Жел 27, 2023 17:53 Asia/Almaty

Хәкім Омар Хайям Жалали күнтізбесін жасау арқылы бүкіл тарихқа әсер еткен білім қалдырды.

Армысыздар, ардақты ағайын! "Хәкім Омар Хайям Нишапури" туралы бағдарламамыздың екінші бөлімін назарларыңызға ұсынамын.

Қазіргі заманның ғылыми өркендеуі осыдан жүздеген жылдар бұрын ғылым мен білім жолына нұр шашқан ойшылдардың еңбектеріне қарыздар. Сондай ойшылдардың бірі – хәкім Омар Хайям. Ол математика мен астрономия галактикасында аты жарық жұлдыздай жарқыраған ғалым.

Бұл бөлімде біз Хайямның математика және астрономия саласындағы жетістіктерін қарастырып, осы ойшылдың ғылыми талпыныстары туралы айтатын боламыз.

Хәкім Омар Хайям туралы айтпас бұрын бағдарламаның алдыңғы бөліміне шолу жасағанымыз жөн. Өткен бөлімде Хайямның балалық және жастық шағы туралы айтқан болатынбыз. Ол х.ш.ж.с.б. шамамен 427 жылы (1048) Нишапурда дүниеге келген және екі маңызды селжұқ патшасы Алып Арсылан мен Мәлік шахтың тұсында өмір сүрген. Ол өте зерек және оқуға құштар еді. Қай мектепке барса да, материалды тез меңгеріп, даму сатыларын жылдам басып өтетін болған. Ол ғылым мен білімнің әртүрлі салаларында оқып, әр салада биік дәрежеге жетті. Хайямның даму жолында Құдай берген ақыл-парасаты мен талантына қоса, әкесінің қолдауын айтпай кетуге болмайды. Әкесі шатыр тігумен айналысса да, баласының білім алуына көп көңіл бөлген. Баласының ғылым-білім жолында өркендеуіне барын салды, оны бүгінде әлемнің барлық ойшылдары білетін тұлға болу үшін әртүрлі мектептерге жіберді.

Сондай-ақ, өткен бөлімде Хайямның Ибн Синаға деген сүйіспеншілігі мен адалдығы зор болғанын және Ибн Синаның барлық кітаптарын оқытып, оның интеллектуалдық философиясын қабылдағанын айтқан едік. Енді Хәкім Омар Хайям туралы сұхбатымызды одан ары жалғастырамыз.

Оқуын аяқтаған Хайям әр салада еңбек етті. Осындай ғылыми салалардың бірі «математика» болды. Әлемдегі математика мен алгебраға қызығатындар Омар Хайямды жақсы біледі. Олар 11-12 ғасырларды «Хайям дәуірі» деп атайды, бұл Хайямның осы саладағы ықпалы мен атағын көрсетеді. ЮНЕСКО да Хайямды орта ғасырдағы ең ұлы математиктердің бірі деп атады. Хайям алғаш рет математикада үш белгісізі бар теңдеулерді шешу әдісін ұсына алды. Сонымен қатар биномдық дәрежелердің алгебралық кеңеюін сипаттайтын биномдық кеңею коэффициенттерін (binomial expansion) анықтады.

Хайям шығармаларының көпшілігі сол кездегі ислам әлемінің ғылыми тілі болған араб тілінде жазылған. Хайямның математика саласындағы еңбектерінің бірі – «Евклид пішіндерінің түсіндірмесі туралы трактаты» (Рисала фи шарх ма ашкал мен мосадерат Еқлидес). Бұл кітапта Хайям Евклид геометриясының қағидаларының ішінде параллель түзулер теоремасы туралы Евклидтің бесінші принципін зерттеді. Бұл принцип – Евклид геометриясының негізі. Хайям осы принципті дәлелдей алды.

Евклидтің бесінші принципі деп те аталатын Евклидтің параллелизм принципіне сәйкес (себебі бұл геометриядағы Евклид принциптерінің бесінші принципі), егер екі түзу үшінші түзумен қиылса, үшінші түзудің сол жағында олар бір-бірімен қиылысады, өйткені ішкі бұрыштар биссектрисадан кіші қосынды құрайды.

Өкінішке қарай, Хайямның евклидтік геометрия тақырыбына арналған трактатының бір нұсқасы қалды. Қазіргі уақытта ол Лейден университетінің кітапханасында (Нидерландыдағы ең көне университет) сақтаулы тұр.

Хайямның математика саласындағы тағы бір әйгілі кітабы үшінші дәрежелі теңдеулермен байланысты. Ол «Алгебра және салыстыру мәселелеріне қатысты дәлелдер туралы трактат» (Рисала фи әл-бараһин алә масаел әл-джәбр уал-моқабала) деп аталады. Бұл кітап та араб тілінде жазылған. Уилл Дюрант (Will Durant) Хайямның осы кітабы туралы былай дейді: "Бұл кітап – орта ғасырлардағы адамзат математикасының шедеврі".

Хайям өз өмірінің үшінші онжылдығында жазған бұл құнды кітапты Селжұқтар сарайының министрі болған қожа Низам әл-Мүлкке сыйға тартқан.   

Селжұқ түріктерінің сарайында ирандықтардың орны ерекше болды. Олар сарайда жоғары лауазымдарда қызмет еткен. Осындай аса маңызды адамдардың бірі қожа Низам әл-Мүлк болды. Ол Омар Хайямны» бала күнгі досы. Біліктілігінің арқасында Алып Арсылан оны министр етіп тағайындап, мемлекеттің барлық істерін сеніп тапсырған. Сұлтан қожа Низам әл-Мүлкпен кеңеспей ешнәрсе істемеген. Қожа Низам әл-Мүлк Алып Арсланның ұлы Мәлік шах тұсында өз қызметінде қалды. 30 жылға жуық қызметінде ол Иранның дамуы мен ілгерілеуі үшін маңызды істер атқарды.

Исфахан селжұқтар әулетінің жаңа астанасы болып сайланғаннан кейін қожа Низам әл-Мүлк Селжұқтар сарайымен бірге Нишапурдан Исфаханға барды. Селжұқтар билігінің соңына дейін бұл қала елдің негізгі саяси-әкімшілік астанасы болған. Бұл қала құдіретті Селжұқ патшасы Мәлік шахтың тұсында гүлдену мен атақ-даңқтың шыңына жетіп, Ислам әлемі мен Батыс Азиядағы барлық қалалардың үздігі саналған.

Қожа Низам әл-Мүлк Исфаханда болғанда оның досы Хайям әлі Нишапурда оқып, білім алып жатқан еді. Досының әртүрлі ғылымдарда, әсіресе математика мен астрономиядағы тәжірибесінен хабардар болған қожа Низам әл-Мүлк Селжұқ үкіметінің негізгі мәселелерінің бірін, яғни күнтізбедегі тәртіпсіздікті Хайям сияқты ойшылдардың көмегімен және ынтымақтастығы арқылы шешуді көздеген. Ол қабылдаған шешімнің әсері бүгінге дейін әлем халқының өмірінен байқалады. Қожа Низам әл-Мүлк Хайям бастаған барлық астрономдарды Исфаханға шақырып, Айдың Күнді айналуына негізделген сол кездегі Иран күнтізбесі мәселесін шешуді тапсырды. Селжұқтар пайдаланған күнтізбе оларға елді басқаруда көптеген қиындықтар туғызған болатын. Өйткені ай күнтізбесі айдың айналуына негізделген және онда жыл мезгілдеріне орын берілмеген. Сол кездегі маңызды қиындықтардың бірі шаруаларды да, үкіметті де алаңдатқан салық мәселесі болды. Өйткені бір жылда екі рет салық алуға немесе төлеуге тиісті кез келуі ықтимал еді. Сонымен қатар түрлі рәсімдерді өткізуде ретсіздік пайда болды. Ирандықтар асыға күтетін Наурыз көктеммен қатар келуі керек еді, бірақ Селжұқ күнтізбесінде Наурыз кейде қыста, кейде жазда келетін. Күнтізбе бойынша Наурыз – күннің көктемгі теңелу нүктесіне жететін күні.

Сұхбатымызға қайта оралайық! Қожа Низам әл-Мүлктің Исфаханда сол кездегі Ирандағы күнтізбені есептеу мәселесін шешуге шешім қабылдағанын айттық. Ислам пайғамбарының Меккеден Мәдинаға қоныс аударуының басталуымен және Күннің бір жылдық айналымына негізделген жаңа күнтізбе дайындау туралы шешім қабылданды. Қожа сол кезде 30 жас шамасындағы Хайямды Исфаханға шақырды. Хайям басқа ирандық математиктердің көмегімен күнтізбені өзгерту үшін Нишапурдан Исфаханға  барды. Ақырында Хайям басқарған бұл топ жұлдыздардың қозғалысын мұқият зерттей отырып, күннің бір жылдық айналымына негізделген күнтізбе ойлап тапты. Бұл күнтізбе «Жалали күнтізбесі» деп аталады. Айлардың ұзақтығы мен жыл ауысатын уақытты нақты есептейтін әлемдегі ең дәл күнтізбе жасалды. Дәл осы уақыттан бастап ирандық Наурыз көктемнің басталуымен тұспа-тұс келіп, тұрақты сипатқа ие болды.

Астрономдардың пікірінше, Хайям Нишапуридің күнтізбесі әлемдегі ең дәл күнтізбе болып табылады. 1079 жылы 6 наурызда ирандық ғалым әрі математик хәкім Омар Хайям күнтізбе жасауды аяқтаған. Ол бұл күнтізбені толтырған кезде небәрі 32 жаста еді.

Астрономдардың айтуынша, күн күнтізбесі Григориан күнтізбесіне қарағанда дәлірек. Өйткені бұл күнтізбеде әрбір 3770 жылда бір күн ғана айырмашылық бар. Ал Григориан күнтізбесінде әрбір 3330 жылда бір күн мәселе туындайды. Көптеген астрономдардың пікірінше, Хайям жасаған күнтізбе –  әмбебап күнтізбе.

Ислам діні Иранға келгенге дейін және Сасанидтер тұсында (226-652 жж.) әр жыл 365 тәуліктен және 12 айдан тұрды. Бірақ орбиталық немесе нақты табиғи жыл 365 күн 5 сағат 48 минут және 49 секундтан тұратындықтан, ал Сасанидтердің ресми жылы дәл 365 күн болғандықтан, 4 жылда бір рет, ресми жыл табиғи жылдан бір күнге артта қалып, Наурыз бірінші фарвардинге сәйкес келмеді. Ал Жалали күнтізбесі ресми жылды табиғи жылмен сәйкестендіре алды. Бұл күнтізбеде Наурыз көктемнің басына немесе, астрономдардың тілімен айтқанда, көктемде күн мен түннің теңесетін нүктесіне қойылды. Сондай-ақ бұл күнтізбенің арқасында барлық әдеттегі ресми мезгілдер нақты жыл мезгілдерімен сәйкес келді.

Қазіргі таңда ирандық немесе Жалали күнтізбесі бойынша көктем мен жаз 93 күнге созылады. Күзде 90 күн бар. Қыс 89 күн деп есептеледі. Бұл әрбір ресми маусымның басы нақты маусымның басына дәл сәйкес келуі үшін жасалды. 10 000 жыл сайын нақты жылдан 3 күнге жуық қалып отыратын Григориан жылына қарағанда Жалали күнтізбесі бойынша есептелетін жыл әрқашан нақты жылға сәйкес келеді және одан ешқашан артта қалмайды. Жалали күнтізбесінде кібісе жылдар тұрақты бекітілмеген, сондықтан жыл сайынғы бақылаулар негізінде анықталады. Сол себепті Ғиас ад-Дин Абул-Фатх Омар Ибн Ибрахим Хайям Нишапури осы күнтізбені түзету арқылы артына бүкіл тарихқа әсер еткен білім қалдырды деп айтуға болады.

Бұл эпизодта айта кететін тағы бір тақырып Хайямның жердің дөңгелектігі және оның күнді айналуы туралы сенімі мен біліміне қатысты. Шын мәнінде 16-17 ғасырларда өмір сүрген Галилео Галилей мен Николай Коперниктен көп жылдар бұрын Хайям 11 ғасырда-ақ өз замандасы ирандық мұсылман ойшыл Әбу Райхан Бируниге жақтасып, сол замандағы грек еңбектеріне қарсы шығып, "Жер қозғалмай тұр, басқа планеталар мен жұлдыздар оны айналып жүр" дегенді терістеп, Жер Күнді айналады деп сенді. Біз білетіндей, 500 жылдан кейін Батыста алғаш рет Галилео осы теорияны ұсынып, шіркеуге қарсы шығып, ақыры өлім жазасына кесілді. Бірақ шамамен 500 жыл бұрын Хайямға телінген өлеңдердің бірінде бұл мәселе былай берілген:

Бізді таңғалдыратын мына аспан

Қиял қолшамы – оның мысалы

Күн – шырақ, әлем – қолшам

Біз оған таңырқай қараған бейнеміз.

Өлеңнің мағынасынан көрініп тұрғандай, Хайямның пайымдауынша, біз Күнді айналып жүрген жұлдыздар мен планеталар сияқтымыз. Бұл тақырып Хайямға айрықша абырой-бедел сыйлайды. Өйткені ол Галилейден көп жылдар бұрын Күннің өз жүйесінде бекітілгеніне және планеталар, соның ішінде Жердің оны айналатынына сенген.

Хайям Жалали күнтізбесін құрастырумен айналысып жүрген кезде Жердің Күнді айналу орбитасын 16 ондық бөлшекке дейін есептей алған. Хайямның жетістіктері туралы айтып тауысу, барлық ғылыми қырларын бір бағдарламада баяндап жеткізу мүмкін емес.

Бұл бағдарламада хайямтану саласындағы түрлі материалдар мен мақалаларды, әсіресе Мұхаммед Реза Қанбаридың "Хайямнама" кітаптарын пайдалана отырып, Хайям әлеміне шағын терезе ашып, осы ұлы ойшылды таныстыруға тырыстық.

Біліп жүргендеріңіз жақсы, хәкім Омар Хайям көзі тірісінде және одан кейінгі жылдары ойшыл әрі ғалым ретінде көбірек танылған, бірақ кейінгі кезеңдерде, әсіресе қазіргі заманда Хайям өз өлеңдері, әсіресе рубаиларымен (төрттағандарымен) әйгілі болды. Келесі эпизодта хәкімнің осы қырына тоқталамыз.

Баршаңызды бір Аллаға тапсырамыз! Аман-сау болыңыздар!

Тегтер