Иранның танымал тұлғалары (209)
Өткен бағдарламадағы тақырыпты жалғастырып, х.қ.ж.с.б. 9 ғасырда (15 ғасырда) өмір сүрген танымал ирандық ақын, сопы, жазушы әрі ойшыл Нұреддин Әбдірахман Жәми жайлы сөз қозғаймыз.
Айтып өткеніміздей, Нұреддин Әбдірахман Жәми – х.қ.ж.с.б. 9 ғасырда (15 ғасырда) өмір сүрген танымал ирандық ақын, сопы, жазушы әрі ойшыл. Ол х.қ.ж.с.б. 817 жылы (1414 жылы) Хорасан облысында орналасқан Жәм уәлаятында дүниеге келген. Жәмидің ата-бабасы Исфаханда өмір сүрген. Түріктер Исфаханға шабуыл жасағанда Хорасанға көшіп, Жәмнің Харджир елдімекеніне тұрақтаған. Жәмидің әкесі Әбдірахман дүниеге келгеннен бірнеше жыл бұрын жанұясымен бірге Гератқа қоныс аударған. Жәми бастапқы білімін сол кезде Гераттың айналасындағы ауылдардың бірі болған Харгорд-е Жәм елдімекенінде алып, әкесінің алдында парсы әдебиеті, араб тілінің грамматикасын үйренді. Ол сол замандағы ең маңызды ғылыми-әдеби орталықтарыдың бірі болған Герат және Самарқан назмиелерінде (мектептерінде) білімін толықтырып, араб тілі, риторика, қисын мен хикмет, математика мен шариғат ілімін меңгеріп, өз заманының білгіріне айналды. Содан соң сопылыққа ден қойып, Нақшбандия тариқатына қосылды. Жәми ғылым мен білімінің тереңдігіне және сопылық мінез-құлқына байланысты сол замандағы сұлтандардың алдында ерекше орынға ие болған және қартайғанға дейін қол жеткізген ғылыми, әдеби және рухани дәрежесіне байланысты сол заманда парсы тілінде сөйлейтін барлық мемлекеттерде, яғни Осман империясынан Орта Азия мен Үнді түбегіне дейін әйгілі болып, айрықша құрметке ие болған.
Жәми х.қ.ж.с.б. 898 жылы 18 мохаррамда, сәйкесінше 1492 жылы 81 жасында дүниеден озып, Үлкен Хорасан қалаларының бірі саналатын Гератта ұстазы Саадеддин Қашқаридың мазары жанында жерленді. Жәмидің қабірі қазір "Тахт-е мазар" деген атпен танымал.
Жәмидің заманы өнер мен әдебиеттің гүлденуі тұрғысынан жарқын ғасыр болды. Бірақ х.қ.ж.с.б. 9 ғасырды (15 ғасыр) саяси-әлеуметтік тұрғыдан гүлденден жарқын ғасыр деп айта алмаймыз. Жәми заманында, яғни 9 ғасырда (15 ғасыр) моңғолдардың жойқын шабуылдарының ащы салдары айқын сезілетін. Тимурилер заманында серпінді идеологиялық қозғалыстардың болмауы, елдің саяси ыдырауының жалғасуы, феодалдық жүйенің үстемдігі, бірорталықтанған биліктің болмауы салдарынан қоғам саяси-әлеуметтік тұрғыдан әлсіреп, құлдырау үстінде болған еді. Осындай күрделі жағдайда түрлі діни және сопылық ағымдар интеллектуалдық, мәдени, саяси және діни жағдайға бағыт беретін негізгі қозғалыстар болды. Ырым-тыйым, өтірік пен реакциялық әрекеттер Жәмидің заманындағы мәдениет пен ойды тоқырауға ұшыратты. Тимурилер заманында өнер, әдебиет пен өнеркәсіп орталығы саналған Герат қаласында интеллектуалдық, діни және саяси тұрғыдар мықты тұлағалар қызмет еткен. Бірақ моңғолдар мен Тимурилер заманында басталған мәдени-әлеуметтік құлдырау одан ары жалғасты.
Жәми Гератта байлық пен сән-салтанатқа малынған "рухани сұлтан" деп саналған. Ол патша мен уәзір, ақсүйектер мен жоғары лауазымды тұлғалар және сол жердің түрлі әлеуметтік топтары алдында үздік орынға ие болған. Оның сұлтан Яқуббек Аққойынлыға жауап ретіндегі насихатқа толы қасидасы – осы сөзіміздің дәлелі. Өйткені қасидада сұлтан Яқуббекке қатаң сөздер айтылған. Бірақ Жәми беделі зор болса да, өте қарапайым өмір сүрген, жұпыны шапан жамылып жүрген, жерге отырған. Адамдармен қатынаста оның танымалдығынан еш белгі байқалмайтын. Ешқашан өзін мүршид – ұстаз деп санамаған. Зерттеушілер Жәмидің осы мінез-құлқын оның шыншылдығы мен қарапайымдығының куәсі санаған. Сондықтан ол өз заманының саяси-әлеуметтік және мәдени жағдайын сипаттағанда сол кезде болған оқиғаларды шынайы бейнелеген деп айтуға болады.
Осы рауаятқа сәйкес, Жәми өмір сүрген қоғам терең текетірестер мен қайшылықтарға, үстірт ойлау мен екіжүзділікке, ауытқу мен құлдырауға және ырым-тыйымдарға толы болған. Мазхабтық бақталастықтар мен соқыр фанатизм рационализм мен сындарлы ойлаудың барлық бұлағын құрғатты. Осы арада екі мазхаб – сүннит пен шиіт бір-бірін жоюға бар күштерін салып жатқан. Жәми де осындай қоғамда өмір сүрген соң және осы мазхабтардың біріне бағынышты болғандықтан кейде діни дау-дамайдың шырғалаңына түсіп, қақтығысып, шабуыл жасап, қатты сөздер естіп отырған.
Қазіргі заман әдебиетшісі Забихулла Сафа Жәмидің Нақшбандия тариқатына қосылуын оның сүннит болуының дәлелі санаған. Сондықтан оның басқа ағымның мазхабтық принциптері мен негіздерін теріске шығаруы – табиғи нәрсе. Осындай қоғамда Жәмидің қатынас тәсілі – сирек құбылыс. Оның еркін ойлай алуы елден ерек болған. Жәми осындай әлеуметтік, идеологиялық және діни жағдайда өсіп шығып, сыни пікір айтып, төрелік және жетекшілік еткен. Осы сыни пікірлер мен агрессивті сөздерге шолу жасағанда Гераттың сырттай салтанатты қоғамының астарындағы оқиғалардың көбінен хабардар болып, 15 ғасырдағы Шығыс қоғамының сипаттамасын алуға болады. Жәмидің өз қоғамының саяси, мәдени және діни жағдайы жайлы берген мағлұматтарына сүйене отырып, сол заманның құлдырауына алып келген маңызды факторларды білуге болады.
Жәми заманының бір үлкен апаты үстірт қарау және тайпалық мүддені көздеу болды. Бұл тарих бойында ислам елдерінің ең үлкен апаты болып келген. Тар ойлау және екіжүзділіктің таралуы – бір қоғамның апаты. Кейде бұлар саяси алпауыттар тарапынан жарнамаланады. Тар ойлау қоғамға терең ойлану, алыстан толғану, жаңашылдық енгізу, тіпті тепе-теңдік сақтап, бейімделуге мұрсат бермейді, кез келген даналық пен рационализмнің тамырын құрғатады. Осындай кеңістікте таза иман мен түзу идеологияға орын қалмайды. Мұндай қоғамда дінге зиян тиеді. Діннің тармақтары кең жайылады, бірақ оның шынайы негіздері ұмытылады. Біртіндеп ой мен иман шетке ысырылады. Жәми айтқандай, ол өмір сүрген қоғам осындай апатқа ұшыраған болатын. Бұл заманда тайпалық мүддені көздеу және діннің барлық салаларында қатып қалған қағидаларды қолдану дін ұстанудың жалғыз жолы болды. Діннің сыртқы көрінісіне көңіл бөлу оның тереңіне бойлап ойлануға мұрсат бермеді. Мысалы, Құран туралы ойлап, аяттардың мағынасын түсінуге тырысудың орнына олар әріпті айту тәсілі туралы дауласты. Жәми көп өлеңдерінде осы жайтқа меңзеген. Осылайша қоғамда қалыптасқан жағдайды сипаттап берген.
Бұл тақырыпты келесі бағдарламада одан ары жалғастырамыз.