Қаң 25, 2023 19:46 Asia/Almaty

Аса қамқор әрі ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймыз! Армысыздар, ардақты ағайын! Мұхаммед пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айта отырып, «Нұрлы жол» бағдарламасының 886-бөлімін назарларыңызға ұсынып, Құран Кәрімнің аяттарына жасалған жеңіл тәпсірмен таныстыруды одан ары жалғастырамыз.

"Шура" сүресінің 7-аятына құлақ түріңіздер:

«وَکَذَلِکَ أَوْحَیْنَا إِلَیْکَ قُرْآنًا عَرَبِیًّا لِّتُنذِرَ أُمَّ الْقُرَى وَمَنْ حَوْلَهَا وَتُنذِرَ یَوْمَ الْجَمْعِ لَا رَیْبَ فِیهِ فَرِیقٌ فِی الْجَنَّةِ وَفَرِیقٌ فِی السَّعِیرِ»

 

Аяттың аудармасы:

Осылайша қалалардың орталығы (Мекке халқын) әрі маңындағыларды қорқытуың және де болуында шәк жоқ күні, жиналуды ескертуің үшін; саған арапша Бір Құран уахи еттік. Ол күні бір топ жаннатта, бір топ тозақта. (7)

Өткен бағдарламада тарих бойында пайғамбарларға берілген уәһи жайлы сөз қозғадық. Мына аятта Ислам пайғамбарына былай делінген: Уәһи түсіру үдерісін жалғастыра келіп, бұрын өткен пайғамбарлар сияқты саған да уәһи түсірдік. Құранды осы кітаптың алғашқы оқырмандары Мекке халқының тілінде, яғни араб тілінде түсірдік. Ондағы мақсатымыз: бірінші кезеңде Мекке мен оның айналасындағы тұрғындарға осы кітаптың аяттарымен жетекшілік етіп, оларды жағымсыз істердің салдарынан сақтандырсын дедік. Өйткені нашар істер қиямет күні олардың жағасынан алады.

Аяттың жалғасында қиямет күнінде істері қаралу үшін халық түгел жиналады делінген. Адамдар онда екі топқа бөлінеді: Құдайға иман келтіріп, ізгі іс істегендер жұмаққа барады. Жамандық жасаушылардың орны тозақ отында болады.  

 

Бұл аяттан үйренетініміз:

  1. Құран тілі араб тілі болғанымен, ол араб қауымы мен нәсіліне тиесілі емес. Сондықтан Құранның ешбір жерінде "Я, аюһа ул-араб" деп айтылмаған, барлық жерде бүкіл адамға жалпылай қаратып айтылған.
  2. Дінді насихаттағанда тыңдармандардың ерекшеліктері, қажеттіліктері мен басымдықтарына назар аудару керек.
  3. Құранның айрықша артықшылықтарының бірі мынау: оның сөздері уәһи арқылы бұрмалану, өзгертілу мен түзетуден аман қалған.
  4. Ешкім қиямет күнінің болмайтынына қисынды дәлел келтіре алмады. Сондықтан бұған шәк келтіріп, адасу мен бүлінуге жол ашып бермейік. 

 

"Шура" сүресінің 8-9-аяттарына құлақ түріңіздер:

 

«وَلَوْ شَاءَ اللَّـهُ لَجَعَلَهُمْ أُمَّةً وَاحِدَةً وَلَـکِن یُدْخِلُ مَن یَشَاءُ فِی رَحْمَتِهِ  وَالظَّالِمُونَ مَا لَهُم مِّن وَلِیٍّ وَلَا نَصِیرٍ»، «أَمِ اتَّخَذُوا مِن دُونِهِ أَوْلِیَاءَ  فَاللَّـهُ هُوَ الْوَلِیُّ وَهُوَ یُحْیِی الْمَوْتَى وَهُوَ عَلَى کُلِّ شَیْءٍ قَدِیرٌ»

Аяттардың аудармасы:

Мүбада Алла қаласа оларды бір-ақ үммет қылар еді. Алайда Алла, кімді қаласа, мәрхаметіне бөлейді. Залымдарға дос та, көмекші де жоқ. (8)

Я, олар Алладан өзге ие жасап алды ма? Негізінде Алла, өзі ие; Ол өліні тірілтеді. Және Оның әр нәрсеге толық күші жетуші. (9)

Өткен аяттың аяғында "Қиямет күні адамдар жұмаққа баратындар мен тозаққа баратындар болып екі топқа бөлінеді" делінген. Ал мына аятта: "Бұ дүниеде де солай, адамдар бірдей емес. Бір топ таза ниет пен ізгі іске бейім болса, басқа бір топ сұрқия пиғыл мен сұмпайы істерге бас қояды",-делінген.  

Енді мынадай сауал туындайды: Құдай бұ дүниеде неге барлық адамдарды қияметте жұмаққа баратындай жақсы ой мен жағымды іс атқаратын қылып жаратпады?

Мына аятта былай делінген: Егер Құдай қаласа, бүкіл халықты пайғамбарлардың шақыруын қабылдауға мәжбүрлей алатын еді, оларды иман келтіруге және лайықты істер атқаруға көндіре алар еді. Бірақ мәжбүрлі иманның құны жоқ. Алланың дәстүрі бойынша адам баласы өз еркі және қалауымен өз жолын таңдайды және соған сәйкес әрекет етеді. Өйткені адамның шынайы кемелденуі осыған тікелей байланысты.

Әрине бұл – Құдайдың адамға берген ең ұлы нығметі. Осылайша адамның дамуына жол ашылады.  

Демек шын мәнінде адамдар арасындағы қайшылық олардың ықтияры мен еркінің нәтижесінде туындайды. Басқа сөзбен айтқанда, Құдай үшін бұл қайшылықтың маңызы анау бірліктен артығырақ, өйткені қайшылықтың бастауы – ерік. Ал анау бірліктің бастауы – мәжбүрлік. Ықтиярдың мәжбүрліктен артық екені аян.

Әрине Құдай әділ әрі хакім болғандықтан, әрбір адаммен оның таңдауына қарай қатынас көрсетеді. Өз ықтиярымен хақ жолын таңдаған адам Алланың арнайы рақымына ілігеді. Өз ықтиярымен өзіне және басқаларға зұлымдық жасаған адам шын мәнінде өзін бұ дүниеде де, о дүниеде де Алланың рақымынан мақрұм қалдырады.

Құдайдан басқаның билігін қабылдап, илаһи заңдардың орнына адамның кемшілікке толы заңдарын өз ісінің негізі етіп алған адам өзін илаһи биліктің саясынан шығарады. Мұндай адам бұ дүниеде де, о дүниеде де жетекші мен жәрдемшісіз қалады.  

Аяттардың жалғасында Құдайдан басқаның билігі теріске шығарылып, таңдана сұралады: Олар Құдайдан басқаны өздерінің билеушісі етіп алған ба? Ал шын мәнінде тек Құдай – шынайы билеуші әрі жетекші. Билеуші болудың басты шарты – құдірет пен қабілет. Шынайы құдірет тек Құдайда. Сондықтан билік Оның монополиясында. Ол өлгендерді тірілтіп, кез келген істі істей алады. Демек егер өзімізге билеуші әрі жетекші таңдағымыз келсе, басқаны емес, Құдайды таңдауымыз керек. Өйткені Оның билігі ауқымды әрі мәңгі.  

 

Бұл аяттардан үйренетініміз:

  1. Адамның ерік пен таңдау құқығына ие болуы – Алланың кесімді дәртүрлерінің бірі. Ешкім адамды бұл хақтан айыра алмайды.
  2. Кәпірлер мен мүшріктер Алланың дінінен шығарып тасталады.
  3. Билік және жетекшілік өмірі мен өлімі өз ықтиярында жоқ адамға емес, барлық іске құдіреті жететін, адамдарды өлтіріп-тірілте алатын күшке лайықты.

 

 "Шура" сүресінің 10-аятына құлақ түріңіздер:

«وَمَا اخْتَلَفْتُمْ فِیهِ مِن شَیْءٍ فَحُکْمُهُ إِلَى اللَّـهِ ذَلِکُمُ اللَّـهُ رَبِّی عَلَیْهِ تَوَکَّلْتُ وَإِلَیْهِ أُنِیبُ»

Аяттың аудармасы:

Сендер тартысқан нәрсе турасында шешім жасау Аллаға тән. Міне осы Алла, менің Раббым. Оған тәуекел еттім, әрі Оған мойынсал болдым. (10)

Алланың кең ауқымды билігі туралы аяттардың жалғасында Алла билігінің бір ерекшелігі жайлы сөз болған: Алланың билігін қабылдаған адам кез келген істе, соның ішінде қайшылықты тақырыптарда өзі немесе достары мен таныстарының, ағартушылардың талғамына сүйенбей, Алланың сөзі мен төрелігіне жүгінуі тиіс.

Өкінішке қарай, біздің көбіміз хақ пен ақиқат туралы ойлаудың орнына нәпсі қуып кетеміз. Сондықтан қоғамда көтерілген бір тақырып туралы айтылған түрлі пікірлер арасында өзіміздің жеке мүддемізді қамтамасыз ететін немесе жеке талғам мен ойымызға сәйкес келетін пікірді қабылдаймыз. Шынайы иманның белгісі мынау: идеологиялық, әлеуметтік, саяси-экономикалық, құқықтық және т.б. тақырыптарда және қайшылықты мәселелерде Алла ғылымының қайнар көзіне жүгінуіміз керек. Басқа сөзбен айтқанда, кез келген нәрсенің үкімін Құран, Ислам пайғамбары мен Аһл-е бейттің сүннетінен іздеуіміз керек. Және тапқан нәрсені біздің қалауымызға қайшы болса да, қабылдауымыз қажет.

Алланың үкіміне берік болудың да өтемі болатыны – табиғи нәрсе. Жанұя немесе қоғам бізді қабылдамауы мүмкін. Демек, Құлайға тәуекел етіп, дінге берік болғанымыздың нәтижесінде туындаған қиыншылықтарға қарсы тұруымыз керек және осы жолда табанды да тұрақты қыла гөр деп Құдайдан тілеуіміз керек.  

 

Бұл аяттан үйренетініміз:

  1. Дін наным-сенім мен ақлақ мәселелерімен қоса, адамның барлық қажеттіліктеріне, саяси-экономикалық, әлеуметтік және жанұялық сұрақтарына жауап береді. Яғни барлық істе діни тағылымдарға сүйенейік.
  2. Фанилік әлсіз күштерге сенім артудың орнына құдіретті Құдайға тәуекел етейік. Қиыншылық туындағанда Одан көмек сұрайық.

 

Бүгінгі бағдарламамыз осымен аяқталды. Баршаңызды бір Аллаға тапсырамыз.

Тегтер