Иранның танымал тұлғалары (207)
Бүгінгі бағдарламада Иран мен әлемнің тағы бір мақтанышымен танысамыз. Нұреддин Әбдірахман Жәми – х.қ.ж.с.б. 9 ғасырда (15 ғасырда) өмір сүрген танымал ирандық ақын, сопы, жазушы әрі ойшыл. Бүгінгі бағдарламада осы ирандық ақынның өмірі, шығармашылығы мен ойлары жайлы сөз қозғаймыз.
Алланың атымен бастаймыз! «Ирандық танымал тұлғалар – әлемдік мақтаныштар» атты бағдарламаның келесі бөлімінде Иранның тағы бір танымал тұлғасын таныстырамыз. Нұреддин Әбдірахман Жәми – х.қ.ж.с.б. 9 ғасырда (15 ғасырда) өмір сүрген танымал ирандық ақын, сопы, жазушы әрі ойшыл. Бүгінгі бағдарламада осы ирандық ақынның өмірі, шығармашылығы мен ойлары жайлы сөз қозғаймыз
Ғалымдар мен әдебиетшілер осы күнге дейін Жәмидің интеллектуалдық дарыны мен ұлылығын айрықша құрметпен еске алып, оны х.қ.ж.с.б. 9 ғасырдағы (15 ғасыр) парсы поэзиясы мен прозасының ең ірі ұстазы деп атаған. Моулана Жәмидің ғылым, ақлақ, рақымшылық пен кемелдік тұрғысынан танымалдығы Иран жері және оның өмір сүрген дәуірімен шектелмейді. Ол Үндістан, Ауғанстан, Кіші Азия мен Исламбулда парсы тілінде сөйлейтін барлық адамдар арасында танымал, дос пен дұшпан алдында жоғары орынға ие болған.
Нұреддин Әбдірахман Жәми – х.қ.ж.с.б. 9 ғасырда (15 ғасырда) өмір сүрген танымал ирандық ақын, сопы, жазушы әрі ойшыл. Көптеген зерттеушілердің пайымдауынша, ол Хафиз заманынан кейінгі ірі сөз шебері (ұстаз). Ол х.қ.ж.с.б. 817 жылы (1414 жылы) Хорасан облысында орналасқан Жәм уәлаятында дүниеге келген. Жәмидің ата-бабасы Исфаханда өмір сүрген. Түріктер Исфаханға шабуыл жасағанда Хорасанға көшіп, Жәмнің Харджир елдімекеніне тұрақтаған. Жәмидің әкесі Әбдірахман дүниеге келгеннен бірнеше жыл бұрын жанұясымен бірге Гератқа барып, сол жерге тұрақтады. Жәмидің жанұясы Жәм уәлаятында болған кезде «Дәшти» деп аталған, бірақ Гератқа тұрақтағаннан кейін Нұреддин Әбдірахман өзіне «Жәми» атын таңдап, осы атпен танымал болды.
Жәми бастапқы білімін Гераттың айналасындағы ауылдардың бірі Харгорд-е Жәм елдімекенінде алып, әкесінің алдында парсы әдебиеті, араб тілінің грамматикасын үйренді. Ол балалық шағында білімін толықтыру үшін әкесімен бірге Гератқа барып, сол замандағы ғылыми орталықтардың бірі Герат назмиесіне түсті. Сол заманда бұл мектепте араб тілі, риторика, қисын мен хикмет, математика мен шариғат ілімін Қожа Әли Самарқанди мен Мұхаммед Джоджруми сияқты ұстаздардан үйрену рәсім болған. Содан соң хикмет үйренуге бет бұрып, оған құштарлықпен бас қойды.
Жәми ұлы ұстаздардан тәлім алу және білімін тереңдету мақсатында сол заманда ғылым мен әдебиеттің ірі орталықтарының бірі саналған Самарқанға барып, біраз уақыт сол жердің ұлыларынан дәріс алды.
Ұшқыр ойлы, сергек әрі дәлелдеу құдіреті мықты Жәми ұстаздар алдында жарқырай көрініп, ерекше бедел мен танымалдыққа ие болды. Зерттеушілер қолда бар еңбектер мен оның өмірі туралы жазылған өмірбаяндар негізінде былай деп дейді: Ол қисын, хикмет, фикһ, дін негіздері, хадис, математика, космология мен музыкада білгір болған.
Жәми осы дәуреннен кейін сопылыққа (мистикаға) қызығушылық танытты. Осы салада білім алу үшін Самарқаннан Гератқа қайтып оралып, сол замандағы танымал сопылар (мистиктер) мен шейхтерден білім алды. Бұл кезде жас Жәми сопылықпен танысып, Саадеддин Мұхаммед Қашқари Нақшбанди шәкірттерінің қатарына қосылды. Жәми бұл салада жоғары рухани дәрежеге жеткені сондай, моршед – ұстаз қайтыс болғаннан кейін оны Нақшбандия тариқатының халифі етіп тағайындаған.
Қазіргі заманғы зерттеуші әрі тарихшы ұстаз Забихулла Сафаның пікірінше, «Ол сол замандағы сопылар сияқты шейх Махиеддин ибн Арабидың еңбектерін оқыған және оның жақтаушыларының бірі саналған. Жәмиден қалған еңбектерге шолу жасағанда Ибн Арабидың оның ойы мен еңбектеріне қаншалықты әсер еткенін көруге болады».
Зерттеушілердің сенімінше, Жәми заманындағы, яғни х.қ.ж.с.б. 9 ғасырдағы (15 ғасыр) мистика мен сопылықтықтың жағдайы төмен еді, ол басты жолдан тайқып, тұрпайылыққа бой алдырған болатын. Бірақ барлық зерттеушілердің мойындауынша, Жәми өзінің әдемі өлеңдері мен хикметке толы еңбектерімен ирандық мистиканы даналық негізінде сақтап қала алды. Осы талпыныстардың арқасында ол ең ірі парсы тілді мистик шайырлар мен жазушылардың қатарына қосылды.
Жәми қызығушыларға мистиканы үйретуде тікелей жетекшілік жасап, насихаттаудан бас тартқан. Ол өз жолдастары және сахабаларымен қарапайым өмір сүрген. Оның сенімінше олармен бірге өмір сүру арқылы тәліптердің (Құдай жолына түскендер) жағдайын өзгертуге болады. Жәми осындай көзқарасқа ие болғандықтан және ешкімге тәуелсіз еркіндікте өмір сүргендіктен қоғамның барлық әлеуметтік топтары арасында айрықша танымалдыққа ие болған.
Жәми өте қарапайым да кішіпейіл болған, сән-салтанатсыз өмір сүрген. Ол кедей адамдармен дастархандас болып, көбіне өте қарапайым киініп, жерге отырып, достары мен шәкірттерімен сұхбаттасқан. Жәми білімі мен ғылымының кеңдігінен және сопылық қатынасына байланысты сол замандағы сұлтандар алдында айрықша орынға ие болған. Сұлтан Хұсейн Байқара Гератта салынған жаңа медресені ашпақ болғанда үлкен той жасап, барлық құрметті ғалымдар мен данышпандарға ерекше шақыру жіберіп, сұлтан тағының екі жағын Жәми мен Әлішер Науаиге арнаған деседі. Бірақ Жәми медресеге кірген кезде қартайып, әлсірегеніне байланысты арнайы орынға жете алмай, биік мінбер емес, жерге отыруға мәжбүр болған. Шах пен шахзадалар ілезде оны айнала отырып, оған тағзым етіп, құрмет білдірген екен».
Қазіргі заманғы зерттеуші әрі әдебиетші доктор Әбілхұсейн Зарринкубтың пікірінше, «Әбдірахман Жәми – Жәмнан шыққан қарапайым дәруіш. Ол өлең жазған, бірақ ешкімді мадақтамаған. Оның беделі мен ұлылығы зор болғаны сондай, шын мәнінде Гераттың рухани сұлтаны саналған. Сұлтан мен уәзір оны сыйлап, құрметпен қараған».
Жәми өзінің әдеби және рухани орнына байланысты қарттыққа жетпес бұрын сол заманда парсы тілі таралған барлық мемлекеттерде, яғни Осман империясынан бастап Азияның ортасы мен Үндістан түбегіне дейін танымал болып, айрықша құрметке ие болған.
Жәмидің замандасы әмір Әлішер Науаи, сұлтан Хұсейн Байқара мен Заһиреддин Бабыр оны сыйлап, құрмет білдіріп, Доулатшах Самарқанди, Сам Мырза Сафави мен Хантемір сияқты тазкере жазушылар оны ерекше ізетпен еске алған.
Жәми х.қ.ж.с.б. 898 жылы (1492 жылы) 81 жасында қайтыс болды. Дүниеден өтсе де, жалқы мен жалпының жадында мәңгі қалды. Жәми Үлкен Хорасанның қалаларының бірі саналатын Гератта дүниеден өтіп, ұстазы Саадеддин Қашқаридың мазары жанына жерленген. Жәмидің мазары қазір «Тахт мазар» деген атпен танылған. Тазкерелерде жазылғандай, оны жерлеу рәсіміне сұлтан Хұсейн Байқара, әмір Әлішер Науаи, басқа әмірлер мен мемлекет қайраткерлері және барлық ақсүйектер қатысқан.
Осы тақырыпты келесі бағдарламада одан ары жалғасырамыз.