Қар 03, 2022 23:05 Asia/Almaty
  • Иранның танымал тұлғалары (206)

Өткен бағдарламадағы тақырыпты жалғастырып, х.қ.ж.с.б. 11 ғасырда (17 ғасырда) өмір сүрген атақты ирандық ақын Талеб Амолидің өмірі, ойлары және еңбектерімен таныстырамыз.

Өткен бағдарламада айтып өткеніміздей, Мұхаммед Талеб Амоли х.қ.ж.с.б. шамамен 991 жылы Амольда дүниеге келген. Осы қалада өз заманының ғылымы мен өнерін меңгеріп, жауынгерлік машық пен атқа мінуді үйренген. Талеб Амоли х.қ.ж.с.б. 1010 жылы Амольдан Кашанға көшті. Кашан мен Исфахан қалаларында 4 жыл тұрған. Бұл кезең әдеби және ғылыми мағлұматтар жинау тұрғысынан Талеб өмірінің ең жемісті кезеңі болды. Әдеби сыншылардың сенімінше, Талебтің кейінгі жемістері мен мансаптық өсуі ақынның осы кезеңде жинаған мәліметтеріне тікелей байланысты. Талеб осыдан кейін Үндістанға жол тартты. Сапар барысында біраз уақыт Мерв қаласында өмір сүрді. Талеб Үндістанға қоныс аударарда 25 жас шамасында болған екен. Ол біраз уақыт Үндістанның түрлі қалаларын кезіп, өзіне қолдау берер адам іздеумен болған. Көптеген құлдыраулар мен шарықтауларды бастан өткергеннен кейін ақырында Жаһангир ханның уәкілі әрі бас уәзірі Этемад-уд-доуленің назарына ілікті. Жаһангир сарайының "Малек уш-Шоара" (Шайырлардың басшысы) атанған ол өмірінің соңына дейін, яғни  х.қ.ж.с.б. 1036 жылға дейін осы қызметте жұмыс істеді.

Талеб Амоли Үндістан патшасы Жаһангир қайтыс болардан бір жыл бұрын, яғни х.қ.ж.с.б. 1036 жылы ақындық шабыты шарықтап тұрған шақта 45 жасында қайтыс болды.

Өткен бағдарламада Талеб Амоли өлеңдерінің ерекшеліктерін тіл және мән тұрғысынан талдадық. Бүгінгі бағдарламада ақынның рубаи-төрттағандары мен осы өлең қалыбындағы ойларына тоқталамыз.

Парсы әдебиетінде бір ырғаққа негізделген төрт жолдан тұратын өлеңді рубаи деп атайды. Бұл өлең қалыбы – парсы поэзиясындағы ең қысқа әрі ең әдемі қалыптардың бірі. Ақындардың көбі осы қалыпта өлең шығарған және өздерінің шабыты мен өнерінің бір бөлігін осы қалыпқа салған. Рубаи – ирандықтар ойлап тапқан текті әрі көне қалыптардың бірі. Ол ирандық мәдениет пен ойды баяндау үшін қолданылады. Рубаи пайда болғаннан кейін парсы поэзиясында төңкеріс болды. Ұлы парсы ақындары осы қалып пен ырғақта әдемі өлеңдер жазды. Тіпті рубаи ғасырлар бойы парсы поэзиясындағы теңдессіз қалыптардың бірі болып қалды.  

Рубаи екі топ – ирандық философтар мен сопылардың арасында кең қолданысқа ие болды. Ақындық ортадан тыс жерде өлең жазуды қалаған адамдар үшін рубаи ең қолайлы өлең қалыбы болды. Ғалымдар, философтар мен сопылар басқа ақындардан көбірек өз ойларын осы қалыпта баяндаған. Доктор Сирус Шамисаның сенімінше, "Рубаи философиялық ұғымдарды баяндау үшін ең қолайлы қалып болған. Парсы әдебиетінде рубаи екі түрлі мазмұнға арналған: біріншісі – сопылық ойлар, екіншісі – философиялық ұғымдар". Осындай ойларды баяндауға рубаи қалыбын таңдаудың себебі мынада: бұл қалыпта айтушының сезімдері мен ойларын  қысқа уақытта ешбір боямасыз баяндауға мүмкіндік беріледі. Ақын рубаидың бірінші және екінші жолында кіріспе жасайды, ал үшінші және төртінші жолдарда өзінің ерекше нәтижесін баяндайды. Қожа Абдулла Ансари мен Әбілхасан Харақани, Әбусаид Абулхейр сияқты ұлы сопылар (арифтер) және Хайям сияқты философтар мен ғалымдар өз ойларын баяндау үшін осы қалыпты қолданған. Бұл мазмұндармен бірге рубаида басқа да поэтикалық мазмұндарды баяндауға болады. Мысалы, мадақтау, жоқтау, зынданның қиындықтарын жазу, әжуалау және т.б. Бұл тақырыптар Ансари, Моулави, Ибн Ямин және тағы басқа ақындардың өлеңдерінде айрықша көрініс тапты.

Х.қ.ж.с.б. 8 ғасырда парсы әдебиетінде Ирак стилі құлдырағаннан кейін рубаи қалыбын қолдану да бәсеңдей берді. Тіпті Хафиз бен Сағди де жақсы рубаилар жазып қалдырмаған. Үнді стилінде де рубаи айтарлықтай көрініс таппады. Өйткені бұл стильде жазатын ақындар ғазал мен мофрадатқа көбірек көңіл бөлген. Олар ұзақ әрі шашыраңқы бәйіттер жазуға бейім болған. Ал рубаи – бірлік өлеңі. Оның төрт жолы бір мазмұнға қызмет етуі тиіс. Бұл үнді стиліндегі ақындардың мазмұндарына қайшы келді. Сол себепті Талеб Амоли сияқты ақындарды 11 ғасырда парсы әдебиетінде рубаи қалыбын сақтап қалған ақындардың қатарына қосуға болады.  

Өнерпаздың наным-сенімдері оның ойларын құрайды. Ақынның ойлары –  ізденістері, тәжірибелері мен идеялық сынақтарының нәтижесі. Бұлар өнер туындысын жасауға септігін тигізеді. Ақын өз ойын басқаға жеткізіп, онымен байланыс орнату және адамды ойландыру үшін жырлайды.

Талеб көптеген өлеңдерінде жауһар ойларды баяндай алған қарымды ақындардың қатарына жатады. Үнді стиліндегі ақындар қалыпқа емес, мағынаға көп мән береді. Олардың барлық талпыныстары сирек мазмұн, айрықша қиял немесе айшықты мағына беруге бағытталған. Яғни олардың өлеңдерінде тақырып емес, мазмұн жаңа. Талеб те осы қалыпты табиғат пен сана-сезімнен жаңа мазмұн тудыру үшін пайдаланды. Мына жайтқа назар аудару керек: Талебті Хайям сияқты ойшыл, не Аттар сияқты сопы немесе Хорасан стилінде тәрбиеленген мадақшы ақын деп санамау керек. Ол осы тақырыптардың барлығын тек өзі қалайтын мазмұн тудыру үшін пайдаланған. Талебтің 23 мың бәйіттен тұратын өлеңдер жинағында парсы поэзиясындағы түрлі қалыптармен бірге 700-ден аса рубаи бар. Олардың үштен бірінің мазмұны ғашықтық сарында.

Талеб рубаиларының мазмұны кең. Ол сопы ақын болмаса да, оның жинағында сопылық сарындағы рубаиларды көруге болады. Бірақ оны терминдік мағынадағы сопы ақын деп айтуға болмайды. Оның сопылық өлеңдерінде Иранның ұлы сопыларының жырларында бар суфистік рух пен мистикалық құштарлық байқалмайды. Талеб рубаиларында сопылық ойлар әдетте қайталау мен еліктеуден туған. Сондықтан оның сопылық сенімінде практикалық тәжірибенің жоқ екені байқалады. Ақын осындай мазмұндарды тек мазмұн тудыру және өзінің шеберлігін сынау үшін жырлаған. Соның нәтижесінде оның сопылығы – қарапайым әрі бастапқы деңгейдегі сопылық. Хафиз, Моулана мен Аттардың сопылық жалыны оның өлеңдерінде байқалмайды. Сопылық Талеб үшін жамандықпен күресетін жертаса болды. Ол анда-саны соны паналап, өзінің жабыққан жанын тыныштандырып отырған.

Талеб рубаиларындағы мазмұндардың бірі – ғашықтық. Бұл – барлық ақындардың өлеңдерінде жиі қолданылатын мазмұн. Алайда Талеб рубаиларына шолу жасағанда оның өлеңдерінен илаһи ғашықтықтың ізін көре алмаймыз. Ақын әдетте жерлік махаббат туралы жырлаған.

Талебті қауіп-қатерде сына,

Талебті бүлік пен зұлымдықта сына,

Сенің жолыңда қорлыққа шыдау оңай

Талебті бас кетердей сына.

 

Хайямның рубаилары бағзы заманнан көптеген ақындардың еліктеу үлгісіне айналған. Оның философиялық ойлары одан кейінгі ақындар мен жазушылардың көбінің санасында "Хайям ойлары" деген атпен қалып, толғаныс тудырған. Талеб рубаиларында да мұрсатты пайдалану, шаттықта өмір сүру, өлім жайлы ойлау, дүниенің жалғанды мен таңданыс сияқты кейбір ойлар байқалады.  

Тұр, бақты бір айналып

Көңіл-күйімізді тазартайық.

Гүлзарға масайрай құлап,

Гүлге қарап, жараны жаңартайық.

 

Мақтану, мадақтау, заманаға арыз-шағым айту да Талебтің өз рубаиларында жаңа мазмұн тудыру үшін қолданған мазмұндары. Жалпы Талебтің рубаилардағы ойлау кеңістігі оған дейінгі рубаишылардың ойларына өте жақын. Ол басқа ақындар өлеңге қосқан мазмұндардың барлығын өз өлеңдерінде қолданып, оларды өзгеше тілмен жеткізуге тырысқан.

 

Келесі бағдарламада басқа бір танымал тұлғамен танысқанға дейін аман-сау болыңыздар!