Мешіт – махаббат пен иманның тоғысқан мекені 51
Мешіт пен оның ішіндегі ғибадат туралы рауаяттардан оның адамды ақыретке дайындап, дүние мен әшекейдег алыстататын мекен екенін, мөлшерден тыс сыртқы әсемдікке көңіл болудың мешіттің маңызды ерекшелігіне қайшы келетінін түсінеміз.
Алла Тағала «Тәубе» сүресінің 18-ші аятында мешіт салатындардың ерекшелігі туралы: «Алланың мешіттерін шынайы түрде Аллаға, ақырет күніне сенген, намазды толық орындаған, зекет берген және Алладан ғана қорыққан кісі жасайды. Міне, солардың тура жол табушылардан болуы үміт етіледі»,- деді. Сондай-ақ, осы сүренің 17-ші аятында мүшіріктердің мешіттерді көркейтуге қатысуына тыйым салып, оларды бұл іске лайықсыз деп атап: «Мүшріктердің, өздерінің қарсылықтарына куә бола тұра (кәпір халінде тұрып) Алланың мешіттерін жасауына болмайды. Олардың амалдары жойылған. Олар тозақта мүлдем қалады»,- деді. Сондықтан мешіт өзінің маңызды рөлін атқаруы үшін оны салатын адам адал болуы керек.
Мешіт пен оның ішіндегі ғибадат туралы рауаяттардан оның адамды ақыретке дайындап, дүние мен әшекейден алыстататын мекен екенін, мөлшерден тыс сыртқы әсемдікке көңіл болудың мешіттің маңызды ерекшелігіне қайшы келетінін түсінеміз.
Хазірет Әли (ғ.с.): «Бір кезде халықтың арасында Құранның белгілері мен Исламның тек атынан басқа еш нәрсе қалмайтын жағдай туады. Сол кезде мешіттер ғимарат ретінде көркем болғанымен, дұрыс жолға нұсқау тұрғысынан нұқсанға ие болады»,- деген болатын. Имам Садық (ғ.с.) да бұл туралы: «Қиямет күні Аллаға шағым түсіретін нәрселердің бірі қасындағы адамдар оның ішінде намаз оқымайтын қираған мешіт болады»,- деп айтқан. Сондықтан мешітте намаздың оқылмауы оның қирауымен тең. Керісінше, мешіттің көріктілігі оның ішіне халық жиналып, жұмыстарына белсенді қатысуы дегенді білдіреді. Егер дұрыс жолға нұсқау тұрғысынан мешіт пайдасыз болса, оның сәулет тұрғысынан әсемдігінің пайдасы жоқ.
Ибрахим әл-Джаннатидің «Әл-Масаджед» кітабында: «Мешіттер – сарай емес; ғибадат жасалып, исламдық әдеп-ғұрыптар туралы айтылып, мүнәжәт пен дұға оқылатын мекендер. Мешіттердің ұлылығы қабырғаларының биіктігі мен тіректері және мұнараларында емес, Алланы ұмытпай, жақсылыққа жігерлендіріп, жамандықтан жирендіріп, халықты тура жолға нұсқауында. Сондықтан, мешіттердің сыртқы салтанаты мен сәулеті әдемі болған сайын адамдардың алдында оның рухани құндылығы артпайды. Исламның басында Алла елшісінің мешіті өзінің қарапайым сәулетіне қарамастан, ұлы әрі айбынды болды»,- деп жазылған. Мешіттің қасиеттілігі мен маңызы мұсылмандардың оның сыртқы көрінісін де маңызды деп санауы мен мешіттің құрылысына ерекше көңіл бөлуге себеп болды.
Малайзияның мешіттері:
Куала-Лумпур Орталық мешіті – Малайзияның ең көне мешіттерінің бірі. Оның іргетасы 1907-ші жылы қаланып, 1909-ші жылдың қыркүйек айының 23 күні Селангор сұлтаны ресми түрде ашты. Сұлтанның бұйрығымен сол жылы мешітте бірінші жұма намазы оқылды. Оның сәулетшісі Артур Беннисон Хаббэк өз заманының танымал сәулетшілерінің бірі болды. Ол мешітті үнді сәулет өнерінен үлгі алып, салды. Мешіттің бұрыштары мен кіреберісінен көптеген кішкентай шатырлар көрінеді. Оған ұқсас шатырларды Моңғолияның исламдық сәулетінен байқауға болады.
Орталық мешіттің қызыл және ақ түсті негізгі екі мұнарасы бар. Олар 26,8 метр биіктікте шатыр түрінде салынған. Мұнаралардың әдемілігі бұл мешітті басқа мешіттерден ерекшелендіреді. Намазхана залының айналасында үш күмбез бар. Орталық күмбездің биіктігі 21,3 метр. Бұл мешіттің ең үлкен күмбезі саналады. Күмбез 1990 жылы қирап, қайта салынды.
Жергілікті халық бұл мешітті жұма мешіті ретінде таниды. Мешітке жұма күндері мұсылмандар жиналып, тіпті айналасындағы көшелерде тұрып, жұма намазына қатысады.
Путраджая Орталық мешіті – Малайзияның келесі әдемі мешіті. Бұл мешіттің іргетасы 1997-ші жылы қаланып, мешіттің құрылысы екі жылға созылды.
Бұл мешіт 15000 намазханды қабылдау мүмкіндігімен Малайзияның ең заманауи мешіттерінің бірі саналады. Бұл мешіт түристер үшін «Ашық қызыл мешіт» деп танымал. Мешіт ирандық сәулеттен үлгі алып, Путраджая қаласының жасанды көлінің ішінде, Исфаһандағы Хавадже көпіріне ұқсас көпірдің қасында салынған, оның тек бір жағынан ғана құрлыққа жолы бар. Мешіттің шамамен төрттен үш бөлімі көлден көрінеді. Алыстан қарағанда мешіт судың ортасында салынған секілді көрінеді.
Бұл мешіттің сәулеті – исламдық сәулет. Путра мешіті Ирандағы Сафави билігі кезіндегі мешіттерден үлгі алып салынды. Егер нақтырақ қарасақ, бұл мешіттің сәулетінен әлемнің жер-жеріндегі мешіттердің белгілерін көруге болады. Мешіттің жалпы түрі мен сәулеті ирандық мешіттерге ұқсас болғанымен, мұнарасы Бағдадтағы Шейх Омар мешітінің мұнарасына ұқсас. Төменгі қабырғалары Мароккадағы Мүлк Хасан мешітінің қабырғалары сияқты. Сондай-ақ, мешіттің есіктері мен терезелеріндегі түрлі түсті әйнектер – германиялық. Путраджая мешітінде исламдық каллиграфия өнері қолданылған.
Мешіттің негізгі шабистаны – 12 тірегі бар, исламдық тәсілмен безендірілген қарапайым кеңістік. Путраджая мешітінің әдемі күмбезі жер бетінен 76 метрге көтеріліп, қызыл және ақшыл қызыл кафельмен безендірілген. Мешіттің кішкентай күмбездері де бар.
Путраджая мешіті бір негізгі шабистан, діни шәкірттер мен дін ғылымдарын оқитын студенттерге сабақ беретін бөлмелер мен негізгі алаңнан тұрады. Михрабтың үстіндегі екі микрофон дауысты бүкіл шабистанға бірдей таратады.
Аталмыш мешіттің ерекше назар аудартатыны – 116 метр биіктіктегі мұнарасы. Бұл бірнеше қырлы мұнара жұлдыз пішіндес жобаланып, салынған.
Пуртаджая мешітінің мұнарасы – бес бұрышты. Оның әр бұрышы бір тақырыптың белгісі. Мәселен, ташаһһуд тақырыбын, яғни Алланың Жалғыз болуы мен хазірет Мұхаммад (с.ғ.с.)-ның Оның пайғамбары екенін жариялауы. Келесі бұрышы – намаз тақырыбы күнделікті бес рет намаз оқуды еске салады. Зекет – жиналған қордың 2,5 пайызын кедейлерге көмек ретінде төлеуді, қажылық – өмірінде бір рет Алланың үйін зиярат етудің, сондай-ақ ораза – қасиетті Рамазан айында нәпсіні бақылауға алуды білдіреді. Бұл мешіттің есігі жұма намазы оқылатын жұмадан басқа күндері туристер үшін ашық. Мұсылман емес туристер мен хиджабсыздар үшін бастан аяққа дейін жабатын киім беріледі. Сол киімді тіпті, ер адамдар да кигенімен, көбі бас киімін кимейді. Негізінде ер адамдар жеңі ұзын көйлек және әдеттегі шалбармен, ал әйелдер үстерін толық жабатын өз киімдерімен мешітке кіре алады.
Хрусталь мешіт – Малайзияның әдемі мешіттерінің бірі.
Хрусталь мешітінің құрылысы 2006-шы жылы басталып, 2008-ші жылдың ақпан айының 8 күні ресми ашылды. Таза хрустальдан салынған бұл мешіт Джакартаның Тәуелсіз орталық мешітінен кейін Оңтүстік-шығыс Азияның екінші үлкен мешіті, әрі Малайзияның ең әдемі мешіттерінің бірі саналады. Хрусталь мешітіне 25000 намазхан сыяды. Хрусталь мешіті – Малайзияның солтүстік-шығысында Куала-Тренгану штатындағы Вон Мэн Исламдық мирас паркінде орналасқан туристерді тартатын мекен.
Бұл мешіттің кемшіліктерінің бірі – сыртынан қарағанда ішінің көрінетіні. Мешіт – негізінде адамның Алламен оңаша сырласатын мекені.
Бұл мешітті салғандар оның рухани тұрғысынан гөрі туристік тұрғысына көбірек мән беріп, экономикалық тиімділігі мен сыртқы көрінісіне көп назар аударған.