Қаң 03, 2024 21:44 Asia/Almaty

Аса қамқор әрі ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймыз! Армысыздар, ардақты ағайын! Мұхаммед пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айта отырып, «Нұрлы жол» бағдарламасының 910-бөлімін назарларыңызға ұсынып, Құран Кәрімнің аяттарына жасалған жеңіл тәпсірмен таныстыруды одан ары жалғастырамыз.

"Духан" сүресінің 9-11-аяттарына құлақ түріңіздер:

«بَلْ هُمْ فِی شَکٍّ یَلْعَبُونَ»، «فَارْتَقِبْ یَوْمَ تَأْتِی السَّمَاءُ بِدُخَانٍ مُّبِینٍ»، «یَغْشَى النَّاسَ هَـذَا عَذَابٌ أَلِیمٌ»

Аяттардың аудармасы:

Бірақ олар, бір күдік ішінде ойнауда. (9)

(Мұхаммед Ғ.С.) ендеше аспанның бір ашық түтін келтіретін күнін күт. (10)

Адамдарды қаптап алады; Бұл жан түршігерлік азап. (11)

 

Өткен бағдарламада Құран түсіріліп, адамдарға тура жол көрсету үшін пайғамбарлар жіберілгені туралы айтылды. Бұл – Алланың өз құлдарына деген рақымының белгісі. Мына аяттарда былай делінген: Кейбір адамдар хақты түсінсе де, оны қабылдауға дайын болмай отыр. Олар үнемі өзі мен өзгелерде күмән тудырады. Олар күдік-күмәнді тастап, сенім мен ақиқатқа жетудің орнына өздерін күдік тудыратын жайттармен алдандырып, илаһи кітаптардағы ақиқатты ойыншыққа айналдырып отыр. Содан соң осы қырсық та қыңыр кәпірлерге былай деп ескертеді: Илаһи азаптың белгілерін көрген кезде көздеріңнен ғапылдық пердесі түсіп, өздеріңнің қатты қателескендеріңді түсінесіңдер. Пайғамбарлар айтқан нәрселердің әсіреленген бос сөз емес, рас әрі дұрыс екенін ұғасыңдар.

Бұл аяттардан үйренетініміз:


1. Күмән ғапылдық пен жалғандыққа әкеп соқтырмауы керек. Шын мәнінде күмәнде қалу – нашар әрі бұрыс іс. Әйтпесе күмән келтіру – ақылды адамның басты шарты. Зерттеу және тексеру арқылы күмәннан арылу керек.

2. Діни сенімде күмән тудыратындардың сөздеріне еріп, илаһи аяттармен ойнау ауыр азапқа әкеледі.

 

"Духан" сүресінің 12-14-аяттарына құлақ түріңіздер:

«رَّبَّنَا اکْشِفْ عَنَّا الْعَذَابَ إِنَّا مُؤْمِنُونَ»، «أَنَّى لَهُمُ الذِّکْرَى وَقَدْ جَاءَهُمْ رَسُولٌ مُّبِینٌ»، «ثُمَّ تَوَلَّوْا عَنْهُ وَقَالُوا مُعَلَّمٌ مَّجْنُونٌ»

Аяттардың аудармасы:

Олар: “Раббымыз! Бізден бұл азапты айықтыр. Шынында иман келтіргенміз.” (12)

Оларға үгіт алу қайда? Расында оларға ашық түсіндіруші бір Пайғамбар келген. (13)

Сосын олар одан бұрылды да: “Үйретілген бір жынды” деді. (14)

 

Алланы жоққа шығарушылар илаһи азаптың белгілерін көргенде бүкіл болмыстарын қорқыныш пен үрей билейтіні – табиғи нәрсе. Олар Аллаға бет бұрып: "Я, Раббым, бізді азаптан құтқар, иман келтіреміз",-дейді. Бұл сенім қорқынышқа негізделген, сондықтан құндылығы жоқ. Негізінде иман қорқынышсыз, сыртқы қысымсыз өз еркімен жетсе ғана құнды.  

Аяттардың жалғасында: "Бұл ояну мен қайту сендерге пайда әкелмейді. Өйткені Пайғамбар сендерге мұғжизалармен және айқын дәлелдермен келгенде оның әмірлерін қабылдап, Бір Аллаға сенудің орнына, одан теріс айналдыңдар. Сендер оның ағартушы ілімдерін басқаларға телідіңдер және олардың Құдайдың аяны және Құдай сөзі екенін қабылдауға дайын болмадыңдар",-деді.

Кейде "Жындармен қатынасы бар, солардан үйреніп, білдіріп отырады" деп айтады, кейде "Ол бұл сөздерді басқа адамдардан үйренген. Басқалар оның бойына сіңірген. Соны Құдайға телиді" деп айтады.

Бұл аяттардан үйренетініміз:

  1. Бір күні дінмен ойнағандардың көздері ашылып, ғапылдық пен күмәннан арылады. Олар дүниеге қайтуды сұрайды, бірақ бұл енді пайдасыз.
  2. Алла кәпірлерге дәлел келтірмейінше жазаламайды. Кәпірлер пайғамбарлардың сөздерін теріске шығару үшін қисынды дәлел келтірудің орнына, орынсыз жаламен олардың абырой-беделіне нұқсан келтіруге тырысады.

 

 

"Духан" сүресінің 15-16-аяттарына құлақ түріңіздер:

«إِنَّا کَاشِفُو الْعَذَابِ قَلِیلًا إِنَّکُمْ عَائِدُونَ»، «یَوْمَ نَبْطِشُ الْبَطْشَةَ الْکُبْرَى إِنَّا مُنتَقِمُونَ»

Аяттардың аудармасы:

Расында бейнетті біраз айықтырамыз. Дау жоқ! Сендер қайталайсыңдар. (15)

Өте қатты ұстаумен ұстаған күні, әрине тиісті жазасын береміз. (16)

 

Бұл аяттарда иман келтіреміз деп айтатын кәпірлердің уәждеріне керісінше былай делінген: Біз олардың азаптарын азайтамыз. Бірақ олар ғибрат алмайды. Олар күпірлік пен сұмдық істеріне қайта оралып, істеген істеріне өкінбейді.

Басқа сөзбен айтқанда, егер олар азап пен жазаның құрсауында тұрып өз әрекеттеріне өкініп, қайта қайтуды ұйғарса, бұл уақытша және қысқа болады. Бірақ оқиғаның дауылы басыла салысымен олар бұрынғы әрекеттерін қайталайды. Демек, олардың сенім білдірулері қорқынышқа негізделген, сондықтан оның еш құны жоқ. Олардың жазалары бұл дүниеде жеңілдетілсе де, қиямет күні олар азапқа ұшырап, ауыр жазаға тартылады. Өйткені Алланың қаһарына ұшыраған залымдар Оның азабынан аман қалмайды.

Бұл аяттардан үйренетініміз:

  1. Алла тағала бұл дүниеде кешіріммен қарап, азапқа салмай өтіп кеткен сәттері қаншама, бірақ біз сонда да жаман істерімізді тоқтатпай, теріс қылықтар жасай бердік.
  2. Алла – пайғамбарлар мен мүміндердің қорғаушысы. Ол қыңыр кәпірлер мен залымдардан пайғамбарлар мен мүміндерге жасаған әділетсіздіктері үшін кек алады.

 

"Духан" сүресінің 17-18-аяттарына құлақ түріңіздер:

«وَلَقَدْ فَتَنَّا قَبْلَهُمْ قَوْمَ فِرْعَوْنَ وَجَاءَهُمْ رَسُولٌ کَرِیمٌ»، «أَنْ أَدُّوا إِلَیَّ عِبَادَ اللَّـهِ إِنِّی لَکُمْ رَسُولٌ أَمِینٌ»

Аяттардың аудармасы:

Расында бұлардан бұрын Перғауын елін де сынаған едік. Оларға ардақты пайғамбар келген. (17)

“Алланың құлдарын маған тапсырыңдар. Өйткені мен сендерге сенімді бір Пайғамбармын” деді. (18)

 

Мекке мүшріктерінің Ислам пайғамбарына қатынасы туралы айтылған алдыңғы аяттардың жалғасында бұл аяттарда Мұса мен перғауынның тарихы баяндалады.

Айта кету керек, перғауынның халқы күшті үкімет, мол байлық және көптеген мүмкіндіктерге ие болып, әл-ауқаттың шарықтау шыңында өмір сүрді. Бірақ бұл құдірет оларды тәкаппар етті. Олар түрлі күнәға әбден батып, зұлымдық жасады.

Сол кезде Мұса пайғамбар перғауындықтарға барған. Ол сыпайы және жағымды үнмен перғауын мен оның айналасындағылардан израильдіктерді құлдықтан босатуды сұрады. Сөйтіп ол оларға дұрыс жол көрсетіп, илаһи ілімдер негізінде бақытқа жетелеуді көздеді.

Бұл аяттардан үйренетініміз:

  1. Пайғамбарлардың басты миссиясы – халықты зұлым билеушілердің үстемдігінен азат ету және озбыр жәбірлеушілердің қанауынан құтқару. Сондықтан Мұса пайғамбар израильдіктерге барар алдында перғауын мен сарай қызметкерлеріне барды.
  2. Пайғамбарлар аманатқа берік, сенімді адамдар болған. Олардың жақсы өмір тарихы олардың миссиясы мен шақыруын қабылдауға негіз болды.

 

Осымен бүгінгі бағдарлама аяқталды. Баршаңызды бір Аллаға тапсырамыз.

Тегтер