Қаз 21, 2020 19:09 Asia/Almaty
  • Иранның танымал тұлғалары (195)

Бүгінгі бағдарламада Иран мен әлемнің тағы бір мақтан тұтар тұлғасы 11 ғасырда өмір сүрген танымал ақын Масуд Саад Салманмен таныстырамыз.

Масуд Саад Салман – х.қ.ж.с.б. 5 ғасырдың екінші жартысында, сәйкесінше 11 ғасырда өмір сүрген парсы әдебиетінің сөз майталманы. Келесі бірнеше бағдарламаны осы ақынның өмірі, шығармашылығы және ойларымен таныстыруға арнаймыз

Масуд Саад Салман

Әмір Саид ад-доуле Әбу ән-Наджм Масуд Саад Салман Хамадани – х.қ.ж.с.б. 5 ғасырдың екінші жартысы мен 6 ғасырдың басында, сәйкесінше 11-12 ғасырларда өмір сүрген ұлы ақындардың бірі. Масуд Ғазнавилер, Селджұқтар мен Үндістандағы Ғазнави үкіметінің ірі әмірлері заманындағы атақты ақын болған.

Масудтың жанұясы Иранның батысындағы Хамадан қаласынан шыққан. Тазкерелер- өмірбаяндар жинағында айтылғандай, оның әкесі мен атасы өз заманының оқымысты адамдарының бірі болған. Масудтың әкесі қожа Саад Салман сұлтан Махмуд Ғазнави билікке жеткенде өте жас болған. Хамаданнан Ғазниға барып, Ғазнави сарайына 60 жыл қызмет еткен. Алдымен Ғазнида, кейін Лахорда үкіметке қызмет атқарып, сол аймақтың ақсүйектерінің бірі саналған. Ғазнавилер заманында Лахор қаласы Үндістанда басып алынған жерлердің орталығы болған. Масуд Ғазнави өз ұлы әмір Мадждудты Үндістанға билік етуге жібергенде қожа Саад Салманды онымен бірге мал-мүлікке бас-көз болсын деп жібереді. Тазкерелерде айтылғандай, қожа Саад Салман жоғары лауазымға қол жеткізіп, мол байлыққа кенелген. Өмірінің соңында мемлекеттік қызметтен бас тартып, Лахорда қайтыс болған.

Тарихшылар мен тазкере жазушылар қолда бар куәлер мен еңбектерге сүйене отырып, Масуд Саад Салман х.қ.ж.с.б. 425-438 жылдардың аралығы (1033-1046жж) Лахорда дүниеге келген деп жазған. Оның өмірін төрт кезеңге бөліп қарастыруға болады. Жастық шағы білім алып, тәрбие көрумен өткен. Бақытты шағы үкіметке қызмет еткен кезі болды. Түрмеге тоғытылып, азап көрген кезі де болды. Соңында кәрілік шағын оқшау өткізді.

Масудтың балалық шағы әкесі қожа Саад Салман Хамаданидің саясында тәлім-тәрбие алумен өткен. Масуд Лахор мен Ғазнида танымал ұстаздар алдында ғылым мен өнер үйренген. Мұнымен қоса, Масуд өз заманындағы кең таралған білім ретінде жауынгерлік негіздері, атқа міну және садақ ату өнерлерін жақсы меңгеріп, өз заманының үздіктерінің бірі саналды.  Содан кейін Масуд араб тілі, тәпсір, фикһ, тарих, қисын мен математиканы меңгеріп, парсы, араб және үнді әдебиеттерін оқуға ден қойды. Әдебиетпен танысқаннан кейін оның өлең мен ақындыққа ынтасы артқаны соншалықты, өз заманының көрнекті қасидашысына айналып, ұстаздық дәрежеге жетті. Масуд Саад Салман өзінің қаламы мен сөзінің сиқырлығын білген. Өз өлеңдерінде осы сөз сиқырына сан рет меңзеп, басқаларға да куәлік еткізген:

Ынсапты болшы, ей, әділ билеуші

Мендегі тіл, қалам мен ой кімде бар?

Масуд Саад жасөспірім кезін білім үйренумен өткізіп, жас күнінде сұлтан сарайына қызметке тұрды. Өте ақылды болған қожа Саад Салман сұлтан Ибрахим Ғазнави билік құрған кезде өз ұлы Масудты сарайға кіргізген деседі.  Тазкерелерде жазылғандай, «Сұлтан Ибрахим Ғазнави ғылым мен өнерді жақсы көрген дана патша болған.  Масуд Саадты көріп, өлеңін естігенде «Бағы бар көрікті бала екен. Еңбегі жанады» деп, оған ерекше көңіл бөлген». Масуд Саад осы патшаға арнап көп қасида шығарып, сый-сыяпатқа ие болған. Масуд сұлтан Ибрахимнің бұйрығымен оның ұлы Сейфеддин Махмұдқа жақын дос болады. Азар Бигдели «Аташкаде» атты тазкереде: «Масудтың қарым-қабілет өскіні Сабоктегин әулеті (Ғазнави) үкіметінің көгалында көктеді. Ол осы кезеңде биік мансапқа қол жеткізді»,-деп жазған.

Сұлтан Ибрахим Ғазнави  х.қ.ж.с.б.469 жылы Үндістанды басқаруды ұлы Сейфеддин Махмұдқа тапсырды. Бақытты жастық шағын өткізіп жатқан Масуд Саад осы билеушінің қарамағына өтіп, мол сый-құрметке бөленді.

Масуд Саад Салман Сейфеддин Махмұд сарайында жоғары дәрежеге ие болған, соғыс алаңында әскербасы болған, патшаның той-жиынында тәтті сөзбен бой балқытатын ақын болған. Масуд Саад Сейфеддинге арнап көп қасида шығарған. Барлық соғыста патшаның жанынан табылып, оның жеңістерін өлеңге қосқан.

Басқа ақындардай бір кезде мадақ та айттым,

Бір кезде өзгелердей қызмет те қылдым.

Мұхаммед Ауфи «Лебал ул-Абаб» кітабында: «Масуд Үнді елінде айтулы істер атқарып, өмірі бақыт пен шаттыққа толы өтіп жатты»,-деп жазған. Тазкерелерде айтылғандай, ол ғалымдар, сейіттер мен шейхтерге қарайласқан, мұқтаж жандар оның алдынан ешқашан тауы шағылып қайтпаған. Таныстар мен бөгделерге, мұсылмандар мен үнділерге мейірімді де қайырымды болған. Дос пен дұшпанға ізгі көзқараспен қараған. Ол өте қарапайым да мейірімді болған. Масуд Саад Салманның жастық шағымен тұспа-тұс келген бұл кезең оның өмірінің бақыт пен сәттілікке толы кезі болды.

Масуд Саад Салман 40 жасқа толғанда бақыты басынан тайды. Оның мансабы мен мәртебесін көре алмаған дұшпандар мен қара ниеттілер мұрсат тауып, оның аяғынан шалды. Сұлтан Ибрахим Ғазнави сарайындағы тыңшылар мен күншілдер шахзада Сейфеддин Махмұдты жамандап, оны Малекшах Селжұқпен байланысы бар деп айыптады. Сол кезде Селжұқтармен жасырын байланыста дегеннен қатерлі жала болмайтын. Өйткені екі әулет арасында жауластық пен бәсекелестік өршіп тұрған еді. Сұлтан Ибрахим Ғазнави осы хабарды естігенде қатты қайғырып, қобалжыған екен. Қаскүнемдер мен күншілдер мұрсатты пайдаланып, патшаға Сейфеддиннің басына мұндай ойды салып жүрген шахзаданың жақын достары, әсіресе Масуд Саад Салман деп сендірді. Ғазнави сұлтаны маңындағы қара ниеттілер мен күншілдер  Сейфеддин мен оның жақындары, соның ішінде Масуд Саадтың қамауға алынуына және мал-мүліктерінің тәркілеуіне себеп болды. Лахор сарайының кейбір әмірлері мен ақсүйектері Ғазнави патшаның жарлығымен өлтіріліп, басқа бір тобы абақтыға тоғытылды. Масуд Саад Салман сұлтан Ибрахим Ғазнави билігі кезіндегі өмірінің он жылын түрмеде өткізді. Ол кезде қылмыкерлер мен айыптыларды қамалдарда ұстаған. Масуд Саад Салман өз өлеңдерінде дұшпандардың жаласы мен ұятсыз күншілдердің ылаңын өзінің қиыншылығының себебі деп атаған.

Шын айтам, Жүсіптің қасқырындаймын

Жала жабылғанына қайран қалам.

Күншілдер мен қара ниеттілер осы адал да ардақты ақынды жылдар бойға түрмеге тоғытты. Масуд Саад абақтыда жатқан кезі жайлы көп өлең шығарған.

Не үшін қамалғанымды білмеймін

Ұрлықшы да, қарақшы да емес екенімді білемін.

Келесі бағдарламада осы тақырыпты одан ары жалғастырамыз.

Тегтер