",- деді. Сосын хазірет Мервтің орталық мешітінде жиналып, мүлдем хабары жоқ бола тұра имамат мәселесі жайлы сұхбаттасып, имамның алатын орны туралы пікір білдірген адамдарды еске салып: "Сондықтан бұл надандар қалай және не себепті өздеріне имам таңдайды? Шынында, имаматқа басшы болу пайғамбарлар мен олардың мұрагерлеріне ғана тән. Имаматқа басшылық ету, Құдай мен пайғамбардың (с.ғ.с) ізбасары әрі өкілі болу – мүміндердің әмірі Әлидің (ғ.с), имам Хасан (ғ.с) мен имам Хусейннің (ғ.с) мұрасы» деген. Осындай терең мағыналы сөздерден кейін имам Реза (ғ.с) имаматқа басшылық етудің барлық салалардағы, атап айтқанда діни, әлеуметтік, саяси, экономикалық салалардағы маңызды рөлін баяндап: "Имаматқа басшылық дінді басқару, нақты жүйе қалыптастыру, мұсылмандардың өмірін жақсартып, әлем үшін пайдасын тигізіп, мүміндердің ғиззаты мен қуатын арттырады. Сондықтан, имаматқа басшылық – ислам дінін ілгерілетуші негіз және осы берік ағаштың бұтағы мен жапырағы. Намаз, зекет, ораза, қажылық пен джиһад имаматтың жарқын нұрымен жүзеге асып, олжа мен садақа артып, илаһи ахкамдар жүзеге асырылып, ислам жүйесі бөгделердің басқыншылығынан аман қалады. Құдайдың халал және харам еткен заңдары жүзеге асып, исламдық шеңбер орнатылып, дін көздің қарашығындай қорғалып, халық даналық пен игі кеңестердің арқасында өз Жаратушысына жақындай түсуге шақырылады",- деді.

 

Имамдардың бойындағы келесі ерекше қасиетке олардың пәктігі, яғни оның кез келген күнә мен қателік жасаудан қорғалғандықтары жатады. Бұл қасиет халыққа жетекшілік етіп, олардың сенімдеріне ие болуда басты рөл атқарады. Сол себепті сегізінші имам (ғ.с) сөзінің жалғасында осы қасиеттерге сүйеніп: "Имам барлық күнәдан таза және барлық кемшіліктен аулақ болады",- дейді. Білім мен ғылымға жетік болу – имамның келесі қасиеттерінің бірі. Бұл жердегі білім мен ғылым – Құдайдың әулиелер мен таңдаулы пенделеріне сыйлаған білімі. Бұл білімнің қайнар көзі илаһи ғылым болғандықтан, имамның білімі мен хабардарлығы ешкімнің біліміне тең келмейді. Бұдан бөлек имамның бойындағы білімі жалпы білім мен ғылымды көріктендіріп тұратын ахлаққа бағыт-бағдар ұсынады. Имам Реза (ғ.с) бұл жайында былай деген: "Имамды ерекше білімі мен сабыры көріктендіреді. Имам дін мен ислам қоғамын қорғауы тиіс. Себебі, күпіршілер мен екіжүзділер әрдайым дін мен діндарларға зиян келтіру үшін тұзақ құрады. Сол себепті имам олармен күресуге міндетті. Жүйені сақтап, дінді жақсарту, мұсылмандарға ғиззат сыйлап, екіжүзділермен қарсыласып, күпірлердің көзін жою имамның мойнына артылған міндеттер саналады" деді. Имам сөзінің жалғасында өзінің қоғамдағы жоғары орнына байланысты: "Қандай адам имамның мағрифаты мен таным деңгейіне жетіп немесе имамның таңдауы мен ықтиярына қол жеткізе алады?" деді. Имамның қасиетті деңгейі бұлардан әлдеқайда жоғары. Сондықтан сол жерде жиналған барлық білімді адамдар сергелдеңге түсіп, даналар дәрменсіз күй кешіп, көзі ашық кісілер қараңғылықпен бетпе-бет келіп, ұлы тұлғалар кішірейіп, ақын-шайырлардың бұл мәселені сипаттауға әлдері келмей, олардың ешқайсысы имамға тән бір қасиет пен ізгілікті сипаттай алмай, барлығы өздерінің бұған шамалары келмейтінін мойындайды.

Имам имаматқа басшылық ететін жетекшінің бейнесін сипаттауды жалғастырады. Алайда бұл әңгімені осы жерден тәмамдап, бүгінгі бағдарламаны қорытындылау үшін бірнеше жайтты назарларыңызға ұсынамыз. Сегізінші имам Мамунның билігі шарықтау шегіне жеткен жағдайда Аббаси үкіметінің астанасы Мервтың орталық мешітінде имамның алатын орны мен ұлылығын осылай ашық түрде түсіндірді. Имам қорықпастан ашық түрде имамның бойындағы ерекше қасиеттерді сипаттап, халықтың арасында ағартушылықпен айналысты. Имамның сөздерінде ерекше көңіл бөлуге болатын маңызды жайт мынадай: барлық исламдық ағымдар мен мектептерге қарамастан имаматқа басшылық ету мәселесі пайғамбардың (с.ғ.с) көзі тірісінде илаһи бұйрықпен Ғадир Хом деген мекенде жүзеге асырылып, Әли (ғ.с) Алла елшісінің мұрагері ретінде халифатқа жетекші болып тағайындалып, имамат пен жетекшілік тізгінін қолына алды. Сегізінші имамның (ғ.с) айтып кеткен келесі маңызды мәселесі мынадай: илаһи әмірмен бұл билік қиямет күніне дейін қанаушылар мен озбыр жүйелердің күшін жояды. Осылайша имам Аббаси әулетінің, әсіресе Мамунның билігіне күмән келтірумен қоса, исламдық көзқарас негізінде бұл көзқарасты мәңгілікке ресми түрде мойындамады. Тағы бір айта кететін маңызды жайт мынадай: имаматқа басшылық ету, Құдай мен пайғамбардың (с.ғ.с) ізбасары әрі өкілі болу – мүміндердің әмірі Әлидің (ғ.с), имам Хасан (ғ.с) мен имам Хусейннің (ғ.с) мұрасы. Сондықтан халифалық тек пайғамбардың пәк әулетіне тиесілі саналады. Ең соңғы маңызды мәселеге тек имамның билігі кезінде ғана ислам мен илаһи шектеулер сақталып, Құдайдың ахкамдары жүзеге асырылатыны жатады. Тек пәк имамдар ғана Құдайдың жердегі сенімді өкілі және Оның пенделеріне ұсынған айғағы саналады.

Қымбатты оқырмандар, сегізінші имамның өмірлік жолына арналған бағдарламамыз көңілдеріңізден шықты деп үміттенеміз. Келесі кездескенше, аман-сау болыңызар!

 

 

Тегтер