Иранның танымал тұлғалары (196)
Бүгінгі бағдарламада х.қ.ж.с.б. 5 ғасырда өмір сүрген танымал ирандық ақын Масуд Саад Салманмен таныстыруды жалғастырамыз.
Өткен бағдарламадағы тақырыпты жалғастырып, х.қ.ж.с.б. 5 ғасырдың екінші жартысында (11 ғасырда) өмір сүрген ирандық сөз шебері Масуд Саад Салман жайлы сөз қозғап, оның өмірі, ойлары мен туындыларын талқылайтын боламыз.
Айтып өткеніміздей, Әмір Саид ад-доуле Әбу ән-Наджм Масуд Саад Салман Хамадани Үндістанда Ғазнавилер мен Селжұқтар заманындағы танымал ақындардың бірі және Ғазнави үкіметінің ірі тұлғаларының бірі болған. Х.қ.ж.с.б. 5 ғасырдың екінші жартысы мен 6 ғасырдың басында, сәйкесінше 11-12 ғасырларда өмір сүрген ұлы ақындардың бірі. Масуд Ғазнавилер, Селджұқтар мен Үндістандағы Ғазнави үкіметінің ірі әмірлері заманындағы атақты ақын болған. Ол әкесінің мемлекеттік қызметіне байланысты х.қ.ж.с.б. 425-438 жылдар аралығында (1033-1046жж) Лахорда дүниеге келген. Масудтың әкесі мен ата-бабасы өз заманының білімді, оқымысты адамдарының қатарында болған. Масуд Лахор мен Ғазни қалаларында танымал ұстаздардан ғылым, өнер, жауынгерлік, атқа міну және садақ атуды үйренген. Әдебиетпен танысу оның ақындық пен поэзияға қызығушылығын оятқаны сондай, ол қасида жырлауда өз заманының бетке ұстар ақынына айналып, ұстаздық дәрежеге жетті. Масуд Саад жастайынан сарайға қызметке тұрған. Сұлтан Ибрахимнің бұйрығымен ол патшаның ұлы Сейфеддин Махмұтқа көмекші болып тағайындалып, онымен бірге Үндістанға аттанды. Сейфеддиннің жанында Масудтың орны өте жоғары болды. Алайда бұл кезең Ғазнидағы қызғаншақтардың жала жабуы салдарынан жылдам аяқталды. Сұлтан Ибрахим Ғазнавидің бұйрығымен шахзада Сейфеддин мен оның көмекшілері мен жақындары абақтыға қамалды. Солардың қатарына іліккен Масуд Саад та 10 жыл өмірін түрмеде өткізді.
Кейбір тазкерешілер Масудтың абақтыға қамалуының себебін замандас ақын Абулфарадж Румидің жаласы деп санаған. Бұл дұрыс емес сияқты. Өйткені Масуд әрдайым өзін Абулфарадж Румидің шәкірті санаған. Олардың екеуі де танымал сөз майталмандары болған. Беделді дереккөздерге сәйкес, Масуд Саад Салман Үндістандағы кеңсе бастығы әрі қолбасшы (сепахсалар) Абулфарадж Мансур бен Рустамның қызғанышы салдарынан түрмеге қамалды. Сұлтан Ибрахим Ғазнави Масудты Зоболестандағы қамалдардың бірі Даһакка қамауға бұйрық берді. Масуд қамалғанда 40-тан жаңа ғана асқан еді. Ол Даһак қамалында жанұя мен достарынан алшақ болғанына қайғырса да, кейінірек ауыстырылған басқа абақтыларға қарағанда өте жайлы өмір сүрді. Сұлтан Ибраһим сарайына жақын адамдардың бірі Әли Хас Масудпен дос болған. Сол кісі Масудты жайлы өмірге қажетті заттармен қамтамасыз етіп отырған. Масуд Ғазни сарайында жоғары орынға ие Әли Хасқа арнап әдемі қасида жырлаған. Әли Хас Масудты азат ету үшін Ғазнави сұлтанының жүрегін жұмсартуға тырысқанда қаскүнемдер мен қызғаншақтар да тыныш отырмай, Ғазни сарайына Масудтың Даһакта еркін өмір сүретінін жеткізген. Сұлтан одан ары ашуланып, Масудты «Су» қамалына апарсын деп бұйрық берді. Су қамалы Үндістан түбегінен тыс жерде биік таудың үстінде салынған еді. Қамалда Масудқа қатаң тәртіп белгіленіп, аяғы кісенделіп тасталған. Осындай қиыншылықа қарамастан, Әли Хас оны бостандыққа шығарып алуға талпынысын жалғастырып, оған келіп-кетіп, күтім жасап, оны сабыр сақтап, төзімділік танытуға шақырған.
Су қамалында Баһрами есімді бір қарт адам қамауда болған. Ол ел көріп, жер көрген еркін ойлы адам болған. Масуд абақтыда қатты сабырсыздық танытып, жанұясын сағынумен қоса, олардың болашағына қатты алаңдаған. Ол өз келешегінен үміт үзген еді. Баһрами өмірдің ыстық-суығы жайлы хикаяттар айтып, оны тыныштандырған. Баһрами астрономия саласының маманы болған. Ол бүкіл өмірін жұлдыздарды зерттеумен өткізген. Масуд одан астрономия ғылымын үйренді.
Масудтың осы кезеңіндегі өлеңдерінің бәрінде абақтыда көрген қиындықтары және өз әйелі мен балаларынан алыс болу мехнаты жайлы баяндалған.
Халық қақымды жеді
Абақтыда қайғы бөлісер адам жоқ
Аяғыма екі жылан оралған
Өмірім нашардан да нашар.
Масудтың өлеңдеріне сүйенсек, ол Даһак және Су қамалдарында 7 жыл азап пен қиындыққа толы өмір өткізгеннен кейін «Най» қамалына жіберіліп, онда 3 жыл қамауда болған.
7 жылым Даһак және Суда өтті
3 жылым Най қамалында өтті
Масудтың осы кезеңдегі өлеңдерінен оның Най қамалында көп қиындық көргенін түсінуге болады. Сол себепті Найда жырланған өлеңдер батылырақ әрі жанға батарлықтай. Масуд қамауда болған кезде оның достары мен жақындары сұлтан Ибраһимнің жанына барып, одан кешірім алуға тырысқан. Ақырында Абидулмалек Абулқасемнің көмегімен Масуд босатылды.
Масуд Най қамалынан шыққаннан кейін Лахорға қайтып оралып, әкесінің үйіне барды. Оның өлеңдерінде айтылғандай, қам-қайғының көптігінен әлсіреп, қиналды. Сұлтан Ибраһим қайтыс болғаннан кейін оның ұлы Масуд Ғазнави билікке келді. Масуд Ғазнави өз ұлы әмір Азадуддоуле Ширзадты Үндістанды басқаруға жіберді. Абунаср Фарсиді көмекші ретінде онымен бірге аттандырды. Масуд Саад Салманмен бұрыннан бері дос болған Абунаср Фарси Чаландарды басқаруды оған тапсырды. Бірақ бұл үкіметтің ғұмыры қысқа болды. Абунаср Фарсиге де айып тағылып, ол да жақындарымен абақтыға қамалды. Абунаср Фарсиге жұмыс істеген әмір Масуд Саад Салман да Марандж қамалына қамалды. Бұл жолы Масуд 8 жыл зынданда болды. Масудтың өлеңдеріне шолу жасағанда оның өз өміріндегі азаптың осымен бітпейтінін жақсы білгенін көруге болды. Сол себепті ол өлеңдерінде өзі көретін қиындықтарды болжаған.
Кейбір тазкерелер мен зерттеушілердің сенімінше, ол зынданнан шыққаннан кейін мемлекеттік қызметтен бас тартып, нәпсісін тәрбиелеп, ғибадат етуге кірісті. Осы дәуірден қалған туындылары мен сол заманның тарихына шолу жасағанда оның бостандыққа шыққан кезіндегі жағдайы жайлы білуге болады. Туындылар мен куәлерге сәйкес, ол бостандыққа шыққан соң мансап қуып, маңызды мемлекеттік қызметке тұруды көздемеген. Алайда сарай маңынан да алыстап кетпеді. Өмірінің соңына дейін сарайдың мәдени істерін атқарған, соның ішінде Масуд Ғазнавидің үлкен кітапханасын басқарған. Масуд Саад Салман х.қ.ж.с.б. шамамен 515-516 жылдарда (1121-1122жж) Ғазнида қайтыс болды.
Осы тақырыпты келесі бағдарламада одан ары жалғастырамыз.