Сәу 09, 2021 16:12 Asia/Almaty

«Батыстың өмір салты» атты бағдарламамыздың соңғы бөлімінде АҚШ-тағы білім жүйесінің тиімсіздігінің себептеріне тоқталамыз.

Соңғы жылдарда әлемнің әртүрлі елдерінде қайта қаралып, құрылымдық өзгерісті қажет ететін маңызды мәселелердің бірі – білім және тәрбие беру жүйесі. Бұл мәселенің маңыздылығы мынада: оқушы немесе студент әрбір ел үшін болашақты айқындайтын әлеует әрі мұрсат болып табылады. Білім беру жүйесінің тиімсіздігі мәселесіне ұшырап отырған елдер аз емес. Өз қажеттіліктерін назарға алмастан, басқа елдердің білім беру жүйесін көшіріп алу, білім саласына инвестиция салмау, тиісті бюджеттің болмауы және оның маңыздылығына көңіл аудармау – осының барлығы елдердің өз білім беру жүйесінің мақсаттарына жетуіне кедергі болып отыр. Дамыған елдер арасында АҚШ-тың білім беру жүйесі зерттеушілер мен сарапшылардың сынына алынып келе жатқанына жылдар болды. «Батыстың өмір салты» атты бағдарламамыздың соңғы бөлімінде АҚШ-тағы білім беру жүйесінің тиімсіздігінің себептері жайлы сөз қозғаймыз.

Reuters ақпарат агентігінің хабарлауынша, 2019 жылдың соңғы айларында АҚШ-та жүргізілген жалпыхалықтық зерттеу нәтижесінде осы елдің мемлекеттік білім беру жүйесінде нәсілдік бөлінушіліктің бары анықталды.  АҚШ-тағы қара нәсілді және испан текті балалар білім беру мүмкіндіктері шектеулі мектептерде оқиды. 2014 жылы UCLA университетінің азаматтық құқық тобы бір зерттеу нәтижесін жариялады. Онда АҚШ мектептерінің көбі нәсілдік бөлінушілікке бет алғаны көрсетілген. Мысалы, Нью-Йорк, Калифорния мен Техас штаттарында латынтектес оқушылардың жартысынан көбі оқушылардың 90 пайызын латынтектестер құрайтын мектептерде оқиды. Иллинойс, Нью-Йорк, Мэриленд пен Мичиган штаттарында қара нәсілді оқушылар осындай жағдайға ие.

«Білім берудегі кемсітушілік» – АҚШ-тағы білім беру жүйесінің тиімсіздігіне қатысты тақырыптардың бірі. 1954 жылы 17 мамырға дейін қара нәсілді оқушылардың ақ нәсілді оқушыларға арналған мектерде білім алуға құқығы болмады. Ұзақ жылдар бойы АҚШ үкіметтері көбіне ақ нәсілділер оқитын мектептерді дамытуға көңіл бөлді. Қара нәсілді оқушылардың білім алу мүмкіндіктері шектеулі болды. Сол себепті жоғары оқу орындарына жол тауып, бітіріп шыққан қара нәсілді түлектер саны да аз болды. Адам құқығын қорғаушылар мен нәсілшілдікке қарсы белсенділердің жылдар бойғы күресі мен табандылығының арқасында ақырында 1954 жылы АҚШ Жоғары федералдық соты осы елдің білім беру жүйесіндегі нәсілдік бөлінушілікті жойды. Алайда осы елдің білім беру жүйесі ешқашан нәсілдік кемсітушіліктен толық арылмады. Бүгінде 21 ғасырдың үшінші онжылдығының басында АҚШ халқы елдің білім беру жүйесінде нәсілдік бөлінушілікті көріп отыр. Осы елдің мемлекеттік мектептеріндегі қызметкерлердің көбі бір текті оқушыларды қабылдауды жөн санайды. Ақ нәсілді жанұялар көпнәсілді мектептерге балаларын бермейді.

АҚШ-тағы мемлекеттік мектептерге айтылатын сындардың бірі – сыныптарда оқушы санының шамадан тыс көп болуы. Әсіресе тұрғындар саны артып келе жатқан қалалардағы мектептерде оқушылар саны көп. Америкалық жазушы әрі тілші Лаура Линг АҚШ-тағы білім беру жүйесінің сәтсіздікке ұшырау себептері жайлы репортажында Чикаго қаласының солтүстігінде оқушылардың шектен тыс көп тіркелгеніне тоқталды. Ол өз репортажында 50-ден аса мектептің жабылғанын айтып, соның салдарынан бір сыныпқа 60-қа жуық немесе тіпті одан көп оқушының сыйғызылғанын жазды. Бұл бір сыныптың шынайы сыйымдылығынан екі есе артық.

Кей кездері ақпарат құралдары америкалық студенттердің қарызы туралы мақалалар жариялайды. Өткен отыз жылда АҚШ-та ЖОО-да оқудың құны 4 есе артты.  Әсіресе магистратура мен докторантурада оқу үшін студенттер алты санды несиелер алуға мәжбүр. THE STUDENT LOAN MESS кітабының авторлары JOEL & ERIC BEST-тің айтуынша, студенттердің несиелері қателіктердің салдарынан үлкейе беретін шар сияқты. Қазіргі таңда АҚШ-та 44 млн-нан аса студент студенттік несие алған. Олар 1,5 трлн-нан аса доллар қарыз.  АҚШ-тың PBS арнасы осы елдегі студенттік несиелер тарихын баяндайтын деректі фильм түсіріп, оқу ақысының артынуың бір бөлігі университеттердің жатақхана ақысы, оқу сыныптары мен асхана және спортзалдар ақысының артуына қатысты деп санайды. Қызмет ақысының өсуі ғимараттардың сыртқы тартымдылығының артуымен түсіндіріледі.

Нью-Йорк университетінің экономика пәнінің ұстазы Константин Янлис: «АҚШ-та қарызға батқан 40 млн-нан аса студенттің арасында 10 пайызы екі жылдан кейін бөліп төлеу қабілетінен айырылады. Болашақта бұл пайыздық  көрсеткіш артуы мүмкін. АҚШ-та студенттік қарыздар жағдайы қауіпті шекке жетті»,-дейді. Брукингс институтының болжауы бойынша,  2023 жылы АҚШ-та несие алған студенттердің 40 пайызға жуығы несие төлеу қабілетінен айырылады. Америкалық ақпарат құралдары бұл дағдарысты 2008 жылы болған ірі экономикалық дағдарыспен бірдей деп бағалап отыр. CNBC арнасы бұл мәселені АҚШ экономикасындағы бір бос көбік деп атады. Маркет Уотч және Факс Ньюс сияқты ақпарат құралдары іс жүзінде оған «дағдарыс» деп ат қойды. АҚШ Орталық банкінің төрағасы Джером Пауэл 2018 жылы АҚШ Конгресінде осы мәселеге тоқталып: «Студенттік несиелер ұзақ мерзімде АҚШ экономикасына кері әсерін тигізеді. Өйткені жастар несие төлейміз деп жүріп, көлік пен үй сатып ала алмайды. Сондықтан АҚШ-та тұтынушылық көрсеткіші төмендейді»,-деді. Пауэл өз сөзінде: «Бұл бір күнде шешілетін мәселе емес. Өйткені студенттік несиелердің қарызы күннен күнге артып барады. Бұл мәселе АҚШ экономикасының дамуын баяулатады»,-деп ескертті.

Студенттік несиелер АҚШ-та экономикалық дағдарысқа айналды. Іс жүзінде америкалық жастар жақсырақ қызметке тұру үшін жоғары оқу орындарының дипломдарын алуға мәжбүр. Сондықтан студенттік несиелер алуды өз болашағына инвестицияның бір түрі деп санайды. Джорджтаун университетінің 2020 жылы жүргізген зерттеуіне сәйкес, АҚШ-та жастар жұмыс түрінің 65 пайызына қол жеткізу үшін кемінде бакалавр дипломына ие болуы тиіс.

Студенттің клиентке айналуы АҚШ-тағы білім беру жүйесінің бір бөлігіне айналған сыңайлы. АҚШ-тың FRONTLINE арнасы 2010 жылы түсірген университет индустриясы (COLLEGE,INC) туралы деректі фильмінде елде банкротқа ұшыраған университеттерге салынған инвестициялар туралы баяндайды. Инвесторлар банкротқа ұшыраған университеттерді сатып алып, олардың беделін пайдаланып, студенттерді тіркеу арқылы федералдық үкіметтен несие алады. Содан соң олардың акциясын биржада сату арқылы айтарлықтай табыс табады. Мысалы, 2008 жылға дейін Гранд Каньон университетінің атын ешкім естімеген болар, бірақ 2008 жылы алғаш рет осы университеттің акциясы Wall Street биржасында  ұсынылып, құны  шамамен 1 млрд 200 млн долларға жетті. COLLEGE,INC фильмінің жазушысы әрі тілші Мартин Смит АҚШ-тағы жоғары оқу орындарды халық пен салық төлеушілердің ақшалай қолдауының арқасында жұмыс істейтін табысты кәсіп деп атады. Ол ЖОО-ға фастфуд дүкеніндей қаралатынын қатерлі қатынас санайды.

Танымал америкалық-жапондық физик доктор Мичио Каку АҚШ-тағы білім беру сапасының төмендігін атап өтіп: «АҚШ ең нашар білім беру жүйесіне ие. Біз бір ақымақ ұрпақ дайындап жатырмыз. АҚШ-тың ақымақтану деңгейі жыл сайын артып келеді. Бұл – бір шындық. Мұндай білім беру жүйесі неліктен жойылмайды? Мен сіздерге бір нәрсе айтайын: АҚШ-та бір құпия қару бар. Оның аты – H1B визасы. Бұл виза болмағанда АҚШ-тың білім беру жүйесі баяғыда жойылар еді. Google-ды және Кремний даласын ұмытар едік. H1B визасы болмағанда Кремний даласы мүлде болмас еді»,-дейді.

Мичио Каку: «H1B визасы – дарындар визасы. АҚШ-та докторанттардың 50 пайызы АҚШ-тан тыс жерде дүние келген. АҚШ-тағы ең ірі жүйелердің бірі саналатын физика жүйесінде докторанттардың 100 пайызы америкалық емес. АҚШ әлемдегі барлық дарындарды тартатын магнит сияқты, бірақ бұл дарындар өз елдеріне қайтады. Олар Қытайға, Үндістанға және т.б. қайтып оралады. Wall Street Journal айтуынша, бір конгресмен дарындар визасын алып тастау керек деп айқан екен. Неге? Өйткені сырттан адамдар келгенде америкалықтарға жұмыс орны қалмайды. Бұған  Wall Street Journal былай деп жауап берді: Жұмысынан айырылды дейтіндей жоғары сатыдағы мұндай мамандықтарда ешбір америкалық жоқ. Бұл салаларда жоғары технология қолданылады. Керісінше сырттан келгендер АҚШ-та жұмыс орындарын ашады»,-деді.

Ардақты ағайын, осы бағдарламада сіздерге Батыс қоғамындағы шындықтардың бір бөлігін таныстыра алдық деген үміттеміз. Алла жар болсын!

Тегтер