Қыр 24, 2019 05:31 Asia/Almaty
  • Ирандық тұтқынның естелігі (6) Соңғы бөлім

2019 жылдың 17 тамызы тұтқындардың исламдық Иранға қайта бастаған күнінің жылдығы болды. Осы күнге орай, Иран Телерадио бірлестігінің әлемдік қызмет торабындағы Қазақ радиосының қызметкері әрі Ирактың Иранға таңған соғысында тұтқында болып қайтқан ардагер Мұхаммадреза Каримзадеден алған сұхбаттың жалғасын назарларыңызға ұсынамыз. (Басы 5-бөлімде)

  • Тағы бір естелік айтып беремін деп едіңіз
  • Алғашқыда Ирактың ауруханасына түскен кезде ирактықтар бізге өте нашар қатынас көрсетті. Бізді толық бақылауда ұстағысы келіп, бостан бос ұрып, азаптайтын. Тіпті кейде қатты қинағандары соншалықты, шәһид болып кеткендер болды. Мұндай жағдайда ирактықтарға кез келген нәрсені оңай айта алмайтын едік. Айтып өткенімдей, ауруханадағы күзетшілер мейірімдірек адамдар еді. Солардың біреуі маған: "Мұхаммадреза, сен имам Хомейниді жақсы көресің бе, әлде Саддамды ма?"-деп сұрады. "Не үшін сұрап тұрсыз?  Не айтсам да, ренжіп қалмайсыз ба?"-дедім. "Жоқ, ренжімеймін",-деді. "Менің имам Хомейниді жақсы көретінім белгілі ғой",-дедім. "Иракта осындай сөздер айтып жатырсың ба?" ,- деп жағасын ұстады. "Иә",-дедім. "Қазір Саддам сені ауруханаға әкеліп, саған қызмет көрсетіп жатыр. Дәрігер жіберіп, аяғыңа гипс салып берді. Тексерді. Денсаулығың жақсарғанға дейін қарады. Сөйткенде, сен имам Хомейниді жақсы көремін дейсің бе? Имам Хомейни сенің осында түсуіңе себеп  болды. Осындай жаста жараланып, тұтқынға түстің. Ал қазір Саддам сені сақтап, жағдайыңды жақсартты. Сол кезде сен имам Хомейниді жақсы көремін дейсің бе?"- деп таң қалды. "Иә. Имам Хомейниді жақсы көремін",-дедім. "Неге бұлай дейсің?"- деп сұрады. "Түсінікті ғой. Имам Хомейни бізді оятты. Шах кезінде біз ештеңе білмеген екенбіз. Саясатты білмеппіз. Кім екенімізді де аңдамаппыз. Бас шұлғып отыра беріппіз. АҚШ-тың етігінің астында езіліп жүріппіз. АҚШ не айтса да, соны істеп жүріппіз. Ал имам Хомейни бізді шын мәнінде тірілтті. Өз аяғымызға тік тұрып, тәуелсіз болуымыз қажеттігін түсіндік. Бізге азаттық пен дін берді. Дінімізді қайта таныстырды",-дедім. "Мұны қазір маған айттың, бірақ енді басқа бір ирактық сұраса, ештеңе айтпа. Әйтпесе, сол жерде өлтіреді..."-деді.
  • Ол сіздің айтқандарыңызды ішінде сақтады ма? Рапорт жазбады ма?
  • Иә. Тіс жарып, ешкімге айтпады. Кез келген адамның бұлай сөйлеуге батылы жетпеуі мүмкін. "Мен Саддамды жек көремін, имам Хомейниді жақсы көремін" деп айтса, өлтіріп тастайды немесе өлімші қылып соғады. Бірақ мен оған имам Хомейниді жақсы көретінімді айттым. Дәлелімді де келтірдім. Ауруханадан осындай естелік есімде қалыпты.

Бұдан да жақсы естелігім бар. Ирактықтар нашар қатынас көрсетсе де, олардың кейбіреулері жақсы болатын. Ауруханада ирактықтардың бірі өте жақсы адам еді. Мейіргер жігіт. Достарымыздың бірінің денесіне инфекция түсіп кеткен болатын. Асқынып кеткені соншалықты, бөлмесін ашып қалғанда 4 бөлме ары жатқан бізге жағымсыз иісі мүңк ететін. Бәріміз мұрнымызды жабуға мәжбүр болатынбыз. Іріңі қатты асқынды. Ирактық мейіргер түнге қарай өз жұмысынан тыс ерікті түрде әлгі науқастың бөлмесіне баратын. Ол оның денесін бетадинмен жуатын. Күнделікті жұмысы сол болатын. Дәрігер айтпаса да, солай істейтін. Сол мейіргер осы оқиға жайлы мынадай ерекше сөз айтты. Бұл біз үшін өте қызық болды. "Сіздердің бұл жауынгерлеріңіздің инфекциясының иісі мен үшін жәннаттың иісіндей" деді. Ирактың ауруханасында бір ирактық өзіне  қарсы соғысқан ирандық жауынгер туралы осындай сөз айтты! Күн сайын өз міндетінен тыс жуып отырды. Яғни кейбір ирактықтардың азаптағаны, ұрғаны, боқтағаны жаман естеліктер болғанымен, солардың арасындағы бір-екі адам керісінше жақсы болды. Біздің өзіміз осы пенденің бөлмесінің есігі ашылғанда жаман иістен мұрнымызды жауып отырдық. Ал бұл ирактық керісінше сол бөлмеге өзі барып, науқасқа қарайласып, осындай сөздер айтатын. Ирактықтың бұл ісі бәрімізге қызық болып көрінді.

  • Туысқан болып шыққан Жапарды кейін кездестірдіңіз бе?
  • Иә. Иранға келіп, туысқан екенімізді түсіндік. Қазір туыс ретінде араласып тұрамыз.
  • Керманшахқа бірге келдіңіздер ме? Бір-біріңізді қай жерде көрдіңіздер?
  • Жоқ, ол ертерек босап шықты. Ол 11-лагерьде қалғандықтан, тезірек шықты. Мен 18-лагерьден кешірек шықтым. Біз жақсы дос болып кеттік. Ол Хамаданнан, мен Теһраннанмын. Қайтқан соң қатынасымызды қайта бастадық. Онымен ғана емес, басқа достарыммен де байланыс орнаттым. Менің Мешхед, Шираз, Керманшах, Санандадж, Ахваз, Хамадан, Малайерде тұратын достарым бар. Иранның барлық дерлік қалаларында достарым бар деп айта аламын.
  • Барлықтарыңыз тұтқында болғансыздар ғой?
  • Иә. Тұтқында бәріміз бірге болдық. Жыл сайын басқосу өткіземіз. Бір-бірімізді шақырып, кездесеміз.
  • Қазір сіздердің бастарыңызды қосып, істеріңізді қарастырумен айналысатын ұйым бар ма?
  • Біз қайтып келген соң Тұтқыннан босағандар штабы құрылды. Олар кей кезде бізді шақырып отырды. Кейін ардагерлер штабымен біріктіріліп, Шәһидтер және ардагерлер ұйымы құрылды. Ол барлық ардагерлерді қамтиды. Тұтқыннан босағандар, шәһидтердің жанұялары, жаралылар мен жауынгерлер істері Шәһидтер және ардагерлер ұйымы қалыбында қарастырылады. Бірақ сізге айтып отырған басқосуларды өзіміз ұйымдастырамыз. 11-лагерьдің тұтқындары өзіміз жыл сайын қашан, қай қалада кездесетінімізді шешіп, сонда жиналамыз. Жылда бір қалада өткізіле бермейді. Бір рет Теһранда, бір рет Мешхедте, тағы бір рет Ширазда немесе басқа қалада жиналып, тұтқында болған кезімізді еске аламыз. Сол кездері ирактықтар соққыға жыққанда ауыр болды. Қазір бас қосып, тұтқында таяқ жегеніміз туралы сөйлескенде күлеміз. Сол кезде ащы болса да, қазір біз үшін қызық бір естелік болып қалды. Сұхбатымыздың соңында мен сізге бірдеңе айтайын: Тұтқында болған кезді өмірімнің ең жарқын кезеңі санаймын. Ащы болды, соққы жедік, азапталдық.  Жаралы болдым, 9 ай азап шектім. Ирактықтар бізге, жетекшімізге, елімізге тіл тигізді. Бірақ өмірімнің ең жақсы кезеңі – тұтқында болған кез.  
  • Өміріңіз ғибратқа толы. Сіздің осындай тамұқта тірі қалып, қайта бой көтеріп, елге оралып, білім алып, жоғары деңгейде жұмыс істеп, бала тәрбиелей алуыңыз мақтануға тұрарлық! Сұхбатыңызға рахмет!

Тегтер