Сәу 17, 2016 13:12 Asia/Almaty
  • Ислам əлеміндегі бірлік (5)

Бұл бағдарламада сейіт Джамаледдин Асадабадидің ислам әлеміндегі бірлік туралы ой-пікірімен таныстырамыз.

Өткен бағдарламада айтып өткеніміздей, ислам әлеміне отарлаушылардың келуі мұсылмандар арасында жікшілдік пен бытыраңқылықтың күшеюіне себеп болғанымен бірлікке ұмтылған кейбір талпыныстарға да жағдай жасады. Осы үдеріспен танысу үшін алдағы бірнеше бағдарлама барысында ислам реформаторларының көзқарастары мен олардың ислам үмбетінің бірлігіне тигізген әсерлерін талдайтын боламыз.  Бүгінгі бағдарламада ислам әлемін бірлікке шақырған ойлардың ту ұстаушысы сейіт Джамаледдин Асадабадимен таныстырамыз.

Сейіт Джамаледдин Асадабади – соңғы ғасырлардағы ең алғашқы және ең маңызды діни реформатор әрі ислам бірлігінің жаршысы. Ол 19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың басында діни сенімді кертартпа ырымдар мен бұрмалаушылықтан тазартып, шынайы исламға қайта әкелуге тырысқан діни реформаторлардың қатарына жатады. Олар осы шынайы исламға қайта оралудың арқасында діни тағылымдарды ақыл мен заманның талабына сәйкестендіріп, оның нұсқауларының қазіргі заман адамына жол сілтеуін көздеді. Осы реформаторлық үдеріс барысында Батыстан үркіту ерекше орынға ие болған. Батыс елдері Шығыс халықтарының, әсіресе ислам қоғамдарының артта қалуының басты себептерінің бірі ретінде назарға алынып, мұсылмандардың бірлігі мен біртұтастығы осы қиындықты шешудің жалғыз жолы деп таныстырылды. Сейіт Джамал осы идеологиялық және саяси үдеріс барысында теоретиктің рөлін де атқарып, уақыт талабына сай саяси белсенді ретінде де қызмет етіп, ислам елдері басшыларымен хат алмасып, журнал шығарып, халықтың ортасында сөз сөйлеп, ислам әлемін біріктіру жобасын көздеген.

Ол Иран, Осман мен Үндістан Ресей, Англия мен Франция сияқты еуропалық елдер тарапынан саяси-әскери басқыншылыққа ұшырап, жаулап алыну алдында тұрғанда Шығыс халықтары мен мұсылмандарды ояту жолында талпыныс жасады. Ол кезде басқа ислам елдері тікелей және жанама түрде Батыс елдерінің отаршылығында, бәрінен бұрын жоғарыда аталған үш ел мен Үндістанның қол астында болған еді. Сейіт Джамал Ауғанстан, Үндістан, Мысыр, Иран мен Османдағы саяси белсендігінің бастапқы кезеңінде елдердің ішкі мәселелеріне көбірек көңіл аударып, өзінің негізгі күш-жігерін осы елдерде идеологиялық, саяси және әлеуметтік өзгерістер енгізуге арнады. Бірақ ол біртіндеп елдердің ішкі қиындықтарының шетелдік отаршылдықпен байланысын көргеннен кейін мұсылмандарды құтқару және олардың ішкі жағдайын өзгерту ісінің отаршылдықтан арылмай тұрып жүзеге аспайтынын және нәтиже бермейтінін түсінеді. Ол тек ислам елдері арасындағы өзара қайшылықтар мен мұсылмандардың әртүрлі діни ағымдары арасындағы жікшілдіктерді  жойып, исламдық бірлікті орнату арқылы ғана Батыс елдерінің отаршылдығына қарсы тұруға болады деген нәтижеге жетеді.   

Сейіт Джамалдың панисламистік қозғалысының басталған жері және Батыстың отаршылдығына қарсы тұру үшін мұсылмандардың бірігу қажеттігіне көңіл аударуы оның Хайдарабад пен Калькуттада 4 жыл тұрған кезіне сәйкес келеді. Ол бұл кезде Хайдарабадта «әл-Арух» деп аталатын жасырын саяси ұйым құрған, біртіндеп оның бөлімшелері әлемнің басқа жерлерінде, соның ішінде Мысыр, Тунис пен Солтүстік Африканың басқа жерлерінде ашылды. Бұл ұйымның басты мақсаты әлем бойынша мұсылмандарды біріктіру және Батыс елдерінің отаршылдығымен күресу жолында талпыныс жасау болған. Ағылшындардың Үндістанда билік жүргізуі және сейіт Джамалдың осы елдегі мұсылмандармен байланыс орнатуда шектеулердің болуына байланысты ол бұл елден шығып, Еуропаға барған. Ол Еуропада  исламдық бірлік теориясын «әл-Арух әл-Уасқа» деген журналда жариялаған. Осы журналдың 18 санында әлем халықтарының, әсіресе мұсылмандардың назарын өзінің ойларына аударды. Бұл журналда Батыс елдерінің отаршылығына қарсы мұсылмандардың бірігуі қажеттігі туралы маңызды мақалалар жарияланып тұрған.  

Ол осы мақалаларда әлемнің түкпір-түкпіріндегі мұсылмандардың қиындықтары мен мәселелерін көтеріп, бұл қиындықтардың тамырын екі фактордан – ислам елдеріндегі билеушілердің ішкі тираниясы мен Батыстың отаршылдығынан іздеген. Бұған қарсы тұрудың жалғыз жолын барлық мұсылмандардың бірігуі деп санаған. Бұл журналдың шығарылуымен сейіт Джамал әлем мұсылмандарының назарын аудару арқылы исламдық бірлік жолында маңызды қадамдар жасай алды. Тіпті ислам елдері, соның ішінде Иранда шығатын журналдар мен басылымдардың көбі исламдық бірлік идеясын таратып,  «әл-Арух әл-Уасқа»  журналындағы мақалаларды әртүрлі тілдерге аударып, халық пен билеушілердің ой-санасын мұсылмандар арасында бірлік пен біртұтастықты қалыптастыру жолында дайындауға күш салды. Сейіт Джамал өз журналының бірінші санында қызық ұсыныс жасады. Егер сол ұсынысқа көңіл аударылып,  ислам елдерінің басшылары оны орындауға байсалды түрде қарағанда, исламдық бірлік идеясы жүзеге асырылуға жақындай түскен болар еді.

Ол бұл санда ислам әлемінің умм ал-Курасы ретінде Меккеде исламдық конференция құруға ұсыныс жасаған.  Сейіт Джамал ислам әлемінің бірлігі туралы өзінің саяси теорияларының жиынтығында үш факторды: қауіпке қатысты ортақ сезімді, қорғаныс құралдарымен танысуды және амал кезінде ауызбіршілікті сақтауды осы діни-саяси бірлікті орындау үшін қажет шаралар деп атап, осындай бірлікке жету үшін белгілі бір принциптер мен тәсілдерді көрсеткен.  Оның пайымдауы бойынша, ислам мемлекеттерінде лайықты әрі тәуелсіз жүйе мен білікті, батыл әрі намысшыл басшы болмайынша, отаршылдыққа қарсы тұратын мүмкіндік жоқ, іс жүзінде қолшоқпар үкіметтер мен жемқор әрі қорқақ билеушілер болғанда отаршылдықпен күресу қиын болмақ.  Сондай-ақ, сейіт Джамал  былай деген: «Әлем мұсылмандары қуатты әрі үлкен исламдық бір елді қарсыласу базасы ретінде қабылдасын. Сонда барлық басқа елдер әлгі елдің айналасына топтасып, бірігіп, отаршылдыққа қарсы мобилизацияланады».

Оның Меккеде ислам халифатының орталығын құру үшін жасаған талпыныстары осы мақсатта жүзеге асырылды.

Сейіт Джамал мұсылмандардың бөгделерге қарсы ұстанымдарын дәріптеген, алайда жікке бөліну мен өз ұлтына тартуға қатты қарсы болып, оны мұсылмандардың әлсіреуі, бытырауы мен жеңілуінің себебі санаған. Оның сенімінше, егер мұсылмандар жікке бөлінуді қойып,  бірігіп, өз күштерін бөгделерге қарсы қасиетті күрес жолында жұмсаса, ең үлкен алпауыттардың өздері де оларға қарсы тұра алмас еді. Сейіт Джамал әлем мұсылмандарын жікке бөлінушіліктен құтқару жолында өзінің ұлтын атаудан бас тартып, өз мазхабын кейде он екі имамдық шиіт мазхабы, кейде ханафилік сүннит мазхабы деп таныстырған. Ол ешқашан мұсылмандарды белгілі бір мазхабты ұстанатындығы үшін айыптамаған. Мұхаммадтың (с.ғ.с.) үмбеті, исламдық басқару сияқты сөздерді пайдалану арқылы Құран мен ислам негізіндегі бірлікті көздеп, мұсылмандардың бірлігі үдерісіне сызат түсіруге себеп болатын кез-келген діни, ағымдық және ұлттық ұстанымдардан бас тартқан.

 «Әл-Арух әл-Уасқа» журналы жабылғаннан кейін, 1885 жылы Лондонға келіп, 1897 жылы Стамбұлда қайтыс болғанға дейін сейіт Джамалдың исламдық бірлікке үндеуі шынайы, саяси сипатқа ие болды. Сейіт Джамал Осман империясын ішкі саладағы осалдықтары  мен нұқсандарына қарамастан Батыс отаршылдарының шабуылына тосқауыл қойған үлкен кедергі, ал халифатты мұсылмандар арасында ең ықпалды әрі ең беделді басқарушы ой деп санап, сұлтан Абдулхамид II-ні қолдауды ұйғарады. Ол осылайша Осман халифаты айналасына мұсылмандарды жинау арқылы ислам елдерін Батыстың отаршылдығынан сақтауды мақсат тұтқан. Осыған орай сұлтан Абдулхамид II-мен исламдық бірлік жобасы туралы хат жазысқан. Ол егжей-тегжейлі жазылған хатта исламдық бірлік идеясын орындауға қатысты іс жүзіндегі ұсыныстар жасаған. Османдықтардың ағылшындармен одақтасқандығынан, ағылшындардың  исламдық бірлік идеясына қарсы астыртын әрекет жасау ықтималынан хабардар болған ол сұлтан Абдулхамид II-ге  Үндістан, Ауғанстан, Белуджистан, Түркіменстан мен Бұхараны Осман империясының туы астына біріктіруді ұсынып, осылайша Осман билігінің нығаюымен Ресейге қарсы жаңа майдан ашылады деп пайымдаған.  

Өз билігі кезінде  ұлтшылдықтың үлкен толқынына тап болған сұлтан Абдулхамид II бұл жобаны қолдады. Ол панисламистік саясатты ілгерілету арқылы өзінің билігі аясында империя ішінде және бүкіл әлемде исламдық бірлікті сақтауды көздеді. Осыған  орай бір өкілді сейіт Джамалмен кездесуге жіберіп, оның көзқарастарымен танысты.  Ол сейіт Джамал мен басқа да исламдық бірлік идеясын қолдаушылардың ойларын пайдаланып, орталығы Стамбұл болып табылатын панисламистік құрылымдар, кешендер мен топтар құрумен қоса, іс жүзінде әлем мұсылмандарын, соның ішінде Азия мұсылмандарын біріктіру жолында қадамдар жасады. Ол сейіт Джамалдың исламдық бірлік саласындағы идеясын орындау үшін Құдай үйіне барған қажылардың қолдауымен кейін оның панисламистік талпыныстарының символына айналған Анатолия  түбегі мен Бағдад және Сауд Арабиясындағы қасиетті мекендер арасына темір жол желісін тарту, басқа елдердің мұсылмандарын қолдау сынды басқа да шараларды атқарды. Бірақ ағылшындардың ислам әлемінің бірігу идеясынан қорқып жасаған амалдары мен басқа да кейбір факторлар сейіт Джамалдың исламдық бірлік идеясының орындалуына тосқауыл болды.

Сейіт Джамал, сондай-ақ, исламдық бірлік идеясын орындау жолында  Иранға бірнеше рет сапар шегіп, сол кездегі Иран патшасы  Насыреддин шах пен сол кездегі премьер-министр Этемад әс-Салтанемен кездескен, алайда сарай маңындағылардың қарсылығы әрі одан да маңыздырақ ағылшындардың қастандығы  Иранның исламдық бірлік саласына кіруіне тосқауыл болды.  Сейіт Джамал Иранда болған кезінде исламдық бірліктің негізгі кедергілерінің бірінің бәрінен бұрын ішкі деспотизм екендігіне көзі жетті, сондықтан  оған қарсы қатаң әрекеттер жасады. Тіпті сейіт Джамал Басра мен Бағдадқа жер аударылғаннан аз уақыт өткен соң орын алған темекі көтерілісінде (Иран халқының бір үлкен экономикалық артықшылықтың Англияның бір азаматына берілуі, яғни сол заманда басты сауда-саттық тауары болған темекіні сату және сатып алуды монополиялау артықшылығына ие болуына қарсы көтерілісі) темекі санкциясына қатысты пәтуа шығарған Мырза Ширазиге хат жазып, Насыреддин шахтың диктаторлығына қарсы әсерлі рөл атқарған.

Тегтер