Қаң 23, 2019 18:59 Asia/Almaty
  • Илаһи жетекшілер (63)

Топтамамыздың кезекті бөлімінде имам Һадидің (ғ.с) өміріндегі соңғы шарықтауды талдайтын боламыз.

Қымбатты оқырмандар! Исламның шынайы жетекшілерінің өмірлік жолы мен салтын таныстырудағы мақсатымыз бір жағынан сіздерді олардың өмірлеріндегі шарықтаулар мен құлдыраулармен, стратегиялары және саясаттарымен таныстыру болса, басқа жағынан илаһи тура жолда қадам басуды жалғастырып, теріс жолға түспес үшін оларды үлгі-өнеге тұтуға шақыру. Мысал ретінде пәк имамдардың арасынан оныншы имамның өз заманындағы қастық пен өшпенділік танытқан диктаторларға қарсы кесімді әрі ашық ұстанымын ерекше атауға болады. Мотаваккел билік басына келіп, көңіл көтеріп, имам Һадиге (ғ.с) мас күйде шарап ішуді ұсынған кезде, хазірет кесімді түрде бұл ұсыныстан бас тартып, Мотаваккел имамнан өлең айтуды сұрағанда, хазірет оның жалған әрі өтпелі билігінің құрдымға ұшырайтыны жайлы өлең жолдарын оқып берді.

Мұндай ұстаным бір жағынан билік иелерінен қорықпауға үйретсе, басқа жағынан шайтандық билік иелерінің қуаты ұзаққа созылмай, Құдайдың еркімен жойылып, олардан тек абыройсыз ат қалатынын еске салады. Құран Кәрімнің түрлі аяттарында тарихта болған қатыгез диктаторлардың сабақ аларлық тағдырлары жайлы сөз қозғалып: "Ол зұлымдық қылғандар жақында қалай айналдырылатындарын біледі" (Шұғара сүресі, 227-аят), десе, келесі бір аятта: "Жер жүзін кезіңдер де сонан соң өтірікке ұйғарушылардың соңы не болатынын көріңдер" де" (Әнғам сүресі, 11-аят) дейді.

Дәл осы көзқарас негізінде шынайы жетекшілер мен илаһи таңдаулы тұлғалардың қатыгез үкіметтерге мүлдем жылы шырай танытпай, олардың жасаған қоқан-лоққыларынан мүлдем қорықпай, ең ауыр жағдайда өздерінің илаһи міндеттері мен парыздарын орындап, барлық қауіп-қатерді мүмкіндікке айналдырып отырған. Имам Һади (ғ.с) осы саяси бағдар негізінде шектеулер, қысымдар мен қысылтаяң кезеңдерге қарамастан, Әмәви және Аббаси әулеттерінің "исламына" қарсы таза мұхаммадтық (с.ғ.с) исламдық тағылымдарды кеңінен таратып, қасына зерек адамдарды жинаған. Кейбір тарихи деректерге сәйкес, хазірет 185 адамға дін тағылымдарын үйреткен. Бағдарламаның жалғасында осындай адамдардың ішінен бірнеше көрнекті тұлғамен таныстырамыз.

Хазірет Абдулазим Хасани – тақуалық пен сопылық тұрғысынан өте жоғары мәртебеге ие болған данышпандардың бірі. Ол алтыншы, жетінші және сегізінші имамдардың серіктері мен танымал тұлғаларды түсініп, өзін имам Джавад (ғ.с) пен имам Һадидің (ғ.с) шәкірті санаған. Абу Хамад Рази ол жайлы былай деді: "Имам Һадиден (ғ.с) өзім білмеген мәселелер жайлы сұрадым. Ол хазірет жауап бергеннен кейін кетуге рұқсат сұрағанымда: "Қиындық туындаған сәтте Абдулазим Хасаниге жүгініп, бәрін содан сұра және оған менің сәлемімді жеткіз",-дейді.

Ақын Саһеб ибн Аббад бұл тұлға жайлы былай деп жазған: "Абдулазим Хасани діни мәселелерден хабардар, діни тақырыптарымен толық таныс болған. Құран ахкамдарын жетік білген".

Хазірет Абдулазим Хасанидің иман мен мағрифат тұрғысынан жоғары дәрежеге қол жеткізгені соншалықты имам Һади (ғ.с) оған: "Сен менің көреген әрі шынайы досымсың",- деп айтқан.

Хазірет Абдулазимнің Рей қаласындағы кесенесі

Бірде Абдулазим Хасани өзінің принциптік және сенімдік ұстанымдарының дұрыстығына көз жеткізу үшін имам Һадиге (ғ.с) барып, өзі сенген мәселелерді айтып, имамдардың әрқайсын атап, олардың барлығына иман келтіргеннен кейін былай дейді: "Олардың досы – Құдайдың досы, олардың дұшпаны – Құдайдың дұшпаны, оларға бойсұну – Құдайға бағыну, оларға бойсұнбаудың Құдайға бағынбаумен тең екенін мойындаймын. Пайғамбардың (с.ғ.с) Миғражға көтерілуін, қабірдегі адамды сұрақтың астына алуды, жәннат пен тозақ және тура жолды ақиқат деп білемін. Олардың ақиқат екендігіне еш күмәнім жоқ. Құдай адамдардан жасаған істері үшін есеп алу мақсатында барлық өлгендерді қайта тірілтеді".

Сонда имам Һади (ғ.с): "Уа, Абулқасем, Құдайдың атымен ант етемін, бұл – Алла Тағаланың өз пенделері үшін таңдаған діні. Құдай сені осы дүние мен ақыретте де рақымына бөлеуі үшін осы бағытта берік қадам баса бер",- дейді.

Хосейн ибн Саид Аһвази имам Һадидің (ғ.с) ғылыми мектебінен тәрбиеленіп шыққан түлектердің бірі саналады. Ол имам Реза (ғ.с) мен имам Джавадтың (ғ.с) серіктерінің бірі болған. Осы үш имамнан қалған таза исламдық тағылымдарға толы хадистерді дәйексөз ретінде айтып отырған. Ол фикһ, пен ахлаққа қатысты отызға жуық бағалы еңбек жазып қалдырған. Атақты данышпандар мен үлемдер оның еңбектерін жоғары бағалап, көрнекті, құрметті және сенімді тұлға екенін растаған.

Ислам әлемінің атақты ғұламасы, марқұм шейх Туси былай деп жазған: "Хосейн ибн Саид жоғары ғылыми дәрежесімен қоса, халыққа насихат айтып, жетекшілік ету және бағыт көрсету бойынша көп еңбек сіңірген. Тіпті, көрнекті тұлғалар исламдық жоғары дәрежеге қол жеткізуден бұрын ол кісіден діни және мәдени тағылымдарды үйренген".

Имам Һадидың (ғ.с) ғылыми мектебінен тәлім алған түлектердің қатарына Фазл ибн Шазан Нишабури жатады. Ол сенімді әрі ұлы тұлға, жоғары дәрежелі дінтанушы, шешен адам болған. Бұл ұлы тұлға артынан көп еңбек қалдырған. Жазба деректерге сәйкес, 180 кітап жазған. Әсіресе, "Әл-Идаһ" еңбегі калам ғылымы, талдау және хадисшілердің сенімдері секілді мәселелерді қамтиды.

Фазл ибн Шазан Нишабуридің Нишабурдегі кесенесі

Фазл ибн Шазан Нишабуридің еңбектері ұлы үлемдердің назарын аударып, дереккөз ретінде қабылданған.

Оның айтқан сөздері мен көзқарастары шейх Колайни, шейх Садуқ, шейх Туси секілді көрнекті тұлғалардың назарынан тыс қалмаған. "Джами әл-Руат" кітабының авторы Мұхаммад инб Әли Ардабили Фазл ибн Шазан жайлы былай деп жазған: "Ол – шиіттердің басшысы әрі ұлы тұлғасы; ол жайлы мақтаулардан әлдеқайда ардақты". Оның кітабын имам Һадидің (ғ.с) өзі растаған. Имам Аскариге (ғ.с) "Әл-яум уәл-ләйла" кітабын көрсеткенде бұл еңбекті үш рет қоштап, оны ғылыми және ахлақ бойынша нағыз үлгіні көрсеткен лайықты кітап деп атаған.

Өткен бағдарламада исламның шынайы жетекшілерінің қолданған маңызды әдістерінің бірі дана бағыт көрсетуші кеңестер беру болғанын айттық. Осы арқылы жетекшілер барлық салалар бойынша өз пікірлері мен көзқарастарын баяндап, қоғамның саналық, сенімдік және ғылыми бағдарларын сипаттап отырған. Имам Һади (ғ.с) дәл осы әдісті пайдаланып, құнды сөздер айтқан. Мысалы, имам Һади (ғ.с) Құдайға сену туралы сындарлы кеңесінде: "Құдайдан қорыққан адамнан басқалар да қорқатын болады, Құдайға бағынған адамға басқалар да бағынады. Жаратушыға бойсұнып, бағынатын кез келген адам басқа адамның ашуынан корықпайды, Құдайдың ашуын келтірген адам шәксіз, халықты да ашландырады",- деп айтқан.

Сондықтан Құдайға сену және Құдайға бағыну принципіне берік болу адамның өзіне байланысты. Оныншы имам осы мәселеге қатысты: "Илаһи шектеулер мен заңдарды сақтау, Құдайға бағынбаудан қорқу немесе күллі әлемнің Жаратушысына бойсұну рухына ие болу басқалардың да бізге құрмет көрсетуі мен біздің көзқарасымыз бен қалауларымызды құптап, жолымызды қууға себеп болады. Біз Алланың разылығына ие болу жолында қадам басқандықтан, басқалардың бойында ашу мен жиіркенішін тудырмаумен қоса, адамдардың ыстық ықыласына бөленеміз",- деп айтқан.

Имам Һади (ғ.с) Мотаваккелмен әңгіме барысында оған жауап ретінде: "Араздасып қалған адамнан адалдық пен бауырмалдық күтпе. Өзің қиянат жасап, сертіңді бұзған адамнан адалдық талап етпе. Жаман ойлап, күдіктенетін адамнан жақсылық іздеме. Себебі, басқаның саған деген көңілі тура сенің оған деген көңілі секілді болады". Имам Һадидің (ғ.с) осы кеңесі жалпы барлық нәрсені қамтитын насихат болғанына қарамастан, бұл Мотаваккел Аббасидің диктатурасына қарсы ашық түрде айтылған кесімді жауап болды. Имам бұл сөзімен "Өзің маған қатысты кекшіл болып, келісімді бұзып, күдіктенгендіктен, берген келісімді бұзып, арам ойыңа байланысты үнемі маған қарсы қастандық құрып жүргенің үшін саған сүйіспеншілік танытуымды күтесің бе?" деп айтқысы келді. Хазірет өмірдің аяқталып, ақырында барлық адамдардың өмірі өліммен алмасатынын көрсеткісі келіп, былай деді: "Отбасың, достарың мен жақындарыңның алдында өлім құшуға аз қалған сәтте ешкімнің сені емдеуге шамасы келмейтінін, ешкімнің сені өлімнен құтқара алмайтынын есте сақта".

Сондықтан адам үшін шынымен пайдалы болатын жалғыз нәрсе – оның амалы. Өлгеннен кейін билік те, байлық та ықпал ете алмайды. Өлімнен кейінгі әлемде тек жасалған амал ғана адаммен қалады. Имам Һади (ғ.с) әлемдегі өмір жайлы айтуға тұрарлық көркем сөз айтқан: "Дүние кейбіреулердің онда пайдаға кенеліп, ал басқа біреулердің зиян шегіп жатқан сауда-саттық жасайтын базар іспеттес". Құранда иманы берік және лайықты амалдар жасаған адамдар ғана жеңімпаз ретінде аталған. Нақтырақ айтқанда, Аср сүресінде: "Заманға серт. Негізінен адам баласы зиянда. Бірақ сондай иман келтіріп, ізгі іс істегендер, бір-біріне шындықты үгіттесіп, сабырды үгіттескендер; олар зиянға ұшырамайды",- делінген.

Қымбатты оқырмандар, имам Һадидің (ғ.с) өмірлік жолынан шабыттанып, өмірде сәтті әрі пайдалы салтты ұстанатынымызға үміттенеміз. Келесі кездескенше, сау болыңыздар!

 

Тегтер