Нау 16, 2019 13:58 Asia/Almaty
  • Иран базары (58)

Бүгінгі бағдарламада Ирандағы ыдыс өнеркәсібіне тоқталамыз.

Дұрыс тамақтану – адамзат қоғамындағы ең маңызды мәселелердің бірі. Дұрыс тамақтану үшін дұрыс азық-түлікпен қоса, гигиеналық тұрғыдан қолайлы ыдыс-аяқ та қажет. Фарфор ыдыстар өндіріс сапасы мен санитарлық стандарттарға сай болуына байланысты әлемде тұтынушысы көп ыдыстардың қатарына жатады. Фарфор ыдыс шығару тарихы б.з.д. мыңдаған жыл бұрын басталған. Иранда Ахемени әулеті билік құрғанға дейін (б.з.д. 550-530жж) қыш бұйымдарын жасау өнері ыдыс бетіне сурет салу өнерімен бірге  Ираннан Қытайға барған өнер түрлеріне жатады. Аз уақыттың ішінде Қытай халқы осы өнерді меңгеріп, оны ұнатып, кемеліне жеткізіп, осы саладағы ең шебер халыққа айналды. Қытай қышшылары сапалы топырақ тауып, шеберлік танытып, ақ түсті нәзік балшық жасап шығарды. Бұл балшық пісірілгеннен кейін ыстыққа өте төзімді болып шықты. Қытайда сапалы керамикадан жасалған бұл өнім "чини" деген атпен танымал болды. Қытай қышшылары осы елдің императорлары үшін жасаған қыш бұйымдарды  түрлі түсті бояумен шаһтардың қонақасы, құс аулау немесе император әулетінің мүшелері сияқты тақырыпта безендірген.

Иранның фарфор ыдыстары

Қытай мен Иран арасындағы тауар айналымы мен барыс-келістер осы екі елдің қыш бұйымдарын жасау өнерінде бір-біріне ықпал етуіне септігін тигізді. Иранның кейбір тарихи дәуірлерінде, соның ішінде Сефевилер заманында қыш бұйымдарын жасау өнері ерекше дамып, өркендеді. Сефевилер заманындағы қыш бұйымдарын жасау өнері мен "минакари" – қыш, металл және тағы басқа материалдардың бетін шыны әшекеймен жалату өнерімен жасалған ыдыстардың дамуы туралы француз саяхатшысы Шардин (1643-1713) былай деп жазған: "Көп жағдайда Ираның "минакари" ыдыстарын Қытай өнімдерімен шатастырып алуға болады. Екі елдің бұйымдарын бір-бірінен айыру қиын. Тіпті, кей жағдайда ирандық фарфор ыдыстар әдемілік, ысып жылтырату және эмальдау тұрғысынан Қытайдың ыдыстарынан артығырақ".  

Бүгінде фарфор ыдыстарын жасау өнеркәсібі түбегейлі өзгерген. Бұрынғы заманда бұл өнеркәсіптің өнімдері шебер өнерпаздың қолымен шектеулі көлемде арнайы тұтынушы үшін ғана жасалатын. Қазір дамыған техника мен технологияның арқасында әлемде фарфор ыдыстардың түрлері мен қалыптары көбейіп, оны көпшілік үшін өндіретін мүмкіндік туды. Фарфор ыдыстары эмальданған керамикалық бұйымдардан тұрады. Олар пісіру температурасы, ыстыққа төзімділігі, су сіңіру пайызы және мөлдірлігі тұрғысынан әртүрлі деңгейге бөлінеді. Жеңілдігі, соққы мен ыстыққа төзімділігі, мөлдірлігі, жуылғанда ыдыс бетіндегі нақыштардың сақталуы, қысқа толқынды пеш пен ыдыс жуғыш машинада қолданылу қабілеті – осының барлығы бір сапалы фарфор ыдысының артықшылықтары болып табылады. Фарфор ыдыстары әдетте 1400 градус температурада пісіріледі. Жылтыратылып, жақсы жуылу қабілетіне ие болғандықтан санитария тұрғысынан жоғары деңгейге ие. Тағамның құрамы оларға әсер етпейді. Бұл ыдыстарды ыстық және суық тамақтарды жеу үшін қолдануға болады.

Армениялық көтерме саудагер Самуэль Григориянның Ираннан фарфор, хрусталь және шыны ыдыстарды импорттап, оларды Ереван қаласындағы бір көтерме сауда орталығындағы дүкенінде сатып жүргеніне бес жыл болды. Иран өнімдерін сататын саудагердің айтуынша, "Иран – Армения халқы үшін көрші ғана емес, дос ел. Бұл ерекшелік ирандық компаниялармен әріптестікті жеңілдеп отыр. Иранда жасалған ыдыстарды сапасының жақсы, бағасының тиімді болуына байланысты импорттап жүргеніме біраз болды. Ирандық серіктестермен әріптестік жасау өте жеңіл. Біз бір-біріміздің тілімізді жақсы түсінеміз",-дейді.

Армен Харатуниан –   Грузия шекарасына жақын жердегі Арменияның Степанаван қаласындағы дүкен иесі. Ол бірнеше айда бір рет 140 км-ді жүріп өтіп, Григориянның дүкенінен Иранның ыдыстарын сатып алады. Ол сатып алушыларының көбінің Иранда жасалған ыдыстарды жақсы көретінін айтады.

 

Иранның фарфор ыдыстары жоғары сапа мен алуан түрге ие

Есептеулер бойынша, әлемде жылына бір, бір жарым миллион тонна фарфор ыдыстары өндіріледі. Иран фарфор ыдыстарының алуан түрін өндіретіндіктен әлемде Қытайдан кейін екінші ірі өндіруші ел болып табылады.  Иранның фарфор ыдыстары өнеркәсібі өз тарихында екі түрлі құрылымды бастан өткерді. Бірнеше онжылдық бұрын Иранның фарфор ыдыстары дәстүрлі шеберханаларда жасалатын. Олардың өндірісі сан жағынан шектеулі болғанымен, кейбіреуінің көркемдік құндылығы жоғары еді. Иранның әртүрлі тарихи кезеңдеріне тиесілі фарфор ыдыстарынан табылған ескерткіштердің көбі бүгінде әлемнің көптеген танымал мұражайларының сөрелерін көркейтіп тұр. Иранда фарфор ыдыстарын өндірудің жаңа кезеңі шамамен 40 жыл бұрын басталды. Ислам революциясына дейін елде фарфор ыдыстарын шығаратын санаулы ғана зауыт жұмыс істеген. Ислам революциясынан кейін ел басшыларының ынталандыру саясатына байланысты осы өнеркәсіпте сапа мен сан жағынан айтарлықтай даму байқалды. Иранның фарфор ыдыстарының өнеркәсібі өндірілген өнім саны жөнінен 1500 есе өсімді көрсетті. Ыдыстардың қалыбы, бетіндегі өрнектері мен нақыштары айтарлықтай дамыды.

Бүгінде Иранда фарфор ыдыстарын шығару саласында 20-дан астам ірі зауыт жұмыс істейді. Бұл зауыттардың өнімдерінің шамамен 90 пайызы Иранның ішінде ұсынылса, 10 пайызы шетелдердегі нарыққа жіберіледі.  Иранда өндірілген фарфор ыдыстары Ирак, Түркия, Грузия, Түркіменстан, Әзірбайжан, Ауғанстан, Ресей, БАӘ, Қазақстан, Армения сияқты елдердің нарықтарына экспортталады.

 

"Заррин" ыдыстары, "Радианс" топтамасы

Ислам революциясынан кейін ашылған алғашқы зауыт "Заррин" фарфор ыдыстары зауыты болды. Бұл компания 130 жылдан астам тәжірибесімен Таяу Шығыста фарфор ыдыстарын шығаратын ең көне зауыт, әлем бойынша осы саладағы ең заманауи зауыттардың бірі саналады. Сол себепті, зауыт өз өнімдерін әлемнің 20-дан астам еліне, соның ішінде  Германия, Испания, Италия, Франция, Ұлыбритания, Швеция, Нидерланды, Түркия, Ресей, Канада, Сауд Арабиясы, БАӘ мен Үндістанға экспорттайды.

Бұл компанияның өнімдері  қатты фарфор ыдыстардың (Fine Hard Porcelain) алуан түрін қамтиды. Олар өндіріс сапасын бақылайтын нақты жүйенің арқасында әртүрлі модельде жасалып шығады. Бұл өнімдердің нақыштары мен жобалары да әртүрлі. Ол қарапайым, заманауи және классикалық талғамдарды қамтиды.

Сүйекті фарфор ыдыстары жоғары жылылыққа төзімділік, тиісті механикалық мықтылық, нұр өткізу деңгейі және ерекше әдемі өнімдер болып табылады.

"Саргол-е шарқ" компаниясы – "Мақсұт" зауыттары кешеніне кіретін компаниялардың бірі. Ол аймақта бірінші рет осы өнімді өте жақсы сапамен және жылына 2 мың тонна көлемде нарыққа шығарды. Бұл компания ыдыс-аяқтар себетінде алуандық тудыру үшін тиісті техникалық білім мен машиналар әкеліп, бүгінде өзінің алуан түрлі өнімін отандық және шетелдік тұтынушыларға ұсынып отыр. "Мақсұт" зауыттары жылына 40 мың тоннадан астам өнім шығару арқылы әлемде ең ірі опал шыны ыдыстарын өндіруші болып табылады. Опал ыдыстарының фарфор ыдыстардан айырмашылығының бірі ретінде оның жеңілдігін, төзімділігінің жоғарылығы мен әдемірек болуын атауға болады.

 

Опал шыны ыдыстар

Бүгінде зерттеу және дамыту бөлімі – белсенді экономикалық бірліктер мен компаниялардың нарыққа кіріп, сақталып қалуы үшін қажет өзекті бөлімдерінің бірі. Бір табысты өнеркәсіп өз дамуына  зерттеу және дамыту бөліміне қарыздар. 

"Чини Тақдис" компаниясы – осы салаға арнайы инвестиция бөліп, сәттілікке қол жеткізген компаниялардың бірі. Ол 3 жылдық зерттеу, зертханалық сынақ және өндіру барысында халықаралық растау мен тиісті рұқсаттар алып, нано жамылғысы бар алғашқы фарфор ыдысты отандық және шетелдік нарыққа ұсынды. Бұл өнімнің артықшылықтары ретінде жуатын сұйықтықтарды қажет етпеуін, әртүрлі тағамдар мен сусындармен (кофе, шай) байланыста түсінің кетпеуін, жуғаннан кейін кептіруді қажет етпеуі мен бетіндегі нақыштар мен эмаль сапасының сақталуын атауға болады.  Даққа қарсы нано жамылғыны пайдалану ыдыстың бетіне сұйықтықтардың сіңбеуі мен таралмауына себеп болды. Соның нәтижесінде фарфор ыдыстардың бетінде сусындардан дақ қалуға тосқауыл жасайды.

 

  

Тегтер