Иранның танымал тұлғалары (200)
Бүгінгі бағдарламада Иран мен әлемнің тағы бір мақтанышы х.қ.ж.с.б. 11 ғасырда өмір сүрген атақты ақын Талеб Амолимен таныстырамыз.
Талеб Амолидің өмірі өте қызық. Жас ақын махаббатта жолы болмай, Отанын тастап кетіп, басқа елде саясат пен әдебиет салаларында ең жоғары дәрежеге жетіп, танымалдық пен салтанаттың шарықтау шыңында жастай қайтыс болды. Оның өмірбаяны көбіне ертегіге ұқсайды. Сефевилер заманындағы тазкерелерде Талеб Амолидің өмірбаяны жазылмағанда Мазандеранның шөбі шүйгін жайылым жерлері мен қалың ормандарында «Талеб, ей, Талеб» деп ән айтатын табарестандық малшылар мен орманшылардың сүйіктісі болған адамның шынымен өмірде болғанына сену мүмкін емес еді.
Тарихи еңбектер мен тазкерелерде оның әкесінің аты-жөні анық жазылмаса да, ол қайтыс болғаннан 4 жыл өткен соң жазылған қолжазбаның соңында оның аты Мұхаммед, әкесінің аты Абдулла деп тіркелген. Тазкерелердің көбінде осы ирандық ақынның аты мен лақап атын Мұхаммед Талеб Амоли деп жазған. «Талеб, ей, Талеб» поэмасында ақынның өмірбаяны, сергелдеңге түскен жағдайы жергілікті тілде жырланған. "Талеб" ақынның поэтикалық есімі, лақап аты ретінде аталған.
Талеб Амолидің өмірбаянын жазған жазушылардың ешқайсысы оның туған жылы мен өмір сүрген жасына тоқталмаған. Бірақ бәрі Талебтің жастық шағында Ираннан Үндістанға барып, сонда сарай қызметінде де, әдебиетте де ең жоғары дәрежеге жетіп, жастай дүниеден озғанын жазды.
Талеб Амолимен біраз уақыт дос болған Мир Абдулғани Фахруззамани Қазвини «Мейхане» тазкересінде: «Жастық шағында, өмірінің көктемінде Отанынан кетті»,-деп жазды. Талеб Амолидің замандасы болған жазушы Мұхаммед Ареф Ширази «Латаеф ул-хиал» еңбегінде «Талеб х.қ.ж.с.б. 1010 жылы Мазандераннан Иракқа барды»,-деп жазған.
Талебтің өлеңдеріне сүйенсек, ол 19 жасқа дейін Амольде өмір сүрген. Егер Талеб Амолидің досы Мұхаммед Ареф Ширазидің сөзін қабылдасақ (дұрыстығына шәк келтірілмейтін сыңайлы), Талеб х.қ.ж.с.б. 1010 жылы 19 жасында болған. Яғни х.қ.ж.с.б. 991 жылы дүниеге келген. Бұл жыл Талебтің замандастарының жазғандарына сәйкес келеді.
Жалпы алғанда Талеб Амолидің өмірін төрт кезеңге бөліп қарастыруға болады: х.қ.ж.с.б. 991-1010 жылдары Мазандеранда тұрған кезі, 1010-1016 жылдар аралығында Иранның басқа қалаларында тұрған кезі, 1016-1028 жылдар аралығында Үндістанға қоныс аударып, осы елдің түрлі қалаларында тұрған кезі, 1028-1036 жылдар аралығында Үндістанда «Шайырлардың шайыры» атанған және дүниеден озған кезі.
Мұхаммед Талеб Амоли х.қ.ж.с.б. шамамен 991 жылы білімді әрі ауқатты отбасында дүниеге келген. Бұған Талебтің өзімен қоса қарындасы Сати ән-Ниса Бегім де куә. Ол кейіннен үнді императорларының сарайында «Садр ән-Ниса» деген лақап алып, өз заманындағы ғылым-білім бойынша үздіктердің бірі болып, білікті дәрігер атанып, үнді ханшайымдардың мұғалімі болған. Талеб Амоли кәмелет жасқа толғанға дейін өз заманында ауқатты отбасылардың балаларына оқытылатын ғылым-білімнің басым бөлігімен танысқан. Талеб Амольдің билеушісіне жазған қасидасында сол замандағы ғылым мен өнерден хабардар екеніне тоқталған. Талеб өз өлеңдерінде жазуының әдемі екенін де айтқан. Замандастары осы орайда оның пікіріне қосылады. Талеб өлеңдерін талдау көрсеткендей, ол өзіне дейінгі ақындардың өлеңдерін терең зерттеген. Талеб өз заманындағы ғылым мен өнерді меңгерумен қоса, ақсүйек жастарды қызықтыратын жауынгерлік, атқа міну және садақ ату өнерлерін де үйреніп, өлеңдерінде өзін сан рет жауынгер жігіт деп таныстырған. Талеб көптеген қасидаларында атқа мінуге әуестенетінін жазған. Ат пен атқа мінуді сипаттап әдемі өлеңдер жазған. Ол бос уақытын көбіне аң аулап, садақ атып, атқа мініп, малшылар мен орманшылар арасында тұрып өткізген. Сол жерде өлең шығарып, өзінің әдемі поэтикалық табиғатын көрсеткен. Талеб өмірінің осы кезеңінен жанға жайлы қасидалар мен ғазалдар қалды. Оларды талдағанда оның нәзік поэтикалық болмыстан хабары барын білумен қоса, сол кездегі жағдай мен оның өмірінің қырларын түсінуге болады.
Талеб х.қ.ж.с.б. 1010 жылы Амольдан Кашанға барды. Оның өмірбаяндарын жазған адамдардың ешқайсысы сапардың мақсатына тоқталмаған. Бірақ оның замандастарының жазбаларының мазмұнынан оның Кашанға сапарының мақсаттарын түсінуге болады.
Кашанда Талебтің атағы мен дәрежесі жоғары туыстары болған. Олар Сефевилер сарайымен байланыста болған екен. Талебтің нағашы ағасы «Рокна» деген атпен танымал хакім Рокнеддин Масуд білікті дәрігер әрі атақты ақын болған. Ол шах Аббас Кабирдің сарайында қызмет етіп, ерекше құрметке ие болған. Хакім Рокна Акбар шах, Жаһангир мен шах Жаһанның билігі кезінде Үндістанға барып, сол елдегі билік сарайында дәрігерлікпен айналысып, өлең жазған. Біраз уақыт өткеннен кейін Иранға қайтып оралған.
Бұрынғы заманда ақындар үшін лауазымға, атаққа, мал-мүлікке жету үшін қолданылатын ең маңызды құрал ақындық өнер болған. Олар осы өнерден материалдық пайда табу үшін патша сарайына жақындауға тырысқан. Сол себепті Талеб Мазандеран қоғамын өзіне қолайсыз жер санап, өзінің поэтикалық дарыны бағаланатын дәрежеге қол жеткізу үшін Кашанға барып, патша сарайына қатынайтын өзінің нағашы ағасының көмегімен Исфахандағы шах Аббас Кабирдің сарайына жетуді көздеген.
Зерттеушілердің сенімінше, Талебтің Амольдан Кашанға қоныс аударуының басты себебі махаббатта сәтсіздікке ұшырауы болған. Талебтің өмірбаянын жазған жазушылардың ешқайсысы бұл тақырыпқа тоқталмаған. Бірақ егер Низамидің «Хосроу-Шырын» поэмасының ырғағымен (ұйқасымен) жергілікті мазандеран тілінде жазылған «Талеб-Зохре» лирикалық поэмасына көңіл аударсақ, Талебтің Амольдан кетуінің басты себебін түсінуге болады. Мазандерандағы, әсіресе Амоль мен Нұр аудандарындағы шопандар мен малшылар, жергілікті жыршылар «Талеб, ей, Талеб» атты өлеңдер оқиды. Бұл өлеңдер бір нәзік лирикалық поэманың шашыраңқы бәйіттер болып табылады. Поэманың басты кейіпкерлері – Талеб Амоли мен оның сүйіктісі Зохре. Поэмада Талеб көбіне «Талеб Фарамарз» деп аталады. Кейбіреулер Нұрда «Фарамарз» деп аталатын тайпа өмір сүргенін ескеріп, Талебті осы тайпадан шыққан деп айтқан. Оның сүйіктісі Зохре де көбіне «Зохре Зарнегар» деген атпен аталады. «Талеб-Зохре» поэмасының өлеңдері толық емес. Біраз іздестірсе, 200 бәйіт жинастыруға болады. Қолда бар өлеңдерден әлгі екеудің бір-біріне ғашық болуы, махаббаттарының сәтсіздікке ұшырауы және Талебтің Амольдан кетіп, Үндістанға жол тартқаны айтылған.