Қаң 31, 2019 22:43 Asia/Almaty
  • Иран базары (57)

Иранның жиһаз жасау өнеркәсібі Жиһаз жасау өнеркәсібі – елдердің экономикалық дамуына себеп бола алатын қайтарымы жоғары тізбекті өнеркәсіп салаларының бірі.

Жиһаз жасау өнеркәсібі – елдердің экономикалық дамуына себеп бола алатын қайтарымы жоғары тізбекті өнеркәсіп салаларының бірі. Өткен онжылдықтарда жиһаз жасау өнеркәсібі әлемнің түкпір-түкпірінде табысы мол шағын өнеркәсіп салаларының бірі саналды. Халықаралық экономикалық институттар даму үстіндегі елдерге осы салаға инвестиция салуға кеңес беріп отыр. Жиһаз жасау өнеркәсібі – жұмыспен қамту және қосымша құн салығын тудыру қуаты мен қайтарым жылдамдығы жоғары әлемдегі шағын және орта  өнеркәсіп салаларының бірі. Шағын және орташа шеберханалар бұл өнеркәсіпте айтулы рөл ойнайды. Англияда жиһаз жасау өнеркәсібінде жұмыс істейтін компаниялардың 90 пайыздан астамы 10-50 адамды жұмылдырған шағын шеберханалардан тұрады. Италияда да жиһаз жасау шеберханалары шағын ғана. Еуропада жиһаз экспортының 20 пайызын иеленіп отырған Дания өндіріс тұрғысынан Англияға ұқсас жағдайға ие.

Жиһаз жасау өнеркәсібі

Дамыған елдерде жиһаз пайдаланудың жан басына шаққандағы көлемі – 223 доллар. Ал әлемдегі орташа есеп 64 долларды құрайды. Жиһаз жасау өнеркәсібіндегі жаһандық өндіріс құны 2015 жылы 400 млрд доллардан асты. Жиһаздың әралуандығы мен ағаштан жасалған бұйымдардың көптігі оның көп мөлшерде саудалануына себеп болды.  Көп көлемде сатылу әлемде жиһаз бен ағаш бұйымдары нарығының ауқымды екенін көрсетеді. 2015 жылы жиһаз жасау өнеркәсібінің жаһандық сауда құны 150 млрд долларға жуық болды деседі. Әлемдік нарықтағы Азияның үлесі 30 пайызды құрайды, оның бестен бірін Қытай алып отыр. Мексика, Германия, Италия мен АҚШ осы салада белсенді елдердің қатарына жатады. Егер бір ел өз өнімдерін осы ірі нарыққа шығара алса, өзінің жиһаз жасау өнеркәсібінде үлкен өзгеріс тудырады және мол табыс көзіне кенеледі.

Орындық отыратын жиһаз ретінде мыңдаған жыл бұрын әртүрлі қалыпта болған.  

Жиһаз жасау өнеркәсібі адам өмірін жақсартуға көмектесетін құралдар, соның ішінде отыруға (орындық, канапе, отырғыш), тамақтануға (үстел), жатуға (төсек) арналған заттар жасайды. Жиһаздың негізгі материалдары әртүрлі тарихи дәуірлерде әрқилы болған. Тарихи ескерткіштер мен куәлер көрсеткендей,  мыңдаған жылдар бұрын адамдар әртүрлі материалдар, соның ішінде тас, ағаш, пластика мен металды жиһаз жасауға пайдаланған. Бағзы замандардағы Персеполис пен Мысырдың пирамидаларында қалған тас жазбалар сол қоғамдарда орындық пен жиһаздың жобалану тарихынан сыр шертеді.

Таяу Шығыстағы ең көне орындық неміс археологы Эрик Фридрих Шмидттің (Erich Friedrich Schmidt) 1934-1936 жылдары Теһранның оңтүстік-шығыс жағында орналасқан Рей қаласындағы "Әли бұлағы" төбесінде жүргізген қазба жұмыстары кезінде табылды. Бұл орындық б.з.д. алтыншы мыңжылдықтың екінші жартысына тиесілі. Ол "рос" атты қызыл балшық, қиыршық тас пен сабанның қоспасынан жасалған. Бұл орындық салмақ пен беріктік тұрғысынан  адамның салмағын оңайлықпен көтере алатындай жобаланған. Оның ерітіндісі мен сылағы қызыл түсті. Қазір ол Иран ұлттық мұражайының б.з.д. дәуірлер бөлімінде сақтаулы тұр.

Сонымен қатар, Жаңа Элам тарихи дәуіріне тиесілі ең әдемі өнер туындыларының бірі "Жіп иіруші әйел" деген атпен танымал тақташада  арыстанның аяғы (тырнақтары) пішіндес аяғы бар орындық бедерленген. Битумнан жасалған бұл тақташада орындықта ұршық иіріп отырған әйелдің суреті салынған. Арыстанның тырнақтары пішіндес аяғы бар орындық – Ахеменилер (б.з.д. 550-530 жылдар) заманына тиесілі орындықтар мен тақтардың жобаларының бірі. Бұл Ахеменилердің Элам дәуіріндегі өнер туындыларынан ықпал алғанын көрсетеді. Иранда археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған орындық үлгілерінің бірі – б.з.д. екінші мыңжылдыққа тиесілі Иранның солтүстігіндегі Гилян облысында орналасқан Амалеш ауданынан табылған қола орындық. Шынайы орындық үлгісі негізінде жасалған осы шағын миниатюралық қола орындық бір төртбұрышты тақта, қарапайым төрт аяқ пен биік тік төртбұрышты арқалықтан тұрады. Ол орындықтың қазіргі үлгісіне толық сәйкес келеді.

Жіп иіруші әйел

Ыдыстар мен құралдар бетіндегі және тарихи ғимараттардың қабырғаларындағы көне өрнектер Иранда жиһаздар мен отыру жабдықтарын жобалап жасаудың ежелден басталғанын көрсетеді. Бірақ Иранда қолдан тоқылған әдемі кілемдер бар болғандықтан ирандық жанұялар арасында жиһаз жасау өнеркәсібі өнімдерін пайдалану кең таралмаған, көбіне қоғамның бай табы ғана жиһаз пайдаланған. Өткен бір ғасырда Иранда жиһаз жасау өнеркәсібі айтарлықтай дамып, халықтың өмір салты өзгергеннен кейін бұл саланың өнімдері біртіндеп халықтың өміріне ене бастады. Бүгінде жиһаз ирандық кілеммен қатар үйдің көркіне айналды. Иран нарығындағы жиһаз жасау өнеркәсібінің құны 5 млрд доллардан асады деп бағаланып отыр. Бұл сома Иранда жиһаз тұтынудың жан басына шаққандағы көлемінің әлемдік орташа есептен жоғарырақ екенін көрсетеді. Иранда ағаш өңдеу және жиһаз өнеркәсібімен айналысып жатқан маңызды белсенділер – шағын және орташа шеберханалар. Олар елдің түкпір-түкпірінде орналасқан. Иранда жиһаздар әдетте осындай шеберханаларда жасалады. Бұл салада ірі кәсіпорындардың саны аз. Қазіргі таңда Иранда 50 мыңға тарта шағын және орташа шеберхана жиһаз жасаумен айналысады. 117 мыңнан астам адам осы шеберханаларда жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар, Иранда өнеркәсіптік масштабта 200-ден аса жиһаз жасаушы компания жұмыс істейді. Жиһаз өнеркәсібінің құрылымы кластерлік сипатта. Бір жиһаз жасау үшін әртүрлі бөлімдер тізбекті түрде жұмыс істеуі керек. Сонда ғана дайын өнім нарыққа шығарылады. Ирандағы жұмыс күшінің 8 пайызы осы салаға жұмылдырылған.

Иранның көптеген қалаларында жиһаз жасау шеберханалары бар, бірақ кейбір қалалар, соның ішінде Тегеран, Құм, Малайер, Мешхед, Тебриз бен Маранд жиһаз өндіретін негізгі орталықтардың қатарына жатады. Иранның жиһаздары кеңсе, демалыс және классика қалыбында өндіріледі.  Иранның экспорты көбіне кеңселік және классикалық жиһаздардан тұрады.  Елдің жиһаз өнеркәсібінде жасалған заттары көршілес елдер, соның ішінде Ирак, Ауғанстан, Орта Азия елдері мен Парсы шығанағы маңындағы араб елдеріне және шектеулі көлемде Испания, АҚШ, Аустралия мен Аустрияға экспортталады.

Иранда жиһаз жасайтын орталықтардың арасында Хамадан облысы орталығынан 85 км қашықтықта орналасқан Туйсеркан ауданы – қайтарымы тез шағын шеберханаларға сүйеніп, жиһаз жасайтын сәтті үлгілердің бірі.  Туйсеркан Иранда классикалық жиһаз жасау полюсі ретінде танымал. Туйсерканның осындай полюске айналуы бұл ауданда жаңғақ ағаштарының болуына байланысты. Классикалық жиһаздардың маңызды ерекшелігі олардың жобасындағы тектілік пен нәзіктікте жатыр. Классикалық жиһаздардың жобалары текті өнерлерден бастау алған.  Бұл – өте мықты тауар. Оларды әдетте жаңғақ, бүк (шамшат), фундук және шынар ағаштарынан жасайды. Жиһаздың бұл түрінде кездесетін күрделілік пен нәзіктікке байланысты әралуан жобалар жасауда заманауи құралдардың барына қарамастан, жиһаз жасаушы шебердің қолы айшықты рөл ойнайды.  Туйсерканда 4 мыңнан астам жиһаз жасау шеберханасы бар. Мұнда шебер ұсталар ағаш бетіне ойып өрнек салып (монаббаткари) өте қымбат әдемі жиһаздар жасайды. Туйсеркан ауданында жылына 65 мыңнан астам түрлі жиһаз өндіріледі.

Айта кету керек, Иранның жиһаз өнеркәсібі бәсекеге қабілетті сапасы мен бағасы және жасампаз әрі қажырлы жұмыс күшінің барына байланысты әлемдік нарықта жарқын болашаққа ие. Иранның жиһаз өнеркәсібін дамытуға арналған бесжылдық бағдарламасында экспорт көлемін жылына 200 млн долларға жеткізу көзделген. Бұл мақсатқа жету үшін Жиһаз өнеркәсібі, декорация мен қосалқы салалар қауымдастығы соңғы жылдарда жиһаз өнеркәсібі мен соған қатысты салалардың мақсатты түрде әріптестік жасауы үшін қолайлы компьютерлік бағдарламалар және құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету тұрғысынан жағдай жасады. Мамандандырылған көрмелер өткізу, 11 елде Иранның жиһаз өнеркәсібі өнімдерін ұсынуға арналған 11 тұрақты сауда үйін ашу, жиһаз жасау мамандығы бойынша білім беру, арнайы өнеркәсіп қалашықтарын қолдау, ICT  (ақпараттық-коммуникациялық технологиялар) қолдануға арналған инфрақұрылымды дамыту – осының барлығы осы салада атқарылған шаралардың қатарына жатады.

Тегтер