Қаң 14, 2019 18:47 Asia/Almaty
  • Илаһи жетекшілер (61)

Топтамамыздың кезекті бөлімінде имам Һадидің (ғ.с) өмірлік жолы мен жасаған әрекеттерін талдаймыз.

Алланың жар болуымен исламның шынайы жетекшілерін таныстыруға арналған топтамамыздың жалғасында бүгін сіздерді имамат пен велаяттың оныншы жарық жұлдызы хазірет имам Һадидің (ғ.с) өмір жолымен таныстырамыз. Хазірет х.қ.ж.с.б. 212 жылы зул-хиджа айынының ортасында әкесі имам Джавадтың (ғ.с) отбасында дүниеге келген. Имам Һади анасын сипаттағанда: "Менің анам дана адам болған; ол – жұмақтық. Анам ерекше қасиеттерге ие еді. Алла Тағала шайтан оған ықпал етпек түгілі, жақындай алмайтындай етіп болмысын өте пәк етіп жаратқан. Ол Құдайдың алдында жоғары орынға ие. Ол ешқашан қателік жасаған емес, себебі шыншыл, ізгі және тақуа адамдардың анасы осындай болады",- деген.

Ата-ананың табысты, беделді отбасының негізін қалауда басты рөл атқаратыны және осындай отбасында тәрбие көріп, өсетін перзенттің ерекше қасиеттерге ие болатыны белгілі. Құран Кәрім әрбір адамның арманы тақуалық пен кемелдікке жету саналатын осындай отбасының орнын сипаттап, былай деген: "Олар: “Раббымыз! Бізге жұбайларымыздан, ұрпақтарымыздан көзайымдық бер. Сондай-ақ, бізді тақуалардың алды қыл!”,- дейді (Фұрқан сүресі, 74-аят)".

Имам Һадидің (ғ.с) бойындағы ізгіліктер мен қасиеттер шиіт үлемдері мен ұлы тұлғалардың аузынан түспеуімен қатар, сүннит үлемдері де ол кісіні мадақтаған. Маликилік ағымды ұстанушы факиһ Нураддин ибн Субағ имам Һадидің (ғ.с) ұлылығы жайлы: "Абул Хасан Әли Һадидің игілігі мен кемелдігінің қамалы галактикаға дейін жетіп, ізгі қасиеттерінің нұры аспандағы жұлдыздарға дейін жарқыраған. Одан асқан ізгі адам жоқ. Хазіреттің болмысына оның қасиеттерін ерекшелендіріп тұратын керемет ұлылық дарыған. Оның болмысы кез келген кемшіліктен таза; бойында игі ахлақ қалыптасып, сабыр, даналық, тақуалық, пайғамбардың салтына сай білім мен әләвилік мінез-құлық дарыған. Ол хазірет жоғары ерік-жігерге ие. Ешкім оның деңгейі мен жағдайына жете алмайды",- деп айтқан.

Имам Һадиге (ғ.с) өзінің ұлы әкесі секілді сегіз жасында имаматқа басшылық ету деген жоғары әрі теңдессіз міндет жүктелді. Алайда өткен бағдарламамызда айтып өткендей, шектеулі көзқарастары мен білімдеріне байланысты осы мәселеге үстірт қарайтын адамдар үшін жас баланың қоғамға жетекшілікке тағайындалуын қабылдау өте қиын болды. Мұндай адамдарға басты көрсеткіш ақыл мен даналық емес, адамның жасы маңызды. Шын мәнінде, адамның шынайы тұлғасын ақыл мен ой көрсеткіштері анықтайды. Ақыл адамның Құдайға құлшылық етіп, оны мадақтауына себеп болып, оны мәңгілік жәннатқа жетелейді. Тек жас көрсеткішін ғана критерий деп есептейтін үстірт көзқарастарды теріске шығарып, хазірет Иса (ғ.с) бесікте жатқанда: "Мен Құдайдың пендесімін және ол мені пайғамбар ретінде таңдады",- деп айтқан болатын. Сондай-ақ, хазірет Яһия да Құдайдың әмірімен бала кезінде пайғамбарлыққа жеткен. Осы сөздерді қайталап айтудағы мақсатымыз сіздердің ой-саналарыңызды имам Һадиден (ғ.с.) мұраға қалған ең толық және жан-жақты зияратнамалардың бірін баяндауға әзірлеу болып табылады.

Деректерге сәйкес, Мұса ибн Имран Нахаи деген шиіт мазхабын ұстанған дінтанушы ол хазіреттен имамдардың басына зиярат жасау үшін оған барлық тұрғыны қамтыған зияратнама үйретуді сұрайды. Имам Һади (ғ.с) оның өтінішін қабылдап, оған "Джамиа Кабира" (جامعه کبیرۀ) зияратнамасын үйретеді. Себебі, Аббаси әулетінің барлық талпынысы мен қастандықтары халықтың жүрегіне жол тапқан пайғамбар әулетінің (ғ.с) ұлылығы мен танымалдығын жойып, халықтың оларға бет бұруына кедергі жасауды ғана көздеп келген. Имам Һади (ғ.с) солардың сұрқия мақсаттарын заласыздандыру үшін "Джамиа Кабира" зияратнамасында Аһле бейттің жоғары орнын сипаттағаны соншалықты, тіпті Аһле бейттің дұшпандары мен Пайғамбар әулетіне (ғ.с) сенбейтін адамдар үшін де оны елестету қиын болған. Сонымен қатар, " Джамиа Кабира" зияратнамасы имам Һадидің (ғ.с) Аббаси билеушілеріне, әсіресе Аһле бейттің жарқын бейнесіне нұқсан келтірудан кез келген дұшпандық әрекеттен бас тартпайтын Мотаваккелге қарсы ашық әрі кесімді ұстанымын баяндады. Мотаваккел  ашық дұшпандығын көрсету үшін бірнеше рет имам Хосейннің (ғ.с) кесенесі мен күмбезін бұзуға бұйрық беріп, хазіреттің жақтастары мен жолын қуушылары бас қосып, жиналмауы үшін оның қабірін қиратып, сол жерді жыртып, арық тартып, су жіберген.

Құрметті оқырмандар, назарларыңызға зияратнаманың бір парасы ұсынылады:

"Пайғамбар әулетіне – пайғамбарлық түскен, періштелер келіп-кететін, уәһи түскен мекенге, рақым кенішіне, білім қазынасына, шыдамдылықтың шыңына, ұлылық пен жомарттықтың қайнар көзі мен үмбеттердің жетекшілеріне сәлем!".

Осындай көрнекті әрі ерекше қасиеттер пайғамбар әулетінің кемелдіктің шарықтау шегіне жетіп, ешкіммен салыстыруға келмейтінін, олардың барлық тұрғыдан мінсіз екенін көрсетеді. Имам Һади "Джамиа Кабира" зияратнамасының басқа бір парасында пайғамбар әулетінің жетекшілік және кемелдендіруші рөліне тоқталып: "Жетекшілік басшылары, жарық шырақтар, тақуалықтың туы, ақыл мен даналық иелері, адамдарға пана берушілер, пайғамбарлардың мұрагерлері, Құдайдың осы дүние мен ақыреттегі барлық адамзат баласы үшін жіберген даусыз дәлелдердің ең үздік үлгілері, сіздерге Құдайдың рақымы мен игілігі болсын!",- деп айтқан.

Адамзат баласының өткен ғасырлар мен қазіргі замандағы жоққа шығара алмайтын тәжірибелері тек ислам әлемінің ғана емес, сондай-ақ, басқа діндер мен ағымдардың, мазхабтар мен мектептердің бірде-бір діни жетекшісінің бірде-бір сала мен аспект тұрғысынан илаһи таңдаулы тұлғалармен, яғни ислам жетекшілерімен салыстыруға келмейтінін көрсетеді. Адамзат баласының бүкіл тарих бойындағы сенімдік, ахлақтық, әлеуметтік, мәдени, саяси және экономикалық дағдарыстары мен қиындықтарының сыры келесі мәселеге қатысты болған және болып қалады: адамзат баласы үздік үлгі-өнеге, асқан ақыл мен даналықтың толық көрінісі саналған илаһи пайғамбарлардың мұрагерлеріне бағынбаған, олардың жолын қумаған әлі де бағынбайды. Оныншы имам (ғ.с) осы шындыққа тоқталып, былай деді: "Сөз бен іс жүзінде Алланың бұйырып, тыйым салған заңдарын орындауда олардан ешкім басым түсе алмайтын Құдайға жақындауға шақырушылар, Құдайдың разылығына бөленуге жетелейтіндер, Құдайдың әмірін жүзеге асырушылар, Құдайдың достық қатынасының толық көріністері, Құдай жолындағы адалдық пен пәктіктің айқын үлгілері, Құдайдың әмір еткен бұйрықтарын ашып көрсетушілер және Оның ардақты әрі ұлы пенделеріне Алланың сәлемі болсын!".

Имам Һади (ғ.с) "Әй, мүміндер! Аллаға бой ұсынып, Пайғамбарға әрі өздеріңнен болған әмір иелеріне бой ұсыныңдар",- деп айтылған Құран Кәрімдегі «Ниса» сүресінің 59-аятын келтіріп, "Джамиа Кабира" зияратнамасының жалғасында былай деді: "Сендерге бойсұнған кез келген адам Құдайға бағынғанмен тең, ал сендердің бұйрықтарына бойсұнбаған әрбір адам Құдайға бағынбағанмен тең. Сендерді жақсы көрген әрбір адам Құдайды сүйетін, ал сендерге дұшпандық танытқан кез келген адам Құдайдың дұшпаны саналады".

Пайғамбар әулетіне деген сүйіспеншіліктің қайнар көзі Құран Кәрімде ислам пайғамбарына түсірілген: "(Мұхаммед Ғ.С.): “Сендерден бұған жақындық махаббаттан басқа ешбір ақы тілемеймін” де" деген «Шура» сүресінің 23-аятындағы уәһи сөзден бастау алатынын айтқан жөн. Осы аятқа сәйкес Құдайдың пайғамбар әулеті арасындағы достық пен сүйіспеншіліктің арасында тікелей байланыс бар. Кімде-кім қарсы әрекет етіп, дұшпандық танытып, Құдайдың бұл әмірін елемейтін болса, мұндай адамның Құдайға деген иманына күмән келтірген жөн. Шынтуайтында, пайғамбардың пәк әулетін (ғ.с) жақсы көру пайғамбардың қалауынан бұрын илаһи еріктен бастау алады. Құдай осындай бұйрығымен пайғамбар әулетіне (ғ.с) деген ерекше ықыласын көрсетті. Пайғамбар әулетіне деген сүйіспеншілікке қатысты Құдай ислам пайғамбарынан басқа ешбір пайғамбарына мұндай бұйрық шығарған емес.

Қымбатты оқырман қауым, осымен бүгінгі бағдарламамыз өз мәресіне жетті. Келесі кездескенше, аман-сау болыңыздар!

 

 

 

Тегтер