Шіл 21, 2021 15:55 Asia/Almaty

Аса қамқор әрі ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймыз! Армысыздар, ардақты ағайын! Мұхаммед пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айта отырып, «Нұрлы жол» бағдарламасының 862-бөлімін назарларыңызға ұсынамыз. Құран Кәрімнің аяттарына жасалған жеңіл тәпсірмен таныстыруды одан ары жалғастырамыз.

"Ғафир" сүресінің 29-аятына құлақ түріңіздер:

«یَا قَوْمِ لَکُمُ الْمُلْکُ الْیَوْمَ ظَاهِرِینَ فِی الْأَرْضِ فَمَن یَنصُرُنَا مِن بَأْسِ اللَّـهِ إِن جَاءَنَا  قَالَ فِرْعَوْنُ مَا أُرِیکُمْ إِلَّا مَا أَرَى وَمَا أَهْدِیکُمْ إِلَّا سَبِیلَ الرَّشَادِ»

Аяттың аудармасы: “Әй елім! Бүгін патшалық сендердікі. Бұл жерде өктемсіңдер. Ал егер (Алланың ашуы) бізге келсе, сонда бізді Алланың апатынан кім қорғайды?”,- деді. Перғауын: “Мен сендерге өз көзқарасымды ғана айтамын. Сондай-ақ сендерді тура жолға ғана саламын” деді. (29)

Өткен бағдарламада айтқанымыздай, перғауын сарайындағы мүмін адам дәлелді сөз айтып, хазірет Мұсаны өлімнен арашалап қалуға тырысты. Өткен бағдарламада оның сөздерінің бір бөлігіне тоқталдық. Ол перғауын мен сарай маңындағыларға: «Сіз қазір кең байтақ Мысыр жеріне билік жүргізесіз. Қай тұрғыдан алғанда жағдайды бақылап отырсыз. Мұса сізге қарсы әрекет жасай алмайды. Бірақ егер оны өлтірсеңіз және оның уәдесі шын болып шықса, Құдайдың қаһарына ұшырап, биліктен айырылуыңыз мүмкін. Сондықтан өз ісіңіздің әсері мен нәтижесі жайлы жақсылап ойланыңыз»,-деді.

Оның сөздері перғауынның айналасына әсер етіп, оларды жібіткен сыңайлы. Бірақ перғауын өз сөзіне табандылық танытып, Мұсаны өлтіруді талап етті. Бұдан басқа жол жоқ, мен айтқан жол дұрыс деп қоймай қойды. Әрине бұл –тарих бойындағы барлық жәбірлеушілер мен бүлікшілердің сипаты. Олар өздерін бәрінен ақылды санап, тек өздерінің ойы мен назарын дұрыс деп біледі.

Аяттан үйренетініміз:

  1. Қазір қолда бар билік пен байлыққа мастанбайық. Өйткені егер Құдай бұйрық етсе, бәрінен айырыламыз.
  2. Қылмыскер әрі бүлікшіл адамдарға ескерту жасап, оларды жағымсыз әрі сұрқия істерден бас тартуға шақыру – имандылардың міндеттерінің бірі. Тіпті егер олардың қарсыласы перғауын сияқты мықты билеуші болса да.
  3. Ескертулерге көңіл аудармай, өзін тым ақылды санау перғауындық рух пен астамшылдықтан туындайды. Тіпті дәреже тұрғысынан  перғауынның жағдайында болмаса да.

"Ғафир" сүресінің 30-30-аяттарына құлақ түріңіздер:

  1. «وَقَالَ الَّذِی آمَنَ یَا قَوْمِ إِنِّی أَخَافُ عَلَیْکُم مِّثْلَ یَوْمِ الْأَحْزَابِ»، «مِثْلَ دَأْبِ قَوْمِ نُوحٍ وَعَادٍ وَثَمُودَ وَالَّذِینَ مِن بَعْدِهِمْ وَمَا اللَّـهُ یُرِیدُ ظُلْمًا لِّلْعِبَادِ»

Аяттың аудармасы: Иман келтірген кісі: “Әй елім! Расында мен сендерге (өткен) топтардың күні сияқты күн (келуі) нен қорқамын” деді. (30) “Айталық: Нұх (Ғ.С.) елінің, Рад, Сәмүд және олардан кейінгілердің әдеттері тәрізді. Алла (Т.) құлдарына зұлымдық қаламайды!” (31)

 

Перғауын хазірет Мұсаны өлтірмек ниетінен айнымағанымен, оның мүмін туысы талпыныстан қол үзбеді. Ол өткен қауымдардың тағдырына тоқталып, перғауынды ғапылдық түсінен оятып, оның шешімін өзгертетініне үміттенді.

Ол: «Сіз  Нұх, Рад, Самуд және олардан кейінгі қауымдардың тағдырынан хабардарсыз. Бұл қауымдар жоғары өркениетке ие болса да, кәпірлік, құдайға серік қосу, бүлік пен былыққа бой алдырғандықтан олардың ақыры не болғанын, қалайша жермен-жексен болғанын қараңызшы! Нұх қауымын топан су басты, Рад қауымын жойқын жел жайпады, Самуд қауымы найзағай отына күйді»,-деді.

Мысыр өркениеті әлгі қауымдар секілді тағдырға ұшырап, жойылып кете ме деп қорқамын. Әрине олардың басына келген нәрсе – өздерінің жаман істер жасауы, пайғамбарларды теріске шығаруы немесе оларды өлтіруінің салдары. Құдай өз құлдарына зұлымдық жасағысы келмейді. Өйткені ол адамдарды жаратып, оларға мол нығмет берді, үнемі оларға мейіріммен қарайды. Бірақ адамдар қарсы шығып, бүлік шығарғанда Оның қаһарына ұшырайды.

Бұл аяттардан үйренетініміз:

  1. Өткен қауымдардың тағдыры жайлы терең ойлану адамға болашақ жолды тануға көмектеседі. Құран осыны айтады.
  2. Қате сенімдер мен мінез-құлықтар адам бойында дағдыға айналса, ол жарқабақта тұрғандай қатерге ұшырайды. Бағзы замандардағы кейбір қауымдар жаңсақ ойлар мен жағымсыз әрекеттерге үйреніп алған соң әрдайым ақиқатты теріске шығарып отырған.  
  3. Кейде материалдық қиындықтар мен бәле-жалалар – Алланың қаһарының нәтижесі және өзіміздің әрекетіміздің салдары.

 "Ғафир" сүресінің 32-33-аяттарына құлақ түріңіздер:

«وَیَا قَوْمِ إِنِّی أَخَافُ عَلَیْکُمْ یَوْمَ التَّنَادِ»، «یَوْمَ تُوَلُّونَ مُدْبِرِینَ مَا لَکُم مِّنَ اللَّـهِ مِنْ عَاصِمٍ وَمَن یُضْلِلِ اللَّـهُ فَمَا لَهُ مِنْ هَادٍ»

Аяттың аудармасы: “Әй елім! Расында мен, сендерге келетін ойбайласу күнінен қорқамын!” (32)

“Сол күні арттарыңа бұрылып қашасыңдар. Сендерді Алладан қорғаушы болмайды. Алла кімді адастырса, оған тура жол көрсетуші болмайды.” (33)

 

Перғауын әулетінен шыққан мүмін сарай маңындағыларға ескертулерінің жалғасында: «Егер бұрынғы қауымдардағыдай Алланың қаһарына ұшырасақ, жан сақтап, қаһардан аман қалу үшін қашуға және паналауға мүмкіндік болмайды. Сол күні бір-бірімізді шақырамыз, бір-бірімізден көмек сұраймыз. Бірақ дауыстар ешқайда жетпейді. Өйткені қара басын құтқаруды ойлайтын әр адамның басқаларға көмектесуге шамасы болмайды»,-деді.

Шын мәнінде Алланың жетекшілік жолын бетке алып, пайғамбарлардың тағылымдарын өмірінің ұранына айналдырған адам сол күні құтқарылады. Бұдан басқа жол таңдаған әрбір адамның адасып, Алланың жетекшілігінен мақрұм қалатыны анық.

Бұл аяттарда адамдардың адасуы Құдайға телінеді, бірақ шын мәнінде адасу – адамның жаман әрекетінің және қате таңдаулардың нәтижесі. Соның салдарынан Құдай адамды жайына қалдырады. Басқа сөзбен айтқанда, Құдай адамды хақ жолынан адастырмайды, бірақ кәпірлер мен күнәһарлар күнәға белшелерінен батқан соң жетекшіліктен мақрұм қалып, өздерінің жойылуына жағдай жасайды. Әкесінің қолын босатып жіберетін бөбек сияқты ол әрине жерге құлап, зардап шегеді.

Бұл аяттардан үйренетініміз:

  1. Бұзақыларға істерінің салдары туралы ескерту – жанашыр мүмін адамдардың міндеттерінің бірі. Сол себепті жанашыр әкелер мен аналар балаларына отқа жақындамау туралы ескертеді.  
  2. Жетекшілік ету де, адастыру да Құдайдың қолында. Алайда бұған жеткізу адамның қолында.  
  3. Жетекшілік пен адасу арасында үшінші жол жоқ. Алланың жетекшілігін таңдамаған кез келген адам адасады. Осы екеуінің арасында ортаңғы жол жоқ.

Бүгінгі бағдарламамыз осымен аяқталды. Сіздерді бір Аллаға тапсырамыз.   

Тегтер