Батыстың өмір салты (20)
Бүгінде Батыс қоғамында жалғыз өмір сүру, ата-ананың біреуінен ғана тұратын жанұя құру және балалы болудан қорқу сияқты құбылыстар белең алып барады. Психологтардың сенімінше, адамдар мұндай өмір салтының психологиялық және эмоционалды салдарларын жою үшін жануарлармен өмір сүруге бет бұрды.
Батыстағы жанұяға қатысты ең ауыр мәселелердің бірі – отбасы құрылымының өзгеруі және одан туындаған эмоционалды жетіспеушілік. Бүгінде Батыс қоғамында жалғыз өмір сүру, ата-ананың біреуінен ғана тұратын жанұя құру және балалы болудан қорқу сияқты құбылыстар белең алып барады. Психологтардың сенімінше, адамдар мұндай өмір салтының психологиялық және эмоционалды салдарларын жою үшін жануарлармен өмір сүруге бет бұрды. Жанұяда жылулық көру және махаббат сыйлау – адамдардың табиғи қажеттіліктерінің бірі. Батыс адамы үйде жануар асырап, бағу арқылы осы қажеттілігін өтегісі келеді. «Батыстың өмір салты» атты бағдарламамызда осы әлеуметтік құбылыс жайлы сөз қозғаймыз.
Дүние жаратылғаннан бері жануарлар адамның қасында оның өмірінің бір бөлігі ретінде тіршілік етіп келеді. Бұл көршілестік кез келген дәуірде жануарлар мен олардың адам өміріндегі орнына қатысты түрлі ақлақтық көзқарастардың туындауына себеп болды. Жануарлардың сорына қарай, ежелгі заманда Аристотель үздік те үлгілі философ деп танылды. Оның ойынша, әлемде иерархия бар. Болмыстың төменгі сатысында тұрғандар жоғарырақ тұрғандардың қолдануы үшін жаралған. Мысалы, өсімдік жануар үшін, жануар адам үшін жаралған. Сондықтан Аристотельдің көзқарасынша, жануарлар адамдардың керегіне жарау үшін жаратылған. Батыс мәдениетінде 18 ғасырдың аяғына дейін сақталған көзқарасқа сәйкес, жануарларға тиісті орын берілмей, рақымсыздық жасалды.
Өмірде индустриализация артып, адами қатынастар азайғаннан кейін үй жануарларын ұстауға қызығушылық артты. Тіпті бұл қызығушылық Батыс адамдарының көңіл көтеретін нәрсесінің біріне айналды. Үй жануарларына қызығушылық – Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Батыста кең таралған құбылыс. Соғысқа дейін үй жануарларын ұстау қазіргідей кең таралмаған еді. Алайда соңғы жарты ғасырда бұл тақырыптың маңыздылығы артқаны сонша, үй жануарларын бағу және соларға қажетті заттар өндіру дамыған елдердің табысы мол өнеркәсіптерінің біріне айналды. 2017 жылғы статистикалық мәлімет бойынша, үй жануарларына арналған қорек дайындау саласы 20 млрд-тан астам еуро табыс әкелген. Еуропаның үй жануарлары қорегі федерациясының (Fediaf) директоры былай дейді:
«Бұл салада жұмыспен қамтамасыз ету және жалдау статистикасы артқаннан кейін үй жануарларына иелік ету маңыздылығы айқындала түсті. Үй жануарларына арналған қорек саласында 100 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Біздің есептеуіміз бойынша, шамамен 900 мыңға жуық адам үй жануарларына қатысты басқа да салаларда қызмет атқаруда. Еуропада үй жануарларының қоректерін өндірушілер, 200 мыңға жуық ветеринар, 60 мың арнайы дүкен, үй жануарларына қажетті заттар өнеркәсібі, осы салаға қатысты ақпарат құралдары, үй жануарларын тасымалдау, әл-ауқатын жақсарту саласында жұмыс істейтін ұйымдар бар». Үй жануарларын күту саласының айтарлықтай табыстылығына байланысты үй жануарлары санының артуы Еуропа экономикасының капиталистік жүйесі үшін жақсы хабар деп айтуға болады.
Еуропа мен АҚШ қалаларының көшелері мен саябақтарының барлығында дерлік үй иттерін көруге болады. Олардың әралуандығы соншалықты, бұрынғы заманда мұндайды елестету мүмкін емес еді. Екі алақанға сыятын иттерден бастап адамның бойымен бірдей иттерге дейін бар. АҚШ-тың үй жануарлары өнімдері ассоциясының (APPA) 2019-2020 жылдарда жүргізген зерттеулеріне сәйкес, америкалық жанұялардың 67 пайызында (шамамен 85 млн отбасында) үй жануары бар. 2017 жылғы санақ бойынша, бұл елде тек 73 млн-нан аса бала болса, үйде ұсталатын мысық саны 94 млн-нан асқан, сондай-ақ, 89 млн ит бар. Жануар асыраудың бірнеше дәлелі бар. Сол себепті бүгінде үй жануарлары жанұяның бір мүшесіне айналған. Кейбір адамдар жалғыз. Басқа бір топ жалғыздықпен қоса, егде жасқа келген. Сондай-ақ, балалы жанұялар жануарларды өз баласының серігі ретінде таңдайды. Батыстың өмір салтында перзент пен аға-қарындастың бос орны үй жануарларымен толтырылады. 20 ғасырдың 60-жылдарынан кейін АҚШ-та бұл құбылыс бір батыстық мәдениет ретінде таралды. Тіпті америкалық мәдениеттің бір бөлігіне айналды. Ел басшысының өзінде арнайы ит бар.
Бірақ мұндай мәдени-әлеуметтік қатынастың себебі не? Айтып өткеніміздей, бұл құбылыс себептерінің бірі қазіргі батыс адамының жалғыздығы бола алады. Технология мен сандық байланыстар дәуіріне кіргелі бері оның көптеген артықшылықтармен бірге теріс салдарлары байқалып жатыр. Солардың бірі – қоғамда адамдардың бір-бірінен қашқақтауы және жанұя мүшелері мен туыстардың бір-бірінен алшақтауы. Бүгінде жанұялық байланыс пен әлеуметтік қатынас бұрынғыдай мықты емес. Бұл мәселе ұзақ мерзімде адамды эмоционалды тоқырауға ұшыратуда. Осы эмоционалды қажеттіліктерді өтеу мақсатында үй жануарларын асырауға ұмтылыс артты. Шын мәнінде Батыс қоғамдарында үй жануарларын ұстаудың маңызды себептерінің бірі әлеуметтік қатынасты азайту және эмоционалды қажеттіліктерді өтеуге ұмтылу деп айтуға болады.
Ұлыбритания халқының көбі өздерінің үй жануарларын жанұя мүшелерінен артық санайды. Көбісі жанұя мүшелерімен уақыт өткізудің орнына үй жануарларын бағуды жөн көреді. United Press ақпарат агентігінің Ұлыбританиядағы үй жануарлары иелеріне жүргізген сауалнама нәтижесі бойынша, олардың 47 пайызы үйден тыс жерде жанұя мүшелерін емес, өздерінің үй жануарларын сағынады. Сауалнамаға қатысушылардың 13 пайызы «Егер таңдау мүмкіндігі болса, демалысты жанұя мүшелерімен емес, үй жануарларымен өткізуді қалайтын едік» деп жауап берді. Бүгінгі батыс адамы жалғыздықтан тарыққаны соншалықты, тіпті өз мұрасын үй жануарларына мирасқа қалдырады. Сіз де арагідік Батыс ақпарат құралдарынан иелерінен бірнеше мың миллион доллар мұраға алған үй жануарлары туралы естіген боларсыз.
Үй жануарларын асыраудың артуы туралы сөз қозғағанда Батыс қоғамында бала санының аздығы немесе перзенттің болмауын назардан тыс қалдыруға болмайды. Зерттеулер көрсеткендей, үй жануарлары иелерінің олармен қатынасының тәсілі мен оларға реакциясы ата-ананың перзентіне қатынасына өте ұқсас. Тіпті үй жануарларымен өмір сүретін дамдарда физиологилық сезімдер мен өзгерістер ата-ананың перзенттеріне реакциясына қатты ұқсайды. Үй жануары шығыны мен ауыртпашылығы аз перзент деп айтуға болады. Адамдар жанұя құрудан да, бала сүюден де қаншалықты қорықса, соншалықты жануарды жақсы көреді.
Осыдан біраз бұрын «Нью-Йорк Пост» ақпарат сайты бір мақалада халықтың перзент сүюдің орнына ит сатып алуға қызығушылы туралы: «2018 жылы жүргізілген зерттеуге сәйкес, Нью-Йорк жанұяларының үштен бірі итті өз перзентіндей жақсы көретінін айтты»,-деп жазды. «One Poll» зерттеу орталығы 2000 жылы Нью-Йорк жанұяларына жүргізген сауалнамада отбасылардың 34 пайызы перзент сүюден гөрі ит асырауды жөн көретінін айтқан. Отбасылардың үштен екісі, яғни 66 пайызы итті өз жанұясының бір мүшесі санайды, иттерге деген сезімі перзенттеріне көрсететін сезімге ұқсайды. Қатысушылардың жартысынан көбі өздерінің үй жануарларының сезімін түсінетінін айтып, оны өзінің ең жақсы досы деп атады. Онымен сұхбаттасады, өзінің жалғыздығын ит асыраумен толтырады. Кейбір жанұялардың сенімінше, перзенттерден гөрі жануарлармен уақыт өткізу оларды қуантып, стимул береді.
Еуропада дәрігерлердің көбі үй жануарларының иелеріне олармен өмір сүретін жердің гигиеналық тазалығы мен бөлінісіне қарамастан, күнделікті қатынаста адам мен жануардың арасында ортақ аурулардың тасымалдануы жиі болатынын ескертті. Осы уақытқа дейін жануардан адамға берілетін 850 аурудың түрі анықталған. Сол себепті гигиеналық тазалықты сақтау әсіресе иммунитеті төмен балалар үшін аса маңызды.
Гигиеналық тазалыққа ерекше көңіл бөлетін ислам дінінде ұстанушылардан өмір сүру ортасын ит сияқты кейбір жануарлардан алшақ ұстау талап етілген. Исламдық өмір салты хикметке толы. Ондағы тағылымдар адамды физикалық және рухани ластықтардан ада мақсаттандырылған өмірге жетелейді. Бұл жануардың құқығы назардан тыс қалады деген сөз емес. Исламдық дүниетанымда Құдайдың барлық мақлұқтары болмыстық қасиеті негізінде белгілі бір құқыққа ие. Әрбір мұсылман оны сақтауға міндетті.
Келесі бағдарламаға дейін сіздерді бір Аллаға тапсырамыз.