Қаң 07, 2023 23:15 Asia/Almaty

Аса қамқор әрі ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймыз! Армысыздар, ардақты ағайын! Мұхаммед пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айта отырып, «Нұрлы жол» бағдарламасының 885-бөлімін назарларыңызға ұсынып, Құран Кәрімнің аяттарына жасалған жеңіл тәпсірмен таныстыруды одан ары жалғастырамыз.

"Фуссиләт" сүресі аяқталғандықтан бүгінгі бағдарламада "Шура" сүресінің 1-6 аяттарын тәпсірлеуді бастаймыз. Бұл сүре 53 аяттан тұрады. Меккеде түскен. Сүренің атауы 38-аяттан алынған. Осы аятта Алла тағала мүміндерді іс атқарарда кеңесуге шақырды.

"Шура" сүресінің 1-4-аяттарына құлақ түріңіздер:

«حم»، «عسق»، «کَذَلِکَ یُوحِی إِلَیْکَ وَإِلَى الَّذِینَ مِن قَبْلِکَ اللَّـهُ الْعَزِیزُ الْحَکِیمُ»، «لَهُ مَا فِی السَّمَاوَاتِ وَمَا فِی الْأَرْضِ وَهُوَ الْعَلِیُّ الْعَظِیمُ»

 

Аяттардың аудармасы:

Ха Мим. (1)

‘Айн Син Қаф. (2)

(Мұхаммед Ғ.С.) Тым үстем, аса дана Алла (Т.) саған да, сенен бұрынғыларға да осылайша уахи етті. (3)

Көктердегі, жердегі барлық нәрсе Оныкі. Ол тым жоғары, өте зор. (4)

 

Бұл сүре Құрандағы 28 сүре сияқты курсив әріптерімен басталған. Бұған дейін айтып өткеніміздей, мұндай сүрелерде курсив әріптерден кейін Құран жайлы сөз қозғалған.

Алла тағала "Бұл кітап қолдарыңда бар әліпбидің әріптерінен түзеліп, жазылған. Егер қолдарыңнан келсе, осы кітаптай кітап жазып көріңдер" дегісі келгендей. Шын мәнінде Құранның мұғжизаларының бірі мынау:  Алла тағала жалпы халықтың қолындағы қарапайым әріптер мен сөздерден сөз тіркестері мен сөйлемдер құрды. Ешкім оларға ұқсас сөз тіркестері мен сөйлемдер құрай алмайды.

Бұл сүреде курсив әріптерден кейін: "Саған уәһи еткеніміздей бұрынғы пайғамбарларға да уәһи етілген. Тарих бойында халыққа жетекшілік ету үшін бұрынғы пайғамбарларға уәһи еткен Құдай саған де уәһи етті",-делінген. Демек барлық жерде уәһидің қайнар көзі бір, уәһидің жалпы мазмұны барлық пайғамбарлар үшін бірдей болған. Әрине Құдайдың хикметіне сәйкес уәһи барлық жағынан даналыққа толы, адамның дамуы мен кемелденуіне үйлесіп берілген.   

Аяттардың жалғасында былай делінген: аспан мен жердегі нәрселердің бәрі Оған тиесілі. Ғаламды жаратқан, аспан мен жер және барлық тіршілік иелерінің егесі саналатын Құдай адамдарға жетекшілік етіп, істерін реттеу үшін кітап пен шариғатты жіберді. Осылайша шариғат пен табиғаттың бастауы бір. Жарату мен заң шығару арасында қайшылық жоқ.   

 

Бұл аяттардан үйренетініміз:

  1. Барлық пайғамбарлар бір бастауға жалғанған. Бір жерден уәһи алады. Сондықтар олардың шақыру принципі бірдей. Осы тұрғыдан Алланың бірінші және соңғы пайғамбары арасында айырмашылық жоқ.
  2. Құдай жіберген уәһи қадірлі де хикметке толы. Оның тағылымдарын орындаса, адамның қадірі артып, рухы нығая түседі.

  3. Уәһидің бұлағы – Алланың ғылымы мен хикметі. Сондықтан Құранның мазмұны мықты, мәңгі әрі сызат түспестей тұрақты.
  4. Адам өмірі үшін заң шығару тек адам мен ғаламды жаратқан құдіретке лайықты.

 

"Шура" сүресінің5-6  аяттарына құлақ түріңіздер:

 

«تَکَادُ السَّمَاوَاتُ یَتَفَطَّرْنَ مِن فَوْقِهِنَّ وَالْمَلَائِکَةُ یُسَبِّحُونَ بِحَمْدِ رَبِّهِمْ وَیَسْتَغْفِرُونَ لِمَن فِی الْأَرْضِ  أَلَا إِنَّ اللَّـهَ هُوَ الْغَفُورُ الرَّحِیمُ»، «وَالَّذِینَ اتَّخَذُوا مِن دُونِهِ أَوْلِیَاءَ اللَّـهُ حَفِیظٌ عَلَیْهِمْ وَمَا أَنتَ عَلَیْهِم بِوَکِیلٍ»

Аяттардың аудармасы:

(Алладан қорқып) көктер үстінен жарыла жаздайды. Періштелер Раббыларын дәріптей мақтап, жердегілерге жарылқау тілейді. Көңіл бөліңдер. Күдіксіз Алла, тым жарылқаушы, төтенше мейірімді. (5)

Сондай Алладан өзге ие жасап алғандарды; Алла бақылайды. (Мұхаммед Ғ.С.) Сен оларға кепіл емессің. (6)

 

Алдыңғы аятта илаһи уәһи туралы сөз қозғалды. Ал бұл аяттарда: "Алланың уәһиі мен сөзінің құдіреті сондай, егер аспанға түссе, ол қақ айырылып, парша-паршасы шығар еді",-делінген. "Хашр" сүресінің 21-аятында "Егер Құран тауға түскенде Құдайдан қорыққаннан үгітіліп қалар еді" делінген.

Илаһи періштелер Құдайды адамдарға жетекшілік ететін пайғамбарларға жіберген уәһиі үшін үздіксіз мадақтап, тәспі тартып, Оны қандай да бір айып пен нұқсаннан ада санайды. Олар қателік жасап, жолдан тайған адамдар үшін кешірім сұрайды. Өйткені Құдайдың мейрімді әрі кешірімді екенін біледі. Ол құлдарының қателіктерін кешіреді. Сөйтіп олардың Құдайға қайта оралу жолын ашық қалдырады.  

Әрине саналы түрде және қасақана қателік жасамаған адамдар ғана кешірілетіні анық. Қырсық та бейбастақ адамдарды кешіруге еш негіз жоқ.

Аяттардың жалғасында осы жайтқа тоқталып, былай делінген: Кейбір адамдар Құдай мен Оның пайғамбарын жетекші қып алып, Оларға бағынудың орнына  Құдайдан өзгенің соңынан еріп, өз өмірлерінде олардың билігін мойындады. Бұл адамдар шын мәнінде күпірлік пен ширкке ұрынып, пайғамбарлардың шақыруын жауапсыз қалдырды.

Пайғамбар өзін халыққа жол көрсетуге жауапты санап, барлық адамдардың Құдайға бет бұруын қалайтыны анық. Ол кейбір адамдардың Алла жолына немқұрайлы қарайтынын көрген кезде қайғырып, ренжиді. Сондықтан Алла осы аяттарда Ислам пайғамбарына қаратып: "Өзіңді халықтың уәкілі санама. Олар сенің шақыруыңды қабылдауға мәжбүр. Сен олардың істеріне жауапты емессің. Оларды мәжбүрлеу үшін елші болған жоқсың. Алла адамдарды еркін ғып жаратты. Оларға өз жолдарын таңдауы үшін ерік пен ықтияр берді",-дейді.

Әр адам өз таңдауының нәтижесін көреді. Өйткені оларды жаратқан Құдай бүкіл адамдардың істерін бақылап отырады. Әрине жаман әрі лайықсыз жолдарға түскен адамдар бұ дүние мен о дүниеде өз істерінің салдарын көреді. Ізгі амалдар мен дұрыс жолды таңдаған адамдар соның нәтижесін көреді.  

Бұл аяттардан үйренетініміз:

  1. Кейбір адамдардың жүрегі тастан да қатты. Егер Құран аспанға түссе, ол қақ айрылар еді. Бірақ қырсық адамдар илаһи сөздерден әсер алмайды, Оның алдында бас имейді.
  2. Жер бетінде өмір сүретін барлық жандар үшін дұға етейік, Құдайдан оларды кешіруді сұрайық. Періштелер жерліктер үшін дұға қылатындай.  
  3. Құдайға иман келтіру Одан басқаның билігін қабылдаумен үйлеспейді.
  4. Пайғамбарлар халыққа Алланың уәһиін жеткізіп, оларға жетекшілік етуге міндеттелген. Бірақ оларды ақиқатты қабылдауға көндіруге міндетті емес.

Бүгінгі бағдарламамыз осымен аяқталды. Баршаңызды бір Аллаға тапсырамыз.