Қаң 10, 2024 23:01 Asia/Almaty

Армысыздар, ардақты ағайын! "Хәкім Омар Хайям Нишапури" туралы бағдарламамыздың төртінші әрі соңғы бөлімін назарларыңызға ұсынамыз.

Өткен эпизодта ақын әрі сопы Хайям жайлы айтып, ойшылдың рубаиларынан оның ойларын іздедік. Бұл бөлімде Омар Хайямның әлемдік қырлары туралы сөз қозғаймыз. Ақынның өлеңдерін ағылшын тіліне аударған адам жайлы айтамыз. Ол Хайямды бүкіл әлемге таныстырумен қоса, өзі де жер-жаһанға әйгілі болды.

Британ шығыстанушысы әрі Оксфорд университетінің ұстазы Томас Хайд (Thomas Hyde) (1636-1703) латын тілінде жазған "Діндер тарихы" кітабында алғаш рет Омар Хайямның атын атаған. Томас Хайд бұл кітапта алғаш рет Хайям рубаиларының бірін латын тіліне аударған. Содан кейін Батыстың көптеген ойшылдары мен жазушылары өз кітаптары мен еңбектерінде Хайям жайлы сөз қозғап, оның атын атаған. Соның ішінде Жозеф фон Хаммер (Joseph von Hammer) 1818 жылы Венада басылып шыққан кітабында Хайям рубаиларының бірнешеуін неміс тіліне аударып, өз кітабында келтірген. Сондай-ақ шотландық саяхатшы Джеймс Билли Фризер (James Baillie Fraser) өзінің сапарнамасында Хайям жайлы мәлімет жазған. 19 ғасырдағы жазушы Фризер бірнеше ай Иранда өмір сүріп, Иранға саяхат туралы бірнеше сапарнама жазған. Нишапурда Омар Хайямның жанына жерленген имамзада Маһруқ (Mahroogh) жайлы сипаттамада былай жазған: "Осы үлкен ғимараттың жанындағы шағын ғана аулада Омар Хайям (keyoomee) жерленген. Ол Селжұқтардың ұлы сұлтаны Мәлік шахтың уәзірі Низам әл-Мүлктің заманында өмір сүрген ақын".

Иранға сапар шеккен британ саяхатшысы Роберт Браунинг (Robert Browning) бір ескі ғимараттың қабырғасынан Хайямның бір өлеңін көрген, 1857 жылы журналдардың бірінде өзінің сапары туралы жазбасында Хайямның атын мына екі өлеңмен бірге келтірген:

  آن قصر که با چرخ همی زد پهلو

بر درگه آن شهان نهادندی رو

دیدیم که بر کنگره‌اش فاخته‌ای

بنشسته همی گفت که کوکوکوکو

Уақыт өте келе қисайған әлгі сарайға

Қаншама шах басын сүйеп еді.

Бір күні сол сарайдың дуалында

Көкек сайрап отырғанын көрген едік.

 

Айтып өткеніміздей, осыған дейін батыстықтардың кейбір сапарнамаларында Хайямның аты аталып, рубаиларының үлгілері келтірілген. Бірақ 19 ғасырдың басына дейін Батыста Хайямды ешкім танымаған. Иранда да осы кезге дейін Хайям ақын ретінде емес, философия, астрономия мен математика салаларындағы ғылыми талпыныстарына байланысты танымал болған. Сондықтан мынадай орынды сауал тауындайды: хәкім Омар Хайямда үлкен өлеңдер жинағы жоқ. Рубаилар – оның жалғыз әдеби туындысы. Бірақ ол поэзия саласында қалайша әлемге танылды? Оның осы танымалдығына кімнің қатысы бар? 

Бұл сұрақтың жауабы Эдвард Фицджеральдтың (Edward FitzGerald) есімімен біте қайнасқан. Ол Хайямның атын Батыста ғана емес, Шығыста да әйгілі етті. Ол 1809 жылы Англияның оңтүстігінде бір бай отбасында дүниеге келген. Сондықтан Фицджеральд жақсы жағдайда Кембридж университетінде білім алған. Ол шығыс тілдеріне қатты қызыққан. Сондықтан ол парсы тілін үйренуді таңдаған. Фицджеральд парсы тілін үйренгеннен кейін алдымен Сағди, содан соң Хафиз және Фердоусимен танысқан. Бірақ парсы тілі ұстазы Эдвард Байлз Кавелден (Edward Byles Cowell) (1836-1903) Хайям рубаиларының бір нұсқасын алғаннан кейін оған Хайямның ойларына есік ашылып, ол ақынның өлеңдерін аударуға шешім қабылдады.

Профессор Кавел ең танымал британ шығыстанушылардың бірі және парсы поэзиясының әйгілі аудармашыларының бірі болған. Ол бұл қолжазба нұсқасын Оксфорд университетінің Бадлиан кітапханасында (Bodleian Library) сақталып тұрған сэр Уильям Оузлидің (Sir William Ouseley) қолжазба нұсқалар жиынтығы арасынан анықтады. Одан ол өз қолымен көшірме жасады. Жаңа көшірмені Үндістанға сапарының алдында Фицджеральдқа сыйлап кеткен. 

Фицджеральд Хайяммен танысқан кезде оны өзінен 500 жыл бұрын өмір сүрген кәпір деп санайды. Бірақ Хайямды көбірек танығаннан кейін оның ойы мен философиясына ғашық болып қалып, оның рубаиларын аударуға кіріседі.

Фицджеральд Хайям рубаиларын таңдап аударып, шын мәнінде оқырманға өлеңдерден өз түсінігін жеткізген. Ақырында 1858 жылы  Хайям рубаиларын аударып біткен. Фицджеральд кітапты басып шығару үшін  алдымен FREEZER журналына берген, бірақ журналдың директоры оның аудармасын лайық деп таппай, кітапты басып шығармаған. 1859 жылы Фицджеральд өз қаражатына 250 дана кітап шығарып, сатсын деп кітап дүкеніне апарып берген. Бір жылдан аса уақыт бойы оның кітаптарына ешкім көңіл аудармаған. Бірақ біртіндеп әдебиет саласында танымал адамдар Фицджеральдтың аудармасымен таныс бола бастап, Хайям рубаиларын қолдағандары сондай, оның аты бүкіл жерге тарап танылды. Тіпті 1859 жылдан 19 ғасырдың аяғына дейін британ шығыстанушысы Арбери (Arthur John Arberry) айтқандай, Фицджеральд аударған Хайям рубаилары 25 рет басылып шыққан. 1929 жылға дейін Хайям рубаилары ағылшын тілінде 410 реттен аса жарық көрді. Хайямның өлеңдері негізінде 700-ден аса кітап, мақала, музыкалық және драмалық шығарма жазылған.

Виктория патшайымы кезіндегі ең танымал ақын Альфред Теннисон (Alfred Lord Tennyson) – Виктория заманында Британия шайырларының шайыры және жалпы британ тарихындағы ең әйгілі ақындардың бірі. Теннисон Фицджеральдтың Хайям рубаиларының аудармасына орай жазған поэтикалық рецензиясында былай деген: "Шығыс сарынының ағылшын тілінде сіздікінен әдемірек әрі ғажабырақ аударылғанын көрмедім. Сіздің ұлы ақыныңыз Омар Хайям – өзін ғарышқа атқан Күнмен тең планета. Яғни ол бәріне және барлық жерге жарық шашады, бірақ өзінің тірегі жоқ".

Қазіргі таңда Фицджеральд аударған Хайям рубаилары – ағылшын тіліндегі ең танымал әдеби туындылардың бірі. Өлеңдердің түрлі бөліктері әлемнің әрқилы жерінде көп қолданылғанына байланысты мәтелге айналып кеткен. Тіпті кейбір британ сарбаздары Фицджеральд аударған Хайям рубаиларын бірінші және екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қалталарына салып жүрген, рухани тұрғыдан босап қалған кезде осы өлеңдерді оқып, көңілдері жай тапқан.

Фицджеральд Хайям рубаилары арқылы әлемге танылып, халықтың ыстық ықыласына бөленді. Хайям рубаилары Англияның әдеби ортасында терең із қалдырды. Өйткені ол Батыс әлеміне "рубаи" атты өлең қалыбын таныстырумен қоса, Англияның әдеби ортасында "рубаидың" классикалық қалып ретінде өз орнын табуына себеп болды.

Сондай-ақ, бұл өлеңдер жинағы Батыстың әдебиетшілері мен ақындары арасында ерекше мектеп пен философиялық ойлау тәсілінің қалыптасуына себеп болды. Хайямға қызығушылар 1892 жылы Англияда "Хайям шеңбері" атты клуб ашты. 1900 жылы АҚШ-та осындай клуб ашылды. Ол әлі күнге дейін жұмыс істеп тұр. Онда түрлі жиындар өткізіледі.

Хайямның әлемге танылуына көмектескен Фицджеральд 1883 жылы қайтыс болды. Ол Болдж(Boulge) ауылында жерленген. Ол өмірінің көп бөлігін осы ауылда өткізген.

Фицджеральдтың мазарында қызыл гүл бұтағы өсіп тұр. Оның өзі дастаны бар. 1884 жылы британ тілшісі Уильям Симпсон (William Simpson) Иранға сапарында хәкім Омар Хайямның кесенесін зиярат еткен. Ол Хайям мазарында өсіп тұрған қызыл гүлдің бірнеше дәнегін хатпен бірге Англияға жіберген. Дәндер Англияның Kew Gardens корольдік ботаникалық бағында егілген. Бірақ гүл өспеген. Ақырында өскінді Фицджеральдтың мазарына тасымалдап еккенде ол  гүлдей бастаған. Осылайша қызыл гүл достық пен махаббат жолдауын Хайямнан Эдвардқа жеткізген.

Хәкім Омар Хайямның кесенесі қайда? Оның өзі қай жылы қайтыс болған?

1048 жылы Нишапурда дүниеге келген Омар Хайям 1131 жылы осы қалада 83 жасында қайтыс болып, туған қаласында жерленген. Шын мәнінде Хайям өз досы Низам әл-Мүлк сыйға берген бақта жерленген деген рауаят бар. Хайямның өзі көктемде гүлге толатын жерде жерленуді, мазары ұдайы көлеңкеде болуды қалаған. Тура сондай бақта жерленді.

Бүгінде Омар Хайямның кесенесі ирандық инженерлердің шеберлігінің арқасында өте әдемі ескерткіштердің біріне айналған. Бұл осы ирандық ақын мен ойшылдың халық жүрегіндегі орны мен маңыздылығын көрсетеді. Иранның қазіргі заман сәулет өнерінің атасы инженер Хушанг Сейхун осы кесенені жобалап, салған. Кесене құрылысы 1963 жылы аяқталды.

Хушанг Сейхун кесене құрылысы туралы: "Хайям менің қабірім әр көктемде солтүстіктен гүл төлігіп тұратын жерде болуы керек деп айтқанын естідім. Сондықтан кесене ашық болуы тиіс еді. Хайямның тілегі орындалды",-деп жазған. Хушанг Сейхунның сенімінше, шын мәнінде Хайямның үш тұлғасы болған, яғни математик, астроном және ақын! Сондықтан кесенеде үш тұлға да көрініс табуы тиіс. 22 метрлік ескерткіш дәруіштің қалпағына ұқсайды. Астындағы шеңбер 10-ға бөлінген. Яғни ескерткіш мұнара 10 ұстынға негізделген. 10 саны – математикада екі бірліктен тұратын алғашқы сан және көптеген сандардың басты негізі. Ұстындардың әрқайсысынан екі диагоналды сырық жоғары қарай созылған. Сырықтардың қиылысқан жерінде мұнараның жалпы көлемі салынған. Сырықтар диагоналды болғандықтан олардың горизонталды сызықтары мұнараның вертикалды өсін бақылайтын болған. Сырықтар спиралды қалыпта көкке өрлеп, төбеде бір-бірімен тоғысқан және өзі басталған жердің қарама-қарсы жағынан бір-ақ шығарылған. Мұның өзі математика мен геометрияда күрделі пішін болып табылады. Бұл пішін мен 10 саны – екеуі де Хайямның математика ғылымындағы білімінің белгісі. Сырықтардың бір-бірімен тоғысуы толы және бос кеңістіктер тудырып, төбеде тоғысқан жұлдыздар тудырған. Олардың арасынан Нишапурдың көк аспаны көрінеді. Біртіндеп күмбездің ұшар басында жұлдыздар кішірейеді. Соңында бір бес бұрышты жұлдыз оларды толықтырады. Жұлдыздар мен аспан Хайямның астрономиялық тұлғасын еске салады. Сырықтардың тоғысуынан 10 үлкен ромб туындаған. Олар керамикалық тақташалармен толтырылған. Кесенедегі ең әдемі безендіру – Хайямның рубаилары. Олар каллиграфиядағы "шекасте" жазуымен жазылған. Ромбтардың бәрі Мир Эмад сияқты ұлы каллиграфтар мен кейбір "шекасте" ұстаздары жазған және абстрактілі нақыштармен өрнектелген керамикалық тақташалармен толтырылған. Ұлттық жәдігерлер қауымдастығының тапсырысы бойынша, марқұм ұстаз Жалал Хомай осы мақсат үшін 20 рубаи таңдап алған. Ұстаз Мұртаза Абдурасули рубаиларды "шекасте насталиқ" жазуымен жазған.  Бұл – нағыз ирандық жазу. Сол арқылы ақынның ирандықтарды жақсы көргені ғимаратта көрініс тапқан.

Иранның сәулет тарихында "шекасте насталиқ" жазуы бірінші рет ғимаратты безендіруде пайдаланылған. Ғимарат ішінде ромбтар өлеңге, гүл, жапырақ пен шырмауық, керамикалық мозайкамен безендірілген. Мұның бәрі Хайямның поэтикалық тұлғасын көрсету үшін жасалған.

Осылайша Хайямның кесенесі поэтикалық кеңістікте қалың ағаштардың ортасында орналасқан. Хайям өзі қалағандай оның мазары көктемде гүлге толады.

"Хәкім Омар Хайям Нишапури" подкастының соңғы эпизоды аяқталды. Осы 4 эпизодта астрономия, философия, математика мен хикмет салаларының білгірі болған және "Имам ул-Мұхаққеқин" деген лақап атқа ие болған Хайямның көпқырлы тұлғасымен таныстыра алдық деп үміттенеміз.