Теһран: Сағат мұражайы
"Сағат мұражайы" деген атпен танымал Заман мұражайы – Қаджарлар дәуіріне тиесілі тарихи ғимараттардың бірі. Ол Теһран қаласының Заферание ауданында Валиаср даңғылы мен Заферание көшесінен жоғары Парзин Бағдади қиылысында орналасқан.
Ислам революциясына дейін бұл тарихи үй кәсіпкер Хұсейн Ходададқа тиесілі болған. Ғимараттың іші алебастр жапсырмаларымен әрлендірілген. Бұған 12 жыл уақыт кеткен. Ғимараттың ауданы 700 шаршы метр, ал ауланың ауданы 5000 шаршы метрді құрайды. Ғимараттың ішіне 17-20 ғасырларға тиесілі сағаттар, соның ішінде Франция, Германия, Англияда жасалған қабырға және үстел сағаттары, Швейцарияда жасалған қол сағаттар қойылса, ал сыртына адамзат тарихында уақыт өлшеу үшін қолданылған құралдар, мысалы, күн сағат, құм сағат, су сағат, май сағат және т.б. қойылған.
Бұл ғимарат 2003 жылы Иранның ұлттық мұра тізіміне тіркелді.