Сәу 19, 2016 13:44 Asia/Almaty
  • Балалар мен жасөспірімдердің тәлім-тәрбиесі: ислам көзқарасы тұрғысынан

Ахлақ әр адамның тұлғасының маңызды бір бөлігі болып табылады. Адам тұлғасындағы ахлақтың маңыздылығы соншалықты, ахлақсыз адам үшін адамгершіліктің жоғары деңгейінде орын жоқ деп батыл түрде айтуға болады.

Қазіргі әлемде адамзат өнеркәсіп және технологиялар сияқты салаларда көзге көрінерліктей жетістіктерге қол жеткізді. Бірақ ахлақтық салаларда адамзаттың қазіргі өмірінде жетістіктер байқалмайды, керісінше көптеген өмірлік салаларда құлдыраулар көзге түседі. Бұл сөздерге әлемнің жер жерінде күн сайын орын алатын апаттар, қантөгістер мен қақтығыстар дәлел болады. Қазіргі таңда ахлақтық шекаралар бұзылып, ахлақтық құндылықтар әлсірегеннен кейін жаңа ұрпақтың бойында рухани дағдарыс бой көтерді деп айтуға болады. Осындай қиыншылықтардың туындауының маңызды себептерінің біріне тәлім-тәрбие мамандары мен ойшылдарының ахлақтық құндылықтар мәселесіне аз көңіл бөлетінін жатқызуға болады. Тәлім-тәрбие мамандарының пайымдауынша, бір тұлғаның бойында ахлақи құндылықтарды қалыптастыру үшін ең жақсы кезең балалық шақ болып табылады. Ата-аналар мен тәрбиешілер түрлі жас кезеңдерінде балалардың қабілеттері мен шектеулерін анықтап, олардың бойындағы ахлақи құндылықтардың дамуына ең жақсы тәсілмен көмектесе алады.

 Адам салауатты әрі дамуға бет алған өмірге ие болу үшін ахлақтық критетийлер мен ахлақтық тәлім-тәрбиелік шеңберлер мен қағидаларды қажет етеді. Жақсы өмір сүру, бақыт пен ішкі тыныштыққа жетудің әр адамның арманы екендігі сөзсіз. Адамдар әрдайым тәлім-тәрбие мен оқу-білімнің соңында болған. Оны үйрену арқылы өз өмірлерін мағыналы етіп, басқалармен қарым-қатынастарын жақсартуға тырысқан. Адамдар өздері үшін жаман мен жақсыны ажыратуды үйретіп, өмірдің қалтарыстарында оларға жолнұсқау болатын құндылықтар жүйесін қажет етеді. Ахлаққа негізделген құндылықтар жүйесі жақсы өмір сүру және адамзаттың құтқарылуы үшін ықпалды құрал болып табылады.

Адамдар жақсы ахлаққа жету үшін тазаруы керек. Ал тазарудың нәтижесі адамның кемелденуі болады. Осыған байланысты Құран Кәрімде пайғамбарды (с.ғ.с.) жіберудің мақсаты нәпсілерді тазарту және ахлаққа баулу деп айтылған. Алла Тағала "Шамс" сүресінде былай дейді: «Расында нәпсісін тазартқан кісі құтылды да». Аталмыш аяттан мынадай нәтиже шығаруға болады: нәпсіні тазарту кеңес етілген әрі міндетті әмірге жатқанымен, ол исламда жоғары орынға ие маңызды іс болып табылады. Нәпсі тазартылмаса, адамның негізгі наным-сенімдері де жойылады.

Адамның бекзаттығы оның жақсы ақлағына байланысты. Егер бір адам экономикалық, саяси және ғылыми тұрғыдан ең жоғарғы құжаттар мен дәрежелерге ие болып, бірақ адамгершілік және ахлақи өлшемдерге сәйкес келмесе, адамдардың көз алдында оның мәртебесі төмендейді. Бір адамды қоғам мен отбасы үшін құнды етіп, оның өміріне тазалық пен ләззат сыйлайтын нәрсе – жақсы ахлақ. Ахлақтың көмегімен адамдардың жүрегін баурап, адамдардың бір-біріне деген мейірімділігін оятып, қоғамды алаңдаушылықтар мен қиыншылықтардан тазартуға болады. Адамдардың ахлақи тәрбиесінің балалық шақтан басталатыны белгілі. Балаларға ахлақи тағлымдарды үйрету оларды ержеткенде өнегелі әрі жауапты адамдарға айналдырады.

Балалардың ахлағын дамыту ерекше маңыздылыққа ие. Отбасы мүшелері, мектеп қызметкерлері, достар мен құрбылардың әрбіреуі өз тәсілімен балалардың тұлғаларының қалыптасуына әсер етеді.

Үй ахлақи тәрбиенің алғашқы мектебі болып табылады. Бала отбасында күнделікті көретініне негізделіп, уақыт өте келе өзінің ахлақи негіздерін қалыптастырады. Үй кеңістігінде әр бала бойына жақсы және жаман қасиеттерді сіңіреді. Ол бір өнегелі отбасында өз-өзіне сенімділік, адал ниет, заңға құрмет, әдет-ғұрып, адамгершілік, мейірім мен сезім, махаббат пен жақындық және мейірбандықты үйренеді. Бір нашар отбасында қатыгездік, кекшілдік, қырсықтық және қаталдық сияқты жағымсыз қаисеттерді үйренеді. Бала қандай тәлім көрсе солай тәрбиеленіп, тұлғасының шеңбері де солай қалыптасатын бір көшет тәрізді. Үй кеңістігінде өтірік айтылғанды көретін бала өтірік айтуды үйреніп, еш күмәнсіз, кейін оны өзінің әр қылығында пайдаланатын болады. Қатыгездікке толы кеңістікте өскен баладан мейірімділікті күтуге болмайды. Әке-шешесінен ахлақ пен жылылық көрмеген бала кешірім мен жылылықты аса бағаламайтын болады.

Үй мен отбасының жас ұрпаққа әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер мен ахлақты жеткізетін негізгі кеңістік екенін айттық. Ата-ана баланы тәрбиелеу ісіндегі басты адамдар болғандықтан оның ахлақи тәрбиесінде де маңызды рөл атқарады. Ата-ана өзінің және ата-бабасының көптеген қасиеттерін перзенттерге береді.

Әке-шешенің ұясы ахлақи құндылықтар, жақсы мінез-құлық немесе керісінше жаман әдеттерді үйрететін балалардың алғашқы мектебі болады. Бұл істе ананың үлесі әкенің үлесінен әлдеқайда артық болады. Себебі ана – баланың басты тірегі. Бала өмірінің алғашқы жылдары көбінесе анасымен қатынас жасайды. Оған қоса баланың өзінің әкесі мен анасына деген сүйіспеншілігі қатты болады. Бұл сүйіспеншілік пен байланыс негізінде ата-ананы үлгі тұтып, өздерінің іс-әрекеттерінде соларға еліктеуге тырысады. Өз перзентінің тәрбиесіне ерекше назар аударатын ата-ана перзенттеріне жағымды қасиеттерді үйретіп, соларды баланың болмысында қалыптастыруы үшін бірінші кезекте өздері ахлақи қасиеттерге ие болулары керек. Ислам әке-шешелерді өздерінің перзенттерін ахлақи тұрғыдан тәрбиелеуге міндетті деп санайды. Исламның ардақты елшісі (с.ғ.с.) балалардың ахлақи тәлім-тәрбиесі жайлы былай дейді: «Өз перзенттеріңді тәрбиелеңдер. Себебі олардың алдында үлкен парыздарың бар».

Отбасы кеңістігінен басқа, қоғамдық кеңістік те баланың ахлақи тәрбиесінде маңызды рөл атқарады. Кеңістік деп адам ол жерде өсіп өнетін бір мекендегі адами және адами емес факторлар мен іс-әрекеттердің жиынтығын айтады. Баланың өсуіне ықпал ететін маңызды қоғамдық кеңістіктердің бірі – мектеп. Психологтардың айтуынша, үйдегі қарым-қатынас тұлғалық әрі эмоциялық, ал мектептегі ұжымдық әрі логикалық болып келеді. Сол себепті үй мен мектептің кеңістіктері баланың ахлақи тәрбиесі мен дамуына жағдай жасау тұрғысынан бір-бірін толықтыруы керек. Бірақ бұл арада мектептің тәрбиелік рөлін де назардан тыс қалдырмау керек. Себебі білім үйрену кезеңдері тәлім-тәрбие тұрғысынан ең жақсы әрі ең маңызды кезең болып табылады. Бұл кезеңде балалар тәрбиені сіңіріп, әдеп үйрену үшін психикалық ерекшеліктер мен толық дайындыққа ие болады.

Сонымен қатар балалар әрдайым өз мұғалімдеріне үлгі ретінде қарайды. Оқушылардың бойында талпыныс пен дамуға деген стимулды оятып, ахлақи құндылықтарды нығайтатын да осы мұғалім болып табылады. Сол себепті мектептер мен оның кітап, оқыту бағдарламалары, мұғалім, директор мен басқа да құрамдас бөліктері балалардың ахлақи тәрбиесіне ерекше әсер етеді. Сондықтан тәлім-тәрбие үшін ең жақсы мұрсат болып табылатын осы бағалы кезеңдерді жіберіп алмау керек. Діни ілімдерде 7 жас, яғни бала мектепке аяқ басқан шақ тәрбиені сіңіретін жас деп аталады. Алланың елшісі (с.ғ.с.) жайлы рауаят былай дейді: «Ол хазірет балалардың тәлім-тәрбиесін үш кезеңге бөледі: басқару, тәрбиелеу және бағдарлау. Оның екінші жеті жылы бағыну, бас ию және тәрбие көру кезеңі болып табылады».

Сонымен қатар адам ұжымдық жаратылыс болып саналады. Сондықтан бала достармен жақындықты және құрбылармен ойнауды қажет етеді. Баланың табиғи қажеттіліктерінің біріне өз жасындағы құрбыларымен дос болып, олармен бірге уақыт өткізу жатады. Ата-ана еш уақытта өз перзенті үшін құрбысының рөлін ойнай алмайды. Балалардың бір-біріне деген қызығушылығының нәтижесінде олардың мінез-құлықтары да бір-біріне әсер етеді. Осы аяда ата-аналар перзенттерінің дос таңдауы мен олардың қарым-қатынастарын бақылауары керек. Балалардың достары әдетте ықпалды адамдар болып келеді. Балалардың ой-пікірлері, ойлау тәсілдері мен іс-әрекеттері бір-біріне әсер етеді. Тіпті кейбір балалардың болашақ өмірлерінде орын алатын қателіктері оның балалық шағынан және сол кездегі достарынан бастау алуы мүмкін.

Пайғамбар (с.ғ.с.) мен оның үмбетінің жолында балаларда жағымды әдет-ғұрыптар мен бағыттарды тәрбиелеу, оларды осындай іс-әрекеттерге баулу және жағымсыз ахлақи қасиеттерден аулақ ұстау кеңес етілген. Имам Саджад (ғ.с.) өз перзенттеріне былай деп айтатын: «Мейлі ол үлкен болсын, мейлі кішкентай, мейлі шынайы, мейлі қалжың болсын өтіріктен аулақ болыңдар. Кішкене өтірік айтқан адамның үлкен өтірік айтуға да батылы жетеді».

 

Тегтер