Иранның танымал тұлғалары (203)
Өткен бағдарламадағы тақырыпты жалғастырып, х.қ.ж.с.б. 11 ғасырда (17 ғасырда) өмір сүрген атақты ирандық ақын Талеб Амоли және оның өмірі, ойлары және еңбектерімен таныстырамыз.
Алланың атымен бастаймыз! Армысыздар, ардақты ағайын! "Ирандық танымал тұлғалар – әлемдік мақтаныштар" атты бағдарламамыздың кезекті бөлімін назарларыңызға ұсынамыз. Өткен бағдарламадағы тақырыпты жалғастырып, х.қ.ж.с.б. 11 ғасырда (17 ғасырда) өмір сүрген атақты ирандық ақын Талеб Амоли және оның өмірі, ойлары және еңбектерімен таныстырамыз.
Өткен бағдарламада айтып өткеніміздей, Мұхаммед Талеб Амоли х.қ.ж.с.б. шамамен 991 жылы Амольда дүниеге келген. Осы қалада өз заманының ғылымы мен өнерін меңгеріп, жауынгерлік машық пен атқа мінуді үйренген. Талеб Амоли х.қ.ж.с.б. 1010 жылы Амольдан Кашанға көшті. Кашан мен Исфахан қалаларында 4 жыл тұрған. Бұл кезең әдеби және ғылыми мағлұматтар жинау тұрғысынан Талеб өмірінің ең жемісті кезеңі болды. Әдеби сыншылардың сенімінше, Талебтің кейінгі жемістері мен мансаптық өсуі ақынның осы кезеңде жинаған мәлімметтеріне тікелей байланысты. Талеб осыдан кейін Үндістанға жол тартты. Сапар барысында біраз уақыт Мерв қаласында осы уалаяттың билеушісі Бекташ ханның қонағы болған. Талеб Үндістанға қоныс аударарда 25 жас шамасында болған екен. Ол біраз уақыт Үндістанның түрлі қалаларын кезіп, өзіне қолдау берер адам іздеумен болған. Көптеген құлдыраулар мен шарықтауларды бастан өткергеннен кейін ақырында Жаһангир ханның уәкілі әрі бас уәзірі Этемад-уд-доуленің назарына ілікті. Этемад-уд-доуле шын мәнінде Үндістан деген кең байтақ империяның басты басқарушысы болған және парсы мәдениеті мен әдебиетінің Үнді түбегінде таралуында маңызды рөл атқарған.
Этемад-уд-доуле Талебтің проза мен поэзияға жүйрік екенін, болмыс-бітімі бөлек, талап-талпынысы жоғары екенін білгеннен кейін оның демеушісіне айналып, оның лауазымын жоғарылатып, өзінің мөрін сақтауды соған тапсырып, әмірлік мәртебеге жеткізді. Этемад-уд-доуле шын мәнінде Жаһангирдің атынан Үндістан империясын басқарып тұрғандықтан бұл елде бәрін шешетін. Тазкере жазушылардың айтуынша, Талеб шын мәнінде Үндістан империясының мөр сақтаушы лауазымына жетті деп айтуға болады.
Этемад-уд-доуленің қолдауына сүйенген Талебтің ақындығы өзінің шарықтау шегіне жетті. Талеб Этемад-уд-доулеге ықыласын білдіру үшін оған көптеген мадақ өлең арнады. Талеб Этемад-уд-доуледен мөр сақтау лауазымынан босатуды сұрады. Ол қабылдады, бірақ Талебке көңілі мен махаббатын аямады. Содан кейін Талеб барлық уақытын поэзияға арнады. Күнбе-күн осы жолда жұлдызы жана түсіп, өз заманындағы әдебиет пен поэзияның теңдессіз көшбасшысына айналды. Талеб Этемад-уд-доуле мен басқа да ірі тұлғалардан алған сыйақымен орасан зор байлыққа кенелді. Сол заманда әдебиетші әрі өнерпаз ирандықтардың байлыққа жету үшін Үндістанға барып, мал-мүлікпен Иранға қайтып оралып, жиғанын жұмсап, қалған өмірін тыныштықта өткізу қалыпты жағдай болатын. Талеб Амоли де Иранға қайтуға бел байлады. Оны елге қайтуға ынталандырған жиналған байлық қана емес. Ақынның осы кезеңде шығарған өлеңдеріне көз салғанда оның Иранды, әсіресе Амольді сағынғанын түсінуге болады.
Талеб Үндістанның Самболестанында отырып,
Амольдің гүлзарларын естен шығарды деп ойлама.
Талеб Этемад-уд-доулеге арнап қыта шығарып, одан Иранға қайтуға рұқсат сұрады. Этемад-уд-доуле Талебті қатты жақсы көретіндіктен, іштей оны алысқа жібергісі келмеді, сондықтан оның өтінішін қабылдамады. Этемад-уд-доуле Талебтің сарайдағы ақындар арасында жоғары орынға ие болғысы келетінін білген. Ол Талебті сарай ақындары қатарына кіргізсе, оның отанға қайтуының алдын ала алатынын білді. Сондықтан Жаһангир шахқа өтініш жасап, Талебті патша сарайына кіргізді. Ол күні шах аң аулауға кеткен екен. Талеб аң аулауда жүрген Жаһангир шахты мақтап қасида жазды. Өлең шахқа ұнаған. Сөйтіп, ол осы қасидамен патша сарайының әдеби ортасына кірді. Және көп ұзамай өз дарыны мен Этемад-уд-доуленің қолдауының арқасында х.қ.ж.с.б. 1028 жылы Малек-уш-Шуара (Ақындардың көшбасшысы) дәрежесіне жетті. Осы кезеңде Талебтің қарындасы Сати-ән-Ниса ағасымен кездесу үшін Үндістанға келген болатын. Зерттеушілердің пайымдауынша, Талебті Иранға қайтпай, Үндістанда қалуға көндірген ең маңызды себеп Малек-уш-Шуара атануымен қоса, қарындасының Үндістанға сапары және осы елдегі өмірге қызығуы болды.
Талеб х.қ.ж.с.б. 1028-1036 аралығында Жаһангирдің Малек-уш-Шуарасы атанып, патша сарайының әдеби ортасын басқарды. Ол бұл лауазымда ресми рәсімдерге қатысумен қоса, діни мейрамдар мен сарайдағы мерекелерге орай қасида жырлауға міндетті болды. Сондай-ақ сарайға жаңа ақындарды қабылдап, шахқа таныстыруға да жауапты болды. Ол "Малек-уш-Шуара" деген лақапқа ие болғандықтан Жаһангир шахпен бірге Үндістанның іші-сыртына сапар шегіп, осы сапарлар жайлы көптеген өлең шығарды. Талеб "Шахнама" қалыбындағы "Жаһангирнама" атты өлеңдер жинағында Жаһангир шахтың билік құрған кезеңін жырлап, шахпен бірге барған қалалар мен сапарлар барысы жайлы баяндаған. Әдеби сыншылардың сенімінше, Жаһангирнаманың кейбір бөліктері өте қызық әрі тартымды жазылғаны соншалықты, парсы әдебиетінің озық туындыларымен таныс оқырмандар Низами Гянджавидің өлеңдері мен "Ескендірнама" атты құнды кітабын еріксіз еске түсіреді.
Х.қ.ж.с.б. 1031 жылы Этемад-уд-доуле қайтыс болғаннан кейін Талеб өзінің ең жақсы демеушілерінің бірінен айырылды. Талеб бұл кезде Малек-уш-Шуара саналып, патша сарайында бірінші дәрежелі әмірлердің бірі болған. Үндістан империясынының бас уәзірі қайтыс болғаннан кейін Талебтің жағдайы жұмыс тұрғысынан өзгерген жоқ, бірақ рухани тұрғыдан оған ауыр соққы болды. Осы оқиғаның Талебтің жаны мен жүрегіне әсерін мына өлең жолдарынан көруге болады.
Сенсіз жүрегімді
Қайғы табы басты.
Ісімнің бәрі зарлау
Шаруам тек жылау
Сенің кетуің бүкіл әлемді
Көздің қарашығындай қап-қара етті.
Талеб х.қ.ж.с.б. 1036 жылы қайтыс болғанға дейін Үндістан сарайында Малек-уш-Шуара лауазымында қызмет етті. Тазкере жазушылар Талебтің өлеңдеріне сүйеніп, оның үнсіз қалғаны туралы мынадай пікірде: ол өмірінің соңында есінен ауысып, біраз уақытқа дейін өлең шығарудан қалған. Бірақ бұған күмән зор. Талебтің өлеңдерінен ол өмірінің соңында созылмалы ауруға шалдығып, ұзақ уақыт төсек тартып жатып, ауыр дертпен алысқанын түсінуге болады.
Талеб Амоли Үндістан патшасы Жаһангир қайтыс болардан бір жыл бұрын х.қ.ж.с.б. 1036 жылы ақындықтық шарықтау шегінде 45 жасында дүниеден озды. Оның мезгілсіз қазасы сол кездегі әдеби ортаға үлкен соққы болды. Көптеген ақындар оны жоқтап өлең шығарды. Солардың арасында үнді стилінде өлең шығаратын ең танымал ақын Саеб Табризи де бар.
Өкінішке қарай, Талебтің замандастарының көңіл аудармауы салдарынан оның жерленген жері жайлы ақпарат жоқ, өйткені әрбір дәуірдің рәсімі бойынша жылнамаға бәріне белгілі дүниелер жазылмаған. Талеб Амоли Үндістан империясының Малек-уш-Шуарасы болғандықтан, бай да ықпалды саналғандықтан және жақындары Үнді сарайында лауазымды қызметте жұмыс істегендіктен, пайғамбар әулетіне айрықша ықылас білдіргендіктен Талебтің денесін кейіннен Ирактағы қасиетті кесенеге жібергенге ұқсайды.
Осы тақырыпты келесі бағдарламада одан ары жалғастырамыз.