Қар 14, 2023 19:46 Asia/Almaty

Аса қамқор әрі ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймыз! Армысыздар, ардақты ағайын! Мұхаммед пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айта отырып, «Нұрлы жол» бағдарламасының 906-бөлімін назарларыңызға ұсынып, Құран Кәрімнің аяттарына жасалған жеңіл тәпсірмен таныстыруды одан ары жалғастырамыз.

"Зухруф" сүресінің 70-73 аяттарына құлақ түріңіздер:

«ادْخُلُوا الْجَنَّةَ أَنتُمْ وَأَزْوَاجُکُمْ تُحْبَرُونَ»، «یُطَافُ عَلَیْهِم بِصِحَافٍ مِّن ذَهَبٍ وَأَکْوَابٍ وَفِیهَا مَا تَشْتَهِیهِ الْأَنفُسُ وَتَلَذُّ الْأَعْیُنُ وَأَنتُمْ فِیهَا خَالِدُونَ»، «وَتِلْکَ الْجَنَّةُ الَّتِی أُورِثْتُمُوهَا بِمَا کُنتُمْ تَعْمَلُونَ»، «لَکُمْ فِیهَا فَاکِهَةٌ کَثِیرَةٌ مِّنْهَا تَأْکُلُونَ»

Аяттардың аудармасы:

“Жаннатқа кіріңдер. Сендер де, жұбайларың да шаттыққа бөленесіңдер!” (70)

Оларға алтыннан табақтар, кәселер ұсынылады. Сондай-ақ онда көңілдері қызығатын, көздері куанатын нәрселер бар. Сендер онда мәңгі қаласыңдар. (71)

Міне осы сендердің амалдарыңменен мұрагер болған жаннат. (72)

Онда сендерге жемістер көп, одан жейсіңдер. (73)

Өткен бағдарламада айтылғандай, Құдай өзінің салих құлдарына Қиямет күні оларда қорқыныш болмайтыны туралы сүйінші хабар берген. Бұл аяттарда жұмақ туралы былай делінген: Дүниеде қиыншылықтарға төзіп, иманы берік болған жұбайлар Қиямет күнінің қуанышында да, бақытында да бірге болып, бір-бірінен ажырамай, қуаныш пен шаттыққа бөленеді. Бұл қуаныш пен шаттық олардың жүздерінен анық көрінеді.

Бұл дүниеде иманын берік сақтағандардың бой тартқан барлық ләззаттары мен қуаныштарын Алла Қиямет күні өтейді. Жәннаттағы қызметшілер мүміндерге ең әдемі шыныаяқтарда ең дәмді тағамдар мен сусындарды ұсынып, оларды қалаған нәрселерімен қамтамасыз етеді. Бұл шірімейтін немесе бітпейтін нығметтер. Түптеп келгенде жәннат тұрғындары оларды еш уайымсыз тыныштық пен жайлылықта қарсы алады. Олар қуаныш пен шаттықтан мүлде жалықпайды, еш қайғырмайды.

Келесі аяттарда жәннаттағы тағы екі нығмет туралы айтылады: Жәннатта жүрек қалаған, көз рахаттанатын нәрселер бар. Қандай қызықты да жүрек жылытатын тәпсір?

Сондай-ақ, нығметтердің жойылатыны туралы ой жәннаттықтардың көңілдерін түсіріп, мұңайтпауы үшін «Сендер сонда мәңгі қаласыңдар" делінген.

Аяттың жалғасында былай делінген: Сендерге о дүниеде берілетін илаһи нығметтер – бұл дүниеде істеген іс-әрекеттердің нәтижесі. Шын мәнінде, бұл сенің құтқарылуыңның негізгі факторы өз әрекетің екенін көрсетеді.

Бұл аяттардың соңында жәннаттың жемістері жайлы айтылған. Жұмақ ағаштарының әрқашан жемістері мол болады. Жәннат тұрғындары осы түрлі және дәмді жемістерді жейді. 

Бұл аяттардан үйренетініміз:

  1. Иманды жұбайлар ақыретте де бір-біріне жолдас болады.
  2. Дүниеде Алланың разылығы үшін арсыз әрі азғын көріністерді көруден тыйылғандар ақыретте жәннаттағы аруларды көріп, олармен бірге болудан ләззат алады. Әрине, оны дүниелік ләззаттармен салыстыруға келмейді.
  3. Бұл дүниенің ләззаттары шектеулі және тұрақсыз. Бүкіл тұрақты ләззаттар мен тілектерге жету тек жәннатта ғана мүмкін.
  4. Аспанға сылтау емес, маңыз бере қарау керек. Ізгі іссіз жәннатқа кіруді күту – орынсыз күту.
  5. Жәннаттың ғажайып нығметтерінің бірі – жемістерінің көптігі мен әралуандығы.

 

"Зухруф" сүресінің 74-76 аяттарына құлақ түріңіздер:

«إِنَّ الْمُجْرِمِینَ فِی عَذَابِ جَهَنَّمَ خَالِدُونَ»، «لَا یُفَتَّرُ عَنْهُمْ وَهُمْ فِیهِ مُبْلِسُونَ»، «وَمَا ظَلَمْنَاهُمْ وَلَـکِن کَانُوا هُمُ الظَّالِمِینَ»

Аяттардың аудармасы:

Сөзсіз күнәһарлар тозақтың азабында мәңгі қалады. (74)

Олардың азабы жеңілтілмейді де, олар онда күдер үзген түрде қалады. (75)

Оларға зұлымдық қылмадық, олар өздеріне зұлымдық қылды. (76)

Қиямет күніндегі жәннаттың жай-күйін сипаттаудан кейін бұл аяттар қиямет күніндегі екі топтың тағдырын салыстыра отырып, адам дүниеде дұрыс жолды таңдауы үшін ондағы қылмыскерлер мен күнәһарлардың тағдырына тоқталады. Басында былай дейді: Жақсы адамдар жәннатта мәңгі болатыны сияқты қылмыскерлер де тозақта мәңгі қалады. 

Әрине басқа аяттар мен дәстүрлер бойынша қылмыскерлердің барлығы тозақта мәңгі қалмайды. Егер дүниеде тағы да мың жыл қалса да, ақиқатқа қарсы зұлымдық жасап, қыңырлығын тоқтатпайтынын көрсеткен қылмыскерлер ғана тозақта мәңгі қалады. Мұндай қыңыр да зұлым адамдар Алланың мейіріміне бөленуге лайық емес екені табиғи нәрсе. Сондықтан олар қатты үмітсіздік пен қайғыны бастан кешіреді.

Аяттардың жалғасында Алла тағала ондай адамдарға әділетсіздік жасап, дүниелік өмірлері шектеулі болғанымен ақыретте оларға шексіз азап белгіледі деп ешкім ойламауы үшін олардың өздері осындай тағдыр таңдағаны айтылады. Мәңгілік азаптың қайнар көзі – өздерінің жауыздық істері.

Қазіргі әлемде құқықтық тұрғыдан алғанда қылмыстың салдары мен оның жазасы арасында пропорционалдылық пен үйлесімділік бар және ол қылмыстың жасалу уақытының ұзақтығына тәуелді емес. Сондықтан кейбір қылмыстар үшін, олардың жасалу уақыты өте қысқа болса да, ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру, кейде өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы беріледі.  

Бұл аяттардан үйренетініміз:

  1. Құран тәлімінің негіздерінде адам қажетсіз тәкаппарлық пен үмітсіздікке ұшырамауы үшін ескерту мен сүйінші хабар қатар жүреді.
  2. Жақсылық пенденің жәннатқа кіруіне себеп болатыны сияқты тозаққа кірудің себебі де адамның өз амал-әрекетінде.
  3. Алла ешкімге зұлымдық жасамайды, зұлымдықты жазалайды.

 

"Зухруф" сүресінің 77-78 аяттарына құлақ түріңіздер:

 «وَنَادَوْا یَا مَالِکُ لِیَقْضِ عَلَیْنَا رَبُّکَ  قَالَ إِنَّکُم مَّاکِثُونَ»، «لَقَدْ جِئْنَاکُم بِالْحَقِّ وَلَـکِنَّ أَکْثَرَکُمْ لِلْحَقِّ کَارِهُونَ»

 

Аяттардың аудармасы:

Тозақтықтар: “Әй сақшы! Раббың ісімізді бітірсін” дейді. Сақшы: “Расында сендер тұрасыңдар” дейді. (77)

(Алла оларға): “Шынында сендерге шындықты келтірдік. Бірақ көбің шындықты жек көрдіңдер.” (78)

 

Қылмыскерлер мен залымдардың тозақтағы жағдайлары қиын әрі төзгісіз болатыны сонша, олар өліп қалуды артық көріп, бұл қиын жағдайдан құтылу үшін тозақтағы жауапты періштеден Алладан өлім әкел деп сұрайды. Бірақ оларға жауап ретінде былай делінеді: "Бұл тілек орындалмайды, сендер мұнда мәңгі қаласыңдар".

Бұл дүниеде адам өз өмірін өз-өзіне қол жұмсау арқылы аяқтай алатын болса, қиямет күні мұндай нәрсе мүмкін емес. Тіпті ауыр азап пен тозақтың жалындаған оты да тозақтықтардың өліміне себеп бола алмайды.

Аяттардың жалғасында күнәһарлардың тозаққа түсуінің ең маңызды себебін ақиқаттан қашу және шындықпен күресу деп атап: "Олар бұл дүниеде ақиқат сөзді ұнатпай, өздерінің құмарлығы мен нәпсі қалауларын күйттеді. Олар шындықты қабылдамақ түгілі, оны тыңдағысы да, ойланғысы да келмеді. Ақыры шындықпен күресу оларды мәңгілік азапқа душар етті",-делінген.

Бұл аяттардан үйренетініміз:

  1. Ақыретте өлім тілемеуіміз үшін бұл дүниедегі істеріміз бен мінез-құлқымызға сақ болайық. Бұл – ешқашан орындалмайтын тілек.
  2. Алланың жазасы ескерту аяқталғаннан кейін болады. Сондықтан ақиқатты түсінсе де, оған қарсы шыққан адам тозаққа барады.
  3. Хақты қабылдап, дұрысқа бойұсыну адамның екі дүниеде де бақытты болуына себеп болады. Ал шындыққа қарсы шығу адамдарға осы дүние де, ақыретте де қасірет әкеледі.

 

 

 Бүгінгі бағдарлама осымен аяқталды. Баршаңызды бір Аллаға тапсырамыз.

 

 

Тегтер