Maм 30, 2021 21:14 Asia/Almaty

Мұхаммед пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айта отырып, «Нұрлы жол» бағдарламасының 860-бөлімін назарларыңызға ұсынамыз. Құран Кәрімнің аяттарына жасалған жеңіл тәпсірмен таныстыруды одан ары жалғастырамыз.

Аса қамқор әрі ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймыз!

"Ғафир" сүресінің 21-22 аяттарына құлақ түріңіздер:

«أَوَلَمْ یَسِیرُوا فِی الْأَرْضِ فَیَنظُرُوا کَیْفَ کَانَ عَاقِبَةُ الَّذِینَ کَانُوا مِن قَبْلِهِمْ کَانُوا هُمْ أَشَدَّ مِنْهُمْ قُوَّةً وَآثَارًا فِی الْأَرْضِ فَأَخَذَهُمُ اللَّـهُ بِذُنُوبِهِمْ وَمَا کَانَ لَهُم مِّنَ اللَّـهِ مِن وَاقٍ»، «ذَلِکَ بِأَنَّهُمْ کَانَت تَّأْتِیهِمْ رُسُلُهُم بِالْبَیِّنَاتِ فَکَفَرُوا فَأَخَذَهُمُ اللَّـهُ إِنَّهُ قَوِیٌّ شَدِیدُ الْعِقَابِ»

 

Аяттардың аудармасы: Олар жер жүзінде кезіп, өздерінен бұрынғы, тағы күшті әрі жер жүзінде көп деректер қалдырғандардың соңдарының қалай болғанын көрмей ме? Сонда Алла, оларды күнәлары себепті қолға алған. Сондай-ақ оларды Алладан қорғаушы жоқ. (21)

Осылар, расында өздеріне ашық белгілермен келген елшілеріне қарсы келулерінің салдарынан; Алла, оларды қолға алды. Өйткені Ол, тым күшті, азабы өте қатты. (22)

 

Өткен бағдарламадағы соңғы аятта күнәһарлардың қиямет күніндегі жағдайы туралы сөз сөйледік. Бұл аяттарда халық өткен тарихты оқып, сабақ алуға шақырылып, «Неге олар әлемнің түрлі жерінде тұрған адамдардың жағдайы туралы ойланып, олардың қандай қылмыс пен күнәнің салдарынан нендей күйге ұшырағанынан ғибрат алып, олардың жолынан бас тартпайды?» деген сауал қойылады.

Бұл аятта адамдарға: «Егер әлемнің әртүрлі жерлерін араласаңыз, бағзы заманда залым билеушілер өмір сүріп, халыққа билік жүргізген сарайлар мен ғимараттардан қалған қирандыларды көресіз, бірақ қазір олардан еш белгі жоқ. Сарайлар мен ғимараттардан да тек қирандылар қалды» делінген.

Бұрынғы заман адамдарынан қалған тарихи ескерткіштерді көру біз үшін билік пен құдіреттің шарықтау шыңында тұрса да, орасан зор мүмкіндіктерге ие болса да, зорлық-зомбылық жасаушылардың кететінін білдіретін ғибратты сабақ бола алады.

Аяттардың жалғасында: «Біз бағыт беріп, жол сілтеу міндетін атқардық. Оларға пайғамбарлар жібердік. Бірақ олар ақиқатты қабылдаудың орнына күпірлік пен теріске шығару жолын таңдап, хаққа қарсы шықты. Сондықтан Алланың қаһарына ұшырап, қиындыққа тап болды. Олардың күш-қуаты мен сән-салтанатын бұза алатын құдірет бар деп ойламады»,-делінген.

Осы аяттардан үйренетініміз:

  1. Құранда мақсатты және ғибратты сапар мен саяхат жасауға кеңес берілген.
  2. Қазіргі өмірде дұрыс жолды табу үшін өткен тарихты оқып зерделеу – ақылға қонымды аса қажетті іс.
  3. Экономика, өнеркәсіп, ғылым мен әскер саласындағы ауқымды мүмкіндіктер мен қабілеттерге мақтанып, тәкаппарланып кетпейік. Бұлар Алланың еркі алдында ештеңе емес.
  4. Алланың жазасы тек ақыретте орындалмайды. Кейде Құдай бұ дүниеде де өз қаһарының бір бөлігін зұлымдарға көрсетеді.
  5. Алла адамдардың дауын толық шешкенге дейін оларды жазаламайды.

Енді "Ғафир" сүресінің 23-24 аяттарына құлақ түріңіздер:

«وَلَقَدْ أَرْسَلْنَا مُوسَى بِآیَاتِنَا وَسُلْطَانٍ مُّبِینٍ»، «إِلَى فِرْعَوْنَ وَهَامَانَ وَقَارُونَ فَقَالُوا سَاحِرٌ کَذَّابٌ»

 

Аудармасы: Расында Мұсаны (ғ.с.)  мұғжизаларымыз әрі ашық дәлелмен жібердік. (23)

Перғауын, Һаман және Қарұнға жібердік. Олар: “Өтірікші жадыгер” деді. (24)

 

Бұл аяттарда осы дүниедегі Алланың қаһары туралы тарихи мысалдардың біріне тоқталып: «Құдай хазірет Мұсаны перғауын, оның уәзірі Һаман мен Қарун бай сияқты залымдардың билігіне жөн сілтесін деп мұғжизамен бірге жіберді»,-деді.

Хазірет Мұса Алланың қолдауымен таңғажайып істер жасады. Бұл оның метафизикалық әлеммен байланысы барының белгісі. Мұғжизалармен қоса, хазірет Мұсада мықты әрі мызғымас дәлелдер де болған. Бірақ залым перғауындар оның мұғжизаларын сиқыршылық деп атап, оның Алладан хабар әкелдім дегенін өтірік деп санаған.  

Әрине тарих куә болғандай, күпірлік пен зұлымдықты ту еткендер әрдайым жөнсіз айыптар мен қисынсыз өтіріктерді тарату арқылы Алланың ақ жолындағы адамдардың сөздерін жоққа шығарып, олардың халыққа әсер етунің алдын алып отырған.

Ал хазірет Мұса (ғ.) қанішер әрі әділетсіз билеушілердің зұлымдығын тоқтатып, әділетті қоғам орнатуға жіберілген.

Хазірет Мұсаның шақыруын қабылдау перғауын мен оның жандайшаптарының билікті теріс пайдаланып, өз қалауынша халықты қанап, зорлық-зомбылық жасай алмауына себеп болары сөзсіз еді. Сондықтан олар өз мүдделерін сақтап қалу үшін хазірет Мұса мен оның серіктеріне қатаң қарсы тұруға шешім қабылдады.   

  1. Пайғамбарлар тек халықты құлшылыққа шақыру үшін ғана емес, зұлымдық пен қанаушылықты жою үшін де жіберілген.
  2. Кейде билік пен байлық Алла алдында тізе бүгуден бас тартып, халықтың құқығын аяққа таптауға себеп болады.
  3. Пайғамбарлардың қисыны мен мұғжизасы анық та түсінікті. Бірақ үстемшілдердің дүниеқоңыздығы адамдардың хақты қабылдауына кедергі болып келді.

 

Енді "Ғафир" сүресінің 25 аятына құлақ түріңіздер:

«فَلَمَّا جَاءَهُم بِالْحَقِّ مِنْ عِندِنَا قَالُوا اقْتُلُوا أَبْنَاءَ الَّذِینَ آمَنُوا مَعَهُ وَاسْتَحْیُوا نِسَاءَهُمْ وَمَا کَیْدُ الْکَافِرِینَ إِلَّا فِی ضَلَالٍ»

 

Аудармасы: (Мұса Ғ.С.) оларға жанымыздан шындық келтірген кезде: “Онымен бірге иман келтіргендердің ұлдарын өлтіріңдер, әйелдерін тірі қойыңдар” деді. Бірақ кәпірлердің әдістері мүлде зая болар. (25)

 

Қалай болғанда да, хазірет Мұсаның қисыны мен мұғжизасына қарсы айқын дәлел келтіре алмаған перғауын мен оның уәзірі Хаман хазірет Мұсамен күресу үшін түрлі жоспар құрды. Бұл аятта олардың арам айлаларының бір бөлігі айтылған. Олар бірінші кезекте хазірет Мұсаға иман келтіріп, оған ерген адамдарды жас-кәрі демей өлтіріп, әйелдерін күңдікке алып қалуға шешім қабылдаған.   Олардың мақсаты хазірет Мұсаның жақтастарын басып-жаншу болды, сонда ешкім оған иман келтірмейді, ал иман келтірген адамның көзі жойылады.

Әрине бұл – залым билеушілердің бүкіл тарих бойында қолданып келе жатқан тәсілі. Олар түрлі тәсілдермен қоғамдағы белсенді жастарды бұрыс жолға салады немесе басып-жаншиды. Бірақ хазірет Мұса оқиғасында перғауынның алуан түрлі қастандықтары мен қысымдары пайғамбарға өз миссиясын орындауына тосқауыл бола алмады. Олардың қалауына керісінше, Бәни Израиль қауымы күшейе түсіп, залымдарға табанды түрде қарсы тұру жолын таңдады.

Осы аяттан үйренетініміз:

  1. Өлтіру және тұтқынға алу – залымдар мен үстемшілдердің тарих бойында қолданып келе жатқан тәсілі. Бұл қысымдар иман келтіргендерді хақ жолынан тайдырып, әлсіретпеуі тиіс.
  2. Дұшпандар соғыс, қантөгіс немесе азғындықты тарату арқылы жастарды жоюға немесе бүлдіруге  жоспар құрады.
  3. Дұшпандар ұдайы хақ жолындағыларға қарсы қастандық ұйымдастырады. Бірақ егер иман келтіргендер хақ дінге жақтасса, дұшпандардың жоспарының күлі көкке ұшып, ақырында хақ жалғанды жеңеді. Бұл – Алланың уәдесі.

Тегтер