Маусым 16, 2021 01:25 Asia/Almaty
  • Иранның танымал тұлғалары (201)

Бүгінгі бағдарламада х.қ.ж.с.б. 11 ғасырда өмір сүрген атақты ирандық ақын Талеб Амолимен таныстырамыз.

Өткен бағдарламада айтып өткеніміздей, Мұхаммед Талеб Амоли х.қ.ж.с.б. шамамен 991 жылы Амольда дүниеге келген. Осы қалада өз заманының ғылымы мен өнерін меңгеріп, жауынгерлік машық пен атқа мінуді үйренген. Талеб Амоли х.қ.ж.с.б. 1010 жылы Амольдан Кашанға көшті. Көшудің түрлі себептері айтылған. Алайда екі фактор қисындырақ көрінеді. Кейбіреулер көшудің себебін сарай маңына жақындау деп санайды. Ол шах Аббас Сефевидің сарайында дәрігер болған бөле ағасының көмегімен өзін Исфахандағы Сефевилер сарайына жеткізуді көздеген. Алайда көптеген адамның сенімінше, Талеб Амолидің Кашанға көшуінің басты себебі махаббаттағы сәтсіздігі болған. Мазандерандағы, әсіресе Амоль мен Нур аудандарында тұратын шопандар, малшылар мен жергілікті әншілер «Талеб, ей, Талеб» деп аталатын өлеңдер айтатын. Олар бір лирикалық поэманың шашыраған бәйіттері еді. Поэманың кейіпкерлері – Талеб Амоли мен оның сүйіктісі Зохре ханым. Қағаз бетіне түсірілмеген өлеңдерде қос ғашықтың ынтықтығы және сәтсіздігімен қоса, Талебтің Амольдан кетіп, Үндістанға бет алғаны баяндалған. 

Кейбіреулер «Талеб, ей, Талеб» лирикалық поэмасын Талеб Амоли шығарған деп есептейді. Бірақ әдеби сыншылардың сенімінше, бұл поэманың авторы Талеб Амоли бола алмайды. Өйткені поэма Амоль мен оның маңындағы қалаларда кең танылған. Яғни поэма Амольда жырланған, онда Талеб Амолидің болашағы жайлы болжам жасалған. Талебтің келешегін баяндаудың өзі бұл поэманың Талеб Амоли тарапынан жырланбағанын көрсетеді. Кейбіреулер оны Талебтің апайы жырлаған деп санайды. Бұл да шындыққа жанаспайды. Басқа бір топтың сенімінше, осы лирикалық өлеңдерді Талебтің сүйіктісі Зохре Джалави жырлаған. Бұл ой мынадан туындады: поэмада Талеб Амольдан кеткеннен кейін оның сүйіктісі диуанадай шарқ ұрып, осы жолда тау мен тасқа, дала, орман мен теңізге мұңын шағып, қашып кеткен сүйіктісін іздегені айтылған.  

«Талеб-Зохре» дастанында Талеб жанұясының өмірі туралы қысқаша баяндағаннан кейін оның мектепке баруы, Зохреге ғашық болуы айтылған. Қысқасы, Талеб жас кезінде Амольда Зохре деген сұлу қызға ғашық болған. Қос ғашықтың махаббаты ұзақ уақыт бойы жасырын қалған. Бірақ ақырында құпиялары ашылып, Зохренің туыстары Талебтің жанұясымен жауласып жүргендіктен қос ғашықтың махаббатына көңіл аудармай, Зохрені басқа адамға құдаластырып жібереді. Талеб қанша талпынса да, екі жанұяның арасында бұрыннан бар бәскелестіктің салдарынан Зохренің жанұясының көңілін аулай алмайды. Талебтің байлығы, жастығы және тіпті әдеби дәрежесі де сүйіктісінің жанұясының ойын өзгерте алмайды. Махаббатта жолы болмаған Талеб жынданып кете жаздайды. Қалада өмір сүре алмайтындай жағдайға жетеді. Сол себепті Амольды тастап шығып, өмірінің соңына дейін ол қалаға қайтып оралмайды.

Талеб өз өлеңдерінде жастық шағының куәсінің атын тура атамаса да, оның туындыларына көңіл аударсақ, махаббат оқиғасының қайғысы оның көмескі санасында өмірінің соңына дейін сақталып қалып, өлеңдерінде көрініс тапқанын көруге болады. Сол арқылы «Талеб-Зохре» дастанын жақсы түсінуге болады. Талеб өз өлеңінде ашық түрде бірнеше жылдық жасырын махаббаты мен өзінің сәтсіздігіне тоқталып, туған жерден кету себебін баяндаған:

Тасадан жүрегіме махаббат оғы атылды,

Бірақ қапыда шәһид болдым.

Шикі сөз айтып едім, бірнеше жылдық еңбегім жойылды.

Сабыр сақтап, шыдамды бол дегендер болды.

Жүрегім басқа қалаға баруға дауаламады.

Бірақ бір күні Амольдан қуылдым.

 

Талеб Амольдан шығып, Кашандағы туыстарына барып, сол жерден бірнеше рет Исфаханға сапар шегіп, біраз уақыт елдің астанасы болған салтанатты қалада тұрды. Талеб Исфаханда шах Аббасқа арнап бірнеше қасида мен мадақ өлең шығарып, сарайға жіберді. Алайда оның өлеңдері шах пен сарай маңындағылардың көңілінен шықпады. Сөйтіп Талеб сарай ақындары қатарына қосылмады. Оның сәттілікке қол жеткізбеуінің себебі сарайда қолдаушысының болмауы деп айтылды. Оның сарайға кіруіне көмектесе алатын жалғыз адам бөле ағасы дәрігер Рокна еді. Алайда ол х.қ.ж.с.б. 1011 жылы Сефевилер сарайына өкпелеп, Үндістанға кеткен болатын. Талеб төрт жыл бойы Кашан мен Исфаханда тұрды. Бұл екі қалада тұру материалдық тұрғыдан Талебке ешқандай пайда әкелмесе де, бұл кезеңді ғылыми және әдеби мағлұматтар алу тұрғысынан Талеб өмірінің ең жемісті кезеңі деп атауға болады. Сол кезде ғылыми-әдеби тұрғыдан маңыздылығы болмаған Амольдың шағын ортасынан шығып, Исфахан мен Кашанның ауқымды ғылыми-әдеби ортасына қосылу Талебтің әдеби көзқарасын тұтастай өзгертті. Әдеби сыншылардың сенімінше, Талебтің келесі өсу деңгейі ақынның осы кезеңде алған мағлұматтарына тікелей байланысты.

Талеб Исфаханда жетістікке жете алмаған соң,Үндістанға сапарын бастады. Ол осы сапарда біраз уақыт Мервте уалаят билеушісі Бекташ ханның жанында тұрған. Талеб Мервте жайлы өмір сүріп, уақытының көбін әдеби мағлұматтар жинап, өлең шығарумен айналысқан. Бірақ ол көбірек мағлұмат пен байлық жинауға қызығып, Үндістанға сапарын жалғастырмақшы болды.

Түрлі себептер мен факторлар Үндістанды өнерпаздар мен ақындардың арман-тілектерінің құбыласына айналдырды. Ирандық басқару стилін ұстанған Тимурилер әулетінің тікелей ұрпағы Бабыр сұлтандарының Үндістанда болуы осындай факторлардың бірі еді. Сол елдегі ирандық билеушілер мен әмірлер түрлі мемлекеттік және әскери лауазымдарда қызмет атқарған. Олар ирандық ақындар мен өнер иелерін жақсы көрген. Үндістан билеушілері ирандық ақындар мен өнерпаздарға құнды сыйлықтар мен тұрақты жалақы беріп отырған. Үндістанға қоныс аударған ирандықтардың үлде мен бүлдеге бөленіп өмір сүріп жатқаны туралы әңгімелер халық арасында кең таралған еді. Сондай-ақ, түрлі мазхаб өкілдерінің бір-бірінің жанында еркіндікте, тату-тәтті өмір сүруі де дарынды ирандықтардың Үндістанға қоныс аударуға ынталарын арттырған себептердің бірі болды. Ирандықтар Үндістанда мемлекеттік және әскери қызметтерде үлкен лауазымдарға ие болып, байлыққа кенелумен қоса, тіпті биік мансаптарға жетіп отырған.

Мервтің билеушісі Бекташ хан Талебтің Үндістанға баруына екі себептен қарсы болды. Біріншіден, Бекташ хан Талебке өте қызыққан, оны Мервтен шығарғысы келмеген.  Екіншіден, Иран мен Үндістан арасында өнер иелері мен ақындарды тартудағы бәсекелестік Талебтің Үндістанға кетуіне үлкен кедергі болды. Сол себепті Талеб Низамидің «Хосроу-Шырын» поэмасының ырғағымен өлең шығарып, Мервтен Амольға сапар шегуге рұқсат сұраған екен. Бекташ хан келісіп, Талеб Мервтен шығып, Үндістанға бет алған. Бұл кезде Талеб шамамен 25 жаста еді.

Келесі бағдарламада осы тақырыпты одан ары жалғастырамыз.