Жел 08, 2019 12:30 Asia/Almaty
  • Иранның танымал тұлғалары (182)

Өткен бағдарламадағы тақырыпты жалғастырып, "әл-Кафи" құнды кітабының авторы әрі "Шейх Калини" деген атпен танымал шейх Абу Джафар Мұхаммад бен Яқуб бен Исхақ Рази жайлы сөз қозғаймыз.

"Шейх Калини" деген атпен танымал шейх Абу Джафар Мұхаммад бен Яқуб бен Исхақ Рази – х.қ.ж.с.б. 3 ғасырдың екінші жартысы мен 4 ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген ең атақты данышпан, факиһ әрі хадисші. Қолда бар мағлұматтарға сәйкес, ұлы хадисші х.қ.ж.с.б. 258 жылы имам Хасан Асгяридің имаматтығы дәуірімен бір мезгілде Иранның ең көне қалаларының бірі Рейдің маңындағы Калин ауылында дін мен ғылымға жақын отбасында дүниеге келген. Шейх Калинидің әкесі мен бөле ағасы өз заманындағы атақты ғалымдар мен хадистанушылардың қатарында болды. Калини бастауыш білімді туған жері Калинде осы екі адамнан алған. Содан соң білімін жетілдіру үшін Калиннен Рей, Құм, Куфа мен Бағдад қалаларына барды. Ол имам Асгяри (ғ.) мен имам Хадидің (ғ.) өз аузынан тікелей хадис естіген соңғы адамдармен кездесіп, ұлы ұстаздардан білім алды. Калини шиіт имамдарының хадистерін жинау жолында көп қиыншылық көріп, көптеген ауылдар мен қалаларды аралады. Сондай-ақ, айтып өткеніміздей, ол ислам дәуірінде сөзі шын, ісі дұрыс және хадистер мен рауаяттарды тануда ерекше шебер болғандықтан "Сақа ул-Ислам" деген атаққа ие болған алғашқы ислам ғалымы. Калини х.қ.ж.с.б. 329 жылдың шағбан айында, басқа бір дерек бойынша 328 жылы қайтыс болып, Бағдадтың "Баб әл-Куфа" базарында жерленген.

 

 

Шейх Калинидің бізге жеткен жалғыз әрі маңызды еңбегі – "әл-Кафи" атты құнды кітап. Шейх бұл кітапта Ислам пайғамбары (с.ғ.с.) мен Аһл-е бейттің 16 мың хадисін келтірген. Калинидің кітабы "Усул" (негіздер), "Фору" (тармақтар) және "Роуза" (шиіт имамдарының шәһадаты жайлы қайғылы әңгімелер) деген үш бөлімнен тұрады.

"Әл-Кафи" кітабының "Усул" бөлімі наным-сенім мен ақлақ мәселелерін қамтиды. Бұл бөлім 8 тараудан құралған. Кітаптың бұл бөлігі қисынды әрі нақты жоспармен құрылған. Марқұм Калини алдымен көптеген рауаяттарға сүйеніп, ақылдың маңыздылығы мен оның Алланы танудағы орнын түсіндірген. Содан соң ғылым үйренудің пайдасы мен әдебін баяндайды. Зерттеушілердің сенімінше, Калинидің мақсаты – наным-сенімдік негіздерді дәлелдеуде таным мен хабардарлықтың маңыздылығын көрсету. Калини ғылым мен оған қатысты мәселелерді қарастырғаннан кейін сенімнің ең маңызды негізі, бірлік пен Алланы тану жайлы сөз қозғады. Содан "әл-Хадже" деп аталатын басқа бір бөлімде набоват-пайғамбарлық пен имамат туралы хадистерді келтірген. "Әл-Кафи" негіздерінің тағы бір бөлігі ақлақтық және тәрбиелік тақырыптарға, соның ішінде тақуалық, момындық, қанағатшылдық, ғайбат, дұға мен Құранның қасиеті, қарым-қатынас әдет-ғұрпына арналған. Бұл кітаптың осы бөлігінде айтылған ақлақтық мәселелер көрсеткендей, Калини өз кітабын жазуда тек наным-сенім туралы хадистер немесе фикһтік тақырыптармен шектелмеген. "Әл-Кафи" кітабының бұл бөлімінің тақырыптары барша үшін өте тартымды.

"Әл-Кафи" кітабының екінші бөлімі "Фору" деп аталады. Бұл бөлім намаз, зекет, ораза, қажылық және басқа да салаларға қатысты фикһтік рауаяттарға арналған. Тақырыптардың спецификалық сипатына байланысты әдетте бұл бөлімді факиһтер қолданады.

"Әл-Кафи" кітабының "Роузе" атты үшінші бөлімінде 597 хадис келтірілген. Онда әртүрлі тақырыптар, соның ішінде имамдардың (ғ.) құтпалары, хаттары, уағыздары, дастандар мен тарихи мәселелер қамтылған. Тақырыптардың алуандығына байланысты бұл бөлім "Роузе", яғни «Бустан» деп аталған. "Әл-Кафи" кітабының соңғы бөлімі "Роузе" кітаптың басқа бөлімдерінен біраз ерекше.  Бұл томның тармақтарға бөлінбеуі толығымен табиғи. Сол себеті бұл бөлімді Калиниге қатыссыз деп айту бұрыс.

Осылайша "Әл-Кафи" кітабы теософиялық, ақлақтық, әлеуметтік және тарихи рауаяттарды фикһтік хадистермен бірге топтастырған. Осы ерекшелік бұл кітапты осы салада жазылған басқа кітаптардан ерекшелендіреді. Сондықтан "Әл-Кафи" кітабы – имами мазхабындағы ойшылдардың еңбектерінің ішіндегі ең ауқымды шиіт кітабы. Ол әртүрлі кезеңдердегі қилы оқиғалардан аман қалып, біздің қолымызға толық жетті.

 

Шейх Калинидің "Әл-Кафи" кітабы

"Әл-Кафи" кітабының авторы Шейх Калини Имам Заманның төрт өкілі мен имам Хасан Асгяри (ғ.) заманының бір бөлігін көрген. Ол Аһл-е бейт (ғ.) заманына жақын болғандықтан рауаяттарды қысқа аралықта баяндады. Тіпті "Әл-Кафи" кітабы рауаяттарының бір бөлігі тек 3 адам арқылы жеткен. Бұл кітаптың ең мықты тұсы саналады. Кітапта қысқа және жеңіл тақырыптармен хадистер топтастырылған. Тақырыптар әрбір бөлімнің мазмұнын ашып береді. Сондай-ақ, рауаяттар ешбір бұрмалаушылықсыз, араласушылықсыз баяндалған. Жазушының түсіндірмелері рауаяттардан бөлек берілген. Шейх Калини  кітапта дұрысырақ және ашығырақ хадисті тараудың басында келтіріп, содан соң түсініксіз хадистерді жалпылама келтірген. Кітаптың артықшылықтарының бірі Калинидің хадистердің дереккөздері тізбегін әрбір хадисте имамға дейін жеткізуінде.

Калини "Әл-Кафи" кітабындағы хадистерін Құранға қайшы келмеу негізінде топтастыруға талпыныс жасады. Шиіт үлемдердің бір тобы бұл рауаяттардың барлығының дұрыстығына сенімді болғандықтан «Әл-Кафи" кітабында әлсіз хадис бар деп санамайды. Шейх Калини бұл кітаптың кіріспесінде Құдайдың кітабына сәйкес келетін дұрыс әрі беделді рауаяттарды келтіргенін айтады. Калини шынайы тағылымдарды жандандыру, шиіттік үлемдердің және Аһл-е бейт имамдарының сөздерінде бар тағылымдарға көңіл аудару, діни тағылымдарды кейбір діни емес ойлар мен пікірлерден тазарту үшін осы құнды еңбекті жазды. Калини "Әл-Кафи" құнды кітабын жазуда беделді жазбаларға сүйенген. Оның еңбегінен ойдан шығарылған ештеңе көрінбейді. Калинидің қолында "Усул арбамае" (алғашқы шиіт рауаятшылар жинаған 400 хадистің жазба топтамасы) және басқа жазбалар мен сенімді дереккөздері болған. Осындай негіздерден хабардар көптеген сенімді ойшылдармен байланыста болған.

"Әл-Кафи" кітабын жазылған күннен бері шиіт үлемдері  қолданып келеді. Ешбір шиіт үлем бұл кітапты қажетсіз деп санамайды. Сол себепті шиіт мазһабы өз ғұмырында "Әл-Кафи" кітабына қарыздар деп айтуға болады. Егер бұл кітап шиіт мазхабының мәдениетінен жойылса, оның орнын ештеңемен толтыру мүмкін емес. Беделді шиіт ойшыл шейх Мофид "Әл-Кафи" кітабы туралы: "Бұл шиіттердің ең ірі кітаптарының бірі. Біздің ойшылдарымыз басқа кітаптардан көбірек осы еңбекті қолданады",-деп жазды. Ғұлама Маджлесидің сенімінше, "Әл-Кафи" кітабы – ең дұрыс хадистер жинағы, ең жақсы және ең ірі шиіт кітабы".

 

Тегтер