Илаһи жетекшілер 69
Хазірет Мұхаммадтың (с.ғ.с.) Исламы мен таухидтік жүйесінің орнатылуымен әлемнің түкпір-түкпірінде күпірлік көзқарастардан белгі қалмайды. Нәтижесінде адамзат билеп-төстеушілердің құлдығынан босап, азаттықтың шынайы мағынасын түсінетін болады.
Алла елшісі рауаяттарының бірінде халық маһдавият туралы өтірік уәж айтатындардың сөзіне алданбас үшін хазірет Әли (ғ.с.) қасына келген кезде имам Мәһдидің (ғ.с.) өз ұрпағынан тарағанын айтып: "Алла Тағала өтірік пен өтірікшілерді тамырымен жойып, күнделікті қиындықтар мен дағдарыстарды шешіп, сендерді залымдардың билігінен құтқарады",- деген. Сондықтан пәк имамдардың ұрпақтары бір-бірімен жалғасып, хазірет Мәһдимен (ғ.с.) аяқталады. Бұл –Исламның ұлық пайғамбарының ислам үмбеті өтірікшілердің уәждеріне алданбай, хазірет Мәһдиді (ғ.с.) оңай тануы үшін айтып кеткен белгілерінің бірі. Алла елшісі келесі бір сөзінде: "Алла Тағала хазірет Мәһдидің (ғ.с.) көтерілісі аясында дінсіз жүйелердің билеп-төстеушіліктерін құртады» деген болатын. Бұл Жаратушының "Нұр" сүресінің 55-ші аятында: "Алла сендерден иман келтіріп, ізгі іс істегендерге; өздерінен бұрынғы өткендердей жер жүзіне мұрагер қылуды уәде етті. Сондай-ақ, олар үшін өзі разы болған дінін нығайтып, қауіп-қатерден кейін бейбітшілікке айналдырады. Олар Маған құлшылық қылады. Маған еш нәрсені серік қоспайды. Кім бұдан кейін қарсы келсе, міне солар, бұзақылар",- деп айтқан уәдесінің өзі.
Негізінде хазірет Мұхаммад (с.ғ.с.) әкелген ислам діні мен таухидтік жүйенің орнатылуымен әлемнің еш жерінде күпірлік көзқарастардың белгісі қалмайды. Нәтижесінде адамзат билеп-төстеушілердің құлдығынан босап, азаттықтың шынайы мағынасын түсінетін болады. Жарқын кезеңнің орнатылуы тек мұсылмандарға ғана қатысты емес, басқа қасиетті діндердің жақтастары да бұл күнді күтіп, пайғамбарларының жылдамырақ келуін тілеуде. Исламның ұлық пайғамбары: "Мәһди (ғ.с.) – менің ұрпағымнан. Ол келген кезде хазірет Мәриәмнің ұлы хазірет Иса Алланың қалауымен имам Мәһдиге (ғ.с.) көмектесу үшін аспаннан түсіп, имамның артында тұрып, намаз оқиды",- деген болатын. Хазірет Мәһди (ғ.с.) Алла рұқсат берген кез келген уақытта келіп, тек бір Аллаға құлшылық ететін, әділет пен достық орнаған кеңістікте жаңа өмір басталады.
Көптеген хадистерінде хазірет Мәһдидің (ғ.с.) келетінінен хабар берген Алла елшісінен басқа имамдар да Исламның ұлық пайғамбарынан үлгі алып, соңғы пәк имамның кейбір ерекшеліктерін баяндаған. Хазірет Әли (ғ.с.): "Егер бұл дүниенің өмірінің тек бір күні қалса да, Алла Тағала бұл күнді әулетімнің перзенті келіп, әлемде әділет орнатқанша созады",- деген болатын. Бұл рауаят хазірет Мәһдидің (ғ.с.) әлемдік революциясының нақты болатынын қуаттайды. Хазірет Әли (ғ.с.) бұл жолдауымен ғайып мерзімі сондай ұзақ болғанымен хазірет Мәһдидің (ғ.с.) келетініне күмәндануға болмайтынын баяндайды. Хазірет Фатима (ғ.с.) перзенті Хосейнге (ғ.с.): "Сен менің етегімде тәрбиеленіп, қоғамға шыққан кезде Алла елшісі сені құшақтап: "Уа, Фатима! Ол – әке. Оның ұрпағынан адал имамдар тарайды. Олардың ең соңғысы ғайып болады" дегенін айтқан. Набоват отбасында тәрбиеленген имам Хасан (ғ.с.) да дәл осы тақырыпты қуаттап: "Алла елшісінен кейінгі илаһи имамдардың саны – он екі. Олардың тоғызы – бауырым Хусейннің (ғ.с.) ұрпағынан. Мәһди (ғ.с.) де Хусейннің (ғ.с.) ұрпағынан тараған",- деген. Имам Хусейн бен Әли (ғ.с.) хазірет Мәһди (ғ.с.) заманындағы ерекшеліктер мен өзгерістер, сондай-ақ хазіреттің ғайып кезіндегі халықтың жетістіктері мен жеңістері, сәтсіздіктері мен жеңілістері туралы: «Алла Тағала ғайып болу құқығына ие перзентімнің берекесімен өлген жерді абадтандырады; мүшіріктер наразы болғанымен, дін шындықты жеңімпазға айналдырады. Мәһди (ғ.с.) бір уақытта ғайып болады. Сол кезеңде кейбіреулер діннен шығады. Басқа топтар дінге табандылық танытып, дұшпандардан азап-қорлық көрді. Дұшпандар оларды айыптап: «Егер сендердің сенімдерің рас болса, имамдарыңның қашан келетінін неге айтпайсыңдар?»- деп сұрайды. Сол кезде имам Хусейн (ғ.с.): «Имам ғайып кезде азап-қорлық көріп, соған төзіп, сенімдеріне табанды қалатын әрбір адам Алла елшісінің алдында қылышпен соғысып, Алла жолында жиһадқа шыққан адам секілді»,- деді.
Тарих бойында адамдар діннен жиі шықты. Бұл мәселе имам Мәһдидің (ғ.с.) ғайып кезінде де қайталанып отыр. Құран «Мәиде» сүресінің 54-ші аятында бұл туралы: «Әй, мүміндер! Сендерден кім дінінен шықса, Алла Тағала жедел бір қауым әкеледі; Алла оларды жақсы көреді және олар да Алланы жақсы көреді. Мүміндерге қарсы жұмсақ, кәпірлерге қарсы қатал, Алла жолында соғысады. Сөгіс берушілердің сөгісінен олар қорықпайды. Осы Алланың қалағанына беретін ілтипаты. Өйткені, Алла өте кең, аса білуші»,- деп айтылды. Беделді тәпсіршілердің кейбіреуі бұл аятты хазірет Мәһдидің (ғ.с.) ғайып кезеңінде құлдыраулар мен шарықтауларға, мәдени, қоғамдық, саяси және экономикалық дағдарыстарға қарамастан, өз сенімдеріне табанды қалатын, хазірет келген кезде Исламның ұлық пайғамбары кезіндегідей имам Мәһди (ғ.с.) және хабардар мүміндердің қолдауымен жеңіске жеткенше күпірлік, зұлымдық және әділетсіздікке қарсы жиһадқа қатысатын серіктерімен байланыстырады.
Кейбір адамдар үшін «Неліктен хазірет Мәһдиді (ғ.с.) «көтерілісші» деп атайды? Әлде басқа имамдар Исламның құндылықтарын қорғап, шындықты орнатып, жалғандықты жою үшін көтеріліске шықпап па еді?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Бұл сұрақтың жауабы мынадай: «Шәксіз, Исламның барлық жетекшілері жалғандықты сәтсіздікке ұшыратып, шындықты жеңіске жеткізу үшін көтеріліске шықты. Бірақ, олар залым және менмен халифалардың билігі, адал серіктерінің аздығы мен қайшылықтар салдарынан өздерінің бүкіл қасиетті мақсаттарына жете алмай, соңында барлығы шәһид болды. Алайда, Алланың көмегімен хазірет Мәһди (ғ.с.) пайғамбарлардың, адал және әділ әулиелердің, шәһидтер мен пәк имамдардың және барлық ауыртпалықтан құтқарылғысы келетін адамдардың армандарын іске асырады. Хазірет Мәһдидің (ғ.с.) көтерілісі – әлемдік. Сондықтан саяси немесе географиялық шектеуі жоқ. Хазіреттің көтерілісі әлемнің түпкір-түпкірінен айқын байқалатын болады; ешбір құдырет пен билік илаһи және адамгершілік армандарға жетуге кедергі жасай алмайды. Шындықтың жалғандықты жеңгені туралы хабары жер-жерге таралады: «"Ақиқат келді. Негізсіз нәрселер жойылды. Сөзсіз, жалғандық жойылады"де». («Исра» сүресі, 81-ші аят).