Саяси сарапшы Мұхит-Ардагер Сыдықназаровпен сұхбат
2019 жылдың 24 ақпанында Теһран университетінің Орта Азия зерттеулер орталығының ұйымдастыруымен "Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі" тақырыбында халықаралық семинар өтті.
Бұл семинарға Қазақстан тарапынан Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің Заманауи саяси зерттеулер институтының директоры, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор Мұхит-Ардагер Сыдықназаров, Өзбекстан тарапынан Орта Азия бойынша эксперттер кеңесінің мүшесі әрі саяси ғылымдардың докторы Гули Юлдашева, Әзірбайжан тарапынан Журналистика мектебінің директоры Зардушт Ализаде және Ресейден Каспий ынтымақтастығы институтының директоры Сергей Михеев қатысты. Семинардың модераторы Теһран университетінің Құқық және саяси ғылымдар факультетінің Орталық Еуразия зерттеулер кафедрасының меңгерушісі профессор Элахе Кулаи болды.
- Иранға қош келдіңіз! Өзіңізді таныстырып өтіп, Иранға сапарыңыздың мақсаты мен алған әсеріңізді айтып өтсеңіз.
- Мен, Мұхит-Ардагер Сыдықназаров Заманауи саяси зерттеулер институтының директорымын, саясаттану докторымын. Біз Иранға Теһран университеті мен Алламе Табатабаи университетіне іссапармен келдік. Іссапардың мақсаты – біріншіден Теһран университетінде өткен Каспий теңізі бойынша халықаралық конференцияға қатысу. Бұл халықаралық деңгейде өткізілген конференция болды. Әрине, Каспий мәселесі болғандықтан бұл конференцияға осы теңіздің маңындағы елдер – Ресей, Қазақстан, Әзірбайжан және де Өзбекстан өкілдері қатысты. Ал екінші мақсат – Алламе Табатабаи университетінде лекция оқу. Бұл университет біздің Еуразия университетімен жақсы әріптестік қатынаста. Сондықтан ол жақта да екінші семинарға қатысып, лекция оқыдым. Оның тақырыбы – "Иран және Қазақстан, Иран және Орталық Азия мемлекеттерінің қарым-қатынастары: бүгінгісі және болашағы". Бұл – менің Иранға бірінші іссапарым. Қазіргі таңда Иран сәл жабық мемлекет болғандықтан біз бұл жаққа жиі келе бермейміз. Бірақ ирандық әріптестеріміз шақырған соң, әсіресе мынау біздің Еуразия ұлттық университетінің партнер университеті шақырған соң біз бұл шақыруды қабылдап келдік. Енді қандай әсердеміз? Иран Таяу Шығыста орналасқан және Орталық Азия мемлекеттерімен бұрыннан, ежелгі заманнан ортақ мәдени және экономикалық ортаға, ортақ тілге ие десек те болады. Өйткені, бәріміз жақсы білеміз, түркі тілдес халықтарда, оның ішінде қазақ тілінде фарсизмдер өте көп. Әуежайдан бастап елдің қалай сөйлегенін тыңдап, бір байқағаным, кем дегенде 20 пайызын түсініп отырдым. Өйткені айтылған сөздерінің бәрі – біздің қазақ тілінде қолданыста жүрген сөздер. Ал енді мәдени жағынан, әрине, Теһран – үлкен қала. Иранның астанасындағы тұрғындар саны 15-16 млн-ға жуық. Ал Теһран мегаполисінің төңірегіндегі қалалардың барлығын санағанда 18 млн-ға тарта халық бар секілді. Бұл енді бір Қазақстанның елі десе де болады. Сондықтан Теһранның өте үлкен қала екені бірден көзге түседі. Мәселен, автокөліктер трафигі өте тығыз. Машина өте көп. Бірақ көлік қатынасы бізбен салыстырғанда сәл жүйесіз.
Осы сапарда ирандық әріптестер мен ParsToday ақпарат сайтында жұмыс істейтін қарындасымыз Гаухардың (Омарханова) арқасында Теһранның көрнекті, әдемі, тарихи жерлерін көрдік. Біріншіден бұл – Гүлстан шах сарайы-мұражайы. Насыреддин шахтың сарайы. Қаджар дәуіріне тиесілі. Ал екіншісі – Иранның соңғы шахы Мұхаммед Реза Пехлевидің "Саадабад" атты әдемі музейі. Үлкен әсерде қалдым. Өйткені жұмыс бабымен Еуропада оқыдым. Бірақ Иран мәдениетінің, яғни мынау сәулет мәдениетінің ерекшелігі бірден көзге түседі. Менің ойымша – менің оған еш күмәнім жоқ – Иран сәл ашықтау болғанда туристер бәрін көріп, таң қалар еді. Әсіресе, біздің Қазақстан туристері. Мәселен, жылына Қазақстаннан 400000 турист шетелге шығады. Әрине, бұл көп емес. Бірақ олар дәл осы Иранның таңғажайып сарайларын көрсе, таңғажайып мәдениетінің көріністерін көрсе, менің ойымша, Иран Қазақстан азаматтарының сүйікті орнына айналар еді.
- Туристік жарнама жетіспейді дейсіз ғой?
Туристік жарнама жетіспейді. Менің ойымша, ирандықтар Қазақстанда дәл осы бағытта көбірек жұмыс істеуі керек. Әрине, қасында тұрған Түркия мемлекеті оған жақсы мысал бола алады. Солардың тәжірибесін алып, жұмыс істеуге болады. Бұл – бір. Екіншіден, Теһранда біз қазіргі заманауи Иран мәдениетінің орталығына бардық. Мен жалпы ғылыми-академиялық ортаның өкілі болғандықтан, әрине, қарапайым халықта болатын стереотиптерден адамын. Ондай менің бойымда жоқ. Бірақ әсіресе заманауи өнер мұражайын көрген кезде маған өте ұнады. Өйткені Иранда саяси карикатура дамыған екен. Менің алған әсерім: жалпы Ирандағы каллиграфия өнерінің мың жылдан бері қалыптасқан дәстүрі бар. Қазіргі заманда оның жалғасы – карикатура мен графика. Компьютерлік графика немесе саяси карикатура өте өткір, өте заманауи. Ирандағы саяси процестер маған либералды болып көрінді. Өйткені мұнда Батысқа қатысты емес, ішкі саяси процестерге қатысты карикатуралар да өте көп.
Ал енді сауда жағынан Қазақстанда да Шығыс адамдары өмір сүреді ғой. Бәрі маған үйреншікті нәрсе болып көрінді. Егер мен Еуропа елдерінің өкілі болсам, біртүрлі болып көрінетін еді. Менталитет жағынан, мәдениет жағынан, жүріс-тұрыс, мінез-құлық жағынан бірден түсініп отырмын. Өйткені бізге Шығыс мәдениеті ортақ. Біздің тілдік қарым-қатынастарымыз, діни байланысымыз бар. Ортақ дін – Ислам. Сондықтан таң қалатындай әсер алған жоқпын. Өйткені қарапайым халық Иранда да, Қазақстанда да қарапайым болып қала береді. Келесі біз болған жеріміз – Читгяр көлі. Өте әдемі жасалған. Көл Теһран қаласының батысында орналасқан. Мұнда архитектурада болсын, жол инфрақұрылымында болсын өте заманауи трендтер байқалады. Сосын демалыс орындары, кафелер мен мейрамханалар, ойын-сауық орталықтары өте жоғары деңгейде. Бұлар – Иран экономикасының даму қарқынын нақты көрсететін мысалдар. Әрине, елдің экономикалық көлемі өте үлкен. Сандарға жүгінер болсақ, 2019 жылдың алғашқы кварталын 2018 жылдың осындай кварталымен салыстырғанда Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымының өсімі 36 пайызды құрады. Бұл динамика өте жақсы. Бірақ былтырғы өзара тауар айнылымының көлемі 400 млн доллар болды. Оның 82 пайызы Қазақстаннан Иранға экспорталған тауарлар, ал қалғандары бізге келетін импорттық тауарлар болды. Менің ойымша, Иранның потенциалы жоғары. Ол болашақта ашылуы тиіс. Иранның қай саласынан әсер алғанымды айтар болсам, ауыр және жеңіл өнеркәсіп, сосын текстиль, тамақ және машина жасау өнеркәсіптерін атар едім. Менің ойымша, Иранның бізге, біздің Иранға беретін дүниелеріміз өте көп. Мәселен, бізде машина шығаратын зауыттардың қарқыны өте жақсы. Былай қарап отырғанда Иранда жапон машиналары өте аз, көбісі сол Қытайдан және Кореядан әкелінген. Дәл сол брендтерді біз шығарып отырмыз. Kia, Hyundai-дан бастап, Қытайдың автобрендтері, мәселен, JAC бар. Сондықтан болашақта машина жасау өнеркәсібінің даму потенциалы зор. Иран мемлекеті аграрлық жағынан өзін барлық керекті өнімдермен, әсіресе, жеміс-жидектермен қамтамасыз етіп отыр. Менің ойымша, мұның да Қазақстанға қарағанда болашағы зор.
Ал енді маған тікелей қатысты ғылыми-академиялық қарым-қатынастарға келер болсақ, Теһран университетінен алған әсерім: бұл – дәстүрлі терең тарихы бар Number One университет екені түсінікті нәрсе. Астаналық университет. Екіншіден, бұл тек ғылыми-академиялық орта ғана емес, жалпы Иран мемлекетінде мәдени, саяси, ғылыми-академиялық және бүкіл сыртқы және ішкі процестерге түрткі болатын орта. Сондықтан мен ирандық әріптестермен кездесіп, бір-бірімізбен пікір алмастық. Теһран университеті өте үлкен екен. Онда дүние жүзіндегі классикалық университеттердің бүкіл инфрақұрылымы бар. Мынау – Құқық және саяси ғылымдар факультеті. Дәл мұндай факультет бізде де бар. Басқа университеттерде де бар. Кездесуде қойылған сұрақтар өте орынды. Теһран университетінің магистратурада оқып жатқан студенттерінің саяси мәселелер туралы түсінігі өте терең екен. Мен бұған өте қуаныштымын. Өйткені біріншіден, мен бұған дайын болдым. Екіншіден, бұл – біздің Қазақстан жағының ұстанымымен таныстыруға берілген мұрсат. Бірінші жағынан біздің эксперттік, сараптамалық, аналитикалық, екінші жағынан ғылыми-академиялық орталықтардың Иран және Қазақстан, Иран және Орта Азия мемлекеттерінің мәдени, саяси-экономикалық қарым-қатынастары туралы көзқарастарын жеткізу болды. Өйткені журналдардың бетінен оқу ол бір бөлек. Ал Қазақстан тарапынан өкіл келіп, пікірлерін еркін жеткізіп, тікелей сұхбаттасуына ештеңе жетпейді. Менің ойымша, біздің қарым-қатынасымыз бен байланыстарымыз жиі болуы тиіс.
Ал егер біздің университет пен Теһран университетінің қарым-қатынасы жайлы айтар болсам, өзара байланыс өте жақсы. Еуразия Ұлттық университетінде бұрыннан Иран кабинеті жұмыс істейді. Соның негізінде Теһран университеті оны кеңейтіп, Иран мәдени орталығын қалыптастырып отыр. Оның ғылыми, әдеби және оқулық кітаптар қоры өте жақсы. Ал екінші жағынан Иранның Алламе Табатабаи университетінде де, Теһран университетінде де Қазақстан орталығы ашылған болатын. Бұл – өте қуанышты жағдай. Өйткені ирандықтар сол орталықта Қазақстанның қазіргі мәдени, экономикалық және т.б. дамуымен жақсырақ таныса алады. Еуразия Ұлттық университеті тарапынан біздің әріптестеріміз келіп, мына жақта бір семестр қазақ тілі орталығын ашып, қазақ тілін ирандық әріптестерге үйреткен болатын.
Мен екі баяндама жасадым. Біріншісі – Каспий теңізі бойынша. Екіншісі "Қазақстан-Иран, Иран және Орталық Азия мемлекеттерінің қарым-қатынасы: қазіргі күні және болашағы" деп аталды. Баяндамалар жақсы қабылданып, аудитория тарапынан сұрақтар көп болды. Студенттер өте белсенді. Әртүрлі сұрақтар қойылды. Біздің әріптестер Иранға көбірек келуі тиіс, өйткені ирандықтар Қазақстан мен Орталық Азиядағы кейбір аспектілерден бейхабар. Сондықтан Иран тарапынан біржақты көзқарас қалыптасқан. Ал біздің көзқарасымызды жеткізу – маңызды дүние. Мәселен, Каспий теңізі бойынша былтыр үлкен тарихи оқиға болды. Біздің тәуелсіздігіміздің үлкен жетістігі – Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенция. Өйткені, өздеріңіз жақсы білесіздер, Каспий мәселесі ежелден келе жатқан күрделі мәселе десе де болады. 30 жылға жуық уақыт бойы барлық бес мемлекет тарапынан талқыланған. Ақыры осы 2018 жылдың 12 тамызында Ақтау қаласында V Каспий саммитінде осы конвенция қабылданды. Бұл құжат тарихқа "Ақтау конвенциясы" деген атпен енді. Мұның Қазақстан үшін маңызы неде? Қазақстанда болашақ ұрпаққа теңіздегі және құрлықтағы шекара толығымен шегеленіп, беріліп отыр. Яғни Қазақстанның болашақ ұрпақтарының көршілес елдермен территориялық шекара тұрғысынан ешқандай күрделі мәселесі болмайды. Бәрі анық. Екінші мәселе – осы бес мемлекеттің Парламенттері конвенцияны ратификациялауы керек. Әрине, бес мемлекетке бұл қарапайым мәселе болған жоқ. Өйткені Каспий бір жағынан теңіз, екінші жағынан көл болып саналады. Былайша айтқанда, халықаралық қарым-қатынастар мен келісімшарттар тарихында бұл – прецедент. Бірінші рет Каспийді я көл, я теңіз ретінде қарастырған құқықтық құжат пайда болды. Бұл – бір. Ал екіншіден, қай жерде бәрі белгілі, қай жерде бәрі нақтыланған сол жерге инвесторлар көбірек келеді. Осы уақытқа дейін Әзірбайжан, Түркіменстан, Иран, Ресей мен Қазақстан үшін теңіз түбі бойынша мұнай және газ құбырларын салу өте күрделі мәселе болатын. Өйткені осы конвенция қабылданбайынша, Каспий теңізінің түбі кімдікі, мемлекеттің шекарасы қай жерден өтетіні белгісіз болды. Бұл аса күрделі, шешілмеген мәселе болатын. Әрине, Қазақстан бұл мәселе бойынша жетістіктерге қол жеткізді. Конвенцияға дейін Ресеймен және Әзірбайжанмен бұрыннан екіжақты келісімшарттар қабылдаған болатын. Сондықтан Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны халықаралық деңгейде қабылдау біріншіден біздің саяси-экономикалық және өнеркәсіп бойынша тұрақтылығымызды ары қарай дамытатын бір түрткі күш болады. Екінші – қауіпсіздік мәселелері. Каспий теңізі достық теңізі болуы тиіс. Үшінші – Каспий экологиясы. Парсы шығанағы маңындағы елдерге бұл шығанақ қандай маңызды болса және де АҚШ үшін Мексика шығанағы қаншалықты маңызды болса, біз үшін Каспий теңізі сондай маңызды. Өйткені біздің мұнай-газ өнеркәсібі, яғни біздің ұлттық экономикалық бюджеттің негізін құрайтын барлық кірістер Каспий теңізінен келіп жатыр. Сондықтан бұл – барлық жағынан маңызды құжат. Ал экология жайлы айтар болсақ, өзіңіз де жақсы білетіндей, Каспий – эндемикалық теңіз. Яғни дүние жүзіндегі бекіре балықтарының 90-95 пайызы Каспий теңізінде тіршілік етеді. Ал қалғаны – Азов теңізінде. Сондықтан Каспийдің болашағы бекіре балықтарының болашағы десе де болады. Өйткені бекіренің тұқымы (икра) мен қызыл балық – Каспий маңында орналасқан елдер үшін үлкен табыс көзі. Экологияның тағы бір маңызды жағы: Мексика шығанағы мен Парсы шығанағында жарамдылық мерзімі таусылған мұнай платформалары бар. Ол кен орындардың мұнайы не газы біткен. Мұндай тасталынған платформалар өте қауіпті. Өйткені біріншіден кеме қатынасына, екіншіден балық аулауға кедергі жасайды. Каспий теңізі бойынша болашақта туризм мәселесі үлкен потенциалға ие. Басты төртінші мәселе – тасталынған платформалардың Каспий теңізінің эндемикалық экосистемасына кері әрі теріс әсерін тигізуі. Мұндай жағдай болмас үшін конвенцияда осы тақырыпқа қатысты нақты позиция толық келтірілген. Менің ойымша және Қазақстан тарапының пікірінше, Каспий теңізі Арал теңізінің тағдырын қайталамауы керек. Өйткені Арал теңізі бүкіл дүние жүзіндегі экосистемаға өзінің кері әсерін тигізді. Оның кері әсерін көретін бірінші біз және Өзбекстан. Ол үшін "Арал теңізін құтқару" атты арнайы қор ашылған болатын. Қазақстан мен Өзбекстан өз күштерімен Арал теңізінің солтүстік бөлігін сәл де болса қалпына келтірді. Бірақ бұл бүкіл Арал теңізі емес. Сондықтан, біз үшін Каспий болашаққа өзінің экосистемасымен бірге қалдырылуы тиіс теңіз болып саналады. Қазіргі тарихи жауапкершілік – Каспий теңізінің экосистемасын болашақ ұрпаққа дәл осы және бұдан да жақсырақ деңгейде қалдыру.
Қорыта айтқанда, бұл – менің Иранға бірінші сапарым. Бірінші, бірақ соңғы сапар емес деп ойлаймын. Өйткені біз үшін Иранды жақсы білу, өз көзімен бәрін көру, ирандық әріптестермен тікелей кездесу маңызды. Ең маңызды нәрселер конференцияда ғана емес, одан тыс әңгімелерде айтылады. Сондықтан Иран және Қазақстан сараптамалық орталықтары мен ғылыми-академиялық орталарының жұмысы тікелей диалогтың орнын баса алмайды. Өте көп оң әсер алдым. Менің ойымша, Иран мемлекетінің болашағы өте зор. Өйткені Иран – Орталық Азия аймағы үшін геосаяси державаның бірі. Ресей, Пәкістан және Қытай секілді. Әрине, Иранның Қазақстанға әсері көп. Сондықтан Иранды білу, Иранды түсіну, Иранның тарихын саралап, болашағын болжамдау – біз үшін үлкен жұмыс. Әрине, бұл жұмыс бұрыннан жасалып келеді, бірақ өз басым тұңғыш рет Иранда болған соң үлкен әсердемін.
- Сұхбатыңызға рахмет!