Сәу 13, 2016 21:40 Asia/Almaty
  • Иран мәдениеті және сәулет өнері (80)

Махмұд Махеролнақш х.ш.ж.с.б. 1301 жылы (1922 жылы) Исфахан қаласында дүниеге келген. Ол Иранның сәулет саласы мен сырлы кірпіш жапсыру өнері ұстаздарының бірі.

Ол өзінің балалық кезі жайлы былай дейді: "Анамнан айрылған кезде 5 жаста едім. Теһранға оқуға келдім. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Теһранда тұрақтап қалдым. Әкем дәстүрлі сәулетші болды. Мен сол балалық шағымнан бастап-ақ сәулет өнері, сырлы кірпіш жапсыру өнері мен оның әдемі бояуларына ғашық болдым. Орта мектептің 7 сыныбында оқып жүргенде математика пәнінің мұғалімі менен геометрия сабағына қатысты суреттер салуымды өтінді. Мен "Сурет сала алмаймын, бірақ түйін жасауды білемін" деп жауап бердім. «Түйін жасау» деп бетінде әртүрлі нақыштары бар әралуан геометриялық пішіндегі сырлы кірпіштерді бір-бірінің жанына орналастырып, үлкен бір сурет жасауды айтады. Сол кезден бастап оқу жылының соңына дейін мұғалімім ойымда жүрген барлық жобаларды қағаз бетіне түсіруімді сұрады". Сефевилер дәуірі стиліндегі арабеска нақыштары мен сырлы кірпіш суреттерін салып жаттығу – Махмұд Махеролнақштың негізгі жұмыстарының бірі болды. Бұл өнерпаз Иранның Ғылым және өнеркәсіп университетінде сәулет өнерінен сабақ берді. Бірақ өмірінің басым бөлігін Иранның сырлы кірпіш жапсыру өнері саласында зерттеулер жүргізумен өткізді. Сондай-ақ, сырлы кірпіш жасау мен күмбезді жобалау да Махмұд Махеролнақштың қатты қызығатын жұмыстарының бірі болып табылады. Соның арқасында Иранның түкпір-түкпірінде Махмұд Махеролнақштың көптеген туындылары пайда болды. Махмұд Махеролнақш сырлы кірпіш жапсыру өнерінің шарықтау шегі Тимуридтер дәуіріндегі араб сөздері жазылған сырлы кірпіштер мен Сефевилер дәуіріндегі жеті түсті сырлы кірпіштер болды деп есептейді. Осы күнге дейін сәулет өнері мен сырлы кірпіш жапсыру саласында оның 25 кітабы жарық көрді. Олардың кейбіреулері мыналар: "Құрылыстың практикалық принциптері", "Құрылыстың техникалық принциптері", "Құрылыс салу желісі", "Көгілдір ақық нақышы, кірпіш және өрнек", "Исфаханның Хәкім мешітінің архитектуралық жобасы". Осыдан бұрынырақ Махмұд Махеролнақш "Иранның сырлы кірпіштеріне арналған нақыштарды жобалау және салу" атты құнды еңбегін 5 томдық кітап етіп, басып шығарды. Осы еңбекте сырлы кірпіш жапсыру өнерінің ілімі мен техникалық-геометриялық нақыштар құпияларының маңызды бөлігі студенттердің түсінуіне қолайлырақ тәсілмен нақты баяндалған. Ол өз еңбегінің 4-томының алғысөзінде былай деп жазған: "Сызықтардың қарапайым күйде ешқандай мәні жоқ. Ал олар топтастырылған кезде қозғалыс пен әрекет пайда болады. Олар белгілі бір ойлардың көрсеткіші болып табылады. Сызықтарға берілетін әрекеттер көрерменнің назарын өзіне аудару үшін бір жазық бетке жиналады. Бұл қозғалыс сызықтарды қозғайтын адамның ойынан туындайды... Әрине жұмыс құралдары (қарындаш, қылқалам, бор, майлы бояулар, акварель) осы сызықтардың пайда болуында маңызды рөл атқарады. Бірақ нақышты тудырушының шеберлігі аса маңызды рөлге ие". Ол өз еңбегінде суретші мен сырлы кірпіш жапсырушы жұмысының қаншалықты нәзік әрі күрделі екендігіне тоқтала келіп: "Суретші өзінің шеберлігі мен қабілетіне сүйеніп бір әдемі сурет сала алады. Бірақ көрермен тұрғысынан сызықтар біркелкі емес. Оларға әртүрлі адамдар тарапынан әралуан түсінік беріледі. Сызықтар кейде сүйкімсіз, кейде нәзік, кейде күшті, кейде әлсіз болып көрінеді. Дәл осы жерде өнерпаз қай бөлікте қандай сызық қолданылу қажеттігін жақсы түсінуі тиіс. Әрбір сызық көрерменге өзгеше сезім сыйлайды. Көрермен нақышты көргенде кейде жан тыныштығына бөленеді, кейде толғанысқа түседі", -деп жазады. Ұстаз Махмұд Махеролнақш, сондай-ақ, хазірет Әлидің (ғ.) есімі әртүрлі пішіндерде қолданылған көптеген фотосуреттер мен жобалар жайлы сөз қозғайды. Ұстаз Махмұд Махеролнақш Ислам дәуіріндегі Иранның сәулет өнерін зерттегенде қойылатын басты шарт осындай сызықтар мен жобаларды тану және меңгеру деп санайды. Мысал ретінде, Иранның қалаларындағы мешіттер мен діни медреселердің көбісінің кіреберіс маңдайшасы Ислам пайғамбарының әйгілі хадисімен безендірілген. Бұл хадисте ғылымның жоғары мәртебесі мен хазірет Әли (ғ.) жайлы айтылған: "Мен – ғылым қаласымын. Әли – осы қалаға кірер есік". Алла елшісінің бұл сөзі шебер каллиграфтардың ғасырлар бұрын ойлап тапқан жазылу стилімен үнемі қолданылып келеді. Насталиқ жазуында қолданылатын пішінде "әл-елм" (ғылым) сөзі созылыңқы жазылып, "Әли" есімі оның үстінде жазылады. Осындай жазу үлгісін бүгінде Құм қаласының Дар ол-Шафа медресесін Фейзие медресесіне қосатын есіктің үстінен көруге болады. Сырлы кірпіш жапсыру өнерін зерттеуші х.ш.ж.с.б. 1382 жылы "озық зерттеуші" және Ислам сәулет өнері мен сырлы кірпіш жапсыру өнері саласында "Құран Кәрімнің ең үлкен қызметшісі" деген атаққа ие болды. Махмұд Махеролнақштың пайымдауынша, Иранның сәулет өнері Хақамани дәуірінен бері шарықтау шегінде болды, тіпті әлем кереметтерінің бірі болып саналатын Үндістандағы "Тәж-Махал" ғимаратын да ұстаз Иса Ширази атты ирандық сәулетші салған. Ол Иран сәулет өнеріндегі сырлы кірпіш жапсыру өнерінің қалыптасу мезгілін Исламның келуімен бір мезгілде болды деп есептейді. Оның пайымдауынша, Ислам мүсін жасауға, адам мен жануарлардың суретін салуға тыйым салды. Бұл өнерпаздардың сурет және сәулет саласында жаңа дүниелер ойлап табуына себеп болды. Ұстаз Махмұд Махеролнақш бүгінде 92 жасқа келді, бірақ әлі күнге дейін сәулет өнері мен сырлы кірпіш жапсыру өнері саласында жұмыс істейді. Оның соңғы еңбегінің үлгісі үш жыл бұрын Германияда көпшілік назарына ұсынылды. Мюнхен қаласында өткен "Иран – ғибадат жері" атты көрмеге ирандық өнерпаз өзінің ең жаңа туындысымен қатысты. Махмұд Махеролнақш осы көрме жайлы: "Көрмеде ирандық-исламдық өнердің бір бөлігі ретіндегі Иран сәулет өнерінің бір ғасыр ішіндегі өзгерістері мен даму жолы көрсетілді", -деді. Ол осы көрменің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде Иранның төл сәулет өнерін қасиетті әрі құнды деп сипаттай келіп: "Бұл өнер бізге өте ерте замандардан жетті, оның үлгілері әлемде жоқ. Сондықтан да Иранның сырлы кірпіш жапсыру өнерін сақтап қалу үшін біз көптеген шаралар атқарамыз, атап айтқанда, кітаптар шығарып, әлемнің түкпір-түкпірінде көрмелер ұйымдастырамыз", -деді. Осы көрмеде "Хазірет Әлидің (ғ.) " аты жазылған ең үлкен жеті түсті сырлы кірпіштің ашылу рәсімі болды. Бұл әдемі сырлы кірпіштің көлемі 60х60 см. Әлемдегі сырлы кірпіш жасау өнеріндегі осы бірегей туынды ұстаз Махмұд Махеролнақштың еңбегі. Ирандық өнерпаздың өміріне шолу жасаумен "Иран мәдениеті және сәулет өнері" бағдарламасы өз мәресіне жетті. Біз 80 бағдарлама барысында сіздерді Иранның сәулет өнерінің ерекшеліктерімен, оның Ирандағы және өзге елдердегі үлгілерімен таныстыруға тырыстық. Бірақ Иранның атақты мақал-мәтелінде айтылғандай: "Естіген көргендей қайдан болсын!...". Қалай болған да, әрбір елдің сәулет өнерін зерттеу арқылы сол жер халқының мәдениеті мен наным-сенімдерімен аз да болса танысуға болады. Иран сәулет өнерін зерттегенде назар аударылуы тиіс маңызды мәселе – Иран халқының наным-сенімінің архитектуралық туындымен тығыз байланысы. Бұл әдемі әрі көруге тұрарлық ғимараттың салынуына септігін тигізеді. Ежелгі заманнан осы күнге дейінгі Иран сәулет өнеріндегі негізгі жолдарға шолу жасау, шын мәнінде, Иранның ежелгі өркениетіне бастап баратын сара жолды айқындап береді.

Тегтер