Батыстың өмір салты (13)
Баспанасыздық – әлемдегі, соның ішінде Батыс елдеріндегі ірі қалаларда байқалатын ең ауыр әлеуметтік құбылыстардың бірі. Бұл мәселе қоғамның белгілі бір әлеуметтік тобын ғана қамтымайды. Баспанасыздар арасынан әртүрлі әлеуметтік топқа жататын адамдарды көруге болады.
«Америкада күн ысығанда бірқатар адам ыстықтан өледі. Үйі бар адам ыстықтан өлмейді. Бұл яғни баспанасыздық. Немесе күн суығанда көптеген адам суықтан өледі. Кейде олардың санына жету қиын. Статистика айтылады, бірақ көп жағдайда нақты емес. Бұл яғни баспанасыздық. АҚШ – бай ел. Онда шыңдар бар, шыңдардың жанында бақытсыздық пен бейберекеттік, кедейлік пен мұқтаждықтан тұратын сайлар бар».
Бұл аптадағы «Батыстың өмір салты» атты бағдарламамызды Ислам революциясының жетекшісі аятолла Хаменеидің сөзімен бастадық. Ол Батыс елдерінде, әсіресе АҚШ-та бар әлеуметтік қиыншылықтардың бірі баспанасыздыққа тоқталды. Әл-ауқаты зор дамыған елдерде баспанасыздардың өлім-жітімінің көп болуы ойландырады.
Баспанасыздық – әлемдегі, соның ішінде Батыс елдеріндегі ірі қалаларда байқалатын ең ауыр әлеуметтік құбылыстардың бірі. Бұл мәселе қоғамның белгілі бір әлеуметтік тобын ғана қамтымайды. Баспанасыздар арасынан әртүрлі әлеуметтік топқа жататын адамдарды көруге болады. Мысалы, қарттар, орта жастағылар, жастар, жеткіншектер, балалар, ерлер, әйелдер, оқығандар, сауаты аздар немесе сауатсыздар, денсаулығы дұрыс адамдар, қауіпті де емделмейтін ауруларға шалдыққандар, қоғамның жоғары, орта және төмен сатыларына тиесілі адамдар және басқалар. Баспанасыздардың басым бөлігі есірткіге тәуелділік, ішімдікке салыну, психикалық және физикалық ауруларға шалдығу, жанұяның ыдырауы, дұрыстап тамақтанбау сияқты қиындықтарға ұшырайды. Бұл қоғамдағы ауыртпашылықтардың басқа бір қатпарларын көрсетеді.
Кедейлік пен мұқтаждық дамыған елдерде баспанасыздықтың басты себебі саналады. Мемлекеттік емес ұйымдардың соңғы мағлұматтарына сәйкес, Еуропада баспанасыздық жұмыссыз қалған адамдар арасында таралып жатыр. Еуропа соңғы жылдарда баспанасыз адамдар санының бұрын‑соңды болмаған деңгейде артуына куә болды. Бұл құрлықтағы елдердің көбінде өткен бірнеше жылда баспанасыз адамдар саны 150 пайызға артты. Ресми және бейресми ұйымдардың мәліметтеріне сәйкес, бүгінде Еуропада өткенге керісінше ішімдікке салынғандар, есірткіге тәуелділер мен құмар ойындарға салынғандар ғана баспанасыз қалмайды, бұрын ісі мен үйі болғандар да Еуроодақтың экономикалық қиындықтарына байланысты баспанасыздар қатарына қосылуда. Баспанасыздардың көбі кішкентай балаларымен далада қалады. Брюссельдегі Баспанасыздармен жұмыс істейтін ұлттық ұйымдардың еуропалық федерациясы (FEANTSA) 2019 жылы наурыз айында берген есебінде баспанасыздықты Еуропаның ең ірі түйткілдерінің бірі деп атады. EuroNews ақпарат арнасы осы есепке сүйеніп, үй бағасының өсуіне байланысты Еуропада баспанасыздық пен кедейліктің артуын бұл құрлықтың өзекті мәселесі деп атады.
Ұлыбританиядағы ірі қалалардың бірі Манчестердің ортасындағы қараңғы көшенің соңында бір жасырын жер асты үңгірі бар. Онда баспанасыз адамдар тышқандармен бірге өмір сүреді. Independent газетінің жазуынша, егер Виктория заманындағы қоғамдық бақылаушылар болса, мұны көріп үрейлері ұшар еді. Бұл жасырын ұя Манчестер қаласының ортасындағы көкке бой тіреген шыны тұрғын-үй кешендері мен жарқыраған дүкендерден бірнеше метр жерде орналасқан. Бұл үңгір пішінді ұя Ирол өзенінің бойын жағалай орналасқан. Оның іші бос бөтелкелер, тамақ құтылары, ескі төсекқаптарға толы. Одан ескі киімдер мен төсеніштер, қоқыстан жасалған кілемдер мен есірткіге малынған шприцтерді көруге болады.
Қазіргі таңда Ұлыбританияның көшелерінде 320 мың баспанасыз түндерін далада өткізеді. Лондонда 9 мың баспанасыз бар. Бұл көрсеткіш 2010-2019 жыл аралығында баспанасыздар санының 165 пайызға артқанын көрсетеді. Жүргізілген зерттеулер бойынша, Ұлыбританияда 2017 жылы 600-ге жуық баспанасыз адам көшелер мен уақытша баспаналарда көз жұмды. Бұл өткен 5 жылда баспанасыздар өлімінің 24 пайызға артқанын көрсетеді. Ал бұл жағдайда баспанасыздарға көмектесу мақсатында құрылған қайырымдылық ұйымдары бұл елдегі баспанасыздар санының ресми статистикадан әлдеқайда жоғары екенін айтып отыр.
Ұлыбритания үкіметі бір есебінде 2018 жылы британдық баспанасыздардың саны 2 пайызға азайғанын мәлімдеді. Алайда сыншылар ел көшелеріндегі жағдайдың басқа нәрсе көрсететінін айтты. Олар бұл көрсеткішті бірнеше жергілікті кеңестің есептеу тәсілінің өзгеруінің нәтижесі санайды. Бұл мәселе өз есептеріндегі болжамдарды өзгерткен бірнеше жауапты басшы тарапынан расталды. Guardian газетінің жазуынша, олар Тұрғын үй министрлігі, қоғам мен жергілікті үкімет тарапынан өз есебін осылайша жазуға кеңес берілгенін мойындады. Айта кету керек, жауапты басшылардың баспанасыздарды нақты санауының маңыздылығы мынада: орталық үкімет осы сандарды пайдаланып, Ұлыбританияда баспанасыздар дағдарысымен күресу үшін тиісті шешімдер қабылдып, бюджет белгілеуі керек.
Францияда да Еуропа елдерінің көбі сияқты өткен онжылдықта баспанасыздар саны артты. Франция Ұлттық статистикалық ұйымының (INSEE) мәлімдеуінше, қазіргі таңда 12 мыңнан аса адам ел көшелерінде түнеп шығады. Бұл адамдардың өздерінің бастапқы қажеттіліктерін өтеуге шамалары жоқ. Олардың көбі табыс тұрғысынан кедейлік деңгейінен төмен жағдайда. Олар басқа тұрғындардың көмегімен өмірлерін жалғастыруда.
Статистика көрсеткендей, Францияда орташа есеппен алғанда күніне бір баспанасыз көз жұмады. Францияның Ұлттық денсаулық сақтау институты 2018 жылы бұл елдің көшелерінде қайтыс болғандар санын 560 адамнан асты деп жариялады. Кейбір қайырымдылық ұйымдары бұл елде баспанасыздықтан көз жұмғандардың шынайы саны ресми статистикадан 6 есе артық деп отыр.
2019 жылы Парижде өткен екінші баспанасыздар санағына сәйкес, көшеде өмір сүретін адамдар саны артқан. Бұл әйгілі еуропалық қаладағы қымбат өмір қоғамға қысым түсіргені соншалықты, бірқатар адам тіпті қарапайым да кіші баспанаға ие болудан мақрұм қалып отыр. Париж қаласының айналасы француз баспанасыздардың жиналатын жеріне айналды. Бұл мәселе бірден көзге түсіп, француз қоғамын алаңдатып отыр. Жергілікті органдар мен баспанасыздар арасында байланыс орнату ұйымының басшысы Луис Хавьер: «Парижде бұл мәселенің кең етек жаюының маңызды бір себебі – соңғы жылдарда жұмыссыздық деңгейінің артуы. Жұмыссыздар өздерінің қажеттіліктерін өтей алмайды. Баспананың болмауы – бұл адамдардың басты қиындығы»,-деді. Францияның Ұлттық статистикалық зерттеулер институтының айтуынша, Парижде 460 мыңнан аса адам кедейлік деңгейінен төмен өмір сүреді.
«Сіз жұмыс таба алмаймыз, өйткені баспанасызсыз. Сіз баспанасызсыз, өйткені жұмыс істемейсіз». Тура осындай мағынасыз айналма АҚШ-тағы көптеген адамдардың өмірін шарпыды. Өткен жылы ресми жарияланған статистикалық мәліметке сәйкес, АҚШ-та жарты миллионнан аса баспанасыз көшеде өмір сүреді. Бұл АҚШ-та басқа дамыған бай елдерге қарағанда баспанасыздардың көп екенін көрсетеді. «Family promise» америкалық мемлекеттік емес ұйымы елдегі баспанасыздық мәселесіне қатысты статистикалық мәлімет беріп: «Арзан тұрғын үйдің болмауы, жұмыссыздық, кедейлік – америкалық жанұялардың баспанасыз қалуының үш себебі. 2018 жылы АҚШ-та 2,5 млн бала баспанасыздықты сезінді. Жыл сайын АҚШ-та 30 баланың біреуі баспанасыздықты бастан өткереді. 2014-2015 жылдары 1 млн-нан аса оқушы баспанасыз болған. Баспанасыз балалардың 51 пайызы 5 жастан төмен. Олар мектепке баруға жасы жетпегендіктен есепке алынбайды. Баспанасыз жанұялар көбіне уақытша баспаналар, көліктер, қосындар мен адам көп үйлерде тұрады, сондықтан бізге байқалмайды»,-деді.