Сәу 13, 2016 21:35 Asia/Almaty
  • Иран мәдениеті және сәулет өнері (79)

"Иран мәдениеті және сәулет өнері" бағдарламасының соңғы бөлімдерінде Иранның кейбір сәулетшілерінің өмірі және туындыларымен таныстыруды жөн көріп отырмыз.

Бүгінгі бағдарламада Иранның қазіргі заман сәулетшісі ұстаз Сейед Хади Мирмиранның өмірі, идеялары және туындыларымен таныстырамыз. Алдымен оның Иран сәулет өнеріне деген көзқарасына құлақ салыңыздар. Ол өзінің бір сұхбатында былай деген еді: "Мен Иран сәулет өнерін қатты жақсы көремін, оны ерекше бағалаймын. Әлем сәулет өнері тарихында Иранның сәулет өнерін ең көрнекті болмаса да, ең көрнектілердің бірі деп санаймын. Иранның сәулет өнері ежелден бастау алып, жалғасып келеді. Яғни, Ахеменидтер дәуірінен бұрынғы замандардан бастап Қаджарлар дәуірінің соңына дейін жалғасын тапты. Осы дәуірлердің барлығынан әлем сәулет өнерінің тарихында із қалдырған маңызды архитектуралық үлгілер сақталып қалды. "Тахт-е Джамшид" (Персеполис) , "Мадаэн" терассасы мен "Сұлтание" күмбезі – осы күнге дейін сақталып қалған көрнекті архитектуралық үлгілер болып табылады". Сейед Хади Мирмиран х.ш.ж.с.б. 1323 жылы есфанд айында (1945 жылы) Қазвин қаласында дүниеге келген. Ол 1347 жылы Теһран университетінің Өнер факультетін сәулет өнері мамандығы бойынша бітірді. Ол жылдар бойы сәулет өнерінен дәріс беріп, өнер саласында ғылыми кітаптар мен мақалалар жазып, Иран мен басқа елдерде көптеген ғимараттардың жобасын жасады. Көптеген қалалық жобаларды жасау, әсіресе Шираздағы Каримхани кешенін қайта жөндеу жобасы, Исфаханның "Атиқ" мешіті мен ескі алаңын қайтан жөндеуден өткізу жобасы, Исфахандағы "Чахарбақ" көшесінің ұзына бойын көріктендіруге арналған бірнеше сәтті жоба – осы сәулетшінің маңызды еңбектерінің бірі болып табылады. Мирмиранның сәулет өнері саласындағы барлық республикалық және халықаралық сайыстарға белсене қатысуы, оның осы сайыстардың көбінде айтарлықтай жетістіктерге жетуі және Мәдениет пен өнер саласында әртүрлі марапаттарға ие болуы оны Иранның қазіргі заман сәулет өнері мен қала салу саласында беделді әрі көрнекті тұлғаға айнладырды. Инженер Хади Мирмиран ауыр науқастың салдарынан х.ш.ж.с.б. 1375 жылы фарвардин айында (2006 жылы) дүниеден өтті. Хади Мирмиранның Иранның ежелгі сәулет өнерінің құндылықтарына деген махаббаты мен құрметі үнемі оның барлық сұхбаттары мен туындыларынан байқалып отырған. Мирмиранның пайымдауынша, Иранның ежелгі сәулет өнерінің рухын қазіргі заманның техникалық жетістіктерімен қатар алып жүру қажет. Ол архитектураға ғашық еді, сондықтан да өз өмірін сәулет өнеріне арнады. Мирмираннан қалған ғылыми-теориялық еңбектерді бүгінде оның шәкірттері пайдалануда. Мирмиран: "Иран сәулет өнері саласында құнды тарихи-архитектуралық мұрасы бар елдердің қатарына жатады. Сондықтан тек басқа елдердің сәулет өнеріне еліктемеуі қажет", -деп есептейді. Қазіргі заман сәулет өнерін тамашалау және зерттеу, сондай-ақ оның жарамды әрі жасампаз жақтарын Иран сәулет өнерімен синтездеу – Мирмиранның сәулет өнерінде жаңалық жасау үшін қажет деп санаған тәсілі болып табылады. Мирмиран зерттеген тақырыптардың қатарына сәулет өнері дәстүріндегі жаңа ағым, Иран қалаларының тарихи аудандарын қайта жандандыру, әлемнің қазіргі заман сәулет өнеріндегі пішіндер, Қаджарлар дәуіріндегі сәулет өнері, Иранның жаңа қалаларындағы тұрғын үйлер, Шираздың тарихи-мәдени ауданын қайта жандандыру жобасы, ИИР-ның Мәдени басқармаларының ғимараттарын салу, Иранның ұлттық кітапханасын жобалау, айнаны сәулет өнерінде қолдану, сәулет өнеріндегі мөлдірлік, Ислам сәулет өнерінің христиандар мен басқа дін өкілдерінің ғибадатханаларының құрылысына әсері жатады. Инженер Мирмиран жобалаған немесе қайта жөндеуден өткізу жобасын жасаған ғимараттар өте әралуан. Олардың қатарын төмендегі жобалар құрайды: Құмдағы хазірет Масуменің (с.) кесенесін кеңейту және дамыту жобасы, Табриздің тарихи ауданын қайта жандандыру жобасы, ИИР-ның Франкфурт пен Банкок қалаларындағы Бас консулдық ғимараттарының жобасы. Осы сәулетші жасаған жобалардың арасынан Иран Мұнай компаниясының орталық кеңсесінің, Жапонияның ұлттық кітапханасының, Энергетика министрлігінің орталық ғимаратының, Теһрандағы Стандарт орталығы кеңсесінің, Иранның Ұлттық су мұражайының жобаларын көруге болады. Кансай қаласындағы Жапония ұлттық кітапханасының жобасы 1996 жылы инженер Мирмиран тарапынан дайындалды. Жоба идеясы үш түрлі мән-мағына беретін үш көлемнен құралған: олардың бірі – екі затты бір-біріне қарама-қарсы қойғаннан пайда болатын ортасы қуыс кеңістік. Әлгі екі зат та бір-біріне қарама-қайшы. Оның бірі жұмсақ әрі мөлдір, екіншісі қатты әрі күңгірт. Бұл екі зат шын мәнінде екі шаршы болып табылады. Олар бір-біріне қарама-қарсы қойылып, екі жақты тартылыстың әсерінен жазық беттен айқыш-ұйқыш жазыққа айналған. Қолданыс аясы тұрғысынан құрыштан жасалған қатты әрі күңгірт шаршы кітап сақтайтын жабық орын ретінде пайдаланылады, ал хрустальдан жасалған жұмсақ әрі мөлдір шаршы кітапхананың басқа бөліктеріне арналған. Ал үшінші кеңістікте нұр мен оның түсу бұрышы ерекше тартымдылыққа ие. Бұл Мирмиран өнері жасампаздығының нышаны болып табылады. ИИР-ның Банкоктағы елшілігінің ғимараты – Мирмиранның тағы бір туындысы. Бұл ғимараттың жобасы бақ ішіндегі сарай түріндегі Иран сәулет өнерінен шабыт алып жасалған. Бақтың негізгі жолының бойында Иран бақтарының кіреберістерінде салынатын құрылыстарды еске салатын бір ғимарат салынған. Бір субұрқақ кіреберісті негізгі ғимаратпен жалғастырып жатыр. Біз білетіндей, су Иран бағының ең маңызды элементтерінің бірі болып саналады. Жабық кеңістіктердің көлемін азайтып, ашық кеңістіктерді көбейтуге бағытталған негізгі идея осы ғимараттың архитектуралық жобасының басты мақсаты болып табылады. Сондықтан да ішкі кеңістік кеңейтіліп, ғимаратты салуда ауыр материал аз қолданылып, қозғалмалы және жеңіл материалдарды көбірек пайдалануға талпыныс жасалды. Сондай-ақ, айна, шыны, су және нұр сияқты элементтерді ішкі кеңістікте қолдану арқылы ғимараттың жарықтығын, жанға жайлылығын арттыруға күш салынды. Мирмиран былай деген болатын: "Иранның сәулет өнері белгілі бір принциптерге негізделген. Мысалы, бұл өнерде материалдық сападан рухани сапаға немесе материядан рухқа жетуге күш салынған. Архитектура тілімен айтсақ, салмақты азайту арқылы кеңістікті ұлғайтуға тырысу байқалады. Шын мәнінде, менің ойымша, әлемнің сәулет өнерін де осы мазмұн немесе талпыныс арқылы түсіндіруге болады. Бұл талпыныс Иран сәулет өнерінен ашық та айқын көрінеді". Ол Иран сәулет өнеріндегі нұрдың қолданыс аясы жайлы былай дейді: "Ирандық сәулетшінің нұр немесе сумен істеген ісі материалды жеңілдетіп, кеңістікті ұлғайту үшін жасалды. Кеңістікті ұлғайтудың жолы қабырғаларды жұқарту емес. Исфахандағы шейх Лүтфолла тарихи мешітіне нұр күмбездің терезелерінен түсіп, адамға жеңілдік пен тыныштық сыйлайды. Мұның өзі адамның қабылдауы мен түсінігіне әсер етеді. Мен алдымен үлкен су хауыздары мен олардың айнадай беті әдемілікті арттыру үшін жасалған дүние екен деп ойлайтынмын, бірақ енді байқап қарасам, олардың барлығы ғимаратты жеңілдетеді екен. Тіпті, су бетінде шағылысқан ғимарат, шын мәнінде өзінің материалдық болмысынан айырылады. Сондықтан да сіз Исфаханның "Чехелсутун" ғимаратында жиырма баған бар ма, әлде қырық баған бар ма, түсіне алмайсыз». Марқұм инженер Сейед Хади Мирмиранның жүрек қалауы мен өтініші негізінде ол кісі қайтыс болғаннан кейін Иранның жаңа заман сәулет өнерін таратып, толықтыру мақсатында "Мирмиран архитектуралық ұйымы" ашылды. Бұл ұйымның басты бағдарламаларының бірі – жыл сайын "Мирмиран архитектуралық ұйымының жүлдесі" атты сыйлықтарды табыстау болып табылады. Марапаттау рәсімі жыл сайын сәуір айында Мирмиранның қайтыс болған күні өткізіледі. Иранда Сәулет өнері күні 3 ордибехешт (23 сәуірде) 16 ғасырда өмір сүрген Иранның ұлы сәулетшісі, ақыны әрі ғалымы шейх Бахаидің туған күніне орайлас аталып өтіледі. Осы екі рәсімнің Иранның екі ұлы сәулетшісін ұлықтау мақсатында бір мезгілде өткізіліп келе жатқандығына бірнеше жыл болды. 

Тегтер