Сәу 19, 2016 15:50 Asia/Almaty
  • Балалар мен жасөспірімдердің тәлім-тәрбиесі: Ислам көзқарасы тұрғысынан

Мамандардың пікірі бойынша, компьютерлік ойындардың жағымсыз салдарының біріне жасөспірімдердің бойында оқшаулану рухының нығаюы жатады.

 Компьютерлік ойындарды ойнаған кезде адамдар уақыттың қалай өткенін сезбейді. Естерін жинаған кезде уақытарының көптеген сағаттарының осы ойындарды ойнауға кеткенін түсінеді. Компьютерлік ойындардың тартымдылығы жасөспірімді еліктіреді. Жасөспірім әдетте сергітетін қоғамдық іс-әрекеттердің орнына компьютерлік ойын мен оның ой-қиял әлемін артығырақ көреді. Сондықтан үнемі осы ойындармен уақытын өткізетін жасөспірімдер өзімен-өзі болып, қоғамда оқшауланып, басқа адамдармен қатынас орнатуда осалдық танытып, оқшаулану рухы жасөспірімнің өз құрдастарынан бөлектенуіне себеп болады. Ал бұл мәселе басқа да ауытқушылықтардың пайда болуына әкеп соқтырады.

Бирмингем қаласы кеңесінің психологы профессор Пирсонның пікірі бойынша, жасөспірімдердің оқшаулануының алдын алудың ең жақсы жолы – компьютерді жасөспірімнің бөлмесінен шығару. Шын мәнінде бұл тәсіл жасөспірімді бөлменің жабық әрі шектеулі кеңістігінен шығарып, оның ойынын бақылау үшін жағдай жасайды.

Компьютер мен интернет жасөспірімдерге ашатын виртуалды кеңістікте әсірешілдіктің болуы кейде балалардың шығармашылық қабілетін әлсіретеді. Бұл ойындарда балалар мен жасөспірімдер басқалардың ойлап тапқан бағдарламаларымен ойнағандықтан, өздерінің шығармашылық қабілеттерін аз қолданып, нәтижесінде, олардың өз-өзіне деген сенімділіктері де әлсірейді.

Сонымен қатар, виртуалды кеңістікте қиялдау әрекет етудің орнын басып, жасөспірімнің сыртқы әлеммен реалистік емес көзқараспен қатынас орнатуына себеп болады. Сол себепті, кейбір мамандардың пайымдауы бойынша, виртуалды кеңістікке бату балалар мен жасөспірімдердің орман, тау, теңіз және тағы да басқа табиғи құбылыстар сияқты шынайы әлемнің ғажайыптарын азырақ көруіне себеп болады.

Отбасылардың басым бөлігі компьютерлік ойындарды ойнау кезінде адам толассыз түрде интеллектуалды белсенділік танытады деп ойлайды. Бірақ бұл интеллектуалды белсенділік емес, керісінше бұл ойындар мидың жасушаларын алдайды. Ал іс-әрекет тұрғысынан баланың бірнеше саусағы ғана қозғалады.

Жақында жасалған зерттеулердің нәтижесі компьютерлік ойындардың мидың ұзақ уақыт бойы зиян көруіне себеп болатынын көрсетті. Бұл ойындар мидың көру және әрекет ету қызметтеріне жауап беретін бөліктерін ғана қоздырып, мидың басқа бөліктерінің дамуына көмектеспейді. Сол себепті психологтар компьютерлік ойындар арқылы балалардың шығармашылық қабілетін жетілдіру үшін оларға көбірек ми жасушаларын пайдалануға және ойлануға себеп болатын логикалық ойындарды ойнатуды ұсынады.

Компьютерлік ойындардың салдарының тағы біріне олардың отбасылық қарым-қатынастарға тигізетін жағымсыз әсерлері жатады. Технология ғасырының әрбір жаңалығы отбасы мүшелерінің өз еркімен, не еріксізден бір-бірінен алшақтауына өз үлесін қосады. Отбасылық қарым-қатынастар оның мүшелерінің, әсіресе балалардың технологиялық әлемде көп уақыт өткізуіне байланысты күннен күнге әлсірей түседі. Отбасындағы перзенттер компьютер, интернет пен компьютерлік ойындармен көп уақыт өткізетіндіктен, өз ата-аналарымен қатынас орнату үшін уақыттары аз болады. Бұл мәселе ата-аналар мен балалардың арасындағы қарым-қатынастың сууына себеп болып, тіпті бір-бірін жақтырмауға дейін барады.

Мамандар әке-шешеге біраз уақыт, тіпті аз да болса балалар мен жасөспірімдердің ойындарына қатысып, олармен компьютерлік ойындар жайлы әңгімелесіп, пікір алмасу керек деген кеңес береді.

Үлгермеушілік – компьютерлік ойындардың жағымсыз салдарының тағы бірі. Алайда, үлгермеушіліктің басқа да көптеген факторлары бар. Оқушылардың ой-санасын оқу-білім жолынан тайдыратын әрбір зат үлгермеушілік факторларының бірі деп айтуға болады. Компьютерлік ойындар үшін санамалап шыққан сипаттамалардың барлығы үлгермеушіліктің факторлары саналады. Себебі олар оқушылардың уақытының басым бөлігін алып, олардың ой-санасын оқу-білімнен тыс мәселелерге итермелейді.

Компьютерлік ойындардың шектен тыс қолданысының барлығынан бұрын балаларға, әсіресе жасөспірімдер үшін ең қауіпті салдарларының бірі – осы ойындарға тәуелділіктің туындауы. Webmd.com интернет сайтында кореялық психолог профессор Сан Кию Ли 435 оқушыға тәжірибе өткізгеннен кейін жариялаған материалында жасөспірімдердің 11 пайызы интернетке тәуелді деген нәтижеге жеткен. Ол былай дейді: «Интернетке тәуелді жасөспірімдердің бойынан күйзеліс көбірек байқалады. Бұл күйзеліс интернетке тәуелділіктен туындаған. Ал күйзеліс жасөспірімді интернетті көбірек қолдануға итермелеуі мүмкін».

Интернетті бақылаусыз түрде қолданудың нұқсан келтіретіндігі белгілі. Жасөспірім интернетке тәуелді болған кезде оның басқалармен қарым-қатынас жасауға деген құлшынысы азаяды. Қытай үкіметі адамдардың, әсіресе жасөспірімдердің компьютерлік ойындарға тәуелділігімен күресу үшін оларды бір айға әскери гарнизондарға жібереді.

Компьютерлік ойындардың адам жанына тигізетін жағымсыз салдарларымен қатар, бұл құралмен жұмыс жасаудың пайдаланушылар үшін физикалық тұрғыдан қиыншылықтары мен салдарлары болады. Компьютерлік ойындардың физикалық тұрғыдан туындататын қиыншылықтардың бірі – көру қабілетінің нашарлауы. Жасөспірімнің компьютер арқылы интернет беттерін үзіліссіз қарауы салдарынан оның көру мүшесіне көп мөлшерде қысым түсетіндіктен көру қабілеті де нашарлайды. Дәрігерлердің пікірінше, ұзақ уақыт бойы компьютерді қолданатын балалар мен жасөспірімдер үшін алыстан көрмеушілік қаупі пайда болады.

Сонымен қатар, ұзақ уақыт бойы компьютерді пайдаланатын жасөспірімдерде білек, мойын мен арқа тұсында аурулар пайда болуы мүмкін. Себебі, жасөспірім бірнеше сағат бойы бір қалыпты жағдайда отырады. Нәтижесінде оның омыртқалары мен сүйектерінде жайсыздықтар пайда болады. Сонымен қатар, мойын, алақан және білектерде талу және дызылдау сезімдері компьютермен ұзақ уақыт бойы жұмыс жасаудың тағы бір салдары. Оған қоса, жасөспірімнің терісіне толассыз түрде монитордан шығатын сәулелер түседі. Компьютерлер мен оның бағдарламаларын шектен тыс қолданудың тағы бір салдары – салмақтың артуы. Балалар мен жасөспірімдердің салмағының артуына осы машинаның алдында көп отырып, қозғалыстарының шектелуі себеп болады. Компьютермен жұмыс жасау кезіндегі дененің барлық іс-әрекеті саусақтардың қимылдарымен ғана шектеліп, дененің басқа мүшелері әрекетсіз қалады. Бұл әрекетсіздік денедегі майлардың шоғырлануына, ал ол кезегінде көптеген аурулардың пайда болуына соқтыратын семіздікке алып келеді.

Бүгінде батыстық үкіметтер компьютерлік ойындарды елдер мен діни құндылықтарға қарсы жұмсақ соғыста құрал ретінде пайдаланып отыр. Бұл ойындар ашықтан-ашық америкалықтардың мәдениеті мен құндылықтарын насихаттап, оның барлық кезеңдерінде америкалықтардың нышандары жағымды болып көрсетіледі. Бұл ойындар әсіресе 11 қыркүйек оқиғасынан кейін өтірік айтып, алдау арқылы мұсылмандарды лаңкестер ретінде таныстырады. АҚШ-ның лоббилерімен тікелей қатынас жасайтын «Cosmo war» сияқты компаниялары кейбір компьютерлік ойындарды шығарады. Бұл ойындарда ойыншыларға адамзатты құтқару сылтауымен басқаларға шабуыл жасап, оларды өлтіруге болатындығы сендіріледі. Сондықтан, психологтар америкалық қатыгездік үлгілерінің отбасыларға ықпал етуіне алаңдап отыр. Себебі балалар мен жасөспірімдер өздерін америкалық сарбаздардың орнына қойып, ойындардағы көптеген қатыгездіктерді үйренеді.

Исламдық тағылымдарда ата-анаға перзенттердің бос уақытын дұрыс өткізуге, сондай-ақ ойын-сауық құралдарын дайындап, оларды бақылауға кеңес беріледі. Шындық іс-қимылдің сезікті қозғалыстың негізі мен өмірлік міндеттердің іргетасы екендігінде. Әсіресе адамның физикалық төзімділігінің негізі қаланатын балалық шақ бұл тұрғыдан маңызды саналады. Сол себепті, имам Садық (ғ.с.) былай дейді: «Баланың өмірінің алғашқы жеті жылы ерікті түрде ойындар және дене іс-қимылдарымен өткізілуі керек».

Шын мәнінде, өмірдің алғашқы кезеңінде балалар өздерінің қуаныш пен шаттыққа толы әлемін үлкендердің әлемімен алмастырады деп күтудің қажеті жоқ. Керісінше балалардың салауаттығы мен денсаулығына зиян келмес тимес үшін оларға ойын ойнау мен көңіл көтеруге рұқсат беру керек. Тіпті Исламның ардақты пайғамбарының (с.ғ.с.) тапсырмасына сәйкес, балалардың ойындарында оларға жәрдемдесу керек. Пайғамбар (с.ғ.с.) былай дейді: «Қасында бала бар адам өзін бала сияқты ұстау керек».

Жасөспірімдік шақта да ата-ана өз перзенттерінің жасына сай шығармашылық жұмыстарына ерекше назар аударуы керек. Олар жасөспірімдердің шығармашылық қабілеттерін гүлдендіру үшін мұқият түрде бақылау арқылы оларға ойындарды таңдауы керек.

Ислам діні перзенттерге тіпті атқа міну, жүзу және оқ ату сияқты ойындар мен спорт түрлерін үйретуді ата-анаға міндет етіп жүктеген. Бұл жайында Алланың елшісі (с.ғ.с.) былай дейді: «Әкенің перзентінің алдындағы парызы – оған жазу, жүзу және оқ атуды үйрету».

Сондықтан ата-аналар мен мәдени және оқу-білім ұйымдарының қызметкерлері дұрыс бағдарлама құру арқылы балалар мен жасөспірімдердің қазіргі заманғы комьютерлік ойындарды дұрыс пайдалану жолын бағдарлауы керек.

Ата-ана перзенттеріне өмірге қажетті басқа да құрал-жабдықтар сияқты компьютерді де белгілі бір мөлшерде қолдану қажет екендігін, себебі компьютермен шектен тыс жұмыс жасаудың психикалық және физикалық тұрғыдан зарар келтіретіндігін үйретуі тиіс.

 

Тегтер