Жел 30, 2019 18:27 Asia/Almaty
  • Иранның танымал тұлғалары (184)

Бұл бағдарламада ирандық сопылықтың көрнекті тұлғасы туралы сөз қозғаймыз.

"Иранның танымал тұлғалары – әлемдік мақтаныштар" атты бағдарламамыздың келесі бөлімін назарларыңызға ұсынамыз. Бұл бағдарламада ирандық сопылықтың көрнекті тұлғасы туралы сөз қозғаймыз. Х.қ.ж.с.б. 3 ғасырда өмір сүрген танымал мистик Хусейн бен Мансур Халладждың өз өмірі, сөздері және тіпті өлімімен әлемде өшпес із қалдырғаны соншалықты, ғасырлар өтсе де, ирандық және батыстық зерттеушілер ол туралы сөз сөйлеп, зерттеу жазып жатыр. Өз сөздерімен жалпы мен жалқының жүрегін жалындатқан мистиктің Иран, Үндістан, Түркістан, Қытайда жақтастары көп болған. 

Хусейн бен Мансур Халладжды тану үшін шығыстанушылар мен басқа зерттеушілер тарапынан жасалған талпыныстарға қарамастан, оның шынайы бейнесі көптеген қырдан әлі күнге дейін белгісіздік тұманында қалып отыр. Халладжды танудың қиындығының себебі мынада: ол хақ жолын ұстанғандардың бірі болған. Оның болмыс-бітімін жаулап алған Аллаға ғашықтық оған танымның жаңа көкжиектерін ашты. Ол бар сырға қол жеткізген болатын. Сондықтан "Халладж ул-асрар" деген атпен танылған. Бұл сырлардың белгілерін оның бізге жеткен еңбектерінде көрінетін көңіл күйі, сөзі мен ісінен көруге болады. Халладжды тануды көздеген зерттеушілердің арасында француз шығыстанушысы Луи Массиньон басқа зерттеушілерден көбірек еңбек етіп, осы салада құнды еңбектер жазып қалдырды.

Халладждың шын аты – Хусейн. Әкесінің аты – Мансур. Көне мәтіндерде Халладждың туған күні жайлы дерек жоқ. Ислам энциклопедиясында оның туған жылы х.қ.ж.с.д. 244 жыл, сәйкесінше милади жыл санағы бойынша 858 жыл деп жазылған. Үш француз шығыстанушысы Луи Массиньон "Масаеб-е Халладж" атты кітабында, Генри Корбон "Ислам философиясының тарихы" атты кітабында, Роже Арнолдс "Халладждың мазхабы" атты кітабында оның туған жылын осыған шамалас деп білген. Бұл еңбектердің ешқайсысында осы жылды дәлелдейтін ешқандай құжат жоқ. Оның туған жылы зерттеушілер тарапынан Халладждың өміріндегі оқиғаларды салыстыра отырып шығарылған болжам ғана. Кейбіреулер Джамидің "Нафахат ун-Насындағы" Халладждың өмірбаяны мен онда келтірілген бәйіттерге сүйеніп, оны х.қ.ж.с.б. 248 жылы туған деп есептейді.

Халладж Фарс облысының Бейза ауданындағы Тур ауылында дүниеге келген. Бала кезінде жанұясымен бірге Турдан Ирактағы Васет қаласына қоныс аударған. Мақта түтуші деген мағына беретін "Халладж" бастапқыда оның лақап аты болған, бірақ біртіндеп оның шын атынан басым түскені соншалықты, "Хусейн бен Халладж" деген атпен танымал болғаны туралы көп айтылған.

Луи Массиньон Халладждың Халладж аталуы туралы былай деген: "Хусейн бен Мансур Халладж туған жер Ислам империясында мата тоқитын ірі аудандардың бірі болған. Оның әкесі мата тоқу шеберханасында жұмыс істеген. Сол себепті оны "Халладж" деп атаған". Алайда бұл – Луи Массиньонның жеке пікірі. Ол осы болжамы үшін тарихи айғақ-дерек келтірмеген.

Ибн Халкан "Уафиат әл-Айан" атты еңбегінде оның "Халладж" атануы туралы хикаяға тоқталған.  Ибн Халканның айтуынша, "Халладж Васет қаласына кіріп, өтініш сұрау үшін өз жолындағы бірінші кездескен дүкенге кірген. Ол мақта түтушінің дүкені екен. Халладж одан өтінішін орындауға көмектесуді сұрайды. Дүкен иесі оған мақтаға толы дүкен мен сарайын көрсетіп, оның өтінішін қабылдаудан бас тартты. Бірақ Халладж оған оның жұмысын атқарып беруге уәде етеді. Дүкен иесі сыртқа шығып, қайтып келсе, 24 мың қадақтан тұратын бүкіл мақта түтіліп дайын тұр екен. Сол күннен бастап ол "Халладж" деп аталып кетіпті".

Х.қ.ж.с.б. 6 ғасырда өмір сүрен Иранның көрнекті ақыны әрі мистигі Аттар Нишапури де "Тазкере ул-Оулиа" кітабында "Бір күні мақта қоймасының жанынан өтіп бара жатып, қолын сермегенде ілезде дән мақтадан ажырап шыға келіпті. Халық таң қалған деседі. Сондықтан оған "Халладж" деп ат қойылыпты" деген. Сонымен қатар, әкесі мақта түтуші болғандықтан Хусейн бен Мансур да сол кәсіпті күнкөріс үшін жалғастырған деседі. Сол себепті "Халладж" деген атпен танылған. Никелсон сияқты кейбір зерттеушілердің сенімінше, Хусейн бен Мансур Халладж кедей кәсіпші болған. Өз өмірінің қаражатын жүн түтумен қамтамасыз етіп отырған. Оның лақабы осы кәсіптен алынған. Бірақ мақта түту кәсібімен қоса, оның "Халладж" деп аталуының басқа бір себептері де айтылған.

Луи Массиньон өз еңбектерінде солардың кейбіреулеріне тоқталып өткен. Оның айтуынша, Хусейн бен Мансур өз тыңдармандары үшін көмескі сана және адамдардың жүректеріндегі сырлары туралы сөз сөйлеп, тылсымнан хабар берген. Сондықтан оны "Халладж-е асрар" (Сырларды ашушы) деп атаған. Бұл лақап осы тұрғыдан пайда болған.

Мастали Бохаридің айтуынша, Хусейн бен Мансурдың "Халладж" атануының себебі мынада: ол адамдардың сырларын біліп, мақта түтушілердің дәнді мақтадан ажыратып алатынындай олардың көңіл-күйі мен сырларын нәпсіден бөліп алған. Ибн Касир өз еңбегінде: "Ахваз халқы оған халықтың сырын біліп, өтініш білдірген жағдайда айтып беріп отырғандықтан "Халладж-е асрар" деген лақап берген",-деп жазған.

Хусейн бен Мансурдің мүсіні

Халладжға әртүрлі лақаптар берілген, соның ішінде "Әбулмаин", "Әбулмехр", "Әбу Абдулла" бар. Бұл лақаптардың көбін оған Иран, Үндістан, Қытай, Түркістан мен Бағдадтағы шәкірттері берген. Оның лақап аттарының көп болуы одан кейде байқалған таңғажайып әрекеттер себебінен болса керек. Немесе халық арасында белгісіз қалу үшін өзі ойлап тапқан есімдер болуы мүмкін. Қалай болғанда да, бұл лақаптарды оның өзі немесе халықтың бергені белгісіз.

Халладждың әкесі баланың кіші кезінде-ақ Басра мен Куфаның арасында орналасқан Васет қаласына көшіп барған. Бұл қала стратегиялық маңыздылығымен қоса, сауда және егін шаруашылығы тұрғысынан маңызды еді. Халладж өз балалық шағы өткен Васет қаласына аса қызықпаған сыңайлы. Ол 16 жасында елде қара нәсілді құлдардың көтерілісі өршіп тұрған шақта Васеттен Ахвазға жол тартқан. Халладж Ахвазда Сәһл бен Абдулла Тастариге шәкірт болып, қызмет атқарады. Сәһл Тастари х.қ.ж.с.б. 3 ғасырда өмір сүрген шейхтердің бірі, тариқатшы әрі ерекше мектептің иесі болған. Ходжвиридің "Кәшф ул-Маһджуб" атты еңбегінде бұл мектеп "Сәһлие" деп аталған.  Соған сәйкес,  Халладждың таным жолындағы білімінің бірінші кезеңі Сәһл бен Абдулла Тастаридің алдында өткен. Кейіннен Халладж мектебі мен Сәһл мектебі арасындағы айырмашылық байқалды. Бірақ Халладж сопылықтың негізін Сәһлден үйренген сияқты, әсіресе адам төзгісіз тақуалық пен ауыр аскетизмді ұстануда оның тәлімдерінің ықпалы байқалады.

Халладждың тынымсыз рухы мен шабытты санасы оның бір жерде және бір ұстаздың алдында қалуына жол бермеді. Сондықтан ұстазы Сәһл бен Абдулла Тастаридің көзі тірі кезінде Халладж х.қ.ж.с.б. 262 жылы Амру бен Осман Макимен сұхбаттасу сылтауымен сопылық рәсімге қарама-қайшы ұстазын тастап кетеді. Сол себепті ол сол замандағы сопылықтың ошағы болған Бағдадқа аттанып, сонда Амру бен Осман Макидің шәкірттерінің қатарына қосылады.   

Тегтер