Сәу 14, 2016 13:18 Asia/Almaty
  • Балалар мен жасөспірімдердің тәлім-тәрбиесі: ислам көзқарасы тұрғысынан

Өткен бөлімде баланың қауіпсіздік пен құрметті қажет ететіндігін және оның әке-шеше тарапынан қамтамасыз етілуі керектігі жайлы айтқанымыз естеріңізде болар. Бүгінгі бөлімде тәлім-тәрбиенің басқа да құралдары, яғни мақтау мен жазалау және олардың адамның жетілуіндегі рөлі жайлы баяндаймыз.

Бала тәрбиесіндегі маңызды құралдардың бірі – мақтау болып табылады. Адам болмысы өзінің жақсы істері үшін басқалардың оны қолпаштап, мақтағанын қалайды. Мақтау орынды әрі мөлшерімен орын алса баланың психикасы мен рухына ғажайып түрде әсер ететін факторлардың бірі болып табылады. Отбасылық психолог әрі америкалық жазушы доктор Джеймс Добсон "Әке, шеше! Мені тәрбиелеңдер!" атты кітабында былай деп жазады: «Баланың қабілет-дарынын ашу әрі оны ынталандыру – әке-шеше баланың тәлім-тәрбиесі мен оның жауапкершілік сезімі пайда болуы үшін пайдалана алатын тиімді техникалардың бірі. Баланы жауапкершілікке үйрететін ата-ананың өздері болғанына қарамастан, олар әдетте өздерінің жасөспірім балаларының жауапсыздығына шағымданады». 

Бүгінде психиологтар мен сарапшылар мақтаудың сындарлы әрі маңызды рөлін түсінді. Олар мадақтауды баланың тәлім-тәрбиесіндегі пайдалы құрал ретінде пайдаланады. Мақтау балаға оң ықпал ете алады. Ол баланы жақсы істерге итермелейді. Жақсы істері ата-анасы тарапынан қолпашталып, өз істері пайдалы болғанын сезген бала өзі қол жеткізген абыройын жоғалтпауға тырысады. Сондықтан оның жағымды істері артады. Баланы қолпаштау оның өз-өзіне сенімінің нығаюына себеп болады. Өз-өзіне сенімділігі жоғары бала маңайындағы адамдар кінә тағатын іс-әрекеттерге бармайды. Мақтау баланың рухани ләззат алуы мен ризашылығына себеп болады. Басқаша айтқанда, әке-шешесі тарапынан мақтау еститін баланың жүрегінде олардың мейірімі артады. Сол себепті ол ата-ананың кеңестері мен нұсқауларын да оңай қабылдайды. Мақтау баланың жағымды әдеттерін жетілдіріп, дамытуына себеп болады.

 Баланы тәрбиелеу үшін оны мақтау кереу. Бірақ кейде ақыл-кеңеспен түзелмейтін жағымсыз қылықтар мен әдетті өзгертіп, түзету үшін жазалаудан басқа амал қалмайды. Исламдағы жазалау тежеу және жаман мен жақсының айырмашылығын түсіндіру тәсілі болып табылады. Хазірет Әли (ғ.с.) өзінің Малек Аштарға оны Мысырдың билеушісі ретінде тағайындаған бұйрығында былай дейді: «Жақсылық жасаған және жаман қылық істеген адамдар сенің алдында бірдей болмасын. Себебі мұндай тәсіл жақсылық жасаған адамды жақсылықтан алшақтатып, ал жаман қылық көрсеткен адамды жамандыққа батырады».

Жазалау – нәтижесінде адамды хабардар әрі ақылды ететін іс-әрекет. Исламдағы жазалау тек физикалық түрде ғана емес, сонымен қатар елемеу, бір нәрседен мақұрым қалдыру, айыптау, орнын толтыру, кейіпті өзгерту, теріс қарау сияқты әрекеттерді де қамтиды.

Мақұрым қалдыру дегеніміз – сыйлықтар мен артықшылықтардан мақұрым қалдыру. Бұл өте жағымсыз қылықтардың алдын алуға арналған тәсіл болып табылады. Мысалы, бұл тәсілмен балаға «енді үйдің ішінде тағы доп ойнайтын болсаң, допты алып аламын» деп ескерту жасауға болады. Жазалау тәсілдерінің бірі – баланы елемеу болып табылады. Егер бала ата-ананың көңілін қалдыратын бір қылық жасаса, ондай жағдайда баланы елемеу оның рухына ерекше әсер етеді. Перзент өзінің өсуі үшін барлық есіктердің жабылып, жаман қылығынан бас тартудан басқа шара қалмайтынын сезеді. Осылайша, жағымсыз ісінен қол үзіп, ата-анасынан немесе тәрбиешісінен кешірім сұрауға тырысады.

Сонымен қатар, мақұрым қалдыру – баланы өзін қызықтыратын заттардан алшақ ұстау да болады. Мысалы, бала мейірім мен махаббат, дәмді тағамдар және ойын мен ойыншықтарға қызығады. Сондықтан ол үшін осы заттардан мақұрым қалу қиын болады. Сол себепті осы заттарға қайтадан қол жеткізу үшін жаман істерден қол үзуге әзір болады.

Жазалаудың тағы бір тәсілі – айыбын өтету болып табылады. Бұл тәсілде бала өзінің жасаған жағымсыз қылығы үшін айыбын өтеуге немесе бір заттан мақұрым қалуға мәжбүр болады. Мысалы, егер бала шектен шығып, ұрып-соғып, заттарды лақтырып немесе тіл тигізе бастаса, онда оның жасына қарамастан оның айыбын өтету керек. Ондай сәттерде баланы қауіпсіз жерде оқшау қалдырып жазалау керек болады.

Орнын толтыру тәсілінің мақсаты – бала өз ісінің жауапкершілігін мойнына алып, жағымсыз әрекетінің орнына жағымды іс жасауы керек немесе өзі тиген зарардың орнын толтыруы керек болады.

Әрине махаббат пен мейірім танытып, құрмет көрсету және кешіру әрқашанда жақсы болады. Ал балаға қатысты ашу шақыру, ұрсу, дөрекілік тек жағымсыз ғана емес, сонымен қатар мұндай қылықтарға тыйым салынған. Пайғамбар (с.ғ.с.) әулетінің жолында олар өз перзенттерін жазалау жайттары келтірілмеген.

Тәлім-тәрбие барысында физикалық жазалауды қолданудың әрқашанда өз жақтастары мен қарсыластары болған. Жақтаушылардың пікірінше, көптеген жайттарда жазалау жақсы түзетуші құрал болады. Кем дегенде ол басқаларды тежеу және оларға сабақ беруге сеп болады. Кейбір жайттарда, егер адамның жағымсыз істері жедел түрде тоқтатылмаса, ол орны толмайтын салдарларға соқтырады. Ондай жағдайда жазалау жалғыз шешім жолы болып табылады. Себебі басқа тәсілдер жағымсыз қылықты тоқтату немесе оны тежеу үшін көп уақыт алуы мүмкін. Сондықтан басқа тәсілдермен салыстырғанда жазалаудың басымдылығы оның тез арада әсер етуі деген пікір бар.

Діни ілімдерде де осындай пікір байқалады. Егер жазалау өз уақытымен әрі орынды болса және лайықты жағдайда орын алса жағымсыз қылықты жоя алады. Хазірет Әли (ғ.с.) былай дейді: «Егер адамды жақсы қатынас жөндемесе, онда оны жақсы жазалау түзетеді».

Ол хазірет сондай-ақ былай дейді: «Жақсыларды түзету тәсілі - оларды мадақтау, ал жамандарды түзету тәсілі - оларды жазалау». Осы екі рауаят негізі бойынша жазалау тәслі түзетеді, ал кейбір жайттарда тежеу әсеріне ие болады деген нәтижеге жетеміз.

 Жазалаудың өзіндік шарттары мен қағидаттары бар. Егер олар сақталмаса тәрбие ісіне еш ықпалын тигізбейді. Мысалы, егер бала байқаусызда бір ыдысты сындырып алса, оны жазалаудың қажеті жоқ. Жазалаған күннің өзінде балаға еш әсері болмайды. Сондай-ақ, жазалау қателіктің мөлшеріндей болу керек. Қателік пен жағымсыз қылықтың мөлшерін біліп, әсерлі болу үшін сол мөлшерде лайықты жазалау тәсілі таңдалуы керек. Ардақты Пайғамбар (с.ғ.с.) өзінің бір сөзінде жазалауға үш рет тыйым салғаннан кейін былай дейді: «Егер жазаласаң, күнәнің мөлшеріндей жазала».

Жазалаудың басты шарттарының бірі – әділетті сақтау. Ешуақытта ата-ана өзін жұбату немесе кек алу үшін баланы жазаламауы керек. Ешқашан баланың қажеттіліктерін естен шығармау керек.

Жазалау кезінде оның өзіндік кезеңдерін сақтау керек. Аздап қана жазалау кезеңінен бастау керек. Себебі жазалаудың болмашы кезеңінде, мысалы кейіпті өзгертумен-ақ бала өз қателігін түсініп, жөнделуі мүмкін. Ондай жағдайда қатаң шара қолдану қажет болмайды.

Егер жазаланғаннан кейін бала түзелсе, одан кейін оның қате ісін қайта-қайта еске түсіріп, сол жайтқа қатысты балаға ұрсып, оны жазалау үшін сылтауға айналдырмау керек. Орынды әрі лайықты жаза әсерлі болмақ. Сондай-ақ, ол мінез-құлықты жөндеуге көмектеседі. Жазалау бала өзінің қателік жасағанын түсініп, оны қайталаудан алшақ болуына себеп болады. Жазалау – жаратылысты іс-әрекетінің кері салдары жайлы ескертіп, оны оятудың факторы болып табылады.

Тегтер