Сәу 14, 2016 13:14 Asia/Almaty
  • Балалар мен жасөспірімдердің тәлім-тәрбиесі: ислам көзқарасы тұрғысынан

Қауіпсіздіктің қажеттілігі барлық адамдардың негізгі қажеттілігі болып табылады. Адам басқаларға, әсіресе өз ата-анасына тәуелді балалық шақта осы қажеттілікті көбірек сезінеді.

Осы кезеңде үлкендер бала мен оның қажеттіліктеріне сеніммен қарауы керек. Олар перзент бар болмысымен қауіпсіздік пен тыныштықты сезінетіндей кеңістік тудырып, соған жағдай жасап, өздерінің қарым-қатынастарын да соған сәйкес қалыптастырулары керек. Исламның ардақты пайғамбары (с.ғ.с.) мен оның үмбеті өздерінің істері және сөздерімен балалар, жасөспірімдер тіпті қол астындағы адамдардың жан-дүниесінің қауіпсіздігі үшін жағдай жасаған.  

Баланың қорқыныш пен қауіп-қатерді сезінуі оның батылдығы мен шығармашылығына кедергі болады. Ол баланың жаңашылдыққа ұмтылмай, әрдайым өзінің сезімдерін басып отыруына себеп болады. Сонымен қатар, баланың іс-әрекетін әрдайым шектен тыс қадағалау және отбасында оның әс-әрекеттерін сынау баланың өзіне деген сенімділігі мен ой-санасының қауіпсіздігін бұзып, баланың қателік жасауға деген қорқынышын нығайта түседі. Баланың бұл қорқынышы психикалық ауру түрінде өсіп, кез келген жаңа ой-пікір айтудағы батылдығын жояды. Осылайша, баланың шығармашылығына тосқауыл қойылады. Пайғамбар (с.ғ.с.) былай дейді: «Баланың өз қабілетіне сай жасаған ісін қабылдаңдар. Одан қиын әрі ауыр істі күтпеңдер. Оларды күнә жасауға мәжбүрлемеңдер».

Құрметтеу – бала тұлғасының қалыптасуында шешуші рөл атқаратын тәлім-тәрбие тәсілдерінің бірі болып табылады. Ислам баланың рухани қажеттіліктеріне көңіл аудару мәселесіне қатты мән береді. Сол себепті баланы құрметтеу ата-анаға жүктелген парыздардың бірі деп аталған.

Ислам діні адамды бекзат әрі ардақты жаратылыс санайды. Құран Кәрімнің «Исра» сүресінің 70 аятында былай жазылған: «Расында Адам баласын ардақтадық. Сондай-ақ оларды құрылықта да теңізде де көліктендірдік. Әрі оларды жақсы нәрселермен қоректендірдік. Әм оларды жаратқандарымыздың көбінен неғұрлым артық жараттық».

Пайғамбар үмбетінің (ғ.с.) ілімінде балаларға түрлі тәсілмен, соның ішінде, жиналысқа кірген кезде оларды тұрып қарсы алу, сәлемдесу, сыпайы түрде атау және науқас балаға күтім жасау сияқты тәсілдермен құрмет көрсетілген. Осы ретте Ислам пағамбарының (с.ғ.с.) өзінің қызы Фатимаға көрсеткен сөзбен айтып жеткізуге келмейтін құрметі үлгі саналады. Ол хазірет әрдайым, тіпті Фатиманың (ғ.с.) балалық шағында да қасында түрегелген күйде оған құрмет көрсететін. Оны сүйіп, өзінің орнына отырғызатын.

Негізінде балаларды құрметтеу және оларға мейірімді болу хазіреттің қалыптасқан мінез-құлқы еді. Сонымен қатар ол хазірет егер қажет болса, өзінің кішкентай немерелерінің қажеттіліктерін өтеу керек болған жағдайда намазды жылдам оқып бітіретін. Ол күнде балалары мен немерелерінің бастарынан сипайтын.

Пайғамбар (с.ғ.с.) әдетте адамдар жиналысқа кірген кезде оларға құрмет білдіріп, орнынан тұрып, оларға жол беретін. Бірақ өз балалары кіргенде бірнеше қадам алға басып, оларды қарсы алатын. Бір рауаятта былай деп айтылған: «Бір күні Хасан мен Хосейн (ғ.с.) Пайғамбарға (с.ғ.с.) қарай келе жатады. Пайғамбар (с.ғ.с.) оларды көрген кезде құрмет көрсетіп, орнынан тұрды. Олар ақырын жүріп келе жатқандықтан хазірет оларға қарай бет алады. Балаларды иығына отырғызып алып: «Мінген жылқыларың неткен жақсы. Өздерің де атқа керемет мінеді екенсіңдер!»деген екен».

Ислам дінінің ғұламалары болашақты ойлап, өз перзенттеріне баладан жоғарырақ деңгейде қараған. Олар перзенттеріне есті әрі түсінігі бар тұлға ретінде қарап, болашақта солар өз үмбеттерінің үлкендері болады деп сенген. Баланың тұлғасын жетілдіру үшін Пайғамбар үмбетінің қолданған тәсілдерінің біріне адамдардың өздеріне қойған сұрақтарын соларға қоюлары жатады. Бұл мәселе баланың қабілеттерін ашып, оны басқаларға таныстыру үшін жаттығу болған. Басқа бір жағдайларда имамдар басқа адамдардың көзінше өз перзенттеріне сұрақ қойған. Олар дұрыс жауап естіген кезде басқаларға: «Перзенттеріңізді осылай тәрбиелеңіздер» дейтін.

Бір күні хазірет Әли (ғ.с.) баласы имам Хасаннан (ғ.с.): «Ақыл деген не?»деп сұрайды. Ол жауап береді. Хазірет тағы бірнеше сауал қойып оған да жауап алады. Имам Хосейнге (ғ.с.) де осылай жасайды. Содан кейін имам Әли (ғ.с.) сахабаларының біріне қарап, былай дейді: «Осы ілімдерді перзенттеріңе үйретіңдер. Себебі олар ақыл мен сана-сезімнің жетілуіне және шешім қабылдау күшінің артуына себеп болады».

Баланы құрметтеу оның тәрбиесіне қатты ықпал етеді. Әр адам өзін жақсы көреді. Ол өз абыройын сақтап қалу үшін тырысады. Егер оған құрметсіздік көрсетілсе, ол қарсыласады. Имам Садық (ғ.с.) бұл жайында былай дейді: «Әр адамның жүрегі егер бір адам оған жақсылық жасаса оны дос санап, ал егер жамандық жасаса оны дұшпан санайтындай етіп жаратылған». Сол себепті, егер бала әке-шешесі немесе қамқоршыларынан құрметсіздік көрсе, одан кейінгі олардың сөздері мен тәрбиелері әсерсіз болады.

Баланы құрметтеу оның тұлғасының қалыптасуына әсер етеді. Адамдардың көбісі, әсіресе балалар басқалар онымен өзін қалай ұстаса, соған сәйкес әрекет ету керек деп ойлайды. Егер олай жасамаса ішкі қайшылық пен тоқырауға ұшырайды.

Психологтардың пікірінше, егер ата-ана перзенттерін балалық шағында кемсітіп, қорлаған болса, ол балалардың тұлғасы есейгенде беделсіз әрі тәуелді болып қалыптасады. Басқа жақтан, егер әке-шеше балаға құрметпен қараса, оның тұлғасы әсіресе есейген кезінде беделді, тәуелсіз әрі жағымды болып қалыптасып, оның іс-әрекеті де сау әрі қалыпты болады. Сонымен қатар, психологтардың айтуынша, өзін-өзі қадірлеу сезімі жоғары болып табылатын адамдар тоқырауға аз ұшырайды, жүйке аурулары мен ұйқысыздыққа және тәуелділікке душар болмайды, күнәға батпайды. Хазірет Әли (ғ.с.) бұл жайында былай дейді: «Ар-намысы бар адам күнәлармен өз арын кірлетпейді».

Баланың тұлғасын кемсітудің тұлғаның әлсіздігін сезіну сияқты бүлдіргі салдарлары бар. Тұлғаның әлсіздігі тек үлкендерді ғана емес, сонымен қатар балаларды да қиындықтарға душар етеді. Кейбір адамдар баланың дене бітімі кішкентай болғандықтан өз тұлғасын да кіші сезінеді деп ойлайды. Бірақ олай емес. Баланың тұлғасына көңіл бөлмеу қатерлі салдарларға ұрындыруы мүмкін. Себебі балалық шағында тұлғасының әлсіздігін сезінген бала ержеткенде орынсыз әрі бүлдіргі әрекеттерге баруы мүмкін. Сол себепті имам Хади (ғ.с.) былай дейді: «Өзін төмен санаған адамның ашуынан аулақ бол».

Сонымен қатар, баланы кемсіту екіжүзділік пен оның өз-өзіне көңілі толмаушылыққа әкеп соқтырады. Өз-өзіне риза емес адамдар кейде тәкаппарлық арқылы өздерінің әлсіздіктерін жасыруға тырысады. Имам Садық (ғ.с.) бұл жайында былай дейді: «Тек өзін пәс санаған адам ғана тәкаппар болып, басқаларға күш көрсетеді».

Екіжүзділік те өзіне көңілі толмаушылықтың бір салдары болып табылады. Жақсы іс жасай алмаймын деп санаған кез-келген адам жасанды қылыққа барады. Бұл адам өзінің шынайы болмысын көрсетпейді деген сөз. Мұндай адам әрдайым өзін жақсы көрсету мақсатында жасанды қылық жасау арқылы әлсіздіктерін жасырып қалуға тырысады. Бұл жасандылық оның іс-әрекетінен, ой-пікірі мен сөйлеген сөзінен де білінеді. Имам Әли (ғ.с.) бұл жайында былай дейді: «Адамның пәстігі оның екіжүзділігіне себеп болады».

 

Тегтер